Риза Ысқақ «Мен өзіммен бақандай 5 жыл арпалыстым…»

Биылғы жастар жылында публицист, журналист, журналымыздың тұрақты авторы жас кәсіпкер Риза Ысқақпен арнайы сұхбаттасып қайтқан едік. Алып жүрген сұхбаттарын қоспағанда ол «Үміт» ертегі-әңгімесінің, «Неге қазақ мәдениетін әлем әлі білмейді?» «Сұрамшақтық психологиядан жомарттық философиясына…», «Алаш партиясының қандай тарихи мүмкіндіктері бар еді?», «ӘШІРБЕК СЫНШЫ» әдеби эссе, «XXI-ғасыр және Қазақстан», «Қазіргі заман жастары және ислам», «Нұр-Сұлтан қаласының мәдени имиджі қандай?», «Ақпараттық кеңістік және ұлттық рухани иммунитет» сынды отыздан астам мақалалардың авторы.

– Жалпы, мен сіз жайлы естігенімде, бір тарихи факті есіме түсті. Осыдан жүз жыл бұрын большевиктердің халық ағарту комиссарияты «қызыл отау» деген халықты күштеп сауаттандыру ісін жүзеге асырды. Әрине, ол біріншіден тегін еді, әрі мәні орыс тіліне үйрету болды. Ал сіз ақылы үйретесіз? Большевик емессіз және қазақ тіліне үйретесіз? Демек, орыстандырудан өткен халықты қайтадан қазақтандырып жатқан секілдісіз? Солай ма?
– Біріншіден, большевик болмағандықтан маған клиенттер өз еріктерімен, қалауларымен келеді. Екіншіден, Астана қаласында «Қошемет» шығармашылық шеберханасын ашқан кезде бастапқы үш айда алғашқы екі сабақты екі сағаттап тегін оқытқан күндерім көп болды. Оған қоса уақытты ұмытып кете беретінім тағы бар. Аптасына 3 рет 1,5 сағаттан оқыттық. Ұстаздарымыз шәкірттеріміздің үйлеріне ит өлген жерлерге де барып оқытты. Шеберханамызда бірнеше басқа да курстар бар: сценарий жазу өнері, актерлік шеберлік курстары, режиссура, журналистика.
Менің бар болмысым таза қазақы болса да, қазақ тілі арқылы кәсіпке келемін деп еш ойлаған адам емеспін. Шығармашылық болмысымның, тереңдігімнің, оригиналды, креативті, өзгеше ойлауға тырысатынымның көмегі аталмыш кәсіпті жолға қоюда, әсіресе жарнама жағынан мол септігін тигізді. Мәселен, «Мы научим говорить на казахском языке даже француза!!!» деген жарнамамыз сәтті жүзеге асты.
Бұл жолға мені тағдырдың өзі алып келді. 2,5 жыл кәсіби мамандығым бойынша жұмыс таппай, терең тоқырауға ұшырадым. Бұл уақыт аз көрінгенімен, дәл сол сәттерде уақыт мүлде өтпей қойды. Сен бейне бір шардың ішінде қамаудан шыға алмай шырылдап жүрген, қанаты қайырылған шарасыз құсқа ұқсайсың. Сол уақыттарда мен үшін асқан маңызды үш нәрсе болса, сол үшеуінен де сыналдым. Тәккәпарлықтан ақырындап ада болып, «Ұлық болсаң, кішік бол!» дегенді түсіндім. Сол уақыттарда тіпті өзім де нақыл сөздер шығарудың шебері болып кеттім… Ең алғашқыда «XXI ғасырдың шешені» арнайы шешендік қазақ тілі курстарын ашсам деп жүрдім. Кейін шетелдіктер мен орыс тілді аудиторияны жаңа, тың авторлық методикамен оқытуды шештім. Иә, сіз айтқандай, қазіргі миссиям – мемлекеттік тілді мемлекеттік деңгейде насихаттау! Насихаттап қана қоймай, қазақ тілді қоғам құруды қалаймын. Бізге тілді тірілту қажет емес, тек тілге деген қызығушылықты тірілту керек болып тұр! Бұл күрделірек! Иврит тілі 100 жыл бұрын ғана жоқ еді, соны тірілтті. Бір-бір әріптен іздеп, біртіндеп-біртіндеп тірілтті. Қазір сұраныс бар, ұсыныс жоқ. Клиенттер сапалы оқуға отыз-қырық мың да, елу мың да беруге дайын. Тек, сіздің ұсынарыңыз болса болды. Светлана деген клиентіміз «Менің атым – Қожа» фильмін көрген соң қазақ тілі француз тіліне ұқсайды екен деді. Астана бойынша тіл төңірегінде 6-7 мекеме айналысады. «Самұрық Қазынадан» да жыл сайын қазақ тіліне қыруар миллиондар бөлініп жатыр. Нәтиже қайда? 80 пайыз cөйлеп кеткен ешкімді көрмедім. Түсірген видеоларында грамматикалық қате өріп жүр, форма мен стиль жағын, техникалық сапасын айтпай-ақ қояйын.
– Риза ханым, cіз мектептегі стандартты оқулықпен оқытасыз ба әлде өзіңіздің ерекше оқулығыңыз бар ма?
– «Ризаның жаттығулар жинағы» деген әр тақырыпқа 10 жаттығудан берілетін шағын кітапшаны жазып жатырмын. Тағы «Риза Ысқақтың этно-арт педагогикалық әдістемесі» деп аталатын әдістемеме жақында бұйырса авторлық құқық аламын. Отандастар қорына «Қазақ тілінің сиқырлы үйі» кешенді жобасы мен «Үштұғырлы тіл жағдайында үш тілді тиімді оқыту әдістемесі» деген әлем қазақтарына ана тілдерін үйретуге бағытталаған жобаларымды апарып көрсеткенмін. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен де, Тілдер басқармасымен де келіссөздер жүрді. Бұйырса, бірлесіп «Kazakh Stand up сабақтары» жобасын жасаймыз.
Біздер орыс тілді аудиторияға, шетелдіктерге қазақ тілін үйретеміз. Қошеметтің авторлық методикасының мәні – қазақ тілінде сөйлетіп қана қоймай, қазақ тілінде ойланта алатын деңгейге жеткізу. Сол үшін мектептердегідей тек 11 жыл грамматиканы үйрете бермей, акцентті сөйлетуге, тыңдауға береміз. Оқыту құрылысымыз: аптасына 1 сабақ грамматикадан берсек, 2 сабақ қазақ тілінің стендап сабақтары. Методикамыздың ерекшелігі – интеллектуалды ойын элементтері, актерлік шеберлік курстары, шешендік қазақ тілі курстары арқылы ойын-сауықтық формада, күлдірте отырып оқытамыз.
– Қалай ойлайсыз, қазіргі жастардың ең үлкен әлеуметтік мәселесі қандай?
– Бұл мені ең жиі және басты толғандыратын тақырып! Өйткені, бүгінде біздің ел оригиналды ойлау жүйесі бар, идеясы бар талантты жастардың потенциалын пайдалана алмай отыр. Пайдаланса, деңгейі баяғыда аспандап кетер еді! Шығармашылық жастарға тіпті қиын, оларды анықтаудың бізде орталықтандырылған, жүйеленген ортақ, әмбебап тәсілі жоқ. Әйтпесе, байқауларда ылғи тың жаңалығы жоқ бәз баяғы шаблондар ғана жеңеді. Қаншама идеялары, ұсыныстары мен жобалары бар жастар жетіп артады, назар аударатын тірі жан жоқ. Әркім өз туысын тартады, болмаса туысын да маңайына жуытпай, қарақан басын ғана ойлайды. Ал қазіргі жастар неге отызға дейін үйленбей жүр? Жағдай жоқ, яғни өмірден өз орындарын таппай жүр. Қалыптасып үлгермеуде.
Сол бағанағы оқушымыз Светлана ханым «Наша казаша» деген бағдарламадан біраз қазақ тілін үйреніп қалғанмын дегені бар. Содан маған ой келді. Қазақ тілінің ауқымын кеңейтуге, күлдірте отырып оқытуға қатысты екі жоба мен бір жастар жылына арналған бағдарламаға дайын сценарий жазып қойдым. Бірақ, оған бет бұратын, демейтін тірі жан әзірге жоқ. Отандастар қорына ұсындым. Мұқият танысқан соң, менің сонда идеяларымды жүзеге асырып, тегін қызмет қылсам болатынын айтты. Бас тарттым. «Жастар пульсі» әлеуметтік-сараптамалық ютуб бағдарламамды түсіруіме қаржы жетпей қалды. Қолға алған соң сапалы, мазмұнды, салмағы бар дүние жасау керек қой деп кейінге шегере тұрдым. Енді ол өз уақытын күтіп жатыр…
Ютуб каналда Ресейдің бір орыс блогері қызықты мазмұны бар, техникалық сапасы мен технологиялық жоғары деңгейдегі видеосабақ түсіріпті. Ал біздікілердің жасағанын көрсең жаға ұстайсың! Біреулер «тапсырысқа істеп жатыр, істеп жатыр» дейді халық оны білмейді де, жеткізбей ме халыққа. Жарнамасы неге жоқ?
Мағжан Жұмабаевтың «Мен саналы жастарға сенемін!» деген қағидасы дұрыс. Саналы жастар белгілі бір мөлшерде кез келген ғасырда бар. Алайда, саналы жастар көбірек пайда болуы үшін, соған қолайлы орта қалыптастыра білген жөн. Жастар жылында әлеуметтік көмек маңызды, дегенмен жаңа пәтер немесе жаңа наубайханадан бөлек, жастардың жаңа өмір сүру ортасы пайда болса, өте орынды болар еді. Мен саналы жастар тудырар әмбебап ортасы бар келешектегі Қазақстанға сенемін!!!
– Жыл сайын Ұлттық бірыңғай тест өтеді. Мектепті жаңа бітірген түлектер не нәрсеге қабілеттері барын қалай анықтаса болады?
– Мен таныстарыма тойға тілек, құттықтау сөз, эссе, мақала, клипке, деректі фильмге сценарий жазып беріп жүрдім. Кейін 24 жасымда тапсырысқа тарихи-автобиографиялық кітап жаздым. Әркімнің өз бейімі болады. Слайд жасап беру, мәтін жазып беру, сурет салып беру, тігін тігу, тәттілер пісіріп беру. Толып жатыр. Солай басталады бәрі. Алдымен, өзіңізді таныңыз! Мәселен, мен өзіммен бақандай 5 жыл арпалыстым. «Ризаның лекциялары» деп cіздерге қазір көп дүние айтып бере аламын. Әйтсе де, бұл сұхбат жанры болған соң монологтан гөрі көбірек диалог болғаны абзалырақ шығар…
Кейін өзіңізбен етене танысқан соң, соған қарай қабілетіңізді анықтайсыз. Үшіншіден, 5 жылдан соң өзіңізді қайда, кім ретінде, қандай статуста, имиджде елестетесіз? Қиялға ерік беріңіз! Ұшқыр болса, ұшасыз да кетесіз, бір күні соған жетесіз.
Әрине, әуелі ниет етіңіз. Сенімнің рөлі орасан зор бұл тұста. Оны елемеуге болмайды. Дұға жасап, Аллаға тапсырып қойыңыз да әрекетіңізді терлеп-тепшіп, жатпай-тұрмай жасай беріңіз. Истихара оқыңыз. Жүрегіңізді тыңдаңыз. Көп белгілер береді, көрсетеді. Мен алтын белгіні ақтай алмай, әйтсе де грантқа түсуді Тәңірден өзім күні-түні сол кездердегі балаңдығыммен, аппақ көңіліммен, бар ықыласыммен сұрап алдым. Еңбексіз дәнеңе де болмайды. Білім, еңбек, табандылық қажет-ақ.
– Мына ақпараттық заманда әлеуметтің орташа көрсеткішпен алғандағы эстетикалық даму деңгейі әрі қарай шынымен төмендей бере ме? Мұны тоқтатуға бола ма?
– Ақпараттық дамуды тоқтату мүмкін емес. Прогресс қажет. Ол бола да береді. Әлеуметтің эстетикалық даму деңгейінің әбден түсіп кету себебі – рухани құлдыраудың әсерінен. Коммерция туралы кейін айта жатармыз. Мен осы сұрағыңызға орай бір оқиғаны айтып өтейін. Стажировкада редакцияда бір апта жүргенмін, «Тіліңіз көркем, әдеби, бай болғанымен, ғылыми, күрделі. Сіз мақала емес, ғылыми диссертация немесе депутаттық сауалнама жазып жатқан секілдісіз, сараптамасы, шешімі бар, ұсынысы бар дейді. Оқырман бас қатырмайтын жеңіл-желпі дүниелерді оқиды» дейді. Сонда біз қаламгерлер оқырманның сауатын ашып, деңгейін көтергеннің орнына одан бетер құлдыратып жібереміз бе?! Қазіргі көрермендер мен оқырмандарда клиптік ойлау жүйесі қалыптасқан деп «Анау әнші он бала тапты, бес рет ажырасты, сосын екінші рет қайта қосылды» деген өсек-аяң деңгейіне, тобырлық санаға түсіріп жіберу керекпіз бе?! Журналистердің міндеті сол ма еді?
– Риза ханым, Американың бизнесмендері өз заманында «Уақыт – ақша» деп айтып кетті, сіздің жеке ойыңызша уақыт қымбат па, ақша қымбат па немесе өз нұсқаңыз бар ма?
– Өкінішке қарай, халықаралық нарық соңғы ғасырларда дамыған кезде материалдық құндылықтарды игергенімен, рухани құндылықтарды жоғалтқан сияқты. Сондықтан, көпшілік үшін ақша қымбат болып кетті. Уақыт болса, ғылым болады, уақыт болса шығармашылық пен өнер, руханият болады. Ал ақша ол өз бетінше ешнәрсенің кепілі емес, өйткені, ақша –құрал ғана. Елестетіңізші, мәселен ежелгі адамның құралы – балға болды, кейін үңгірлері балғаларға толып кетті делік. Сол сияқты мақсатсыз жиналған қаражат жетістікке әкелмейді. Мақсаты жоқ байып жатқан адам маған үйінде 120 мысығы бар кемпірге ұқсайды, ол тағы 130 мысық керек дейді, бірақ не үшін жинайды оны, өзі білмейді. Еуропада ақша болғанымен, бағалы үйлері болғанымен рухани жағынан құлдырау байқалып жатыр: дінсіздік, дәстүрсіздік және оның мыңдаған қатерлі салдарлары: чайлд фри, қыздармен қыздардың қатынасы т.б. толып жатыр. Дін жоқ жерде пұтқа табыну, сектаның көбеюі секілді проблемалардың қарасынан көз аша алмай қаларсыз. Дін жоқ болса жан жоқ, жан жоқ болса, адамгершілік жоқ. Адамгершілік болмаған соң бітті ғой. Адам құқықтары дегенді АҚШ, Еуропада айта береді, қазір де одан бетер айта береді, дегенмен, бұлар акцентті адам деген сөзге беруді ұмытты…
– Сонда сіздің өміріңіздің мәні неде?
– Осы тақырыпқа он шақты күнделік-терімді арнаған шығармын… Менің өмірімнің мәні – Хақ Тағаланың разылығын алуда. Маған оның назары мен мейір-шапағатынан артық бақ қажет емес. Бауырларыммен қандай тығыз байланыс болса, Онымен одан да бетер етене жақын, тығыз, бірақ көрінбейтін байланысым бар. Соны үзіп алмасам екен деймін. Кез келген ұлы адам, жалпы саналы адам өмірінің соңында болса да әйтеуір бір күні жан ұшыра құдыреті күшті Алланы іздейді. Бағы жанса, сәжде бұйырады. Алайда, қазір бауырын ұмытқан, оның бар-жоғына, өлі не тірісіне жүре қарайтын, бірақ намаз оқитын адамдар бар. Бауыр-аманат болса да, осылай өз ұяңнан шықпай қара басыңды күйттеп жата берсең, намазың қабыл бола ма? Иә, әйелді сыйлау керек, тек табыну қажет емес. Сенің Құдайың – ол емес, Құдайың- Жаратқан Алла. Ұятың жоқ болып, қасындағыларға қиянат жасап жүріп оқыған намазың қабыл бола ма? Ұл-қызыңнан өсек сұрап, туысқандарыңды кекетіп, қарсы қойып, келген қонаққа есік ашпасаң ұстаған оразаң қабыл бола ма? Ойлы адамға өмір сүру оңай болмаса да, ойланып көріңізші…
–Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.