Тарихы терең, табиғаты ерен таулы өлке

Нұрлан ҚҰМАР

Туризм саласы елдің экономикалық, саяси, табиғи, әлеуметтік-мәдени факторларына да ықпалын тигізеді. Өйткені, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру керектігін атап өткен болатын.

Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Отансүйгіштік кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі…» деген жолдар бар.
Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласы әйгілі «Алтын адамымен» әлемнің назарын өзіне аударып келе жатқаны белгілі. Таяуда Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі қазақ журналистерінің басын қосып, туристердің жиі баратын орнына айналған Түрген шатқалына пресс-тур ұйымдастырды. Біз сапар барысында көптеген мәліметтерге қанықтық.
Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданы ішкі туризм саласында үлкен мүмкіндіктерге ие екен. Мемлекетіміздің үлкен мегаполисіне жақын орналасқан табиғи көркі керемет Түрген шатқалының, Асы жайлауының, Бартоғай су қоймасының, дендробақ және тағы басқа орындар мен белгілі археологиялық, тарихи ескерткіштерінің туристік саланы дамытудағы беделі жоғары. Ауданның экономикасы үшін туризм саласы дамуының маңыздылығын ескере отырып, жоспардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. Туристердің жайлы және қауіпсіз жүріп өтуі үшін жол инфрақұрылымдарын жақсарту бойынша қажетті шаралар қабылданған. Мәселен, Құлжа тас жолы ретке келтіріліп, туристік бағыттағы бірталай жолдары жөндеуден өткізіліп, үш тілде жол көрсеткіштер орналас-тырылыпты. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының құрылысы жүргізілуде. Осы жолдың бойында туризм мен қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін жалпы көлемі 7 гектар болатын бірнеше жер учаскелері дайындалып қойылған. Үлкен Алматы каналының бойындағы жолды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Аталған жолдың жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ауданның аграрлық саласының жетістіктері мен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үдерісін көрсететін арнайы ұйымдастырылған орындарды велосипедпен аралап, серуендеп, жүріп өтуге мүмкіндік беріледі.
Осымен қоса, Шарын шатқалына апаратын 10 шақырым автожолға биылғы жылы облыс орталығынан біраз қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ туризмнің инфрақұрылымдарын дамыту ісі қарастырылуда. Мысалы, ауданда 7 қонақ үй, 1 қонақ жай үйі, 3 демалыс үйлері, 3 сауықтыру лагері, 2 аңшылық үйі және 2 демалыс орны жұмыс істеуде. Аталған нысандар ағымдағы жылдың тоғыз айында 75407 адамға қызмет көрсетіп, туристік сауықтыру қызметінің көлемі 63 миллион 200 мың теңгені құрады.
Туристерді қабылдайтын нысандардың қызмет сапасын жақсарту мақсатында, тиісті жұмыстар жолға қойылып, облыстық туризм басқармасының бастамасымен жыл басында Қапшағай қаласының «Виктория» қонақ үйінде туристерді қонақ үйге орналастыру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курс-тары тегін өткізілді. Сонымен қатар, облыс орталығында ағымдағы жылдың наурыз айында туризм саласында қызмет көрсететін субъектілерінің практикалық шеберліктерін арттыруға бағытталған мастер-класс өткізілді.


Ауданда табиғи қорықтар мен мұражайлар және археологиялық ескерткіштерді аралатудан бөлек туристерді қызықтыратын ауданда басқа да нысандар қызмет көрсетуде. Олар: туристердің арасында өте танымал шағын зообағы мен африкандық түйе құстарды өсіру, бекіре мен бахтах балығын өсіру шаруашылығы, «Жеті Қазына» ұлттық-мәдени орталығы қызмет көрсетуде. Ауданда барлығы 12 туристік бағыт бойынша туристер қабылдануда. Ал, туристерді орналастыруға арналған нысандар жеткіліксіз болғандықтан, олардың санын көбейту мақсатында инвесторларды тартуда бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Экотуризм сияқты жаңа туристік саланы дамыту да қолға алынды. Мәселен, Түрген ауылдық округінің жеке кәсіпкері «Камзолдаева» қымыз және шұбат сусындарын өндіруде. Экологиялық таза табиғи материалдарынан салынған 8 үйдің құрылысы аяқталып, 2017 жылдың 1-маусымынан бастап іске қосылды.
Малыбай ауылдық округіне қарасты Шелек өзенінің бойында «Рафт Сервис» ЖШС-і салмен жүзу спорты негізінде кемпинг лагерінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, іске асырылды. Жалпы жобалық құны 20 миллион теңге, жаңа 15 жұмыс орны құрылды.
Саймасай ауылдық округінде «ASSORTI RANCHO» жеке кәсіпкерлігі тарапынан 2017 жылы жалпы инвестициялық құны 30 миллион теңге болатын жаңа 12 жұмыс орнымен қамтылған демалыс аймағы іске қосылды.
«Экстремал Спорт Туризм» жауапкер-шілігі шектеулі серіктестігі тау шаңғы инфрақұрылымының дамуын іске асыруда. Аумақтық үйлестіру кеңестің 2018 жылдың №1 хаттамасымен жоба ретінде өткізілді. Жобаның жалпы құны – 732,7 млн.тенге. «Ескене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» Республикалық тас жолының бойында ауданға келген туристерді және жол жүрушілерді қабылдауға арналған заманауи, стандартқа сәйкес қызмет көрсету кешенін салу жобасы, облыстық комиссиядан инвестициялық жоба ретінде оң шешім алып, бүгінгі таңда сұралған жерінің құжаттары рәсімделуде.
Еңбекшіқазақ ауданында көптеген табиғаты көркем жерлер бар. Мәселен, соның бірі – Киелі бұлақ. Бұл киелі мекен – Асы тауы, Түрген орманшылығында орналасқан. Киелі бұлақ туралы ел аузында жүрген аңыздар бар.
Аудандағы ең үлкен өзендердің бірі – Іле. Іле Алатауының Нарынқолдағы Лабасы (Ілебасы) тауынан бас алған Текес өзенінен Іле өзені басталады. Іле өзенінің ұзындығы 1429 шақырым, Балқашқа құйғанға дейін оның оң жағынан Қорғас, Өсек өзендері, сол жағынан Шарын, Шелек, Түрген, Есік, Талғар, Үлкен, Кіші Алматы өзендері, Қаскелең, Күрті өзендері құяды. Аудан жері Іле Алатауынан солтүстікке қарай ылдиланып Қапшағай бөгеніне тіреледі. Бұл жазық келген өңірде Іле ойпаты жатыр. Таулардан Есік, Түрген, Киікбай, Шолақ, Шыбықты, Белшабдар, Қаратұрық, Лавар, Асы және Шелек өзендері бастау алады. Шелек өзенінен басталған Д.А.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы шығыстан батысқа қарай 200 шақырымға жалғасып жатыр. Канал облыстың 144 мың гектар жерін суландыратын мүмкіндігі бар.
Жасылкөл теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан. Ол – шынымен Іле Алатауының інжу-маржаны. Көлдің суы мөп-мөлдір, таза болғандықтан, көкшіл тартып тұрады. Көлден қарлы таулардың бейнелерін жиі көруге болады. Бұл – Шелек-Кемін тауларының түйіскен тұсы. Іле және Күнгей Алатау сияқты екі негізгі жотаны қосып тұрған жота. Көлдің аумағында көптеген жануарлар мекендейді. Жартастарда, өте жақын жерде аққалақтарды, альпі шалғынында суырларды кездестіру қиын емес. Таудан құрлардың, ұлардың дыбысын жиі-жиі естуге болады. Жоталарда еңлікгүл және басқа гүлдер көздің жауын алады. Жасылкөл – Ыстықкөл жағалауына, Шелек және Шоң (Үлкен) – Кемін өзендерінің алқабына баратын жаяу маршруттардың торабы болып табылады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.