Адамдар бар алуан мінез, не түрмен, Періштеден пенде болып жетілген

Бауыржан Жақып,
М.Мақатаев және Ж.Нәжімеденов атындағы әдеби сыйлықтардың,
«Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты

ӨЛЕҢІМ

Өлең деген болады
құйып қойған секілді,
Иір-иір еменді
иіп қойған секілді.
Дүниеге бір келер
хас сұлудың ернінен
Шөп еткізіп бір рет
сүйіп қойған секілді.

Өлең деген болады
төгіп қойған секілді,
Ешкім көрмес дүниені
көріп қойған секілді.
Ұйықтап жатқан арудың
қызғалдақтай ернінен
Самал болып есіп кеп
өбіп қойған секілді.

Өлең деген аққудың
ақ мамығы сияқты,
Жүрегіңнің бар сырын
ақтаруы сияқты.
Өлең құран ырғағын
жайып салған жаhанға,
Өмір жайлы толғану
Хақ тәңірі сияқты.

Өлең кейде аспаннан
жауған ақ қар сияқты,
Түн қойнында шатырлап
жанған оттар сияқты.
Тас бұлақтың суындай
буырқанып, сарқырап,
Мөп-мөлдір боп мөлдіреп
таудан аққан сияқты.

Біле алмадым жүрегім
не нәрседен жаралы,
Білетінім -сүйемін
жел өлшеген даланы.
Қақтаған ақ күмістей,
сақтаған сары алтындай
Не бар екен өмірде
Өлең сенен бағалы.

Демін тартқан өзендей
тына қалған өлеңім,
Он сегіз мың ғаламдай
тұна қалған өлеңім.
Жанарымды жас болып
жуа қалған өлеңім,
Көз алдымда көктем боп
тұра қалған өлеңім.
Мен бар жерде-сен барсың,
сен бар жерде-мен бармын,
Ұлы Абайдай бабамнан
мұра болған өлеңім.

СУРЕТКЕ ТҮСУ

Суретке түскен кезде адамдар,
Қалсын дейді асыл бейнем өмірде.
Бірақ сәтке жарқ еткенде найзағай
Қалсын дейді жасын бейнем көңілде.
Табиғаттың өзі үйреткен тәсіл ғой,
Суретке түсу деген тегінде.
Ел есінде мәңгі қалу жарқ етіп,
Арманымыз – оның, менің, сенің де.

Шалқып, тасып, шаттық қуып, той қылдың,
Көрдің талай алмасқанын Ай, Күннің.
Кез-келген сәт түскен кезде суретке,
Өміріңнің сол сәтінен айырылдың.

Уақыт – ұры, байқамайсың қымбаттым,
Ұрлайды ол миллионын мұң, бақтың.
Кез-келген сәт түскен кезде суретке,
Сол сәтіңді қайталанбас ұрлаттың.

Өмір жорға тең басқанда тұяқты,
Тіршілікте қанша ғажап күй ақты.
Суретке түскен кезің ғұмырда
Ең ғажайып, ең жарқын сәт сияқты.

Түстің бірде көркі ғажап далаңмен.
Түстің бірде желпіп өткен самалмен.
Түстің бірде мәңгі қимас әкеңмен,
Түстің бірде мәңгі қимас анаңмен.

Сол түскеннен қалып қойды қасыңда,
Сеніменен құшақтасқан досың да.
Ағып жатқан уақытты көрсетіп,
Түстің бірде аққан өзен қасында.

Түстің есте қалсыншы деп бүгіннен,
Қарындастармен жүрегіңе гүл ілген.
Түстің бірге жағаңменен ағаңмен,
Түстің бірге тынысыңмен ініңмен.

Түстің бірге саясында сеніміңнің,
Сені көріп елең еткен елігіңнің.
Шат-шадыман ұл-қызыңды құшақтап
Түстің бірге жалғасымен өміріңнің.

Қанша шұғыл іс-шаруаң болса да,
Суретке түсуден тек шаршама.
Біле-білсең, мынау қатал өмірден,
Ізсіз-түзсіз өткен жандар қаншама.

Адамдар бар алуан мінез, не түрмен,
Періштеден пенде болып жетілген.
Суретке түсу деген, ойласаң,
Қорқу екен ұмытылып кетуден.

Ол – құштарлық қайта оралмас кезіңе,
Іңкәрлік – ол, түскен тағдыр тезіне.
Суретке түскенде адам, білмейді-ау,
Құдіреттің түскендігін көзіне.

