ҰЛТЫМДЫ САҚТА, РУХЫМДЫ ОЯТ, ҚҰДІРЕТ…

Мақсат ЕРЕЖЕП

1979 жылы 13 наурызда Алматы обылысы, Кеген ауданы, Ақай ауылында туған. Өлеңдері республикалық, облыстық, аудандық газеттерде жарияланып тұрады.

АРЛАНАМЫН…

Ақынмын деп айтуға, арланамын.

О, Мұқа – мұзбалағым,

Бар ма амалың?..

Қасиет қара өлеңнен қашты білем,

Заманында жылтырақ жарнаманың.

Арланамын…

Мені елім, ардақтама,

Сөзімді қорғасыннан салмақтама.

Ақындары бір-бірін күндеп-жүндеп,

Тіл тигізіп жатқанда əруаққа да…

Алыптармен ақиық салыстырма.

Оларменен үзеңгі қағыстырман.

Жұматай, Еркіндермен жасап жатыр,

Ақындықтың ауылы,

                                    алыс қырда…

Әруағы күңіреніп асылдардың,

Ұшқыны ұрса жаман, жасындардың.

Кешегі қара өлеңді қанмен жазған,

Киесінен қорқамын Қасымдардың…

…Иесінен қорқамын асылдардың.

ТОЛҚЫН – ӨМІР!

Таңда тұрып,

теңiзге көз салдың ба?

Тарам-тарам

тағдыр жолы алдыңда.

Тыныштығын

сақтай алмай өмiр тұр,

Тас шекeciн

солқылдатып жардың да…

Дүлей суда,

арнасынан тасып кiл…

Толқындарды

толқын қуып басып дүр!

Ақырып кеп,

жарға соғып азуын,

Қайратынан қатты

келген, қашып тұр…

Толқын – Өмiр,

осы болар арынды,

Желге қарай

қуат алар алымды.

Тағдырыңның

толқындары таусылса,

Бiр күн сенде,

бiр соғасың жарыңды…

МҰЗБАЛАҚ!

Қасиеттi Қарасаздың ұланы!

Хантəңiрдей асу бермей тұр, əлi!

Мұқағали жаңғырады жылдармен,

Соқыр көрiп,

                     керең естiп жүр, əнi…

Мұзарт таудың мұзбалағы емес пе,

Поэзияның,

                    Прəдəрi,

                                  Пырағы?!

Тағдыр талай,

         тезiне сап, сынаған,

Аласармай ақиығым шыдаған.

Сенiң жолың қандай ауыр,

О, Муза?..

Шыңға шығып,

        құздан төмен құлаған!

Жұмыртқасын шайқағанда қыран құс,

Сездi мекен,

               туылғанын, Ұлы Адам?..

Шың-құздарым,

     қалай тұрдың құламай?

Көк мұздықтар,

                көштiң бiлем, шыдамай.

Сол тас түлек қанаттанып ұшқанда,

Хантəңiрi көкке атылған сынадай!

Құс-жүрекке сыйып кетiп,

 жұмыр жер,

Сыр боп жатты,

Жыр боп ақты, тұмадай!

Ұлы Ақынның,

      қайталанбас қыры бұл,

Əр жүрекке

       құйып кеттi,  жыры нұр.

Бабамыздың өсиеттi cырымен,

Анамыздың қасиеттi тiлi жүр.

Ей, Болашақ, байқаймысың көзi ашық,

Мұқағали арамызда тiрi жүр!!!

МЫНА КӨКТЕМ

Әр көктемнің мінездері әр-қилы,

Қанша көктем жаңбыр көрмей жан қиды?

Бұл көктемнің көк белінен шынымен,

Қардың исі,

Ардың исі аңқиды…

Алматының мүлде бөлек, түр-түсі…

Бұл көктемнің бұлт астында күлкісі.

Қар жамылып жатқан анау ауылдың,

Қыр үстінде,

кісінейді жылқысы.

Мына көктем менікі ме, шынымен?

Жыр тілеген,

Сіркіреген үнімен.

Қаламымды – қол шатыр қып отырмын,

Ағыл-тегіл жаңбыр жауды түнімен!

ҚОБЫЗДЫҢ ҮНІ

Қобыздың үні…

Оғыздың күні кешегі,

Аласапыран дүние,

алайда-дүлей еседі.

Шетсіз де шексіз,

осын-ау сайын далада,

Керуенін керіп,

Сақтар мен Ғұндар көшеді.

Қобыздың үні…

Ұлытты Ұлы Даланы!

Бабалар кешкен,

зұлматтар зулап ағады…

Қаңбақтар қаңғып,

бөрідей соққан бораннан,

Боздала боздап,

бозінген даусы талады.

Қобыздың үні…

Қазақтың көші – «Ақтабан»,

Шұбырып талай,

тар жолды тайғақ таптаған.

