• Әдебиет әлемі
  • 27 Қазан, 2011

Кеудемде өлген сан ойдың иесі едің...

Айжан Тәрбәракқызы 1986 жыды Моңғоляның Баян Өлгей аймағында туған. Астанадағы Еуразия гуманитарлық нститутының түлегі. Өлеңдері баспасөзде тұңғыш рет жарияланып отыр. *** Сенің жанарыңнан мөлт еткен өзімнің қайғымды көріп, Жүрегіңнен мен қонар бос қалған айдынды көріп, Қиялымның қанатын қақтырып, Кірпігіме аңсардың мөлдір шығын тақтырып, Ұмытқым келмеген. Сенің айтқан естелігіңнен өзімнің өткенімді көріп, Бұл күнге мен жайлы арманды қанат қып жеткеніңді көріп, Батар күнді құз басынан асыра салып, Жүдеу жүзіме Ай нұрын перде ғып жасыра салып, Саған жеткім келген. Сенің қуанышыңа өзімнің себеп болғанымды көріп, Саған шыншыл болмысыммен керек болғанымды көріп, Үзілмеген үміттің жетегіне еріп, Үркер мұңның әйтеу сөніп кетеріне сеніп, Саған жолыққым келген. *** Бұл көктемнен не күтіп ем... Сенi ме?! Мұң жылайды көзімде, Тыңдайыншы, айтар екен сезім не? Өткен күннің құшағында қалған Күз, Несібемді келіп тұрмын бер, міне... Кө-ө-өп күттім ғой... Нені күттім сағынып?! Бір жылылық күткен мынау жанымды ұқ. ...Қойшы, осы мен кімге не деп отырмын? Нені күтем, өшті емес пе бар Үміт?! Ұры ойлары тағы да ұлып санамның, Күтеді ылғи, талдырып құр жанарын... Тағы да сол амалсыздан ақыры Тағдырымның бағамын-ау қабағын. Өкпелі ме, соңғы кездер Ол дағы, Араласып кеткеннен соң Сор, Бағы. Мені қойшы, шыдаймын ғой, шыдаймын... Үмітімді жылатпаса болғаны... *** Тұман көмкерiп, Таңда атты, жиегі жердің. (Кеудемде өлген сан ойдың иесi едiң.) Жазықсыз гүлдің  күлтесiн жұлып ақырғы, Күрсінініп іштей, сүйеді... сүйедi... дедім. Тапқаным осы, өзімді жұбатқан түрім, Өтеуі ғайып осылай жырақтар күнім. Сен жайлы ойлар тағы да санамда ұйып, Көзімді жұмдым,әлдилеп құндақтар мұңым. (Мендегі күйді кешсең ғой... Сонда сенерсің). Уақыттың тағы үкімі қатал демесін. Жүрегім сені әлі де күтіп жүр білсең, Үмітімнің ішкізбей атаукересін. *** Маған бүгін қайғыны айтпа, қайғыны, Сен жайлы Арман – жүрегімнің байлығы. Тағыда Түн. Сен емес. Жанарымды аймалайды Ай нұры. Мұңды да айтпа, мұңды да, Кірпігіме тағыда сол, бір мөлдір шық тұнды ма? «Қызғанамын» деуші едің ғой,ал қызған... Құшағына алып жатыр Түн мына. Нені ұқтым мен осы сен жайлы ойдың сөгілгенде көбесі. Тым болмаса мөлдір мұңға мендегі тимесе екен Тағдырымның жебесі. Жұлдыз ақты тағы да, Біссіміллә, бағым шығар, бағым ба? Мендегі ойлар сен жайлы – Ешкім әлі қол сұқпаған қазына. *** Сенсіз өткен күнге де көндігіп келем, (Сабырыма барлығын жеңдіріп көрем.) Елегізіп жүреді жүдеу көңілім, Түсінбеймін өзімде, неге үміттенем? Әлдеқашан шығарған Тағдыр үкімін. (Жарық нұрым ең, ақыры түнге жұтылдың.) Білесің бе, байқалмайтын бақыт екен ғой Өмірде өзің сүйген жанды күтуің... Көзді жұмам арманым қалықтасын деп, Қиялғой сол...жүрегім жалықпасын тек. ...Ақыры дұға қылып кірпігімді ілемін, «Қайран ойларым,алдыңнан жарылқасын» деп.

409 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы