ҚАРДАҒЫ ІЗБІН

Әсем Қайратқызы

Қара дала

Қасиетті қара далам қымбат маған,
Бесігінде ақынын құндақтаған.
Аспан-жер арасындай асыл мекен,
Алқынған сенің жаның-жұмбақ маған.

Жұмбақ маған, бұл мекен-жұмбақ ғалам,
Тылсымын жүрегіммен тыңдап бағам.
Сол жүрек-соңғы рет кеп тілдессе де,
Мен соның тіліменен сырды ақтарам.

Сырды ерітем Мұзтаудай мұң боп қалған,
Ол дағы жылу күтер нұрлы ақ таңнан.
Сол жылу-сол нұр болып тұрсам ба екен,
Жұпар шашып, аңқитын жұмбақтардан.

Қара далам бөлек қой тылсым күшің,
Тауыңменен, далаңмен сүйкімдісің.
Пенде мен періште де түсіне алмас,
Тіпті менде ұқпайтын сиқырлысың.

Қара дала сен сондай сүйкімдісің!..

***
Мен-жұпар шашқан таң гүлің,
Айта алмай жүрген зарлы үнін.
Тағдырыма өкпем жоқ,
Өзімнен көрем барлығын.

Арқалап жүрмін ар жүгін,
Содан да болар бар мінім.
Жүректің айтар сырларын,
Жасыра алмайды жан жырым.

Жасыра алмайды мұңды да,
Мұңымдай жарық нұрды да.
Өзіңді сүю үшін де,
тұрады жетпей бір «күнә»…

Жүрегім менің риясыз,
Тілегім менің риясыз.
Риясыз махаббатымды,
Күнәға қайтіп қиясыз…?

Қарға, қарға… Қарға ма?

Жалған емес-жалғанда, арман-ізгі,
Жақсылықты өйткені-жалған үзді,
Періште деп ешқашан санамаңдар,
Қар қызынан қап кеткен қардағы ізді.

Қар қыз емес, мен бірақ қардағы ізбін,
Көлеңкемді көре алмас қарға құзғын.
Аппақ таңдар аялап оятатын
Ардақтай білген жанға арда қызбын.

Қарға,қарға… Қарға ма?!..
Қарға құрлы тамырлыққа жараймыз.
Апта бойы амал жасап Аллаға
Аспанға емес, алақанға қараймыз!..

Қарға,қарға… Қарға ғооой!…
Қарға тамған қан секілді жүрегі.
Жақсыларды жарға жықпас Алла-ғой,
Жазығы жоқ жан секілді тілегі…

«… Аһа-һау ала қарға»
Бақ берші адамдарға!…

Мұң емес!..

Тарқатып шерді сөйлеймін,
Көзімнің алды көлдей мұң.
Сөйлеген сайын сол көлді,
Мөлт ете қалған, мөлдір сезіммен
тербеймін.

Тербеймін-дағы жаныма тыным
бермеймін,
Қияға қарай-қиял қанатын сермеймін.
Көгіңде жүріп, көліңде жүріп, мен неге,
Көңілге ғана шөлдеймін…

Көңілдің шөлі, сезімнің шөлі түк емес,
Жүрегімдегі биікке құмар бір елес.
Сол елесімнің соңынан еріп жүремін,
Ол сіз ойлағандай мұң емес!…

***
Ақ үмітім ақталар деп алаңсыз,
Шалғайда жүр менің нық тіреушім.
Апта-күндер кетсем-дағы хабарсыз,
Ақ көңілмен тек жақсылық тілеушім.

Алақанында аялаған ақ әкем,
Дархандығы даладай.
Жан мен тәнін аямаған жан әкем,
Есейсемде қарайды әлі баладай.

Ойым-онға, санам-саққа жүгірді,
Әрқашанда көңіл сізді ойлайды.
Бірақ, әке жазғырмашы қызыңды,
Құрғыр жүрек өз дегенін қоймайды.

Әке кешір, қызыңды….
Өлең боп кетсе сенделіп……
Сенделсем-дағы көңіліңмен жүрем
емделіп.
Қайтемін, қайтем жүрегімді
менің қозғайды,
Періштелік пен пенделік…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!