Алапат аштық,

Көрсе де қорлық сұмдықты,

Алашым аман,

дәстүр мен салтын сақтаған!

Қобыздың үні…

Зарлы да мұңлы, қайғылы,

Қанменен келген,

жерімнің бар, байлығы.

Ұлтымды сақта,

Рухымды оят құдірет,

Аспандап тұрсын,

Алаштың асқақ айбыны!

Қобыздын үні…

Қорқыттың көрі – азалы,

Әркімнің бар ғой,

алдынан тосқан ажалы.

Қызықтырғанымен

қайыры жоқ ешкімге,

Өмірдің мынау,

қызыл да жасыл базары.

Қобыздың үні…

Көңілдің шерлі күйі еді,

Аманат кылған,

ұрпаққа Ұлы сыйы еді!

Сүйемдей жерде,

сүйегі жатыр бабамның,

Сатылып кеттің,

Өзегім өрт боп күйеді…

АРША

Жұпарын жұтып аршаның,

Көк қия тауды аңсадым!

Жанбағыс үшiн қам қылған,

Күйбеңнен мынау, шаршадым…

Сергiтiп ойды, миымды,

Көтердiң көңiл-күйiмдi!

Ниетi жаман бәледен,

Аластап тұршы үйiмдi?!

Пендеңе дарыт киеңдi,

Сақтап жүр дәйiм иеңдi?!

Көрeйiн сенi төрiмнен,

Жап-жасыл арша, жиi eндi!

Жаратқан сенi, Кұдайым!

Жақсылық әкел ылайым!

Жартасқа бiткен аршадай,

Биiктеп мен де, тұрайын!!!

МЕН ТАУЛЫҚПЫН!

Мен, Таулықпын!

Көп көрген көресіні…

Сонда да айдарымнан жел еседі.

Ащы менен тұщының дәмін көрген,

Біздің тарих көненің көнесі еді.

Өткеріп неше дәуір, неше ғасыр,

Таулар да күбір-күбір кеңеседі.

Мәңгілік мұз құрсаңған мұзарт таулар,

Бұлт шалса табиғатпен егеседі.

Кешегі бабаларға қорған болған,

Қастерлі қасиетті – жер осы еді,

Көргенді өсиетті – ел осы еді.

Қара қылды қақ жарған көсем, билер,

Атылған ақиқаттың жебесі еді.

Атақты батырлардың ерліктері,

Ертегідей естілер елес еді.

Тілінен тікен тайған бабаларым,

Шешендіктің қағылған шегесі еді.

Шежірені шертетін дана қарттар,

Кемеңгер кемел ойдың егесі еді.

Мұзбалақ – Мұқағали түлеп ұшып,

«Мен Таулықпын» бекерге демес еді.

Осындай ұлылардың ұрпақтары,

Бүгінгі ұлы өнердің өресі еді.

Қолына қалам алған жазушы да,

Әдебиеттің мұз жарғыш кемесі еді.

Тауда өсіп, тауда туған талай тарлан,

Сан саланың сұлтаны, төресі еді.

Тектілік негізіндей Таулықтардың,

Болашаққа бар әлі берешегі…

Байқай бер, бағамдай бер осыдан соң,

Қандай тау, Аспантаумен теңеседі?!

ЖАНАРТАУ

Жанарбек ƏШІМЖАНҒА

Адамдықтың арқалаған ар жүгін,

Асыл текті азаматтар – нар бүгін.

Жан-дүниесі жай отындай жарқ етер,

Біздің елде, бір Жанартау бар, бүгін…

Ақиқатты тура айтатын шындықты,

Ұлылардың көзін көрді, кіл мықты…

Қаламдарын – қару қылған майданнан,

Жанартаудай жасын атқан дүр, шықты!

Ол жарылса,

жырдан дауыл тұрғызған,

Аттың басын адалдыққа бұрғызған.

Атақ, Мансап, Байлық деген ол үшін,

Артық емес,

Аспантаудай шың-құздан.

Ол жарылса,

шешен сөйлеп көсілген,

Түйткілдер күрмеуі көп шешілген.

Ол көтерген бастамалар оң болып,

Мəртебеңді, мерейіңді өсірген!

Өзі тұлпар,

өзі сұңқар, бапкердей,

Жүлде жұлып додалар да шапты өрлей.

Тағдырлары шартастармен талқан боп,

Қалды талай тастаяққа шақ келмей.

Мəрттігіңе  келем тағы тамсанып,

Саған достар адал екен қаншалық?

Алғырлығы алдаспандай арысым,

Жауыңа да қасқаясың,

 қарсы алып…

Бауыр көрген Алты Алаштың барлығын,

Айту керек, азаматтың нарлығын.

Сондай ердің бірегейі, həм жойқын,

Біздің елде, бір Жанартау бар, бүгін!!!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.

error: Content is protected !!