Албырт сезiм жабырқатты,тоңдырды

Қымбат Жампейісова:

Алыстама

Алыстама махаббатым баянды,
Паналайын сенің жылу саяңды.
Күреңтартқан мағынасыз өмірім
Сен келгелі түрлі түске боялды.

Өзің болдың жанарымның жарығы,
Лүпілдеген жүрегімнің бар үні.
Сарғайғанда көз алдыма келеді
Сағынғанда нұр бейнеңнің сағымы.

Алыстама жүрегімнің патшасы,
Мендік жырды, сезім отын сақташы.
Жанарымыз түйіскенде сезіммен
Жайқалады көңілімнің бақшасы.

Алыстама махаббатым, ханзадам,
Өзіңді ойлап əр күн сайын толғанам.
Бар бойымды шымырлатып баурайды
Сен орындап «Аяулым» деп салған əн.

Алыстама аңсағаным, арманым,
Салқындықпен жүрегіме салма мұң.
Басқа жанды қаламаймын бар шыным
Саған ғана түсті менің таңдауым!

Білгің келсе…

Көздің жасы моншақтап жанарымнан,
Сыздым дастан сиқырлы қаламымнан.
Төктім жырды мендегі қабыл алғын,
Сыр дəптерге түсті жыр қалауымнан.

Ынтық болсам, асықсам саған ұдай,
Маңдайымның бағына баладым – ай.
Аңсарауып, асық боп көріскенше,
Сағыныштан сарғайдым қарағым-ай.

Көздің жасы тамшылап жанарымнан,
Ішім өрт боп қызғандым сан арудан.
Сүйген жүрек нəзіктеу, ренжіп қалам,
Еркіндікті аңғарып қадамыңнан.

Байқап қалсам сұрықсыз қабағыңды,
Саралаймын айтқан сөз, амалымды.
Дара жансың, ешкімге тең келмейтін,
Сары алтындай салмағың маған үлгі.

Бағалайтын жақсыға талабымды,
Махаббатым ұштады қаламымды.
Шын сезімді, əрдайым жырға тізем,
Білгің келсе асыл ер жауабымды.

Кіп-кішкентай торғайдай

Кіп-кішкентай торғайдай,
Жылу іздеп қонғандай,
Сәл жылынып жадырап,
Болдым бір сәт тоңғандай.

Кіп-кішкентай торғайдай,
Жұпар иісті сорғандай,
Болдым бір кез ауаңа
Жұта сала қанғандай.

Кіп-кішкентай торғайдай,
Жаным жүдеу болғандай,
Жаутаңдадым жалтақтап
Бейбақ құстай сормаңдай.

Кіп-кішкентай торғайдай,
Жаным əуен салғандай,
Сезіндім сəл бақытты
Шаттық келіп қонғандай.

Кіп-кішкентай торғайдай,
Күлше нанға тойғандай,
Сезіндім шат шаттықты
Бақытты шақ болғандай.

Кіп-кішентай торғайдай,
Дала шуға толғандай,
Шиқылдаған əуен сап
Торғай салған əн қандай?!

Кіп-кішкентай торғайдай,
Гүл бағына қонғандай,
Жаным бақыт сезінді
Сазды əуенге салғандай!

Махаббатым

Махаббатым – сары дала күзіндей,
Бірде дауыл, жауын-шашын үзілмей,
Албырт сезім жабырқатты, тоңдырды
Денем мұздап түн жарымда көз ілмей.

Махаббатым – аппақ қардай, мамықтай,
Көз тоймайтын қарай берер қанықпай,
Сергелдеңге салған албырт сезімді
Сырлы шерді қойды ешбір жан ұқпай.

Махаббатым тамылжыған көктемдей,
Нәзік сезім самал жел боп өпкендей,
Қары еріп ағып жатты жылғадан
Құдды ғашық көздің жасын төккендей.

Махаббатым толқып аққан теңіздей,
Құдды жаным тылсым күшпен егіздей,
Сағынамын, жүрек сілкіп жабырқап
Жаным жүдеп, сезім толқып сені іздей.

Табиғатпен
етене сырласқандай…

Табиғатпен етене сырласқандай,
Жан-дүнием əп сəтке мұңдасқандай.
Сырды айттым іштегі үнсіздікпен,
Зер салып қарадым, нұрлы аспанға-ай.
Табиғатпен етене сырласқандай,
Төгіліп ашыламын жыр-дастандай.
Ішкі сырды мендегі ұғатын сен,
Жақындықты сезіндім шын достардай.

Табиғатпен етене сырласқандай,
Назар салдым бір мезет түнгі аспанға-ай.
Жұлдыз біткен кілемнің ортасында,
Толған ай да жабырқап,
сырдыақтарды-ай.

Табиғатпен етене сырласқандай,
Күй шертеді желі де мұңдастандай.
Жүзімді самал желі өбіп-құшып,
Табиғат та ерекше үн қатқандай.

Табиғатпен етене достықорнап,
Бір күш бардай көрінді мені қорғап,
Тылсым күшті әйтеуір түсінгенмін,
Жазған жырым жатпады мені қолдап.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!