АҚКЕНТТІҢ БҰЛБҰЛДАРЫ

Ой беріп он серіге,
Елітіп ән шеріне,
Сайрайды таңсәріде,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Жаhанға жар салады,
Мың түрлі ән салады.
Ақ таңды қарсы алады,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Жырлайды өмір әнін,
Таңға ашып омырауын,
Соғады қоңырауын,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Көмейін ән жуғасын,
Оятып шалғын басын,
Сайрайды сандуғашым,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Түнменен қоштасады,
Нұрменен астасады,
Таңменен достасады,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Дүние -домбыраны,
Кеудеме қондырады,
Шым ойға шомдырады,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Ғажайып киелі үндей,
Сол әнді сүй ерінбей,
Уақыттың тиегіндей,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Өліге жан беретін,
Тіріге ән беретін,
Тірлікке сән беретін,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Ән-күйдің мың түріндей,
Жазбаған жыр түріндей,
Жүректің лүпіліндей,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Ғашықтық дастанындай,
Сұлудың шашбауындай,
Өмірдің бастауындай,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Ағашқа қонып алып,
Мың әуен тауып алып,
Барады өмір ағып,
Ақкенттің бұлбұлдары.

Құлақта тұнып тұрған,
Құйқылжып, шығып тұрған,
Дүниені ұмыттырған,
Ақкенттің бұлбұлдары.

ПАРИЖДЕ ӨЛГЕН БЕЛГІСІЗ
ҚАЗАҚ ТУРАЛЫ РЕКВИЕМ

1948 жылы Парижде Сена өзенінің бойындағы суық тас көпірдің қасынан белгісіз адамның мәйіті табылады. Оның қойын қалтасынан бір парақ қағазға жазылған осы хат қана шыққан. Соны оқып, оның Қазақ екеніне көз жеткіздік, – дейді Станбұл қаласында тұратын қандасымыз Қызырбек Қайратолла. Ол хатта былай жазылған:
«Бір күннің я таңында, я түсінде, я кешінде, Сен Сена өзенінің бойында өлесің.
Өлігің табылады. Кім жерлейді? Қайда қояды? Мен бейшараны қоқыс сияқты
шұңқырға тастай салады.
…Сенің Кім екендігіңді кім білсін!
Арыс бойында Ақбоз аттың құлағында ойнағаныңды, Ақ үй, Ақ жайнамазда құдай үшін қол жайған кешегіңді кім білсін!»

Көне Париж. Бұл қала не көрмеген,
Аты шыққан ғажайып өнерменен.
Парижды емес таңдар ем Алматыны
Қайта тусам өмірге егер де мен.

Париждейін сән шаһар әлемде аз-ақ,
Көрмесең де туады өлең ғажап.
«Кісі елінде сұлтан боп жүргеніңше,
Өз еліңде ұлтан бол!» – деген қазақ.

…Тағдыры бар әркімнің бірақ, бірақ,
Елді сүю бәрінен қуаттырақ.
Парижде өлген қазақтың хатын оқып,
Болып отыр жүрегім құрақ-құрақ.

Жер айналып мәңгілік аспан көшкен,
Тағдыры бар әркімнің бастан кешкен,
Парижде өлген қазақтың сөзі жетіп,
Болып отыр жан-дүнием астан-кестең.

Таяқ жедік момындық, жуастықтан.
Аз ба қазақ елінен жырақ шыққан.
Бәлкім аштық, кінәлі, бәлкім соғыс,
Еуропадан сол қазақ бір-ақ шыққан.

…Айналысып әр кәсіп, әр шаруамен,
Өмір сүрді ол, сабылып сарсаңменен.
Дүниенің төрінде жүрсе-дағы,
Туған жерді өтті ол аңсауменен.

Абыр-сабыр, күйкі өмір – қала заңы,
Дархан болды қазақтың дала жаны.
Тамақ табу, ұйықтау – әркімге тән,
Қиын екен бәрінен жан азабы.

Оңашада самғатып алысқа ойын,
Бір ғаламат кернеді ағыс бойын.
Сена өзенін жағалап келе жатып,
Сағынды ол өзі өскен Арыс бойын.
Ақ жайнамаз. Ақ боз үй. Сағым дала.
Көзін жұмса ілесіп ағынға да.
Арыс бойын думанға бөлеуші еді,
Қара сирақ шулаған қалың бала.

