АҢСАР (Әңгіме)

Нұрхалық Абдырақын

Аңсар таң ата темір тұлпарын тақымдап Алматыдан Астанаға жолға шықты. Күздің суық желі көлікпен жарысады. Терезені сәл түсірсе болды азынаған жел машинаны төңкерердей гулейді. Мүлгіген ағаштар анадайдан жарыса шапқылап жете алмай амалсыз қала береді. Жер бетіне шөккен қалың тұманды қуған жел адамдар тіршілігіне тыныс бергісі келеді, алайда қалың тұман еш ығар емес. Жақсы адамдар қанша құлшынса да жамандықтың салмағы әркез басым түсіп жатқан сияқты, сіресіп жер бауырлаған тұмандар бірі кетсе, бірі орнын басып тынымсыз зулайды. Айнала шөккен тұман, қарға адым жер көрінбейді. Кенеттен көлігі кешегі жауған жаңбырдан топырақ жолдың былқылдақ батпағына батты. Газды ары басты, бері басты, дөңгелегі пырылдап айналған сайын бата берді, бата берді. Құдды тіршіліктің қызығына батқан, дүние қуған сараң байлар іспетті күнәға белшесінен батып жатқандай. Аңсардың көлігі енді тіптен жер бауырлап қалды. Ділгірі құрып көліктен түсті, тынысы тарылды, соқпақ төте жолмен жүргеніне өкінді. Алыс болса да асфальт жолмен жүрсе жүргіншілер де көп, жол да даңғырап жатыр еді, енді міне бәрі кеш. Алды-артында машина даусы естілмейді, әбден мазасы кетті, өзін қолдан сырлы да тылсым адам жасағысы келіп жүретін ол, үндемей тосыннан қайын жұртына барайын деген өз қылығына өзі мырс етіп күлді. Енді қолфонда байланыс сызықтары мүлде жоқ, көлігіне қайта кірді, машинасын оталдырып аз-кем жылынды. Амалсыз қалың ойдың ішіне қамалды…неге әйелім сияқты отарбамен шықпадым, неге алдын-ала оларға қоңырау шалып баратынымды айтпадым, неге менде бала жоқ, неге менің көлігім батпаққа батты, неге мен…деп өзін-өзі түтіп-жеп көлігінде кеш батырды… Иен далада өзімен-өзі сөйлеседі.
Қараңғылық барлық аумақты жапты. Қараңғымен бірге Аңсардың да тынысы тарылды, оған ауа жетпей қинала бастады. Бағанағы дүние, бала, әйел деген ойлардың бәрі зым-зия ғайып болды, тек тірі қалсам екен деп белгісіз бір күшке жалына бастады…
Аллергия кеселі дәл осы жер бетін сұрғылт тұман тұмшалаған күздің жаңбырлы суық күнінде қозатын шағы. Күзгі жаңбырдан бусанған сан түрлі өсімдіктер өзінің бар күшін ауаға таратады, неше түрлі дәрі шөптердің тозаңы Аңсар сияқтылардың тамағынан алады. Оларға ауа жетпей, ырсылдап ылғалды ауада тынысы тарылып, иненің көзіндей саңлаудан зорға дем алады. Аңсар қисайса сол нәзік тіршілік нәрі тоқтап қалардай еді, ол өмір мен өлімнің арасында. Іштей өзін-өзі өлімге дайындады, көзін жұмды. Белгісіз біреудің аяқ дыбысы естілгендей болды, машинасының есігін ашып жанына отырғандай болды. Көзін ашуға оның шамасы жоқ, ұрпақсыз кететін болдым-ау деп қорқыныштың ішінде ойға кетті…үйленбей тұрып бар жағдайымды жасаймын деп унверситетті бітіре сала дүние қуып, байлыққа қолы жетіп, кеш үйленген. Көзін ашуға шамасы жоқ, қалшылдап отыр. Бір суық қол оның тамағынан алды, тынысы барған сайын тарылды, қырылдай бастады. Өзін өлген адамдардың арасынан көрді… артынша оның екі құлағы «гүп» етіп ашылып тыныс келе бастады. Жаңағы адам оған сыбырлай бастады «Жердегі жандының алыбы акуладан бастап сен біле бермейтін өте ұсақ насикомдарға дейін мойындарына белгілі бір жүк арқалап, бұл өмірге соны атқару үшін келеді. Сен мойныңдағы сол жүкті әлі атқармапсың…» Мұрны ашылып ауа келе бастады, қалшылдып ұйқысынан оянып көлігін оталдырып жылынды, елден көргені бойынша басын рөлге қойып тоңқаңдап намаз оқи бастады. Бірақ не оқитынын білмеді, тек көз жасымен бетін жуды… әйтеуір үміттің құлан иек таңы бір атты-ау ақыры Аңсарға.

