КЕМЕЛ ЖЫРЛАР КЕРУЕНІ

Жақсы жыр оқысам, жаным жадырап қалады, тынысым ашылады.
Иә, жасы бар, жасамысы бар, қарапайым еңбеккерден бастап ғұлама ғалымдарымызға дейінгі аралықта көкірек көзі ояу жандардың жақсы жырға елең етпейтіні жоқ. Себебі, жақсы жыр жан тазартады, көңіл семіртеді, өмірге шуақ, жүрекке қуат береді. Қараптан қарап өмір сүргің келіп тұрады. Жан рахаты. Ақын Болат Шарахымбайдың жырларында осындай бір тылсым күштің бар екеніне өз басым титтей де күмән келтірмеймін.
Жалпы, аттас әрі құрдас Болат ақынның өзінен бұрын, тиген жерін удай ашытатын уытты жырларымен жақын таныс болдым. Кейін атамекенге қоныс аударған соң өзімен жүзбе жүз танысудың сәті түсті. «Түсі жылыдан түңілме» дегендей, кездесе қалсақ ашық-жарқын сәлемдесіп, келісті әңгімелерімен өзіне баурап, жатсынбай шүйіркелесіп кететін мінезі тәнті етті. Оның біраз беделді басылымдарда жұмыстар атқарғанын әуелден білетінмін. «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны» газеттерінде басшылық міндеттер атқарып жүрген кездерінен бірсыпыра таныстығым да бар. Баспасөзде оның мақалалары мен өлеңдері жиі жарияланатын және қоғамдағы күйіп тұрған өзекті мәселелерді қанын сорғалатып қозғаумен ерекшеленетін. Сол себептен де оның жазғандарын қолдан келгенше қадағалап оқып жүретінмін.Осы жақында ғана тұсауы кесілген «Ғаламшар әдебиеті» журналынан Бөкеңнің топтамасын оқыдым. Оқыған соң ой түйдім, мазмұнын зерделедім, сыртқы сипаты мен ішкі шүңетіне шамаша үңілдім, талғам-таразыма салдым. Енді сол ой-пайымдарымды оқырманмен бөлісе отырайын деген ұйғарымға келдім.
Ақын асау сезімінен туындайтын өмір өрнектерінің көркемдік көкжиегінде салтанат құратын поэзияның мың бояулы эстетикалық сырлары кімді болмасын сан қилы, сан түрлі әуенді күйлерге бөлейтіні анық. Болат өлеңдерінің осы топтамасынан көбінесе образды, шұрайлы тілдермен көмкерілген, ойлылығы, тереңдігі, салмақтылығы, астарлы қисындағы, биязылығы мұндалағанына шын жүректен сенгендей болдым. Оның «Осындай ақын болған» деген бар-жоғы төрт-ақ шумақтан тұратын өлеңін оқып көрейік.Ақын «бойында алапат бір күш бар еді», «арқыраған ар, ақтаңгер еді», «аласапыранға құштар еді», «алақанат құс еді» дей келіп, «көзінде көп-көгілдір көл бар еді», «түбінде шөл бар еді», «алты қазға айналған аңсар еді», «кесесінде бір жұтым шер бар еді»,«жүзінде күн, үнінде үміт терген үн бареді», «үркер еді, іңкәр еді», «өз ішінде мың өлген мұңдар еді» деген теңеулер арқылы жеріне жеткізе суреттейді. Соңында:
Жалтында жалқы жаққан сыр бар еді,
Жанында жылу құмар жыр бар еді,
Кеудесінің басында ту бар еді,
Жүрегінің басында у бар еді, – дейді ағыл-тегіл төгіліп.
Көріп отырғанымыздай, екінші, үшінші жақтан бой көрсеткен ишаралы кейіпкері арқылы ақын сипатын ерекше тұлғаландыра түсіпті. Нағыз ақынның қандай күйге ие болатынын, қандай өрлікке, ерлікке, махаббатқа ие екенін осы соңғы шумақта айрықша паш еткендей. Қысқасы, ақындық тылсым қасиеттің құдіретіне баршаны таңырқатып, үңіле зер салуға жетелейтін тәрізденеді.
Енді ақынның келесі «Күту» атты өлеңіне кезек берейік. Шексіз ынтызарлықтан, махаббат ғаламаты мен алапатынан, күнәсіз, кінәмсіз, кіршіксіз таза ар-ұяттан туған зарығу лирикасына таңданбай қалмайсыз. Ә дегеннен-ақ қара аспанды төбеңнен төндіре торыққан, көп тобырдан көңілі қалып зарыққан шерменде көңілдің күйзелісіне тап боласыз. Оқиық:
Cыртым бүтін, ал, ішім… өлді менің,
Қайтсем оған Өзімді сендіремін?!
Жауырымды жалаңаш айға төсеп,
Қара түнге көзімді емдіремін.
Күту жай күйзеліс емес, жалғыздық азабы. Бұл дүниеде жалғыздық азабынан ауыр азап бар десе, өз басым сенбес едім. Күтуден ауыр азап бола ма, сірә?!.
Күту – жүрекке салмақ түсіретін ең ауыр және ең аяусыз философиялық категория. Күтудің қандай азап екенін күтіп көрген адам біледі. Мұндай өлең жазатын ақынның досы да аз болатыны өзінен-өзі түсінікті.
Ары қарай лирикалық «меннің» тағаты тіптен таусылады. «Бет-бетімен ұйқысы қашты», «тар төсекте тоят тіледі», ақыр соңында «Етпетінен құлаған қарағаштай» болып жатты. Онда да тектен тек жатпайды. «Қасқа күдігі кеңістікті кемірді», «асқақ үміті азабына айналды». «Қақ маңдайдан қадалған мың сан ине», «жон арқасынан таспа тіліп жатқандай» болды. Енді бірде «қарашада суыған қыстай», бірде «қарашықта қалқыған құстай» немесе «кісікиік кейіптегі елес қуған ессіздей» мазасыз күй кешеді. Тағдырына налиды. Кенет «мұң тілінен басқаға тілі келмейтін жылуқұмар көңіл»:
…Жүрегімді қолға алып келе жатам,
Дәу дәлдүріш дүниенің түкпірінде,- деп үмітсіздене бастайды. Сөйтеді де:
Қашан енді белгісіз серпілерім,
(Көз алдыма Алланы келтіремін).
Шеке тұсым шыңылдап, осылай бір,
Өз ішімде өзімді Өлтіремін…
Өлең емес, сурет дерсің. Күтудің азабын, жалғыздықтың тозағын дәл осылай шегіне жеткізе жырлаған ақын тым-тым сирек. Дүние дүние болғалы қаншама Қозы Көрпештер мен Мәжнүндер мінсіз таза махаббаттың тірідей құрбандығына шалынбады?! Ақын лирикасының кереметі де осында жатыр. Махаббат майданы тек тулары желбіреген жеңістерден, жеңістерді тойлаудан тұрмайды екен, сонымен бірге ол жеңілістерден, күтулерден, күйзелістерден, жалғыздық азабымен байланысты екен. Ал, Болаттың «Күтуі» ғашықтық дертіне шалдыққан шын ақынның жүрек түкпірінен қыстыға шыққан жан айқайы емес пе екен дегіміз келеді. Деседе, «үмітсіздік – сайтан ісі» демекші, ақынның лирикалық «мені» үміттен мүлдемге күдер үзуден аулақ. Оның сәулесі өше бастаған көз ұшында әлдебір үміт-шырақтың ұшқыны өшіп-жанып тұрғанын байқайсыз. Ақынның «көз алдыма Алланы келтіремін» деп лирикалық шегініс жасауында осындай сыр жатқаны анық.
Арғы-бергі ойшылдардың пікіріне ден қойсақ, әдебиеттану ілімі жантану, жүректану іліміне жатады. Бұдан шығатыны қолына қаламалған әрбір қаламгер жүректанушы, не жантанушы болуға лайық. Осы уақытқа дейін жүрек туралы қаншама кітап, қаншама трактат жазылды десеңізші! Ешбір жүрек бір-біріне ұқсамайды, бір-бірін қайталамайды. Ендеше Болат ақынның Есенғалидің ізімен жазған «Жоғалған жүрегін» тыңдап көрейікші не дейді екен? Ол сырлы жүрек пе, нұрлы жүрек пе, қандай жүрек?
Тыртық-тыртық,
Тілім-тілім тұмсығы,
Қырсық біткеннің ішіндегі қырсығы,
Сүліктердей ешкімге де жібермеген
есесін,
Сүреңсіздеу сықпыты,
Жүгенсіздеу тірлігі, – деп өзгеше кейіп-тегі, бітімі, болмысы бөлекше жаралған жүректі суреттей жөнеледі ақын. Апыр-ау, мынау бұрын-соңды мен кездестірмеген жүрек қой! Тұрпаты қандай, келбеті қандай – жер басып жүрген жұмыр басты пенденің анатомиялық пішініне ұқсамайды, ала-құла киінген алабажақ заманның мазасыз жүрегі. Нағыз беймаза ақын жүрегі. Сонда меніңқұрдасым қай жүректі сипаттап отыр? Өз жүрегінің кейпі емес пе екен?!. Осы ой басымызда жылт ете қалуы мұң екен, осы бір бітім-болмысы жұмбақ жүректің ішкі жан-дүниесіне үңіле түсіп, сырық бойламас сырлы қатпарларына одан әрі шұқшия түстік.
Байқасақ, ақын жүрегі «кешегі бір күндерде шапса бәйге бермеген», «қоян-қолтық төбелесте беті қайтып көрмеген», «шындықтың жоқтығынан шөлдеген»,«ит тірліктің иттігінен селдеген», «не көрсе де ішінде жерлеген», «шежірелер мен энциклопедиялардың ешқайсына енбеген», «тар көйлегін дар-дар айырған», «төсін ұрып «менмін!» деген талайдың шіләпәсін қайырған», «жүрген жерін шулатқан», «туған жерін жырға қосып жүрегінде тербеген», «шытырман жолдан басы зеңіп құлаған», «бар әлемнің мұң-мұтажын құйтақандай құтысына құйып алып», «үн шығармай жылаған», соры басынан асқан, шер-шеменді, мұң-зарлы жүрек екен!
Ол-ол ма, «сүйсе, өліп-талып сүйетін», «жарылса, бомба боп жарылатын», «шуласа, теңіздей шулайтын», «теңіздегі дауылды ұстаймын деп тулайтын», «қашан көрсең мазасыз», «усойқы», «қара сеңсең өлеңін сол сойқанның уытымен улаған», «кеудесі шұрық тесік, қырық жамау», «жүз жыл, әлде мың жыл» «ғасырлар бойы қорланған», «уақытқа зорланған», «дауасы табылмаған, жарасы жазылмаған» жүрек жоғалтқанын айтып, оны кімдердің көргенін сұрап шар құрады…
Ақын жүрегі, міне, осындай қайталанбас отты, намысты, тентек жүрек. Пасықтыққа пысқырып та қарамайтын өршіл рух! Өйткені, ол – ақын жүрегі. Кешегі киіз туырлықтан ту көтеріп, жауына дес бермеген, еңсесін өр ұстаған алау жүрек! Оны жоғалтып алу – бір қасірет, өкініш, ұлттық трагедия! Жүрек – мінездің ұясы дейтін болсақ, енді ондай жүректің мәңгі табылмасы мүмкін-ау деген ойға тірелгенде, өз ойыңнан өзің шошып кетесің. Лирикалық «меннің»уақыт безбенінде жоғалған жүрегін іздеуі, оның белгілерін суреттеп жоқтауы, бар даусымен әлемге жар салуы – тұтас ұлттың кешегі қайталанбас болмысын, рухын, тастай қараңғы түндегі жалт етіп ағып түскен сәуледей сағынуы болса керек.
Қайран ақын жүрегі! Ол «тасты жарып тепсеңге шыққан гүл еді», «лашындай екпінді, сұңқардай текпінді еді», «кекті үні шаңқылдаса, бүкіл дүние біруыс боп кететін еді»… «Жоғалған жүрегін» іздеп шарқ ұрған лирикалық «мен» ақыр соңында өз шынын былайша жайып салады:
Адам көрсем құжырасы тоналған,
Аяп кетем,
Көңіл қалып қоғамнан.
Мен жүрек іздеп жүргенім жоқ, расы,
Рухымды іздеп жүрмін жоғалған.
Өзін-өзі өртеп өстіп өлеңмен,
Батып-шүміп ай қалқиды төбемнен.
Сол жоғалған жүректердің ішінен,
Өзімді іздеп келем мен.
Ақында кінә жоқ, ол айтарын айтты.
Асау жүрек – асыл тұлпар. Жыр тұлпары! Иә, асаулық қайта оралар болса, ақындық шексіз бақытқа шомылар еді.
Жоғалған жүрек – жоғалған алтын асық! Ендігі таңдау ұлтта, сіз бен бізде – жоғалған алтын асықты табуда. Табылса жақсы, табылмаса ше?.. Міне, «Жоғалған жүректің» ең басты концепциясы осында.
«Би тәңірінде» –лирикалық «мен»мен биші қыз арасындағы көзге көрінбейтін бір қимастық сезім тақырып болған. Мазмұн мен форма қабысқан, тақырыпқа өзек болған негізгі ой өлеңнің он екі мүшесіне қан тамырдай таралған. Бір жолды екінші жолдан бөліп түсіндіру тіптен мүмкін еместей. Би демекші, «қазақта би болған ба?» деп анда-санда пікір таластырып қалатынымыз бар. Мен айтар едім, нағыз бидің төресін қазақтар билеген. Есте жоқ ескіліктегі түрлі жауынгерлік билерді айтпағанда, бүгінгіге жеткен «Қара жорға», «Қамажай», «Киіз басу», тағы басқа билер қазақтың биге жақын халық болғандығының белгісі.
Биле, биле, биле бидің тәңірі,
Саған жүрмес ешкімнің де әмірі.
Бүлкілдесін жүректердің тамыры,
Селкілдесін сағыныштың арыны.

Шашып тұрсын ай жүзіңнен шұғылаң,
Ашық тұрсын менің үміт-құбылам.
Абайлашы, айналайын, биші қыз,
Қорқып тұрмын анау көздің сұғынан!

Ары қарай лирикалық «меннің» биші қызға деген құштарлығынан мін таба алмайсың. «Жіп-жіңішке қос қасың сәл кере ырғаққа басуын», «құйындаған желдей ұйтқуын», «жұмыр жердей дөңгелеуін» сұранады. Сұрана отырып масаттанады. Бір кезде тосылып шетте қалған бозбаланы қайрайды, ортаға шақырады. «Жігіттерше төс ұрып ортаға шық» дейді. Тіпті сүліктей сазарған қоғамды бүйірден түйреп, «саясаттан сансыраған сұр әлем, шыр айналсын сендерменен қосылып» деп, күнделікті күйбеңнен шаршаған зіл қоғамның да өстіп көңілін көтергісі келеді. Меніңше, дәл осы тұста «өкпеге қисада, өлімге қимайтын» бейшара заманға астарлы жанашырлық жатқандай сезілді бізге. Бір сәт сүйсініп те қалады екенсің! Сүйсінбегенде ше, «қариялар да, дариялар да» барлық пендеуи қоғам мұң-мұқтажды ұмытып, дөңгеленген дүниеден бір үйлесімін тауып жатса, одан асқан бақыт бола ма мына жалғанда. Қайдам.
Ей, биші қыз, құпияңды ақтаршы,
Жүректегі жырым болып жатталшы!
Талшыбықтай мың бұралған биіңмен,
Төбедегі күн шуағым боп қалшы!
Кілең ізгі шумақтар. Биші қыз бен лирикалық «меннің» арасындағы көзге көрінбейтін құпия сезім. Ақын «жүректегі жырымдай жатталып», «тал шыбықтай мың бұралған әсем биіңмен», «әлемнің жылуы мен жарығын мәңгі шашатын күн шуағым болып қалшы» деген құсни іңкәр жүрегін алғаусыз ақтарып барып, әрең тыныстайды.
Аттасым Болат Шарахымбайдың ақындығы мен табиғат берген таланты оның әрбір жырынан мәлім болып тұратынын сезіндік. Ойларын сұрыпталған детальдар арқылы образды жеткізуге ұмтылатынын, сетер сезімдерінің теңіз түбіндегі асау толқындардай тулап жататынын байқадық. Кемелділікке бой ұрған асыл жырларының ішкі құбылыстары сырлы астарлармен қаусырылатынына таңдандық.
Жаратушы иеміз өзінің шексіз жомарттығының арқасында ерекше талант және білім сыйлаған халықтың қадірлі ақыны Болат Шарахымбай құрдасым, бұйыртса, өзінің қарымды қаламынан төгілген кіршіксіз меруерт жырлары арқылы әлі талай жүректерге қозғау салып, нұрға шомылдырады деген үміттеміз.

Болат ӘКЕЖАН,
ақын, ҚХР мемлекеттік ақпарат сыйлығының иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!