НӘЗІК ЖАНДЫЛАР НЕГЕ ЖАБЫРҚАЙДЫ?

Біздің бүгінгі қоғам қыз-келіншек-теріміз үшін, аналарымыз, жалпы, нәзік жандыларымыз үшін қауіпсіз бе? Олар алаңсыз жүріп, тірлігін жасай ала ма? Жоқ, өкінішке қарай олай емес.
Қазақтың байырғы сана-салтында, ділінде қыз баланың құрметі ерекше болған.Қыз баласын жат жұрттық деп, төрден орын беріп, құрметтеген. Әр қазақ қызының әппақ абыройына әрбір қазақ жігіті жауапты болған.Өмірінен артық қойған. Хош, бұл әрбір қазаққа таныс салт, таныс тіршілік.
Бүгінгі қоғам дәл осылай қалыптасты ма?
Қазақтың қаракөздерінің намысын қорғауды емес, қорлауды ұран еткен сияқты бүгінгі қоғам. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен біз бен сіз өмір сүріп жатқан ортада сұмдық, жантүршігерлік оқиғалардың соңғы кезде белең алып кеткені ащы болса да шындық. Жігіттеріміз қыздарды қорғамай-ақ қойсын, қорламаса болды дейтін күнге де жеттік.
Бұл сөздерімді статистика растай алады.Өкінішке қарай, Қазақстанда нәзік жандыларға жасалған зорлық-зомбылық жылдан-жылға ұлғайып келеді.
Елімізде әр 5,5 сағат сайын бір әйел зорланады. 2019 жылдың жарты жылдығының өзінде 900-ге жуық қыз-келіншек зорланған.Ең өкініштісі, жәбір көрген әйелдер арыз-шағым жазбай, болған жайды жасырады. Бұл, әрине, өте қиын жағдай, бірақ қайткен күнде де кінәлілер өз жазасын тарту керек. «Өлімнен ұят күшті». Әрбір қазақ отбасы қыз баласын осылай тәрбиелейді. Дұрыс! Дегенмен, айналада қасқыр өріп жүргенде қораңыздың есігін ашық қалдырмасыңыз анық.
Қоғамның ең басты кемшілігі, зорлық-зомбылық туралы хабар естіле қалса, адамдар «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді. Өзі кінәлі. Бар кінә қызда деп шуылдасады. Бәріміз жабылып, қызды қаралауға дайын тұрамыз.
Алматыда бір топ еріктілер зорлық көрген қыздардың қылмыс орын алған күні үстінде болған киімдерін жинап көрме ұйымдастырған еді. Бірақ қоғамның да, ұйымдастырушылардың да таңданысын тудырған бір жайт, киімдердің барлығы ашық-шашық емес, қысқа етек болып шықпаған. Өзіңіз ойлаңызшы, 5 немесе 9 жасар қыз баласы қандай адамның назарын өзіне аударуы мүмкін. Бұл қылмысқа жәбір көруші тарапты кінәләуді қою керек. Осы секілді тар түсініктен арылып, қыздардың абыройын таптамай, оларға қолдау көрсетсек болар еді. Бізде керісінше, мұндай жағдайды барынша жасырып, бетін бүркемелеуге тырысады. Себебі, жария етсе, жәбір көруші екі есе қорланатыны анық. Ауруын жасырған өледі. Егер ауруымызды жасырмай бәріміз бірігіп оны емдеуге күш салсақ, бұл індеттен де арылар едік. Сәбилеріміз көзін аша салып, мәшинелердің терезесінен лақтырылмас еді. Керексіз заттай қоқыстарда, айдалада жатпас еді. Әрбір шақалақ өз анасының ыстық құшағы мен әкесінің мейір махаббатын көріп өсер еді.
Иә, бұл тұрғыда елімізде заң бар. Бірақ заңның орындалуына кедергі болатын басты фактор – қыз-келіншектердің дәл уақытында шағым түсірмеуінде. Олар көп жағдайда араға жылдар салып жауапты органдарға арызын беретін көрінеді. Ал бұл жағдайда кінәлілер әрқашан жазадан құтылып кетіп жатады. Егер жәбірленуші 24 сағат ішінде арыз түсірсе, оған биологиялық және медициналық сараптама жасалынып, дәлелдер табуға және істі сотқа жолдауға мүмкіндік береді екен.
Қыз бала – адам өмірінде көптеген рөлдерге ие. Біріңізге ана, аяулы жар, әпке. Ал енді біріңіздің жаныңызға емші болған өзіңіздің қыздарыңыз.
Әрбір ер адам қыз баласына осындай көзбен қараса бейбіт өмір сүрер едік. Тағдырлар шытынап, ешкім өкінішке ұрынбас еді.
Қыз бала – ұлт сақтаушысы,ұлт тәрбиелеушісі. Бәріміз ананың құрсағынан шыққанымызды естен шығармасақ екен.

Әсия Дүйсенбаева

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!