***
Аңсар он жылдың алдында тамыздың ортасында мұрны бітіп түшкірді. Түшкірген сайын ән королі Шәмші ағасының «Ең жақсы ауру – қотыр, ол қасыған сайын жаның кіріп рахаттанып өліп бара жатқаныңды сезбей қаласың» – дегеніндей бұл да түшкірген сайын түшкіріп, сондай бір жаны жайланып, арқасы кеңіді. Емі жоқ ХХ-ғасырдың жаңа ауруы деп, Алматыдағы жұрт жүрдім-бардым емделуді әдетке айналдырған. Өйтетін де жөні бар, құдды жер бетіндегі «ең сұлу» екі қабат әйелдер іспетті мезгілдік ауру. Жаздың соңынан жерге қар түскенше түшкіріп-пысқырып, «мұрнымен сөйлеп мыңғырлап, маңқасы ағып сылбырлап, көзі қышып қызылдап» деп белгісіз өлең жолдарын айту бұндағы жұрттың үйреншікіті әдеті. Асқынғанының тынысы тарылып укол салдырса, басқасы жеңіл-желпі дәрі ішіп, зорға қар жаудырып аурудан айығады. Он ай кеселін ұмытып тіршіліктен жалығады. Былтыр дүние қуған Аңсар Қытайда дүние тегін төгіліп жатыр, барасың да алып келіп мұнда саудаға салып бір жылға жетпей шіріген байға айналасың деген білгіштерді тыңдап, Үрімшіге барған осындай қара күзде. Бара сала екі порцы тұшпараны бірінің артынан бірін қомағайлана соқты, дәмі тіл үйіреді. Сорпасына дейін қалдырмай сімірді. Ұсақ бір түйіршік-түйіршік заттар да аузынан ары асып кетті. Он минутқа жетпей Аңсардың тынысы бөтенше тарылып, тынысы тоқтады, қасы ғана қимылдап қалды. Такси жүргізіуші «қытай жігіті бірден шұғыл құтқару бекетіне жеткізді. «Шетелдік адам екен, қарамаймыз-дегеніне қоймай сол байқұс жігіт «менің үйіме келген адам» – деп тіркетіп ауру төсегіне жатқызды. Сонда барып қолды-аяғына тимей жүгірген қытай медбикелері оның жанын алып қалуға себепкер болып еді. Содан елге келе сала Алматыдағы бас аллергия орталығына барып анализдер тапсырды. «Қыстың кезінде келіңіз» – деп қайтарды. Қар жауа қайта барды, Алматыда өсетін алты түрлі жусаннан сізге аллергия бар деп қорытынды жасап, үш жыл дәрі ішесіз деп бір жылдық дәрісін берді. Тек қыста шөп шығардан алты ай бұрын ішіп болу керек бұл дәрілерді, келесі жылы қыста көріскенше деп жылы шығарып салған, содан ауруын ұмытқан Аңсардың түнде сол дерт қайта ұстады.

***
Бүгін тұман сейілген, Аңсар мұнар далаға көлігінің ішінде отырып көз салды. Сағым дала бұлдырайды, алыста бірдеңе қарауытқандай болды. Ол кенеттен селк етіп таң намазын оқуға ниет етті. Тағы да рөлге басын қойып жылай бастады, оның басқа білері жоқ еді, сол сәтте оған ой келді. Көлігінен түсе жерге құлағын төсеп, белгісіз дыбыстарға ұзақ құлақ түрді, ол аттың аяқ дүбірін естіді. Басын жұлып алып айқайлай бастады, иттің дыбысын естігендей болды, жан-жағына жалтақтап қараумен болды. Алыстағы кішкене төбенің аржағынан ит ерткен салт атты пайда бола кетті. Аңсар әкесін көргендей шыңғыра бақырды. Жалғыз жолаушы кілт тоқтап төңіректі шола қарады, Аңсар басындағы күздік шәпкісін аспандата лақтырып, мойынорағышын бұлғай айқайлады. Ол көрді. Желе жортып атты кісі лезде келді. Алпысты алқымдаған қарт кісі бұдан бұрын сәлем бере айқайлай амандасты.
