• Шежіре
  • 28 Қазан, 2013

Қазақ тарихындағы ішкі дағдарыс дәуірі

Бейбіт НӘЛІБАЕВ

Үстіміздегі жылы ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында ҚР мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин арнайы баяндама жасап, онда тарихқа жаңа көзқарастың керек екенін айтып өткені белгілі. Марат Тәжин мырза  өз сөзінде осы күнге дейін қолданылып келген тарихи таным мәселелеріне сыни тұрғыдан қарауды, тарихты жаңа талаптармен зерттеуді ұсынған болатын. Мемлекеттік хатшы тарихшы ғалымдарға қарата «Тарихи зерттеулер өз бойына көптеген шектес пәндердің – социология мен әлеуметтік психологияның, макроэкономикалық теорияның, әлеуметтік географияның, этнографияның, антропологияның, мәдениеттанудың, құқық тарихының және басқаларының әдістерін кіріктірді... Ғалымның рөлі өзгерді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатының өзін едәуір өзгертіп жіберді. Ендігі жерде тарихшы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес, тарихшы «пайымдаушыға» –  зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс» деп жаңа ойларын ортаға салды. Біз Марат Тәжиннің ұсыныстарын негізге ала отырып, қазақ тарихына жаңаша көзбен қарауға ұмтылып көрмекпіз. Алғашқы қадамымыз – өте ұзаққа созылған дағдарыстар иіріміндегі ортақ заңдылықтар мен дәстүрлі жолдардың іздерін анықтауға талпыныс жасау.

       Өзбек хан мен оның ұлы Жәнібек хан өлген соң Алтын Орда мемлекетінде құлдырау басталды. 1359 жыл мен 1380 жылдардың аралығында 25 хан ауысып, Ордаға қарасты жекелеген ұлыстар тәуелсіздік алуға ұмтылды. Құлдырау Әмір Темірдің көмегіне жүгінген Тоқтамыс хан (1380-1395 ж.ж) мен Едіге бидің тұсында тоқтағанымен, олар Алтын Орданың ынтымағын 40 жыл ғана ұстап тұра алды. 1419 жылы Едіге би өлген соң Алтын Орда тоқтаусыз бөлшектене бастады. Алғашқыда Ақ Орда және Көк Орда болып қақ айырылған  империя одан кейінгі кезеңдерде жекелеген хандықтарға ыдырады.  1420 жылдары Сібір хандығы, 1428 жылы Әбілхайыр бастаған көшпелі өзбектер мемлекеті,  1440 жылдары Ноғай Ордасы, 1438 жылы Қазан хандығы, 1441 жылы Қырым хандығы өздерінің тәуелсіздігін жариялады. Өз кезегінде Әбілхайыр хан басқарған көшпелі өзбектер ұлысы да тұтастығын ұзақ сақтап тұра алмады. Әбілхайырдың қатал авторитарлық саясатына наразы болған Керей мен Жәнібек сұлтандар ханның ордасынан қоныс аударып, XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының іргесін қалайды. Одан бергісі белгілі. Көрші мемлекеттермен жүздеген жылдарға созылған соғыстар қазақ елін әлсіретіп, ақыр соңында орыс патшасына отар болып қабылдандық. Отаршылдарға қарсы хандардың ұрпақтары мен батырлардың жекелеген ұлт-азаттық қозғалыстары күшпен жанышталып отырды. Кеңес өкіметі кезіндегі Алаш зиялыларының интеллектуалды күресі қанды репрессиямен аяқталды.  Алайда, азамат соғысы, ашаршылық, репрессия тұсындағы қисапсыз қырғындар екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кілт тоқтап қалды. Жоғарыда аталған зұлматтардың біреуін тағы бір рет ұйымдастырып жібергенде кең далада тірі қазақ қалмайтындай еді ғой. Геноцидтің тоқтап қалу себебін жазушы, ғалым Таласбек Әсемқұлов «Аштық пен соғыс» атты мақаласында: «Ең соңғы қазақ ұлтшылдары репрессияланды, интеллигенция түгелге жуық жойылды. Осыдан кейін қазақ сахарасы қанды түнекке батты. Халықта күресуге деген ешқандай ынта қалмады. Бәрі тапталған, жаншылған, жойылған. Адамдар қандай жарлық болса да орындайтын тірі өлікке, роботқа айналған. Қайран қалатын несі бар? Большевиктер жоспарлаған «нұрлы болашаққа» жету үшін қазақ халқы ғана емес, бүкіл совет халқы құрбандыққа кесілген еді ғой. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда /біз бұл жерде «Отан соғысы» дегенді әдейі айтпай отырмыз, себебі Екінші дүниежүзілік соғыс әлемдік олжа бөліс, әлемдік үстемдік үшін ұлы державалардың жүргізген соғысы еді, Отанынан баяғыда айырылған қазақ халқына ол соғыстың ешқандай қатысы жоқ болатын/ Кремльдің көсемдері өздеріне түрпідей тиген бір ақиқатқа жетті. КСРО-ның бұратана халықтары әлі де керек екен. Себебі Германия, АҚШ, Жапония сияқты социалистік идеяның жаулары әлі жеңілген жоқ, «нұрлы болашақ» үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Және ең масқарасы – қазақ та керек екен. Соғыс кезінде отқа-суға айдайтын әскер ретінде, бейбіт кезде қара жұмысқа салатын құл ретінде. Міне, біз осылай аман қалыппыз. Дәлірек айтқанда, бізге аман қалуға рұқсат етіпті» – деп түсіндіреді.

          Азапқа толы XX ғасыр 1991 жылғы егемендіктен басқа тағы бір біз біле бермейтін қуанышын сыйлап кеткен екен. Қазақ ұлты жер бетінен жойылуға тиісті ұлттан құлдықта өмір сүруші ұлт дәрежесіне өтіпті. Ату жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімімен алмастырылыпты. «Жылымық» кезең деп жүргеніміз  бізді құлдықта ұстап отырған «ұзын арқан, кең тұсау» болып шықты. Тар шеңберде болса да тарихымызбен, әдебиетімізбен танысу мәртебесіне ие болыппыз.

         Бердібектің өз әкесі Жәнібек ханды өлтіруінен бастап екінші дүниежүзілік соғыстан соңғы большевиктердің қазақты қыруды тоқтатқан үнсіз шешіміне дейінгі аралықтағы ішкі дағдарыстардың себебін іздестіру бүгінгі мақаламыздың мақсаты болмақ. 700 жылдан астам уақытқа созылған құлдыраудың алғашқы 350-450 жылы ішкі қақтығыстарға, ортаңғы 100-150 жылдайы жан алысып жан беріскен аймақтық ұлт-азаттық күрестерге, соңғы 70 жылы аянышты, қорқынышты зардаптарға толы болыпты.  

Тарихтағы ішкі дағдарыстардың себебін анықтауға тырысқан екі ғалым бар. Тарихшы Зікірия Жандарбек  өте ұзаққа созылған тоқырау түркі халықтарының төл рухани діңгегі – Иассауи жолынан бас тартуы себепті орын алды деп санайды. Иассауи жолындағы шейхтардың арқасында ислам діні Өзбек ханның тұсында Алтын Орданың мемлекеттік діні болып жарияланғанын, мемлекеттің басқару тетіктерінің едәуір бөлігін осы рухани жолдағы пірлердің қолында болғандығын айтады. Бірақ, Өзбек хан өлген соң оның ұлы Жәнібек хан әкесінен мұраға қалған мемлекетті басқару стилін өзгерткен. Автордың өз сөзіне кезек берейік: «Өзбек ханның өз ұлы Жәнібек ханның өзі бұл саясатқа (Иассауи жолына) қарсы болды. ­Өзбек ханның кенеттен қайтыс болып, оның орнына Жәнібек ханның таққа отыруы Алтын Орда мемлекетінің діни-идеологиялық саясатын, мемлекетті басқару жүйесін толығымен өзгертті. Асан Қайғы бастаған билердің Жәнібек ханды райынан қайтармақ болған әрекеті нәтижесіз аяқталды. Жәнібек хан парсылардың абсолюттік билік үлгісіне ұмтылды, демек абсолюттік билікті қалады. Абсолюттік билікті қамтамасыз етеді деген басқа діни ағымдарға иек арта бастады. Нәтижесінде 1356 жылы Жәнібек хан өзі құрған бюрократиялық аппараттың тарапынан өлтірілді. Орда да берекесіздік басталды. Йасауи шейхтары – билерді жау тұтқан Шыңғыс ханның сол ұрпақтары Алтын Орда мемлекетінің іргесін шайқалтты. Хандардың мұндай озбырлығына щыдамаған кейбір тайпалар Алтын Орданы тастап, басқа жаққа көше бастады...