Елестердің жылынып шуағында,
Оқып жүрді ол ұмытпай құранын да.
Түсті есіне бәйгеге шапқан кезі –
Ақ боз аттың ойнаған құлағында.

Елеспенен оянып таңдарда да,
Қыран-қиял самғады заңғарға да.
Көзін ашса – бөтен жұрт, жалған қала,
Көзін жұмса – қазақтар, арман дала.

Жаңбырымен сабалап ұрынды күз,
Ішті шарап. Ішетін бұрын қымыз.
Көзін ашса – тас көше, тас дуалдар,
Көзін жұмса – тұлымды ұл, бұрымды қыз.

Елге жетсе, шіркін-ай, бар тілегі.
Соны ойласа ес жиып, серпіледі.
Көзін ашса – ағылған машиналар,
Көзін жұмса домбыра шертіледі.

Бірақ бәрі кеш болды. Бекер бәрі.
Өткелінен өмірдің өте алмады.
Маңдайына жазғаны – жырақта өлу.
Арманына сол қазақ жете алмады.

Ішқұса боп шараптан ұрттап алды,
Күбірледі: «Бәрі ата-жұртта қалды.
Тағдыр жазған шеңгелден шыға алмастан,
Қанша қазақ сүйегі сыртта қалды».

Дүниенің төнсе де бар ажалы,
Хатпен жетер халқына жан азабы.
Туған жерге жазды да сағынышын,
Өзіне-өзі шығарды ол жаназаны.

…Өртенемін, өксимін, жанамын мен,
Ұшып жетті сол бір хат қара күннен.
Қабіріне белгісіз сол Қазақтың,
Осы өлеңмен топырақ саламын мен.

ТҮН.КазГУ ҚАЛАШЫҒЫ

Мынау – КазГУ қалашығым,
Талай құстар қанаттанған.
Тауып тәтті жарасымын,
Жастық мұнда ән ақтарған.

Кешкі ауада күлкі ұшады,
Ұшады кеп шарықтап бір.
Жүректерді жыр құшады,
Бозторғай-ән қалықтап тұр.

Көкірегіме жыр тағайын,
Түртеді әуен тағы да ойды.
Желсіз түнде шырқады Айым,
«Желсіз түнде жарық айды».

Қайың ару тұрды арқамнан,
Ұмытылған шумақты айтып.
Перде сырып бір балконнан,
Түн қойнына сіңді «Ақ бантик».

Жанарларға ақық тұнар,
Арман құшақ жайып тағы.
Бара жатыр бақыттылар,
Әуелетіп «Қайықтаны».

Өрте жастық, өрті мені,
Алма ағашы бақта билер.
Алма-кезек шертіледі,
Шертпе күйлер, төкпе күйлер.

Көріп келем кешкі абатты,
Дауысымды тыңда менің.
Жатақханам бес қабатты,
Бес жыл сенде тұрған едім.

Мекені едің еліктердің,
Жырға айналды сол естелік.
Көріп сені көріктендім,
Елік-қыздар елес беріп.

Көз алдымнан өтті айналып,
Сол кездерде әлем көші.
Өрік-жүздер өрттей жанып,
Өтті талай өлең кеші.

Бозбала едім ойға ғашық,
Құшағыңды жаясың ба?
Тұрған сәттер аймаласып,
Ақ қайыңның аясында.

Езуіме күлкі үйірді,
Еске түсіп соның бәрі.
«Жастық» атты бір фильмнің,
Жүріп өтті кадрлары.

…Араладым қалашықты,
Жастық шағым өтпе тегі.
Елес тұнған қарашықты,
Сүйіп алғың кеп кетеді.

ЕСІМДЕ МЕНІҢ

Есімде менің сол көктем,
Ессіз сезімге шөлдеткен,
Есіркеп аспан, еселеп құйып
Тәтті жауынды селдеткен.
Естілген сонда екеумізге де жер-көктен
Балапан-қайыңның іңгалаған даусы
жөргектен.

Есімде менің,
Көрсетті Аспан, Жер кеңдік,
Көктемнің кеші төңірек толы көркемдік.
Жүздік біз сол түн өмір-өзенде
Махаббатымызды желкен қып,
Сезімімізден серт өрдік.
Өртендім мен де, өртендің сен де,
Өртендік.

Ұмытылар қайтіп
Көктемгі жаңбыр төккен жыр,
Табиғатымның-Тәңірімнің өзі сепкен нұр!
Есімде менің көктем бір,
Көктем бір және
Көздерің сенің мөп-мөлдір.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!