• Әдебиет әлемі
  • 27 Қазан, 2011

СӨЗ – КӨҢІЛДІҢ ҮЗІЛІП ТҮСКЕН ТАМШЫСЫ

Бисмиллахир – Рахманир – Рахим! Жаратқан Алланың сәтті бір күнінде  үлкен қалаларымыздың біріндегі сурет көрмесіне жолым түсіп, бара қалдым. Көрме залында әрқилы орналасқан неше түрлі бейнелі суреттерге сұқтана көздерін тіккен бірнеше мұсылман бауырларымызды көрдім. Қатарға тұра қалып, менде көз салған едім, қасымдағылардың іштей сөйлеп тұрғанын байқадым, неге десеңіздер, өйткені оны көздері білдіріп тұрды. Сонда мынадай ой туындады, Жаратушы Иеміздің мына асқан сұлу керемет шебердегі әлемін көзге әсерлі қанық бояуымен жеткізген суретшінің жансыз суреті сөзсіз көркем. Әрине, оның бұл дүниесіне жоғары баға беруге болады. Алайда, онда самал жел еспейді, аспандатып қанатын сермей құс ұшпайды, ағаш жапырағы сыбдырламайды, сылдырап бұлақ ақпайды, тірі жәндік қыбырламайды, тылсым өмір патшасы – адамзаттың таңы мұнда атпайды, кеші батпайды. Бір ғажайыбы, суреттегі жансыз бейне қызыға қараған қай пенденің болсын көзінен өтіп, жүрегіне қонып, тіліне барады. Сонда оған жан беретін тек қана тіл екен. Ал тіл – сөз анасы. Әлем Раббысы Жаратқан Алла тағала адамзатты жаратарда барша жақсылыққа бөлей әрқайсысының алдына мақсат қойған. Яғни адамның екі аяғын мешіттерге баруға, мұсылмандарға жәрдем беру мен жақсы істер атқару үшін  жаратқан. Екі қолды Құран ұстауға, екі көзді Құран бетіне, ата – ананың жүзіне, барша жақсылыққа қарауға болса, екі құлақты Құран сөзін тыңдауға жаратқан. Ал ақыл мен сана – сезім осыларды жиыстырып, жүрекке түйіп, Құран сөзіне сүйене шүкірлік айту үшін тілді берген. Ертеде атамыз: «Е, Алла,  он екі мүшемді аман ет, кісіге күнімді салма, жақсылығыңды бере гөр» деуші еді. Сондағы он екі мүше қатарына жататындар да мінекей  осылар. Ал, «Расында да, сіздерді қорғаушылар бар. Мәртебелі жазушылар. Не істегендеріңізді бүкпесіз біліп тұрады» («Инфитар» сүресі, 10 - 12 аяттар) деген аят бар. Бұл дегеніміз, адамның аузынан шыққан барша сөздерді жазып тұратын періштелер болатындығы. Бірде жолда келе жатқан бір адамның есегі  сүрініп кеткен көрінеді. Оған иесі: «Сорлы есек – ай!» – депті. Сонда бір  періште: «Бұл сөзді жақсылықтар қатарына жатқыза алмаймын» – депті. Ал келесі періште: «Мұны жамандықтар қатарына жаза алмаймын» – депті. Сол кезде аспаннан үшінші періште келіп: «Бір періштенің жазбағанын екінші періште жазуға тиіс» - депті. Сондықтан ауыздан шыққан әр сөзге жауап береміз. Ал, хазіреті Әлидің (р.а.): Сіздер ауыздарыңыздан шықпаған сөздерге патшасыздар және сіздер  ауыздарыңыздан шыққан сөздердің құлы боласыздар – дегенін әбден естен шығармаған жөн. Алайда, тілден бал да зәр де тамады. «Адамның сөзі – ақылының таразысы» заманында өз аузына өздері құл болып жүргендер бар. Адамның басына келген қуаныш пен қайғыға да адамның өзі себепкер. Себебі, сөз  Жаратқанның ырыздық несібесінің жолын ашады немесе оны тосады. Құранда Алла Тағала «Қаф» сүресінің 17-18 аяттарында адамның ісін, сөзін жазып отыруға дап – даяр екі періште бары,  бұл періштелер қырағы әрі адам қашан, қайда болса да сөз сөйлегенде, іс қылғанда қасында бағып жүретіндігі анық баяндалған.

Бірде Әбу Бәкірдің (р.а.) үйіне  Омар (р.а.) келеді. Сонда Әбу Бәкір (р.а.) көзіне қатты жас ала жылап, күйініп отыр екен. Мұның мәнісін сұрағанда, «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамды жәннетке апаратын да – тіл, тура тозаққа апаратын да – тіл дегенін естіп, осы тілім себепті тозаққа түсіп қалмасам екен» деп, қайғырып отырғанын мәлімдеген екен. Сондықтан дүниеде бір мезетте жалғанды шынайы, алысты жақын, қиынды жеңіл, азды мол ететін, әлемді бір сәтте гүлдендіретін, қолыңмен ұстап, көзбен көре алмайтын сиқыр сөздер бар. Арқаны кеңге жібертіп, аспандағы айды жерге түсіретін, самал желдей өңменіңнен өткенде жаныңды  жайландыратын әдемі сылқым сөздер бар. Жазира далада мекенін іздеген киікке ұқсамайтын, екпінінен жапырақ қалтырайтын, ешбір жанды көзге ілмейтін, жанына шаң жуытпайтын соқыр сөздер бар. Қанша жерден мәпелеп – аяласа да жаныңа жылу бермейтін, жайсаңдана жағаңды жамаса да көңілге жар бермейтін тақыр сөздер бар. Керісінде, ананың алақанын сездіретін, асаудың жүрегін елітетін, астыңа мамық боп төселетін ақ ұлпа, кіршіксіз таза, майда жылы сөздер бар. Дана халқымыз «Сүйкімді сөз - сүйек балқытар», «Жақсы – байқап сөйлер, жаман – шайқап сөйлер», «Оттың шаласынан сөздің шаласы жаман», «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады», «Ұялмас бетке талмас жақ бітеді», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады»,  «Баска пәле тілден» деп, ащылап – тұщылаған. Айта берсең толып жатыр, бірақ оларды таразылау – үлкен ғанибет әрі дін бұлағындай. Алайда сөздердің сан түрі болса да бір ғана ырыстың басын, берекенің тасын өрге домалататын жақсы сөздер бар. Онымен  ата – әжелеріміз ошақ басында «Жақсы сөз – жарым ырыс» деумен өмірдің күйбең отын жаққан.  Жүрегімдегі тілімде, тілімдегі түрімде дей келе «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деп, әр пендеге жол тапқан. Сондықтан, сөз – ол Алланың құдіреті. Араб тілінен аударылса, Жаратқан Алланың Кәләм сипаттары. Оның қадірін тек қана аз сөйлеген адамдар ғана біледі. Ғылым мен білім де аз сөзге жинақталады. Бұған дәлел, үлкен ғылым иесі, саңлақ сахаба Абдулла ибн Аббастан адамдар білім шыңына жетудің жолын сұрағанда, ол: «Білім үш нәрсе: әуелі – Алланың қасиетті кітабы – Құран, екінші – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті, үшінші білмеймін деген сөз» – деп жауап берген екен.  Содан болар, халқымыз  «Көрдім, білдім – көп сөз, білмедім деген – бір сөз» деп тұжырымдаған.

Әлбетте, көреген халқымыз о бастан сөз құдіретіне қатты мән берген. Орақ ауызды бабаларымыз өткір тілімен ел тағдырын, бір ауыз сөзбен жер тағдырын шешкен. Анамыз «Балапаным, ай – күнім, арайлым, атар таңым, жақұтым, бал – шырыным, асылым» деген ерке сөздерімен қызының жүрегіне әдемі жол салса, әкеміз «Батырым, айбарлым, ұрпағым» деген асылық сөздермен ерліктің рухын ұялата ұлын тәрбиелеген. Ал қазірде небір ақылға толы әсем сөздермен бүгінгі жас көңілдің асты – үстіне түссең де, жаны қас пендедей ұл – қыздарымыз неліктен мойын бұрмайды? Немесе олардың рухани көзі бітеу ме әлде сөз құдіретін жоғалтты ма? Мұны ұғынып, құлақ асар, жүрегіне түйер адам бар ма, қайсысы деген сауалдар көпті мазалайды.

