Жапон бизнесіндегі самурай жолы

Кәсiпкерлiк дегенде көзге сауда елестейдi. Тауарды өндiру немесе сатып алып, қайта сату, сөйтiп пайда табу. Бизнес әлемiнде дүниежүзiлiк деңгейге шығып, елу жылдан астам тұғырынан түспей келе жатқан iрi корпорациялар, зауыттар, фабрикалар бар. Көрнектi өндiрiс компаниясы бiр елде басты ошағын орнатып, бiраз орныққан соң өзге мемлекеттерге өнiмдерiн шығарумен қатар әр жерден «отау тiгiп», аясын кеңейте бастайды. Күрделi кәсiпорынның керегесiн кеңейтуде дүниежүзiлiк нарық – басты нысана. Ал сол әлемдiк деңгейде экономикалық державаға айналу үшiн мемлекет кәсiпорындарының капиталын өсiру мүмкiндiгi басты шешушi фактор ма?
Мәселенiң мәнiсiн материалдық құндылық пен есептегi ептiлiктен емес, елдiк мүддеден iздейiк. Мемлекеттiң бүгiнi — ертеңiнiң кепiлi. Болашағы бар бизнестiң басты тiрегi мен қуат көзi не? Экономикалық бәсекелестiкте бәрiн басып озу үшiн не қажет?

АҚШ Жапонияны неліктен басты қарсылас деп білді?

Мен әдеби бiлiмсiз бизнес бiр күндiк дер едiм. Неге дейсiз ғой? Өзге Шығыс халықтарының әдеби сауатын айтпақ-ақ, бiр ғана Күншығыс елiн алайық. Америка үшiн Жапония өмiр бойы экономикалық қарсылас боп келедi. Жай ғана бәсекелес емес, Америка басқа да Азия мемлекеттерiмен бiрге Жапонияны өзiнiң экономикалық жауы деп бiледi. Жаудан қорғану және жаудың мысын басу деген бар. АҚШ-қа ешкiм экономикалық шабуыл жасай қоймады. Ал ол азиялық жауының мысын басу үшiн алдымен әдеби идеологияны пайдаланды. Билл Элиот «Күн де батады» деген кiтап жазып, Жапонияның экономикалық ақыры таялғанын баса көрсеткiсi келсе, Дэниэль Бернстайн өзiнiң кiтабында Жапонияны «дүниежүзiлiк қаржы империясына айналып, Америкадан озып кететiн болды» деп қауiптенген.
Дуглас Франц пен Кэтрин Колинз «Шет елге сатылуда» деп ат қойып, «Күншығыс елi Американың жерiн де, қаржылық институттарын да, өндiрiс орындарын да, тiптi болашағын сатып алды» деп, дабыл қаққан туындысын шығарды. Ал Майкл Крайтон «Күншығыс» деген кiтабында «Жапондар сауданың жаугершiлiк жаңа түрiн ойлап тауып, Америка ондаған жылдар бойы түсiнбеген бәсекелестiк деген ұғымның көзiн бiржолата жоятын болды» деп қауiптендi. Ол жапон экономикасын соғысқа балады. Бiр сөзбен айтқанда, американ капиталистерi жоқ жауды көзге елестетiп, Азия экономикасына қас пиғылмен келген. Бұл орайда олар әлгiндей «көркем» кiтаптарын кейiнгi 20-30 жыл iшiнде көптеп шығарды.
Майкл Крайтон секiлдi «жанашыр» пиғылды «жазушылардың» дүниелерi дүниежүзiнiң кiтап сөрелерiнде қаптап тұрған кезде жапон кәсiпкерлерi бұндай шовинистiк шабуылды көңiлiне алмастан бизнесiмен айналыса бердi. Бiрақ Ясуюки сияқты бизнес самурайының намысына бұл тимей қоймайды. Ол жапондардың экономиканы жаугершiлiк емес, бейбiт әрi үйлесiмдi тiршiлiкке негiздейтiнiн дәлелдеу мақсатымен «Го және Азия бизнес стратегиясы» деген кiтап жазған. Ал «Sony» компаниясының атқарушы директоры Морита «Жапонияда жасалған» деген еңбек жазып, қарсы жауап ретiнде американ экономикасының мiнiн бетiне басқан. Морита көрсеткен АҚШ экономикасындағы кемшiлiктерi мыналар: өндiрiстiк базаның жетiлмеуi, өнiм сапасыздығы, тез пайда табуға ұмтылу, ғылым мен технология арасындағы алшақтық, бiлiм деңгейiнiң төмендiгi, т.б. Бұл еңбегiнде ол азиялық адал ниеттi экономиканы мұхиттың ар жағындағы арам пиғылдардан арашаламақ болады.

Жапонияның бизнес самурайы

Ясуюки Миураны әрiптестерi «Бизнес самурайы» дейдi. Ол «Japan Airlaines» компаниясының маркетинг жөнiндегi директоры әрi дүниежүзiне кең тараған «Nikko» қонақүйлер жүйесiнiң атқарушы директоры бола жүрiп жапон мәдениетi мен салт-дәстүрiн шет елге таныта бiлдi. Сөзбен емес, өзiнiң «самурайлық» iс-әрекетiмен. Кюсюлық самурайдың немересi Ясуюки бала кезiнен ежелгi Шығыс әдебиетiмен сусындап өскен. Ол «Каденсе», «Хэйкэ», «Кодзики» сияқты көне жапон мұраларымен қатар «Шахнама», «Гейке», «Цзин Ши» тәрiздi дастандар мен философиялық еңбектердi оқумен қатар шет елдiк әрiптестерiне ежелгi Азия әдебиетi жайлы әңгiмелеп жүрудi әдетке айналдырған.
Ясуюкидiң ең бiр ұнатқан дүниесi жапонның ұлттық го ойыны. Шашка ойынына ұқсас гоны жапонның iскер адамдары сүйiп ойнайды. Жапондар өздерiнiң адамның iскерлiк қабiлеттi арттыруда, миды жаттықтыруда ұлттық мұраларын күнi бүгiнге дейiн тиiмдi пайдаланады. Олар го (шашка), сеги (шахмат) тәрiздi көне ойын түрлерiнен әлемдiк кубоктар өткiзiп тұрады. Жапонның алпауыт компанияларының руханиятқа қалай қызмет етiп жатқандығын олардың өкiлдерiнiң өнегелi әрекеттерiнен көруге болады. Мәселен, «Toshiba» компаниясының Президентi Фукадо Фумитоси, «Мицуидiң» басшысы әрi Жапония Сауда Палатасының төрағасы Кондо, «Мицубиси» компаниясының жетекшiлерiнiң бiрi Манихара, губернатор Куомо мен қала әкiмi Кох, «Nikko» мен «Жапон әуе жолдарының» директоры Ясуюки Миура, т.б. дүниежүзiндегi беделдi бизнесмендер бiр ғана го үшiн арнайы турнирлер өткiзiп тұрады.
Бұл кәсiпкерлердiң әрқайсысы жергiлiктi го клубына жетекшiлiк етедi. Сонымен қатар, ұлттық спортты, әдебиет пен мәдениеттi кеңiнен насихаттап, ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сiңiруде компания қаржысын аямайды. Ұлттық ойын түрлерi, олардың стратегиялық тәсiлдерiн бизнесте қолдану туралы том-том кiтаптар шығарып, шет тiлдерiне аударған. Мысалы, «Асахи» газетiнде го ойынына арнайы айдар ашылған. Айдарды жүргiзген Накаяма деген кiсi ұлттық ойын туралы 65 кiтап шығарған екен.
Жалпы ұлттық құндылықтардың пайдасын сөз жүзiнде емес, iс жүзiнде көрсетуде баспасөз де кәсiпкерлермен бiрге белсендi атсалысады. «Асахи», «Йомиури», «Майничи» басылымдары го турнирiне демеушi болуда бизнесмендермен бәселекес десек артық емес. Кисэй, Мэйдзин, Хонинбо титулдары үшiн жыл сайын өткiзiлетiн дүниежүзiлiк және жергiлiктi жарыстарға қомақты қаржы бөлiнедi. Кисэй титулының жүлдесi 32 миллион, Мэйдзин – 25 миллион, Хонибо – 22 миллион иен. Сегiз мың данамен күнде шығатын «Асахидiң» бас редакторы Канамару Фумио кезiнде Иранда тiлшi болған кезiнде гоның мастерi болған. «Toshiba Japan» компаниясының директоры Доко да бiлгiр ойыншы ретiнде танылған. Ол кейiн «Жапон экономикалық ұйымдарының федерациясын» басқарған көрнектi экономист. Ал «Мицубиси» компаниясының жетекшiсi Манихара «Жалпыұлттық го клубын» басқарған.

Ұлттық мүдде – жапон кәсіпкерлерінің басты ұстанымы

Ал бизнестi го ойынындағы үйлесiмдiлiк деп бiлетiн Ясуюки Миура бизнес самурайы екендiгiн қай елде жүрсе де ұмытпаған. 1989 жылғы 13 қазанда АҚШ-та өткiзiлген стратегиялық менеджмент жөнiндегi конференцияда ол «АҚШ өндiрiсiндегi самурайлар» деген тақырыпта баяндама жасаған. Ол шет ел кәсiпкерлерiнiң алдында ата-баба салған сара жол жайында жан-жақты әңгiмелей келiп, өзiнiң самурайлық деңгейiне былайша баға берген: «Менiң бабам – толыққанды самурай. Атама оның 50 пайыз қасиетi жұққан. Ал әкемнiң самурайлығы 25 пайыз болса, менiң самурайлығым 12,5 пайыз».
«АҚШ-тағы самурайлар» дейтiн себебiм, жапон кәсiпкерлерi АҚШ өнiдiрiсiне көп жылдар бойы үлес қосқан. Мысалы, Ясуюки «Japan Airlaines» компаниясын басқарған кезiнде дүниежүзiнiң отыз екi iрi қаласында (оның iшiнде АҚШ қалалары да бар) «Nikko» деген қонақүйлер желiсiн салдырған. Сан-Франциско, Чикаго, Нъю-Йорк, Лос-Анджелес, Мехико, Атланта сияқты американ шахарларында бой түзеген «Nikko» қонақүйлерiн Ясуюки жапондық үлгiмен салдырған. Еуропа-америкалық стандартты ескере отырып, Шығыс дизайнын назарда ұстаған жапон кәсiпкерi өз бизнесi арқылы да ұлтының ерекшелiктерiн өзге елдерге танытқан. Америкадағы «Мейрамханалар мен қонақүйлер дизайны» деген журнал Сан-Францискодағы «Nikko» туралы «Шығыс пен Батыстың жүздесуi» (авторы Майкл Уэббс) деген мақала жариялады.
Ясуюки Мехикодағы «Nikko» қонақүйiнiң бiр мейрамханасына Бэнкай деген ежелгi дәуiр самурайының атын қойған. Әр қонақүйiнiң ашылу салтанатында жапон әнұраны ойналып отырған. 1984 жылдан АҚШ-тағы «Nikko Hotel International» компаниясының Президентi болған Ясуюки сегiз жылда алты қонақүй салдырыпты. Өлең-жырға жаны жақын бизнесмен елiне оралған соң кәсiпкерлiк кезеңiн өлеңмен өрнектеп, қағазға түсiрген. «Ген Токухо» (1347), «Кандзу Фу» (1690) және Ан Геньшоның «Генген го кио» тәрiздi ежелгi әдебиеттi түпнұсқадан оқып, көне аңыз-әңгiмелердi шет елдiк әрiптестерiне әңгiмелеп жүру елiн сүйген экономистiң ғана қолынан келер. Ұлттық әдебиеттiң тереңiнен нәр алған жапон бизнесмендерiнiң бүгiнгi жетiстiгi жеке мүдде емес, жалпы ұлттық мұратқа негiзделгенiн көрiп отырмыз.

Шарафат Жылқыбаева
жапонтанушы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!