     ...Қожа Ахмет Ясауи сынды Ұлы тұлғаның түркі халықтары тарихы мен мәдениетіндегі орны қандай, неге оның есімі түркі халықтарының жадынан ерекше орын алады деген сұраққа әлі ешкім жартымды жауап бере алған жоқ. Ол заңды да. Өйткені, Қожа Ахмет дәуірінен кейінгі 800 жыл халық жадындағы көптеген мәліметтерді шайып кетті» – деп жазады Зікірия Жандарбек.

     Тағы бір ғалым Таласбек Әсемқұлов ұзақ мерзімді құлдыраудың себебін тынымсыз соғыстың салдары деп есептейді. Ол «Атиллаға пара-пар тұлға Шыңғыс хан дүниеге келді. Содан кейін... қайтадан соғыс басталды. Бүкіл Евразия – майдан даласы. Шыңғыс ханның «Мәңгі елі» азын-аулақ жалдамалы әскерді есептемегенде толықтай, кейіннен Қазақ Ордасын құрайтын рулардан тұрған. Тағы да майдан даласында қазақтың ең ғазизлеген қаны төгілді. Тарих сахнасында декорациялар ауысты. Сүйегі саудыраған Алтын Орда құлады.

Көк Ордадан қазақ тайпалары бөлініп шықты да, Моғолстанның іргесінен Қазақ Ордасының туын тікті. Тағы да соғыс. Бұл соғыстардың ең қорқыныштысы екі жарым ғасырға созылған қалмақ соғысы еді. Енді генофондқа ешқандай дамыл жоқ. Қазақтың ең үлкен биологиялық шығыны да осы қалмақ соғысынан болды.

Соғыс пен аштық халықтың құрамы мен қабілет-қасиеттеріне қандай әсер етеді?

1. Соғыс өрті ең алдымен халықтың еңбекші бөлігін жалмайды. Соғысқа әдетте 16-18 жастан бастап 50-60 жас аралығындағы ер адамдар, яғни бала-шағаны асырап отырған азаматтар алынады.

2. Соғыс он екі мүшесі бүтін адамды әкетеді. Ақсақ-тоқсақ, ауру, қаңқасы биологиялық тұрғыдан кеміс адамдар соғысқа алынбайды.

3. Соғыс негізінен еркектерді жояды, яғни халықтың жыныстық құрамы өзгереді. Көшпенді қоғамда бұл ауытқу полигамия, яғни көп некелілік заңы арқылы қалпына келеді. Ұлы әмеңгерлік заңының арқасында қазақ халқы жойылмай аман қалды десек, артық айтқандық болмас.

4. Соғыс моральдық тұлғасы биік, кісілікті, ізгілікті адамдарды әкетеді. Сатқындар, қорқақтар, мүскін мен еңкіштер соғысқа алынбайды, себебі ұрыс кезінде ондай адамдарға ештеңені сеніп тапсыруға болмайды.  Соғыста Отан алдындағы парызын терең сезінген адам алдымен өледі. Ондай адамдар тәуекелден бас тартпайды, керек болса тайсалмай өлімге де барады.

5. Соғыс, әсіресе жеңіліске  ұшыраған, аяғы құлдыққа жетелеген соғыс болса, рухани кемел тұлғаларды  жалмайды. Дұшпанның қаупін туғызатын басы биік ерлер, өнерлі, рухы мен сағы сынбайтын азаматтар соғыстан кейін жаудың қолынан қаза табады. Екінші қатардағы еңкіш тұлғалар ғана тірі қалдырылады. Сонымен соғыс ақыл-есі түзу, дені-қарны сау, он екі мүшесі бүтін, моральдық тұлғасы биік, өнерлі, білімділерді бәрінен бұрын жалмайды, ұлттық орасан  шығын осылардың өлуімен басталады. Ажал осы аталған  асылдарды әкетіп, ауру-сырқау, кеміс, қылмыскер, алаяқ пен қорқақ, өнерсіз, білімсіз, енжар ездерді қалдырады» – деп, соғыс халықтың нәсілдік құрамына орасан нұқсан келтіргенін айтып өтеді. Ғасырлардан ғасырларға жалғасқан соғыстар қарқын алған сайын, елдің рухани генефондысы сарқылғанның үстіне сарқыла берген.

       Десек те осы арада қойылуға тиісті сұрақтар бар. Ішкі дағдарыс түркі халықтарына бейтаныс дүние емес еді.  XII ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың басындағы сахараға  сол кездегі қарақытайлардың, хорезмдіктердің көзімен қарасақ – ондағы жұрт бытырап жүрген түркі тайпалары еді ғой. Бір-бірінің елін шауып, малын тонап, қатындарын ұрлап жүрген шашыраңқы тайпалар 20-30 жылда бас біріктіріп қуатты мемлекетке айналып кеткен жоқ па еді? Тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін уақытта алып державаға айналып үлгерген ел не себепті соңғы жеті ғасыр бойы ес жия алмастан ыдырап бөлшектене берді? З.Жандарбек айтқан Иассауи жолын қайтадан жаңғыртып, рухани ілімді пайдаланып қайтадан алып мемлекет құруға мүмкіндік болмады ма? Немесе Т. Әсемқұлов айырықша зерттеген соғыс деген жұтты тоқтатып, бейбіт келісімге келіп, сауатты дипломатиялық саясат жүргізу үшін туыстас халықтарға не кедергі болды? Бату ханның тұсында ұсақ князьдіктерге бөлініп, бас құрай алмай жүрген орыс жұрты өзінің Русиясын құрып жатқанда, қолында күші мен билігі бар түркі халықтарын не қара басты? Ф.Фукуяманың «Гегель тарихи процесс екі адамның бедел үшін қақтығысынан басталды деп есептейді. Екеуі де бедел үшін қанды қырғынға барып, бірі жеңіске жетіп қожайынға айналып, еркіндікті сезінсе, екіншісі өлімнің қорқынышынан сескеніп кейін шегініп, құлдық өмірді қабылдауға мәжбір болды. Алайда, қанды қақтығыстың нәтижесі екеуінде қанағаттандырмайды: құл құлдық өміріне риза емес, оны ешкім адам ретінде мойындамайды, ал қожайынға құлдық өмірдегі құлдың мойындағаны енді қажет емес, оған өзі сияқты басқа қожайындардың мойындағаны керек. Қожайын билік үшін, мұрагерлік тақ үшін жаулап алуды түпсіз жалғастыра бергенімен, оның адамдармен, қоғаммен қарым-қатынасқа түсу сапасы пісіп жетілмеді» – деп  жазғаны бар еді. Осы теорияға салып Орданың ішкі және сыртқы бағыттарына назар аударып көрейікші. Алғашқыда Жошы Ұлысы деп аталған ел  аса көлемді емес еді. Сондықтан, Жошы Ұлысындағы хан тұқымдарының да, батырлардың да, билердің де, жауынгерлердің де назары сыртқы мемлекеттерде болды. Олардың бұл ниеті жемісін беріп, көп ұзамай ұлыс қанатын кеңге жайды. Бұлғария, орыс князьдіктері, Қырым, Киев русьі, Кавказды және т.б елдерді бағындырған мемлекеттің атты әскері Дунайдың жағасына дейін жетті. Қарақорымдағы үлкен ханға бағынуды да тоқтатты. Енді бұрынғыдай Жошы Ұлысы жоқ, Алтын Орда империясы бар. Жүздеген ұлыстар мен қауымдарды қарамағына алған империяның салмағы ауырлай түсті.  Әскерлері жеңістен жеңіске жеткен сайын, манағы хан тұқымдарын, батырларды, билерді, жауынгерлерді сыртқы мемлекеттерді жаулап алу мәселесі емес, айбынды Алтын Орданың  алтын тағына кімнің отыратыны қатты қызықтыра бастады.  Олардың қырағы көздері алыс-жақын көршілерге емес, Орданың ішіне қарай ойысты. Сыртқы саясаттың рөлі жоғары болып қала бергенімен, бұрынғыдай қарқынды емес еді. Оның есесіне ішкі саяси процестердің маңызы күн тәртібінде тұрды. Ішкі саясаттың күрделенгені сондай – ол жыл өткен сайын бақылаудан  шығып бара жатты. Оны қадағалауға тиісті саяси элита өзара күреске түсті. Бұрындары таққа отырған хан өзін мойындату үшін сыртқы елдердің біріне жорық ұйымдастыратын. Енді билікке қолы жеткен хан тұқымы өзін мойындату үшін өз жұртымен есеп айырысуға көшті. Қақтығыстар алаңы Алтын Орданың шекарасының сыртынан ішіне қарай ауысты. Ішкі қақтығыс Орданы ыдыратып ғана қойған жоқ, ондағы ұлыстар мен елдердің өзге жұртқа құл болуына апарып соқтырды.

             Түркі халықтарының бытырау себебі жоғарыдағыдай болса, құлдық өмірге түсу қаупінің төбе көрсетуі басқа себептерге қатысты еді. Ғалым Мұрад Аджи бұның себебін Мәскеудің күрт күшеюімен түсіндіреді. Ол «Полынь Половецкого поля» атты әйгілі еңбегінде 1589 жылы Федор Иоановичтің тұсында Константинополь патриархы Иеремидің Мәскеу патриархиясын құрғанын айтады. Константинополь құлаған соң бас сауғалап келген патриархтың Федор патшаға айтқанын зерттеуші В.О. Ключевский былай келтіреді: «Ұлы Римді ерестер құлатты, екінші Рим – Константинополь агарян ұрпақтары мен түркілердің қолына өтті. Енді сенің Ұлы Ресейің – Үшінші Рим! Айың оңыңнан туды!». Сөйтіп, Константинопольдан қашып келген патриарх мәскеуліктердің көңіл түкпірінде бықсып жатқан беделсіз менмендікке май құйды. «Үшінші Рим» деген идеяны ең алғаш константинопольдік гректер емес, XVI ғасырдың басында өмір сүрген псковтық монах Филофей ұсынған болатын,– дейді Мұрад Аджи, – идея Мәскеулік Русияның саяси теориясына айналып, ол әлемдегі мінсіз, кіршіксіз христиандық патшалық деген көзқарасты білдіретін». Аталған идеяны  Константинополь  күйреген соң қайыршыланып кеткен қашқын гректер өз қажеттеріне жаратқан.

      Византиялықтар алып келген христиан діні Исаны Құдай деп сенетін. Ал, ислам діні келгенше түркі даласында қанат жайған христиан дінінің несториан тармағы Исаны Құдай дәрежесіне көтермейтін. Бойтасалап кірген христиандықтың батыстық үлгісі славяндардың бойындағы үстемдікке жетуге құштар ниетпен астасып, ордадағы түркі христиандары алып барған христиандықтың шығыстық үлгісін ығыстырып шығарды.

       Европаның түкпірінен келген идеологтардың демеуімен 1666 жылы түпкілікті жүзеге асқан Шіркеу реформасы билікті батысшылдардың қолына берді. Реформаның нәтижесінде шіркеудің билігі әлсіреп, мемлекеттік аппараттың үстемдігі артты. Мемлекеттік билікке келгендер батысшыл болып, христиан түркілері (әсіресе, казактарға) мен мұсылмандарға қысымын күшейтті. Жерорта теңізінің оңтүстік жағалауынан келген босқын ретінде келген пірадардың жымысқы жел сөзі осылайша Русияны желпінтті. «Христиан дінін дұрыс түсінбейтін» діндестеріне жорық жүргізді. Иван Грозныйдың тұсындағы «Опричинина» саясаты Ресей жерінде қоныс тепкен түркі текті халықтардың басына қара бұлт үйірілтті. Озбыр саясаттың нәтижесінде Қазан, Сібір, Астрахань, Қырым хандықтары бірінен соң бірі жаулап алынды. Ұзаққа созылған қырғи-қабақ аңдысудан кейін, бір жарым ғасыр бойы толассыз отарлау жұмыстары жүргізіліп, қазақ жері де орыс патшалығының құрамына енді. Біраз ғасыр бұрын орыс жерін католик рыцарларынан қорғап қалған алтын орда аламандарының ұрпақтарын орыс отаршылдары аяусыз қырғынға ұшыратқаны тарихтан белгілі. Одан бергі орыс-қазақ қатынасы қазақ халқының жадында өшпестей із қалдырған тарих беттеріне жатады.

        Алайда, орыс жұртының нығайған кезі кейінгі уақыттары ғана. Алтын Орда бөлшектенген тұста оның кез-келген ұлысының орыс князьдіктерін шапқыншылыққа ұшырата алатындай қауқары бар болды. Орданың бір ұлысы Қырым хандығы мен орыс елі бір-бірімен жүздеген жылдар бойы соғысты.

        Қорыта айтқанда түркі тайпалары арасындағы жүздеген жылдарға созылған соғыстар қақтығысқа қатысушы барлық халықтарға жеңіліс әкелді. Түркі халықтарын басын қосуға талпынған жекелеген саяси қайраткерлердің іс-әрекеттері нәтижесін бермеді. Түркі текті халықтардың басын қосып, шаңырағын қайта көтеру үшін, ол халықтарға тән ортақ белгілер мен мүдделерді анықтап тізбелеуіміз қажет.   

 

 

 

491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы