Бұрқақ өмір, бұлғақ тағдыр

Халық арасынан шығып, төңкеріс жылдары шынығып, нағыз қайраткерлер болып қалыптасқан, Азамат соғысының отты азабынан өткен талай-талай азаматтар уақыттың ырқымен кеңестік партия мен мелекеттік иерархияның негізгі буындарында басшылық қызметтер атқарды. Сол уақыт үшін білім деңгейлерінің жоғары болуы, белсенді өмірлік ұстанымдары оларды көпшіліктің сый құрметіне бөлеп, қоғамда абыройлы-беделді етті. Олардың табанды да өнегелі өмірлік тәжірибелері бүгінде өз маңызын жойған жоқ және олардың есімдері мен істерінің саяси ғұмыры ұзақ бола бермек. Тарихымыздан сабақ ала отырып, біз өткен уақыттың, мемлекет және партия қайраткерлерінің көбіне трагедиялы тағдырларын, күрделі де қайшылықтарға толы өмірлерін байыптап, дәйекті қорытындылар шығаруға тиіспіз.

Халқымыз ұлтын ұлықтай білген ұлдарға қашанда кенде емес еді. Жүрегінде жұртының арман-тілегін сіңірген жандар қара бастың жайын кейінге ысырып қойып, халқының қамы үшін бастарын бәйгеге тіккен. 1937-1938-ші сталиндік саяси репрессия жылдарында қаншама қаршыға мінезді қайраткерлер қыршынынан қиылып түсті. Тоталитарлық жүйе оларды топшысынан қағып, тажал торына тоғытты. Есесіне, ел егемендікке ие болып, етек жеңін жинаған тұста ұлтын сүйгені үшін жазықшы болғандар ақталып, халық көкейінде қайта жаңғырды. Жұрт кеңестік саясат жексұрын етіп көрсеткен асыл ұлдардың аруағына бас иіп, тағзым етуде. Жерінің киесі мен елінің үлесін қорғаған азаматтардың есімі халық зердесінен өшпейді. Қайта олар уақыт өткен сайын асқақтап, биіктей береді.

Әр жылдарда Әбілқайыр Досовтың өмірі мен қызметі туралы журналдар мен газеттерде көптеген материалдардар жарияланды. Олардың авторлары – тарихшылар, журналистер, жазушылар. Сондықтан да ол материалдар өзінің мазмұны, көлемі, қолтаңбасы жағынан бір-біріне ұқсамайды. Бұл мақалалардың жанрын қандай да бір жеке тұлға туралы жан-жақты, ешкім таласа алмайтын келбеттік кескіндемелер деп санауға болады.

Ең төменнен – ауыл бақташысынан партиялық-саяси иерархияның ең жоғарғы БК(б) П Орталық Комитетінің жауапты нұсқаушысы қызметіне дейін өскен Әбілқайыр Ысқақұлы Досов тым қысқа да, өте мазмұнды өмір сүрді. Оның өмірбаяны оқиғалар мен құбылыстарға, ірі бетбұрыстар мен серпінді өзгерістерге толы болды.

Қазан төңкерісіне белсенді қатысушы, азамат соғысы жылдарындағы ержүрек большевик-астыртын барлаушы, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату мен нығайту жолындағы күрестің табанды ұйымдастырушысы Ә. Досов      20-шы жылдардың өзінде-ақ еліміздің көрнекті партия және мемлкет қайраткерлерінің бірі болды. Орал, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан партия ұжымының басшысы қызметіндегі жұмысы оның қызмет аясын кеңейтіп, ғаламат ұйымдастырушылық қабілеттерін жаңа тәжірибелермен байытты, оның рухани және ақыл-ойы күшінің одан әрі гүл жаруына жәрдемдесті, мінез-құлқы мен ерік-жігерін одан сайын шынықтырып, ширата түсті.

Ә. Досовтың елімізде қызмет еткен жылдарында республика халық шаруашылығындағы барлық социалистік қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, өнеркәсіп пен көлік салалары жылдам қарқынмен даму алды, ағартушылық жұмыстар қанат жайды. Бұл Ә. Досовтың ұйымдастырушылық талантының жоғары дәрежеде кемелденген жылдары болды.

Әбілқайыр Ысқақұлы үшін үнемі алға қарай ұмтылу тән еді. Ол өзінің жоғары талапшылдығы, жинақылығы, кез келген іске шығармашылық қарым-қатынасы, үлкен және кіші мәселелердің шешілуіне мемлекеттік тұрғыдан маңыз беруі, партиялық және азаматтық парыздарын мүлтіксіз орындауымен өзгелерге үлгі бүтін де биік болмыстың иесі болды.

Ол мамандардың бастамашылдығын, саналы түрдегі тәртіптілігін бағалады. Олардан қашанда қызмет бабында шындықты айтуды, әркімнен өзі басқаратын буындағы істің нақты жағдайын жасырмауды талап ететін. Әбілқайыр Ысқақұлының халықтың алдында сөйлеген сөздері адалдығымен және тікелігімен, өткір саяси түйсігімен, жалпы саяси мәселелерді бастан өткеріліп жатқан сәттің тәжірибелік міндеттерімен үйлесімді өре білуімен ерекшеленетін.

Ә. Досовтың және сол заманның коммунистерінің көпшілігінің трагедиясы мынада: олар өздерінің парасаттылығына, ішкі дүниесінің соншалықты  зиялылығына, қағидашылдығы мен адалдығына қарамастан, олар тоталитарлық диктатураның орнатылуына қарсылық көрсете алмады. Ал, бұл бой бермеген үстемшілдік кейін бүкіл елімізді ауыр зардаптарға душар етті. Трагедияның мұншалықты теперішті ауыр болуына басталған социалистік құрылыстың өзінің шектен шыға бұрмалануы, өрескел қателіктер мен асыра сілтеулер, халықты билеу қағидасының азғындап, басынушылыққа ұласуы, тағы басқа социалистік ережелер бұзылуы нақты себеп болды. Ә. Досов нарықтық қатынастар орнын мемлекеттік меншік үстемдігі мен әкімшілік бөлшектеу жүйесінің алмастырып, адам игілігі дейтін ештеңенің қалмағынына куә болды. Материалдық мүдде қағидасын теңгермешілік, артық алмау алмастырды. Демократиялық институттарды дамытудың орнына мәжбүрлеу, күштеп-зорлау мен қуғын-сүргін әдіс- тәсілдері пайдаланылды.

Ә. Досов бәрін біліп, сезді. Елдегі және партиядағы қалыптасқан ахуал туралы ұзақтан-ұзақ ойланды да. Әсіресе, БК(б)П Орталық Комитетінің ақпан-наурыз (1937) пленумымен байланысты шешімдер мен оқиғалар ерекше қатты мазасыздандырды. Ахуал шынында да шектен шыға шиеленісіп, қиындап кеткен еді. Кеңес Одағының бүкіл тұрғын аумағы сталиндік террордың торы тоқылған  алып аумақтық нысанаға айналды. Әр адам тағдыры ұстараның жүзінде тұрды. Өзін қауіпсіздікте сезінетіндер өте сирек еді, әркімнің соңына дерлік аңду қойылып, тұтқындалу қатері төнді. Мұрағат материалдарының куәландыруынша, 30-жылдардың ортасына таман НКВД органдары өз беттерінше әрекет етуге көшіп, партияның бақылауынан шығып кетті. Тоталитарлық жүйенің тетігі іске қосылып қойған тозақ мәшинесі ешбір кедергіде кідіруді білмеді, жолында кезіккеннің бәрін де жайпап, турап өтті…

1937 жылдың ақпан-наурызында Мәскеуде БК(б)П-нің Ок-нің пленумы болып өтті. Онда Ежовтың «жапон-неміс-троцкишіл агенттердің зиянкестерінің, диверсияларының және қоқан-лоққыларың сабақтары» деген баяндамасы бойынша қарар қабылданып, Сталиннің «Троцкишілерді және басқа да екі жүзділерді жою барысындағы партия жұмыстарының кемшіліктері және оларды жою шаралары туралы» баяндамасы тыңдалды.

Әрмен қарай Қазақстандағы оқиғалар шапшаң дамыды. Қазөлкелік комитеті жоғарыдағы ақпан-наурыз пленумының қорытындысын талқылап жатқан 1937 жылғы тамызда Қазақстанның ІІХК-сы өз халкомы                     Л. Б. Залиннің аузымен зиянкестерді, тыңшыларды, диверсанттарды әшкерелеуде қол жеткізген табыстары жөнінде рапорт беріп жатты. Мың мәрте қарғыс атқыр сталиндік зұлмат бүкіл елді билеп, сойқан патшалығын құрды. Ескі мұрағаттық құжаттардың сарғайған қағаздарында әрбір әріп пен әр жол үнсіз егіліп, басылмайтын өксікпен сыңсиды.

КСРО Ішкі Істер халық комиссарының байырғы бай-құлақтарды, қылмыскерлер мен басқа да кеңеске қарсы жауларды қудалау шаралары туралы

N 00447 ЖЕДЕЛ ЖАРЛЫҒЫ

Мәскеу қаласы 1937 жылдың шілдесі

Антикеңестік құрылымдардың істері жөніндегі тергеу материалдары мына мәселелерді анықтады: ауылдық жерлерде, деревняда байырғы бай-құлақтардың, бұрын қудаланғандардың, қуғыннан бой тасалғандардың, лагерьлерден, жер аударулардан және жазаларын өтейтін еңбек поселкелерінен қашқандардың біршама саны қоныстанған. Бұрын қудаланған шіркеушілер мен секташылардың, бұрынғы антикеңестік қарулы бас көтерулердің белсенді қатысушылары да осындай елеусіз елді мекендерде көп тұрақтаған. Деревнядағы антикеңестік саяси партиялардың (эсерлер, грузмектер, дашнактар, мусаваттар, иттихадистер және т.б.) маңызды мамандары, сондай-ақ бандылық көтерілістердің бұрынғы белсенді қатысушыларының, ақтардың, жазалаушылардың, репатрианттардың және т.б. мамандары ешкімнің қолы тимеген күйінде қозғалыссыз қалған.

Осыған сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

1. 1937 жылдың тамызынан бастап барлық республикаларда, өлкелер мен облыстарда байырғы бай-құлақтарды, белсенді антикеңестік нышандарды және қылмыскерлерді қудалау шаралары басталсын.

Қудалау шараларын Өзбек, Түркімен, Тәжік және Қырғыз КСР-ында осы жылдың 10 тамызынан бастау, Қиыр Шығыс және Краснояр өлкелерінде және Шығыс-Сібір облыстарында үстіміздегі жылдың 15 тамызынан бастау белгіленсін.

  1. Республикалық НКВД наркомдары мен өлкелік және облыстық НКВД бастықтары ұсынған есептік мәліметтерге сәйкес репрессиялауға жататындардың саны төмендегіше бекітіледі.

Қазақ КСР

Облыстар 1 топ 2 топ Барлығы
1 Солтүстік Қазақстан 650 300 950
2 Оңтүстік Қазақстан 350 600 950
3 Батыс Қазақстан 100 200 300
4 Қостанай облысы 150 450 600
5 Шығыс Қазақстан 300 1050 1350
6 Ақтөбе облысы 350 1000 1350
7 Қарағанды облысы 400 600 1000
8 Алматы облысы 200 800 1000
9 НКВД лагерьлері 10.000 10.000
Қорытынды саны 12 500 5000 17 500

Ахуалға қарай бекітілген сандардың арттырылуы талап етілген жағдайларда республикалық НКВД наркомдары мен облыстық және өлкелік НКВД басқармаларының бастықтары маған мақсатқа сай мазмұндалған ұсыныс-хаттарын жолдауға міндетті.

КСРО-дағы ішкі істер халық комиссары

Бас мемлекеттік қауіпсыздық комиссары  Н. Ежов

(Российский Госархив социально-политический историй – РГАСПИ,      ф. 558, оп.1, 8.754, лл. 42-44).

Әрі қарай бұйрықтағы ереже сипатын сол жылдардың саяси ождан жабайылығын бейнелейтін варварлық сөзден басқаша атаумен атай алмас едік. Бұл «Қудалағандарға берілетін жазалар шаралары және қудалауға жататындардың саны туралы» деген бөлім. Қудаланушылар мұнда екі топқа бөлінген. Бірінші топқа тізбеленгендердің ішінде мейлінше жау саналатын күштердің барлығы жатқызылады. Олар шұғыл тұтқындалуға және үштіктер тергеулерінен өткеннен кейін – ашылуға жатады. Екінші топқа қалған барлық белсенділігі бәсең, бірақ та бәрібір жау ниеттегі нышандылар кіреді. Бұлар да қамауға алынады, сонан соң лагерльлерде 8 жылдан 10 жылға дейін мерзімдерін өтейді. Ал, олардың ең наразылары мен қатерлері үштіктердің әмірімен тура сол мерзімдерін өтеу үшін түрмелерге қамалады.

Әрі қарай бұйрықта адамның ақылын айран, ойын ойран ететін «үштіктер» арқылы қуғындалатындарды қадағалау сандары туралы ереже бекітілген. Ең аз дегенде 75 900 адамды тұтқындау мен ату және 187 050 адамды бас бостандығынан айыру үшін соттау қажет деп көрсетілген. Барлығы 268 950 адамды қуғын-сүргін сарсаңына салу алдын-ала жоспарланған. Қуғындау лимиті әр одақтас республикаға, өлке мен облысқа үлестірген. Лагерльлерде жазаларын өтеп жатқан және қуғын науқанына іліккен 10.000 сотталушыға қатысты тек ату жазасы қарастырылған.

Қазақ КСР бойынша бастапқыда 17 500 адамды қуғындау, оның 12 500-ін, яғни әрбір үшіншісін ату жоспарланған. Бұл НКВД мен оның қандықол «үштігі» үшін ең таяуда және ең аз көлемде жүзеге асыратын жоспар болатын. Бұлармен бір мезгілде 1934 жылдың 1 желтоқсандағы заңның және құпия нұсқаулардың негізінде прокуратураның қолдауымен жазалау саясатын жүзеге асырған НКВД-ның Ерекше кеңесі мен көптеген сот органдарының белсенді іс-әрекет еткенін де ескеруіміз керек. Олар үшін репрессиялық лимит мүлде шектелген жоқ, жүздеген мың кеңес адамдарының тағдыры оңай шешілді. Олардың жалғыз айыбы – әу бастан-ақ «бұрынғы адамдар» және «жаулық күштер» санатына жатқызылғаны.

Қазақ КСР бойынша облыстардағы қанды жорыққа шығатын «үштіктердің» жеке құрамы былайша бекітілді:

1. Солтүстік Қазақстан         –  Панов, Степанов, Сегізбаев.

2. Оңтүстік Қазақстан           –  Пинтель, Досов, Случак.

3. Батыс Қазақстан облысы  –  Ромейко, Сапарбеков, Спиров.

4. Қостанай облысы               – Павлов, Кузнецов, Байдаков.

5. Ақтөбе облысы                   –  Демидов, Мусин, Стецура.

6. Қарағанды облысы             – Адамович, Духович, Пинхасик.

7. Алматы облысы                 –  Шабанбеков, Сәдуақасов, Қожанов.

(РГАСПИ, ф. 558, оп.1, д. 321, лл. 129-131).

1937 жыдың 21 қыркүйегінде «Правда» газетінде меншікті тілші         К. Пуховтың «Буржуазиялық ұлтшылдардың жетегінде» деген мақаласы жарияланды. Оны келесі күні «Казахстанская правда» газеті көшіріп басты. Мақала Қазақстан Коммунистерінің көшбасшысы Л. И. Мирзоянды халық жаулары ретінде қудаланып жатқан Құлымбетов, Асылбеков, Ғатауллин, Сәдуақасов және басқаларға араша тұспек болғаны үшін тікелей кінәлайды.

Жоғарыда аталған мақала авторының «Правда» газетінің бас редакторы Мехлистің атына 1937 жылдың 14 қарашасында жазған хатынан мынадай үзінді келтірейік: «ҚК(б)ПОК бюросының қазан айының соңыңда өткен мәжілісінде Мирзоян Арыс ауданының бұрынғы аудандық хатшысы Иралинді ақтауды барынша қолдап, мақтады… Бұл республикалық баспасөзде Иралинді буржуазиялық ұлтшыл ретінде әділ әшкерелеген соң соған қасақана жауап ретінде істеліп отыр…

Мирзоянның қолдаушылық-қорғаушылық үстемдігі оның Сайрам аудандық партия комитетінің хатшысы, буржуазиялық ұлтшыл Саибовқа «әкелік» қамқорлық көрсетіп келуінен көрінеді. Мирзоянның қарсы болуына қарамастан, республикалық «Казахстанская правда» газетінде жарияланған шулы мақаладан кейін ғана Саибовтың партбилеті тартып алынды. Мирзоян, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан обкомының  бірінші хатшысы – барып тұрған буржуазиялық ұлтшыл Досовты қорғаштауға қайшы күш салуда…»

ҚК(б)П ОК-нің мәжілісінде Мирзоян «Казахстанская Правда» газеті редакторының орынбасарына (газет бетінде Досов пен Иралинді қатты сынағаны үшін) 24 сағаттың ішінде өзінің көзқарасын өзгертпесе, газеттен қуылатынын анық ескертті…

Одан әрі қарай автор мақаланың зардаптары туралы мақтанышпен былай суреттейді: «21 қыркүйекте «Правда» газетінде шыққан «Буржуазиялық ұлтшылдардың жетегінде» атты мақала Қазақстанның партиялық ұйымдарын қатты сілкіндірді. Соңғы бір жарым айдың ішінде Қазақстанның коммунистері өздерінің қатарындағы үлкен-кіші қызметтер атқарған жүздеген халық жауларын әшкереледі. Мақала шыққан соң НКВД органдары бастауыш партия ұйымдарының кең қолдауымен Қазақстанның бірнеше наркомдарын тұтқынға алды. Бұлардың қатарында өлкеком комсомолының бірінші хатшысы, обкомдардың бірінші, екінші хатшылары (Ақтөбе, Шығыс Қазақстан), бірқатар обламкомдардың өкілдері, аудандық хатшылар, ауаткомдардың төрағалары бар…»

Бұл мақаланың мақсаты – қуғын-сүргін шараларын жандандыра түсу болатын. Мақсат орындалды. Қазқстан КП (б) Ок-нің бюросы 29 қыркүйекте қаулы қабылдап, мақаладағы айтылған сын айыптаушыларымен ресми келісуге мәжбүр болды.

Решение бюро

Южно-Казахстанского обкома  КП (б) К

«О статье газеты «Қазахстанская правда»

от 18 октября 1937 г.

«Еще раз о гнилой позици Южно-Казахстанского обкома КП (б) Казахстана».

г. Чимкент. 24 октября 1937 г.

Бюро обкома признает правильной критику «Казправды» ошибок бюро обкома и секретаря обкома тов. Досова в деле разоблачения и выкорчевывания троцкистко-бухаринских бандиов и буржуазных националистов.

…Бюро обкома признает также правильной критику «Казправды» о серьезных ошибках бюро обкома в затяжке рассмотрения материалов о преступной работе группы работе группы работников Сайрамского района во главе с бывшим секретарем райкома Саибовым, обвинявшейся в незаконном распуске колхоза, поборах в колхозах, администрировании, зажиме самокритики. Вместе с этим бюро обкома особо отмечает ошибку, допущенную со стороны тов. Досова как первого секретаря, в затяжке рассмотрения байрамского дела и материалов о преступных действиях Саибова…

(Қ. Р. Президентінің мұрағаты, 708-қор, 1-тізбе, 39-іс, 257-258 б).

Постановление

Бюро ЦК(б)К «О статье газеты «Қазахстанская правда» от 18 октября 1937 г. «Еще раз о гнилой позици Южно-Казахстанского обкома КП (б) Казахстана». 29 октября 1937 г. Строго секретно.

  1. Принять к сведению решение бюро Южно-Казахстанского обкома КП (б) и предолжить тов. Гусеву опубликовать это решение в газете «Казправды».
  2. Бюро ЦК(б)К считает, что, несмотря наряд политических ошибок, допущенных Южно-Казахстанским обкомом и его секретарем тов. Досовым, газета «Казправда» поступила совершенно неправильно, поставив характером своего выступления по существу вопрос о снятии секретаря обкома. Бюро ЦК считает также неправильным опубликование «Казправдой» отдельных фактов из прошлого, не имеющих прямого отношения к сегодняшней работе тов. Досова.

Секретарь ЦК КП (б) Казахстана

Л.Мирзоян.

( ҚР Президентінің мұрағаты, 708-қор, 1-тізбе, 39-іс, 256-б)

Жоғарыда аталған мақала авторының «Правда» газетінің бас редакторы Мехлистің атына жазылған хатында: «…Особенно же сильно прикрывает Мирзоян секретаря Южно-Казахстанского обкома партии Досова, который безусловно является заядлым буржуазным националистом. Досов в течение трех лет был секретарем Актюбинского обкома партии. Большинство подобранных им людей – состояли в национал-фашистской организации и вели подрывную вредительскую работу…»

(ҚР Президентінің мұрағаты, 708-қор, 1-тізбе, 52-іс, 125-б).

Республикаға еңбек сіңірген мұғалім, дербес зейнеткер, кешегі сталиндік зұлматты басынан кешірген, ұсталып, абақтыға жабылған кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі болған Сиражидин Әмірхановтың естелігінен:

1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңеске сайлау өтті. Оңтүстік Қазақстан облысынан Одақтық Кеңеске депутаттықа кандидат етіп облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбілқайыр Досов ұсынылды, ұлттар Кеңесіне Қазақ АССР Атқару Комитетінің төрағасы Нұрбопа Өмірзақов ұсынылды. Ұлттар Кеңесіне сайлау округының төрағасы болып обкомның екінші хатшысы М. Таганский, хатшысы болып мен сайланған едім. Сайлау жұмысын облыс бойынша облыстық комитет басқаратын. Мен оларға көмекші болатынмын. Сайлауға алты күн қалғанда мен обкомға барып екінші хатшының бөлмесіне кірсем Таганский екі қолын артына ұстап кабинетінде сенделіп жүр екен.

Мені көрді де: «Халық жауы деп түнде Досовты ұстап әкетіпті. Сен оны естідің бе?» – деді. «Апырай» деп мен де аңырып қалыппын. Олай болады деп кім ойлаған. Досов Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуда, оны нығайтуда көп еңбек сіңірген, онан кейін партия және Кеңесте жауапты қызметтер атқарып сыннан өткен большевик болатын. Сонда біз екеуміз Досовты жау, жау емес деп бір ауыз сөз айта алмадық. Досовтың жау еместігіне екеуміз іштей сенеміз. Төбемізден тас түскендей болды.

Екінші бір күні облыстық атқарау комитетінде мәжіліс жүріп жатқан. Күн тәртібіндегі бір мәселе бойынша облыстық атқару комитетінің төрағасы Степанов сөз сөйлеп тұрған кезінде телефоны шылдыр етті. Телефон трубкасын көтеріп: –  «Бізде мәжіліс өтіп жатыр еді… жақсы тездетерміз»,  – деді де сөзін жалғастыра бастайды. Телефон тағы шылдыр етті. Төраға трубканы алып: – қазір, –деді де, біздерге қарап: – Мәжіліске үзіліс болады, – деді де, жоғарғы этаждағы обкомға шығып кетті. Көп кешікпей Степоновты екі қолын артына ұстатып екі қызыл жағалының әкетіп бара жатқанын көрдік. Бұл күндізгі сағат 4-5 мезгілі болатын. Кабинетте қалған облыс атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әбекенов екеуміз бірімізге біріміз қарадық, бір ауыз сөз айта алмадық. Болып жатқан оқиғаларлың  ойға сыймастығын біле тұрсақ та біздердің еш пікір айта алмағандығымызды көрсетеді. Жоғарыда айтылған Ә. Досов пен Степановтың тұтқынға алынуы мемлекет қауыпсыздығы органдарының партия және Совет өкімет орындарымен еш санаспай мүлдем басынып кеткендігі, ойларына не келсе соны істеп, заңсыздыққа барып жүргенін көрсетеді. Досов пен Степанов екеуі де Қазақстан Өлкелік партия комитетінің мүшелері, Қазақ АССР-нің депутаттары еді ғой…

(«Жалын» журналы, 1968, №5, 52-бет).

Барлық өмірін төңкеріс ісіне арнаған Әбілқайыр Досов та «халық жауы» атанып, 19 халық комиссарларының қатарында Боралдай маңында көмілді. 1937 жылғы «Правда» газетінде шыққан тілші К.Пуховтың мақаласынан кейін «халық жауларын» жасырды, «жапонның тыңшысы» деген жала жабылып, дереу қамауға алынды. Түрмедегі адам естімеген қинауды, ұрып-соғуды көріп, аяулы азамат, елім-жұртым, қайран қазағым деп еңіреп өткен есіл ер Әбілқайыр Досов ақыр соңы қайғылы қазаға ұшырады. НКВД қолынан атылып, қапқа салынып көмілді. Сұм заманы жасырса да мыңдаған ер азаматтың аты-жөні халық жүрегінде жаттаулы.

Әбілқайыр Ысқақұлы Досов қысқа да нұсқа өмір сүрді. Оның өмірбаяны оқиғалар мен құбылыстарға, ірі бетбұрыстар мен ілкімді өзгерістерге толы болды.

Оның өлімімен бірге қазақ халқы өзінің асыл перзенттерінің бірінен айрылды. Тәжірибелі басшы, мемлекеттік қайраткер ретінде өзінің ұлан-ғайыр мүмкіндіктерін пайдалануға, бұқараның қолбасшы мен жолбасшысы ретіндегі талантын толығымен ашуға үлгермеді. Егер де ол сталиндік лаңға ілікпегенде қазақ халқы үшін көп нәрсе жасайтын еді. Бірақ мезгілсіз мерт болғанның өзінде Қазақстан тарихында нұрға бөленген есімін жазып, өшпес ізін қалдырды. Бұл іздер ешқашан кемескіленбейді. Жұлдыздар сөнбейді.  Әбілқайыр Досовтың есімі тіл жеткісіз ақыл-ойдың, қаһармандықтың, ізгілік пен нұрдың баламасындай киелене түсіп, біздің өткеннің өнегелерімен сабақтасқан толыққанды, бақытты өмірімізге жол ашсын демекпіз.

Тілеу Көлбаев,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик,

Қ. Р Журналистер Одағы сыйлығының иегері.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.