• Шежіре
  • 25 Қыркүйек, 2013

Атқа қайта мінген қазақ

Қазір біз өмір сүріп отырған қоғамда Қазақ мүддесіне атүсті қарайтын жаман әдет қалыптасты. «Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды» деген екен баяғыда біреу. Тіл, дін мен ділдің қазіргі күйін ашына жазған қазақ тілді ақпарат құралдарының материалдарына бұқара бұрыңғыдай елеңдемейтін болды. Жұртты немқұрайдылық басып барады. Шетелден келетіндердің Қазақстаннан  Ресейдің әлдебір губерниясына келіп-кеткендей әсермен қайтатыны осыдан.

Мемлекеттік идеологияның өзі «біртұтас Қазақ мемлекетіне» емес, «көпұлтты Қазақстан халқының береке-бірлігіне» қызмет етуге негізделген. Ұлтты ұйыстыруы тиіс зиялылар мен шенеуніктерден де жұрт аталы сөз естуді қойды. Себебі олардың өзі кейінгі жылдары ұлттық мүддеге үрке қарайтын «ауру» тауып алды. Тілге, дінге қатысты дүниелерді талап ете қалсаң, «ойбай Қазақстанда жүздеген ұлт тұрады. Олардың көңіліне де қарау керек» деген дүбәра жауап аласың. Өстіп ұлттық мүдде десе ат тонын ала қашатын әлемдегі ең көңілшек шенеуніктерді қалыптастырдық. Тіл демекші, кейінгі кездері мемлекеттік тілдің өркендемей жатқанын орыстардан көретіндер көп. Билік бейқам болған соң, орекеңдерді кінәлай беру де жөнсіз. Талап күшейіп, барлығына мемлекеттік тілді білу міндеттелсе ғана республикадағы диаспора атаулы заңның бұйырғанына еріксіз мойынсұнады. Дегенмен, еліміздегі тілдік ахуалды қалыптастыруда орыс тілділердің өзіндік ықпалға ие екені рас.  Олардың мемлекеттік тілді үйренбей жатқанын немесе оны меңгеруге талпынбай отырғанын ұлттық психологиядан да көруге болады. Мәселен, өркениетті Еуропа орыстардың мінез ерекшеліктеріне баяғыда назар аударған. Төмендегі жазбаларда орта ғасырларда Ресейде алғаш рет болған шетелдіктердің ондағы жергілікті халықтың менталитеті туралы жазып қалдырған қызықты деректер берілді. 1549 жылы Ресейде дипломатиялық қызмет атқарған австриялық Сигизмунд Герберштейн біздің құдай қосқан көршіміз туралы былай деп жазыпты: «Орыс патшасы өзіне қарасты тұрғындарды қалай билесе, дін өкілдеріне де солайша әмір жүргізеді. Патша не істесе де олар оған құдайдың қалауын жеткізуші ретінде бойұсынады. Әлдебір тұтқынның мәселесі сөз болса, әлбетте «Құдай қаласа, босайды» деп жауап қайтарылады. Егер біреу өзі біле бермейтін нәрсе жәйлі сұраса немесе күмәнді жәйтті білгісі келсе, оған көбіне «Ол Құдай мен ұлы патшаға ғана мәлім» деп жауап беріледі. Орыстардың адам түсіне бермейтін мінезі көп.  Кейде осындай қотиын, бірбеткей мінезді халық тиран-патшаға шынымен де мұқтаж шығар, я болмаса бұлар патшаның қатігездігінен осындай қатал мінезді болып қалыптасқан болар деген ой келеді. Соғыста да олар асығып, тобыр болып шабуыл жасайды да, қарсыластарына лайықты тұрыстық бере алмайды. Тұрыстық берген күннің өзінде де тығылып келіп тұтқиылдан тиеді.  Жер бетінде осындай қатал өмірге бейімделген халық әсте жоқ шығар. Мен бір орыстың, егер ұрып-соқпайтын болса, еркіндікке қарағанда түрмедегі өмір әлдеқайда көңілді дегенін естідім. Себебі түрмеде тамақ дайын. Ал бостандықта тамақ табу үшін оларға бейнеттенуге тура келеді. Мұнда тұрмыстары адам төзгісіз кедейлер өте көп. Мен олардың тұздалған балық пен балықтың өзге түрлерін қалай қорек еткенін көрдім. Олар иістенген балықты бұдан артық қандай жақсы тамақ болуы мүмкін деп тамсана жейді.  «Орыстар  ырымшылдыққа жақын грек заңымен ғұмыр кешеді. Орыс шіркеулерінде мүсін атаулы кездеспейді.  Барлығы сурет түрінде бейнеленген. Орыстар олардың құдіретіне пұтқа табынғандай көзсіз сенеді. Олар бізді жарым-жартылай христиан санап, өздерін күнәсіз сәбилердей сезінеді. Орыстар бөгде тілді үйренуге бейім емес. Тіпті өзара әңгімелескенде де ешқашан өзге тілді араластырмайды. Шіркеулерінде ғибадат орыс тілінде жүреді.  Пірәдарлары қасиетті кітапты оқып жатқанда, былайғы жұрт өзара күбірлесумен болады. Оның сөзін ешкім тыңдамайды. Себебі түсінбейді. Ал құлшылықтың соңында шіркеу қызметкерлеріне қосыла «Господи помилуй» деп жамырап кетеді». «Ұлы да құдіретті орыс патшасы туралы кітаптың» авторы,  алғашқы орыс елшілігін Англияға апара жатқан кезде қаза тапқан әрі Солтүстік Двина арқылы Ресейге жол ашқан ағылшын кеме флотының басшысы Ричард Ченслер, 1553 жылы ресейліктер туралы мынандай естелік қалдырған:  «Олар өз әйелдерін басқа жұрттардай құрметтемейді. Әйтеуір құлдарға қарағанда тәуірлеу қарайды. Мансапты мәскеуліктер өз әйелдерін қатты қызғанады.  Оларды той-томалаққа жібермейді. Тіпті шіркеудің өзіне әзер босатады. Әйелдерінің жатжерліктерге ықыласы күшті.  Жылы сөйлеп, жақсылап сұрасаңыз, сізбен тар төсегін бөлісуге әркез дайын. Мәскеудегі Венеция сенатының елшісі Марко Фоскарино (1557 жылы жазылған) бұл жөнінде, «олар ішкілікке құмар. Тіпті кейде қатты сілтеп жіберіп, өзара жанжалдасатын және арақтың әсерінен  үйлерге өрт қоятын кездері жиі болып тұрады», – деп жазған».   Мәскеудегі жатжұрттықтардан құралған ротаның командирі Француз Жак Маржерет те 1607 жылы жергілікті халықпен танысқаннан кейінгі әсерін былайша қағаз бетіне түсіріпті:     
«Орыстардың рухани деңгейіне, әдет-ғұрыптары мен өмір салтына көз жіберсеңіз – оларды   варварларға жатқызудан басқа амалыңыз қалмайды.. Ақыл жағына келер болсақ,орыстар шынымен де  тапқыр әрі ұрымтал болып келеді. Бірақ олар ақылдарын жақсы іс пен өнегелі өмір сүруге жұмсамайды. Пайда көру мен біреуге жағуға жақындау. Олар екіжүзді, бірбеткей,  ұятсыз әрі барлық  жаман әдетке үйір келеді. Құқықтың орнына күшке жүгінуге бейім. Олардың тапқырлығы мен әккілігі әсіресе сауда-саттықта жақсы байқалады. Жақынын алдау үшін қулық пен екіжүзділіктің небір түріне барады. Ал оларды алдағысы келген адам міндетті түрде асқан әккі болуы керек.  Шындықтан қашып, өтірікке жиі жүгінетіндіктен олар бәріне күдікпен қарайды. Оларда өздерін алдағандарды барынша мақтап, шебер деп танитын әдет бар».  Төмендегі келесі деректе тұтқынға түскен швед армиясының полк діндары Генрих Седебергтің  1718 жылы жазған естелігі берілді:  «Орыс негізінен барлық істе табиғи ақылымен дараланады. Олардың көбісі шешен  болып келеді. Кез-келген шаруада оның өзіне пайдалы тұсын ғана екшеп алатын әбжілдігі бар.  Қатардағы орыс шетелдіктермен істес болса бас пайдасы мен жат жұрттықтарға қалай жақсы көріну жағын ойлайды.  Байқампаз  адамның іштегі есебіне көз жүгірте білетін олар, қарсыласының осал тұсын аңғарса асқан шеберлікпен оны өз мақсатына пайдалана қояды.  Бәлкім, Қытайлардан кейін орыстардан өзге адамға соншалықты құрмет білдіретін жұрт жоқ шығар. Қатардағы азамат өзімен теңдесін кезіктірсе де бас иіп, ілтипатпен елпектеп жатады. Мұндай әдетті олар бұрыңғы жеңімпаздары мен қожайындары, Алтын орданың татарларынан тапқан болуы керек».  Ресейдегі француз дипломаты Мари Даниэль Корберон 1777 жылы орыстардың мінез ерекшеліктері мен олардың өмір салтына тоқтала келе былайша сөз түйіндеген екен:  «Ресейде өмір жақсаратынына сенген адам қатты қателеседі».     
Ал Қазақ Елінде тарихқа жаңа көзқараспен қарау сөз боп жатыр. 
Қазақ атқа мініп жатыр. 

P.S. Орта ғасырларда Ресейде алғаш рет болған шетелдіктер орыстардың мінез-құлқы туралы көптеген деректер жазып қалдырған. Ондағы мәліметтердің кейбірі әлі де өзекті. Мәселен мұндағы «Орыстар бөгде тілді үйренуге бейім емес. Тіпті өзара әңгімелескенде де ешқашан өзге тілді араластырмайды» деген сөздерден, еліміздегі орыс ағайындардың  Қазақ тілін неге үйренгісі келмейтінін білуге болатындай. Мүмкін ана тілін білмейтін немесе үйренуге ұмтылмайтын өз қандастарымыздың қылығын да ұлттың бойындағы осындай мінез ерекшелігінен көру керек шығар..? Төмендегі материалда орыстар туралы жазған шетелдіктердің қысқа пікірлері ғана қамтылды..    

Жолымбет Мәкішев, 
журналист  

402 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы