«Сәбит Мұқановтың көрген құқайы бір бұл емес…»

Жуырда, жас ақындар мүшәйрасына қазылық қылуға Қызылжарға келген белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы біреулердің әлеуметтік желілерде 120 жылдығы аталғалы жатқан Сәбит Мұқановты жамандап жүргеніне қынжылыс білдірді. Ондайлар жаңадан шыққан алаштанушылар арасынан екендігі де айтылды.
Біз бұрын да біреулердің «Фейсбукке» аузына келгендерін жазып, Кеңес кезіндегі ақын-жазушыларды, соның ішінде Сәбит Мұқановты да жамандап, сөйлеп жүргенін естіген едік. «Әр кәллада бір қиял» демекші әркім өзінің әліне, таным деңгейіне қарай айта береді ғой. Одан Сәбеңе келер-кетері жоқ. Жазушының өзі айтпақшы «Сәбит Мұқановтың көрген құқайы бір бұл емес». Ол өзінің бағасын көзінің тірісінде-ақ алған, одан кейін де сол бағадан түскен емес. Ал «пілге үрген қандендер» өмірдің әр кезеңінде табыла берері сөзсіз. Ондайлардың кім екенін, не дегенін халық есінде де ұстамайды деп қойғанбыз. Сөйтсек, «сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» демекші кейбір азаматтарға сондай қаңқулар келеңсіз әсер етеді екен. Сондықтан, осы мәселенің төңірегіндегі өз білгенімізді оқырманға жеткізбек болып отырмыз.
Сәбит Мұқанов шынында пролетариат жазушысы болды, рас ол компартияның қызыл сөзіне көзсіз сеніп, соның туын аспандата көтеруге тырысты. Сөз басқа да, іс басқа болып жатқанына да ұзақ уақыт мән бермеді. Тіпті кей-кейде соның сөзіне сүйеніп, ұлттық әдебиетті, өнерді дамытуға да өзіндік үлес қосып отырды. Ал енді жазушылық дарынын, қазақ әдебиетінің жаңа белеске көтерілуіне қосқан өлшеусіз үлесін ешкім жоққа шығара алмайды.
Әдебиет саясат емес, бірақ кеңестік идео-логия әдебиетті өзінің идеологиясын іске асыруға жекті. Тіпті қолшоқпарына айналдырып алды. Сондықтан, «соцреализм» деген жасанды шығармашылық тәсілді ойлап тапты. Ақиқат біреу болады, оны капиталистік немесе социалистік деп бөлуге болмайды. Реализм (нақты шындық) де солай, бірақ кеңестік идеологтар ақиқатты да қақ жарып, тек таптық, компартиялық тұрғыдан, яғни, өзінің идеологиясын іске асыру тұрғысынан ғана жазылған дұрыс деп, солай жазуға ғана үндеді. Тіпті үндеген де жоқ, талап етті. Сөйтіп, реализм жасанды «соцреализмге» айналды.
Осы талаптың үдесінен шығуға мәжбүр болған Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектептерінде» Алашорданы және алашордашыларды барынша жамандауға тырысады. Әрине, С.Мұқанов Алашорданың қазақтың жоғын жоқтаған, оны басқалармен тең қылуға ұмтылған саяси ұйым екенін білді, бірақ ресми саясат, өкіметтің идеологиясы барлық ұлттық ұйымдарды жау деп көрсету керек деп талап етіп жатса, Сәбеңнің оларды мақтауға, тіпті мақтамай-ақ адалын, ашығын айтуға әдді бар ма?
Бірақ… бірақ жамандап отырса да Сәбең алашордашылардың іс-әрекетінен, жасаған қимылдарынан хабар беріп, тарих үшін көп дерек қалдырып кетті. Осы уақытқа дейін қазақ жұртшылығы алашордалықтардың ішінен ақын-жазушыларды, сосын кейбір көсемдерін ғана біледі. Бірақ Алаш үшін басын бәйгеге тігіп, оның қызметінің қылыштың жүзіндей қылпылдаған қырында жүрген азаматтарды білеміз бе? Кейбір арнайы зерттеген зерделі тарихшылар болмаса көбіміз білмейміз. Мәселен, Қази Торсановтың есімін кім біледі? Оның Омбыдағы Алашорда милициясының бастығы болғанынан, «ән-күйге әуестігі барынан», өзі Қызылжардағы «Дом Романов» үйіндегі гимназияны бітіргенінен хабары бар адам бар ма? Міне, осы тұлға туралы да Сәбең жазып кеткен.
Сонымен бірге алашордалықтардың өзі де қиындық кешіп жатқан Колчак өкіметінен ақша бөлдіріп, қазақ жастары үшін мұғалімдер курсын ашқанын, оның бастығы Мағжан Жұмабаев болғанын білуіміз мүмкін. Алайда, осы курсқа қабылданатын оқушылар басында жатақ үймен, стипендиямен қамтамасыз етілмек болғанын біле бермейміз. Тек қызылдардың лаңы нәтижелі болып, әскері орталықтан Орал тауына бет алғанда Колчак қысылып, барлық қаражатын соғысқа салып, қазақ курсында оқитындардың жатақханасына берілетін шығындар мен стипендияны қысқартып тастаған. Сонымен бірге курстың бағдарламасын да С.Мұқанов жазбаса қайдан білер едік. Оның қазақ, орыс тілдерінен басқа география, есеп, жаратылыс, педагогика, тарихтан басқа дін сабағын да оқытқанын жазушы атап көрсетіп, ол намаз шарттарын үйренгеннен кейін «Мағжанға ұйып намаз оқумен аяқталып жүрді» дейді. Ал қазір ғой біздің білім саласының басшылары әлі күнге кеңестік таптаурыннан аса алмай, дін сабағын мектепке кіргізуге батылдары бармай жүр. Дінді білген адамның иманы да күшті болып, мәдениеті, тәртібі жақсы болатынына әлі де көз жеткізе алмай жүрміз. Ал Алаштың арыстары соны шу дегеннен білген екен.
Сол сияқты Қызылжардағы Алашорда комитеті оқу іздеген жастарға қаражат жағынан көмектескені де Сәбеңнен белгілі болған. Бірақ өзі оларға көмек сұрап барғанын кітабында айтпай кетеді. Демек барған, көмек алған болуы керек. Ал барып, көмек ала алмаған болса оны майын тамызып, жамандап жазған болар еді…
Сонымен бірге Колчак өкіметінің өзі халықтың дүниесін тартып алмағаны да Сәбеңнің деректерінен көрініп тұр. Ол қызылдар құсап «экспроприация экспроприаторов» деп халықтың меншігін күшпен тартып алып, өздерін қуғын-сүргінге, қырғынға салған жоқ. Негізгі бағдарламасы – қызылдарды жеңу, сосын «учредительное собрание» жасап, халықтарға бостандық беру, ұлттық автономия-ларын жариялап, демократиялық жолмен дамыту болды.
Колчакты қолдаған Алашорда милициясы қолында мылтығы болса да қазаққа күш көрсетіп, дүниесін тартып алған жоқ. Ал қызылдардың «шолақ белсенділерден» жасақталған милициясы мылтығын шолтаң-датып, халыққа қаншалықты қысастық көрсеткенін, тіпті он екі де бір гүлі ашылмаған өрімдей қыздарын да қойнына салғызғанын бәріміз білеміз. Алашордалықтар тек Колчак қаражаттан қысылған шақта байлардың бергенін жинап, өкіметке көмек берген. Сол үшін Қази Торсанов бастаған топ қазақ арасынан жылқы жинайды, ал Омбыдағы жастар сауық кешін ұйымдастырып, алтын, күміс сияқты бағалы заттар жинап, өкіметке өткізеді. Осы оқиғаларды Сәбең соцреализм әдісіне сәйкес кекесінмен жазса да білдіріп кеткен және кейін қайтыс болған алашордалықтар болмаса осы шараларды ұйымдастырған және қатысқан бірде-бір жастың атын көрсетпейді. Жады мықты жазушы олардың бәрін білсе де үстірт шолып, ешқайсының атын атамайды. Ол тіпті Мағжан мысқылдайтын «графтың» да аты-жөнін көрсетпеген. Өйткені, кеңестік қызыл көздер оларды Сәбеңнің «Өмір мектебі» шыққан 60-шы жылдардың аяғында да қудалауы мүмкін еді.
Көп жұрт ұмытып қалған, білгендер алашордашыл деп ауызға алудан қорыққан Солтүстік Қазақстанның аса ірі саяси және діни тұлғасының бірі болған Абылай қажы Рамазановтың есімін де тірілтіп, оның тұлғалық қырларын жазып кеткен Сәбең. Әрине, соцреализмге салып, оны да біраз тұқыртып суреттейді. Бірақ соның өзінен «Абай жолында» Құнанбайды жамандай отырып, оның кең ауқымды, ірі қайраткер екенін танытқан Мұхтар Әуезов сияқты Сәбең де Абылайдың кім екенін танытқан. Қазір оның өмірі мен қызметі туралы біршама еңбектер жазылды. Соның ішінде жергілікті өлкетанушы Қайролла Мұқанов ағамыз «Абылай Рамазанов» деген кітап жазды. Жазылған барлық еңбектерде Сәбеңнің айтып кеткен деректеріне сілтеме жасалады. Кейін жазушы өзін Алматыға іздеп келген Абылайдың баласын жақсы қарсы алып, екеуінің бірге түскен суреті де сақталған. Жүрегінің түбінде алашордалықтарға деген құрмет болмаса Сәбең сөйтер ме еді? Сонымен бірге жамандап отырып, қаншама деректер қалдырды емес пе? Сәбең соларды жазбаған болса ұмытылып қалмас па еді?
Жазушы Жайық Бектұров 1992 жылы шыққан «Бес арыс» жинағында Сәбең 1932-33 жылдары Мәскеуде оқып жүріп, айдаудағы Мағжанға хат жазып жібергенін айтады. Онда «сен айып-кінәң үшін жазаңды тарттың, енді бетіңді бізге бұрып, еліңе, халқыңа адал еңбек ететін бол. Біз сені сыртқа теппейміз, деп жаздым», дейді жазушы. Одан әрі, 1936 жылы Жазушылар одағының төрағасы болып жүргенде сол кездегі республика басшылары Л.Мирзоян, О.Исаев, С.Нұрпейісовтерге барып, Мағжанды Алматыға шақыртқандарын да айтады. «Мен оны вокзалдан қарсы алдым, Өзбек көшесінен өкіметтің көмегімен екі бөлмелі үй әпердік. Біз Мағжанға кітап аудартқыздық. Л.Фейхтвангердің «Семья Оппенгейма» романын аударттық. Баспадан көп ақша бергіздік», дейді Сәбең.
Егер Алашорданы және алашорда-лықтарды барлық жан-тәнімен қабылдамаған, жек көрген адам болса Сәбит Мұқанов осыны істер ме еді? Оған ешкім Мағжанға хат жаз немесе түрмеден босанып келгенде Алматыға шақыр, қызмет тауып бер демеген болар. Мұның бәрін Сәбең жүрегінің түбінде Алаш идеясын жақтағандықтан, ұлтын сүйгендіктен, оны басқалармен тең қылуға қадам жасағандықтан істеген деп батыл айта аламыз.
Сәбитті де, Сәкенді де ұзақ жылдар зерттеген профессор Тұрсынбек Кәкішев өзінің бір сұхбатында: «Алаш Орда» қозғалысына қатысқан адамның бiрi – Сәбит. Ендi келiп ол қозғалыстың иiсi мұрнына бармайтын адамдар «Сәбит олай дедi, Сәкен бұлай дедi» деп жатады», деп жазды (Абай кз.,07.10.2017 ж).
Сол айтпақшы Алаш Орданың мақсатын түсінсе де оған қатысты қазақ зиялы қауымының түпкі көзқарастарын айыра алмайтындар мәселенің мәнісіне бойлай алмай, бетінен қалқиды. Қиын заман, күрделі кезеңнің қара қыртысын айыра алмайтындар шамаларына қарап, аруақ күңірентпей, Сәбит Мұқановқа тіл тигізуін қойғандары дұрыс болар еді.

Жақсыбай Самрат

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!