Дұрыс әрі мәдениетті сөйлеу – адамның ең бір ізгі Алладан берілетін, ата – ана тәрбиесі мен, ақыл – парасатпен орнығатын ұлық қасиет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөз сөйлеген кезін сахабалар  «Біз, Пайғамбарымыз сөйлей бастағанда басымызда құс қонақтап отырғандай, соны ұшырып алмайық дегендей аса бір сақтықпен құлақ салып тыңдайтынбыз» деп еске алады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл тұқым сепкен адам. Сондықтан Оны (с.ғ.с.) тыңдаған құлаққа бар сауап. Шырайын келтіре, адамның санасын ұйытып, Құранның нақыл сөздерімен жан дүниесін безендірсең, ниетін түзеп, жүрегін тазаладың деген сөз. Ал үзік үмітін жалғай, қолынан жетектеп,  Азанның үнін естіртуге мешітке ертсең, әр қадамын сауапты еттің. Әріде қолына Құран ұстатып, оның әрбір әрібін үйретсең, өміріне нұр себелеттің. Бұдан артық мұсылманға не керек? Бүгінде ойшыл мен данагөйлердің қанатты сөздері, ақындардың жырлары Құран аяттарына қарсы кетіп жатқаны да ара – тұра кездеседі. Мал мүйізден байланып, адам тілінен байланса, артық сөз күнә болары хақ. Кейбір деректерде ұлық сахаба мен табиғиндер аузына ие болу үшін тас салып жүргендері де белгілі. Дегенмен, қазіргі жастарымыздың көкірек көзі яғни рухани ішкі мүшелері ояу емес, ұйқыда не болмаса жабық, дамымай қалғандай. Бірнеше реттен қарапайым қара сөзді санап айтсаң да көңілдеріне бірден тоқи алмайды. Мысалға, еліміздегі орта мектептерде психологиялық қызмет көрсетушілер тесті үлгілерімен алғашқы сынып оқушыларының рухани даму бағытын анықтап жатады. Ол өте дұрыс. Бірақ соның нәтижесіне қарай аяулы сөзімен, ғибратты ісімен ата – ана баланы рухани жетекке алса игі. Бірде «Кім Аллаһқа, қияметке сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» – деген хадисті естіген бір бала үндемей қояды. Әкесі дәрігерге қаратады. «Балаңыздың ешқандай ауруы жоқ, зеріккен болар, бір уақыт серуендетіңіз» –  деген дәрігердің ұсынысынан кейін, серуен құрып жүргенде шиқылын тоқтатпаған тоты құсты баланың әкесі ұстап алып, торға салып қояды. Сонда бала тоты құсқа: «Сен үндемей шиқылдамағаныңда мына тор –  қапасқа түспес едің» демейді ме. Бұл сөзін естіп қалған әкесі: «Сен сөйлей алады екенсің ғой, адамды құр босқа әуре – сарсаңға түсіріп..." – деп, баласын шапалақпен қойып қалады. Сонда бала: «Мен сөйлемесем, мен де пайда табатын едім, сөйлеймін деп,  міне, таяқ та жедім» – деген баланың ақылынан айналуға болады. Ал бүгінде ас шайнаудан талмаған жақ сөз ұқпағаннан шаршады – мыс. Сондықтан, қадірін ұқпаса, гаухар сөз ғаріп, жаман сөзді қаласа, құрғақ үйден су тамар. Ал оны өз бетімен білмесе, айтқан сөзге ермесе, ұқпасқа айтқан сөз жетім. Аллаға жанаспайтын, нәрсіз, құнарсыз, улы дәмдегі ащы сөздер бүгінде адам санасынан өтіп,  жүректі жаулаған,  әрине бұдан  көкіректегі көз ластанады, жүрек қатаяды. Баяғыда атақты күрішші Ыбырай Жақаев «Дихан – кетпеніне, шопан – таяғына, жазушы қаламына ие болсын» деген үш – ақ  ауыз сөзімен дүйім елге баяндама жасаған. Сондықтан, адамдағы бір ауыз, екі құлақ – аз сөз, көп тыңдау деген сөз. Әлбетте, жүректегі қуатты сөздердің шығар тура жолы – тіл.

Аллах деген сөз жеңіл,

Аллахқа ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі Хаққа жол емес –  деген Абай естір құлаққа жағымды сөз – садақа, сауапты амал екенін Алла сөзімен таразылап отыр. Қай пенде болмасын, «Бисмилла» сөзімен бастамаса, ісінде береке болмас, «Алла қаласа, құдай бұйыртса» деп, ертеңге үміт артпаса, бір ісі келте болары хақ.  Өйткені, Алла қаламайынша ешбір іс орындалмайды.

Мұсылмандар үшін ең қымбат сөз –  «Ассаламуалейкум уа рахматуллахи уа баракатуху»! Бұл – Алланың  амандығы мен берекетін, сәлемін жолдаймын деген мағынаға келеді. Мұны бүгінгі «Сәлеметсіз бе не болмаса салам, привет» деген мазмұнын жоғалтқан сөздердің орнына қолданса, әр таңымызға Жаратқан Алла Тағала ырыс несібе жіберері сөзсіз хақ! Ал одан кейін «Қайырлы таң, күн, кеш, түн, амандық-саулық» сөздерін айтса жақсылық болады.  «Ақылды ұққанға, үгітті жұққанға айт» дегендей, насихатымыз ұлық Сөз күйінде қалмай, амалмен іске ұлассын! Әумин, Аллаху Әкбар!

Нұрлан Асанов

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының

Өскемен аймақтық өкіл имамы

604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы