ҚАЗАҚ АРМИЯСЫ – ҚАУІПСІЗДІК ҚАЛҚАНЫ

Кез келген мемлекеттің әлемдік саясат сахнасындағы салмағын бағамдайтын үш өлшем бар. Ол – экономикасының әлеуеті, халқының өсімі және әскерінің қуаты. Елдің абыройы мен беделі биік болуы үшін бұл үшеудің бірі екіншісінен әлсіз түспеуі қажет. Тәуелсіздік алғалы жаһан алпауыттарын мойындатып, дамыған елдермен терезесін теңестірген Қазақстанның қарышты дамуы-на экономикасы мен демографиясындағы тұрақтылық қана емес, шекарасындағы қауіпсіздік пен аумағындағы тыныштық та өлшеусіз үлес қосқаны талассыз. Осы орайда, қауіпсіздігіміздің қалқаны – Қазақстан армиясының бүгінгі әлеуеті қандай деген сауалға жауап іздеп көрдік.
Әлемде мемлекеттердің әскери қуатына мониторинг жасап отыратын ұйымдар өте көп. Арнайы орталықтарды есепке алмағанда, түрлі ғылыми ұйымдардың жанындағы зерттеу бөлімдерінің өзінің саны біршама. Сондай ұйымдар арасында әлемдік БАҚ-тың назарына жиі түсетіні – Global Firepower. Аталмыш сараптама орталығы жыл сайын мемлекеттердің әскери әлеуетін түрлі көрсеткіштер бойынша таразылап, әділетті рейтинг түзіп келеді. Орталық мамандарының айтуынша, тізімге алынған елдердің әскери қуаты 50 көрсеткіш бойынша бағаланады. Сонымен бірге, рейтинг түзу кезінде қару-жарақтың санына емес – түрлерінің көп болуына басымдық беріледі.
Айта кетерлігі, Global Firepower рейтингінде мемлекеттердің ядролық әлеуеті есепке алынбайды, бірақ ядролық державалар мен ядролық қаруы туралы қауесет бар мемлекеттерге қосымша ұпай ұсынылады. Теңізге шығатын жолы жоқ мемлекеттер еш ұтылмайды. NATO мүшелеріне теориялық тұрғыдан ресурстардың біршама біркелкі таралуына байланысты аздаған ұпай қосылады. Бұдан бөлек, рейтингтің өлшемшарттары ретінде географиялық факторлар, логистикалық икемділік, табиғи байлықтар мен жергілікті өндірістің әлеуеті есепке алынады.

Қаруымыз қуатты ма?

Жоғары аталған көрсеткіштерге сүйене отырып, өткен жылы Global Firepower ұйымы әскери әлеует рейтингінде Қазақстанды 133 мемлекеттің арасында 55-інші орынға қойыпты. Тізімді АҚШ бастап тұр, Ресей – екінші, Қытай – үшінші орынға тұрақтаған. Алғашқы ондыққа Египет, Германия, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Франция және Үндістан енген.
Марокко мен Финляндия рейтингте Қазақстанмен көршілес орналасса, Қырғызстан, Тәжікстан мен Әзірбайжан бізден бірнеше саты төмен. Беларусь пен Украина 49 және 30-орындарда.
Рейтингте келтірілген мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі 18 млн халықтың ішінде 106,5 мыңнан астамы – әскерилер. Оның ішінде, 74,5 мың адам – белсенді әскери қызметшілер, 32 мыңы – қордағы әскери қызметшілер.
Global Firepower сарапшыларының есебінше, ҚР армиясында 300 танк, 1613 БТР және БМП, 285 өзі жүретін қондырғы, 744 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 393 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйе, жағалауды қорғайтын 15 кеме, 239 ұшақ, оның ішінде – 91 тосқауылшы жойғыш ұшақтар (истребитель), 142 шабуылдау-шы жойғыштар мен бомбалағыштар, 64 жүк ұшақ, 67 тікұшақ, 17 оқу-жаттығу ұшағы, 18 шабуылдаушы тікұшақ бар.
Мұның ішінде Испаниядан алынған С-295 әскери тасымал ұшақтарын, 2017 жылы Ресейден әкелінген 4++ тұрпатты ұшағына жататын дыбыстан 2-3 есе тез, көп фунциялды шабуылшы Су-30СМ және Ми-17, Ми-171 ұшақтарын айрықша атауға болады.
Сондай-ақ, 2017 жылы Ресейден алынған бес С-300 зенитті-зымыран кешені бар.
Еліміздегі әскери техниканың кейбірі шетелден әкелінгенімен, оқ-дәрі өндірісі жөнінен ешкімнен қалыс қалған емеспіз. Тіпті, 1941-1945 жылдардағы дүниежүзлік соғыста қолданылған әрбір үшінші оқ Қазақстанда жасалғаны тарих бетінде қаттаулы.
Қазір қорғаныс өнеркәсібі кешенінде «Қазақстан Аселсан Инжиниринг», «Семей Инжиниринг» АҚ, С.М.Киров атындағы зауыт, «Гранит-Талес Электроникс ЛТД» БК, «Орал» кеме зауыты, «Kazakhstan Paramount Engineering» бірлескен кәсіпорындары бар.Онда өндірілген «Арлан» ауыр тұрпатты бронетехникалары, танктер мен әскери кемелер еліміздің қажеттілігін өтеп ғана қоймай, шетелге де сатылуда.

Төрт бұрышта – төрт қалқан

Бүгінгі Қазақстан Қарулы күштері стратегиялық міндеттерге қарай – «Батыс» (Атырау), «Шығыс» (Семей), «Оңтүстік» (Тараз) және «Астана» аймақтық штабтарға бөлінген. Әскер түрлеріне қарай – жаяу әскер, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштері болып бөлінген. Өз кезегінде олардың құрамына Зымыран және артиллерия әскерлері, десанттық-шабуылдау әскерлері мен, химиялық, биологиялық, радиациялық қауіпсіздік пен инженерлік қамтамасыз ету міндеттелген Арнайы әскерлер кіреді. Әскер қатарына сарбаздар жоспар бойынша да, келісімшарт негізінде де алынады. Ұлттық Ұлан және басқа да әскери жасақтарды қоса алғанда Қазақстан Қарулы күштеріндегі әскердің жалпы саны 120 мың адамға жуық.
Каспий теңізі арқылы Иран, Түркіменстан, Әзірбайжан, Ресей елдерімен шекараласатынымыз белгілі. Ресеймен – 6 467 шақырым. Оңтүстігінде Түрікменстанмен – 380, Өзбекстанмен – 2300 және Қырғызстанмен – 980, Қытаймен – 1460 шақырымға шектеседі.Жалпы, құрлық шекарасының ұзындығы – 13392,6 шақырым. Батыста Каспий теңізімен, оңтүстік батыста Арал теңізімен жалғасады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқаруына кіретін Шекара қызметі мемлекеттік шекарада, шекаралық кеңістікте және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындайды.

«Үйі бардың – күйі бар»

Қорғаныс саласының қуаты сөз болғанда әскери қызметкерлердің мәртебесі жайлы айтпай кетуге болмас. 2012 жылы ҚР «Әскери қызмет және әскерилердің мәртебесі» туралы заң қабылданып, заман талабына сай аталған заңға бүгінгі күнге дейін бір емес, бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәселен, биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістер мен толықтыруларға сай, қазақстандық әскери қызметкерлердің бірқатар әлеуметтік мәселелері оң шешімін тауып отыр. Мұның ішінде олардың жалақысының өсуі, баспаналы болу мүмкіндіктерінің артуы да бар.
Жалпы, 2017 жылдан бері елімізде әскери қызметкерлерді баспанамен қамту саясатында оң өзгерістер көп. Атап айтқанда, әскерилер еңбек өтіліне қарамастан баспана алу құқығына ие болды. Сондай-ақ, мемлекет әскери қызметкерлерді «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы баспанамен қамту тетігін іске қосқалы үйлі болуға үміттілердің қатары артқан. Аталған банктің «Әскери баспана» деп аталатын жаңа бағытына сай әскерилер жылдық үстеме ақысы 8 пайыздан аспайтын баспана алуға құқылы. Ол үшін әскери қызметкер банктен арнайы тұрғын үй жинақ есепшотын ашып, тиісті қаражатты құйып отырса болғаны.
«Тұрғын үй жинақ банкінің» есебіне көз жүгіртсек, бүгінгі таңда аталған банк-тен «Әскери баспана» есепшотын ашқан әскерилердің саны 86 мыңнан асып жығылыпты. Сондай-ақ, жалпы әскерилердің жинақтаған салымдарының көлемі де аз емес – 149,3 млрд теңге. Өткен жылы банктің «Әскери баспана» бағдарламасының жаңартылған шарттарының арқасында 3811 әскери қызметкердің отбасы қоныс тойын тойласа, бағдарлама қолға алынғалы 6,5 мыңға жуық әскери қызметкер үйлі болды.
Соңғы жылдары қорғаныс саласындағы жалақы мәселесінде де біраз алға жылжу бар. Айталық, бүгінде төмен шенді офицерлердің жалақысы 140-150 мың теңгеге жеткен. Бұдан бөлек, оларға тұрғын үй төлемдері беріледі. 2017 жылдан бері есептегенде жоғары шенді әскерилердің айлығы 25 пайызға, ынталандыру және басқа да үстемеақылар 30 пайызға дейін өсті. Тағы бір айта кетерлігі, әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылған. Яғни, олар үшін тиісті жарнаны мемлекет төлейді. Сондай-ақ, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету ведомстволық медициналық ұйымдарда жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн.

Әскери білім – қуатты қорғаныс негізі

Әскери білім беру жүйесін жетілдіру – еліміздің Қарулы күштеріндегі негізгі маңызды бағыттарының бірі. Соңғы жылдары әскери білім беру саласында елеулі өзгерістер пайда болды. Әскери кафедраларда жаңа ережелер енгізілді. Салада білім берудің бірыңғай жүйесі құрылды. Әскерилерге жоғары білім беру мақсатында Ұлттық қорғаныс университетінде магистратура, докторантура бойынша мамандар даярланады. Ал әскери институт қабырғасында бакалавр мамандығы бойыншы білім береді. Жоғары оқу орындарының қабырғасындағы 30 әскери кафедрада запастағы офицерлерді дайындау жүргізілуде. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 3 мыңға жуық әскери қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курсынан өтеді.
Әскери ғылымды дамыту мәселесіне келсек, Қорғаныс министрілігіне қарасты ғылыми-тәжірибелік база бар. Оның қабырғасында 7 зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ, оқытушылық құрамның біліктілігін арттыру жайы да қарастырылған. Мәселен, 61 докторант білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында Назарбаев Университетімен ынтымақтастық орнатылған.

Анар ЛЕПЕСОВА

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!