– Қайдан, қайда кетіп барсың балам?
– Алматыдан Астанаға жолға шыққам кеше.
– Түнде осында қондың ба?
– Иә.
– Онда артыма мінгес, бұл боз далада көлігіңе ешкім тиіспейді, мына итті жанына қарауылға қалдырамыз да кете береміз, сосын келіп көлігіңді мендегі дәу өгізбен шығарамыз.
– Аға, алдымен сол өгізді әкеліп көлікті шығарып алсақ.
– Жан бірінші ме, әлде дүние бірінші ме, балам?
Менің үйім анау өзің көрген төбенің аржағында, түрің бозарып зорға тұрсың ауы-рып. Жүр кеттік, – деп итіне сен осында қал дегендей ишарамен құрт беріп жігітті артына мінгізген мейірбан шал желе-шоқырақпен тартып кетті.
– Атын мама ағашқа байлаған кенже ұлы Кендебайға шал «Тез есік аш, Құдайы қонақ келді, біздің арман орындалатын болды» – деп, белгісіз арманын айтып әрекетін жылдамдатты. Айналада көршісі жоқ жалғыз үй. Тастан қалаған екі бөлмелі аласа баспана. Үйдің іші әкпен әктелген сондай бір тап-таза, ортадағы дөңгелек пештің бүйрі қып-қызыл қос бөлмелі үйдің іші жып-жылы. Кірген адам шыққысыз бір түрлі энергия байқалады. Кемпір құдды шалдың келініндей дастарханның қамында жүр. Даладан сиыр сауып дөңгелек жүзді сұңғақ бойлы сұлу келіншек енгенде үйдің іші тіптен нұрланды. Ыңырана оянған қос қара домалақ ұл шешесіне қарай жүгірді. Таңғы қонақты бір үйлі жан барынша бәйек болып күтті. Түнімен жаураған Аңсардың бойы жылынып, қарны тойды. Дастархандағы ас мәзірі жеген сайын тәбетіңді ашады. Құрт-май, ірімшік-сықпа, талқан-жент, күзгі соғымның қайыңға сүрленген тай еті, айран мен қымыз бәр-бәрі қаладағы «мен, мен» деген ресторандарда жоқ тағамдардың түр-түрі осында екен деп Аңсар аңқасы кебе асады. Қонағын балаша өбектеген олар соңғы қымызда қалғып отырған оған жастық қойып ұйықтатты. «Кішкене мызғап ал балам, ана гүрсілдеген жөтеліңе, жүзіңнің бозарғанына ем» – деп белгісіз бір сұйық ерітіндіні ерніне тосты кемпір байқұс. «Ішіп ал балам, тұрғанда басқаша оянасың» – деп шал қостады. Шалдың Кендебайы әуелете шақырған азан үнімен оянды Аңсар. Басында түсім бе деп сәл ойланған ол, жанды балқытар, рухты серпілтер жер бетіндегі ең әсем әуеннің ішінде көзін ашты. Бәрі басқаша, аттай қунап орнынан тұрды. Бір үйлі жанның қатарында тұрып намаз үйренді. «Бүгін көлігіңді шығарғанмен де кеш батады. Тағы түнде жол жүрсең қалай болар екен балам, одан да ертең ертемен көлігіңді шығарып берейік, сосын ертелеп жолға шық» – деп шал Аңсарға ақыл айтты, ол еріксіз бас изеді.
Елу қой, жиырма сиыр, он бес жылқыны қоралаған бір үйлі жан қонақтарын ортасына алып кешкі асқа отырды. Буы бұрқыраған тушаның еті, келуден бұрын мұрын жарды.
– Осы кезде ешкі еті дәрі, өте-мөте осындай екі жасар ұрғашы ешкінің еті, денеміздегі білетін-білмейтін барлық ауыруларымызға ем, балам, – деп шал қонағынан бата сұрады.
– Бата білмейтін Аңсар тартыншақтай берді.
– Жолаушының дұғасы қабыл, аузыңа не түссе сонымен бізге бата бер, – деді шал. Бұл үйдегілерге амандық тіледі.
– Баласы жоққа бала бер, ауруға шипа бер, жолаушыға жеңілдік бер, елге амандық, жұртқа тыныштық бер, – деп Әбен ақсақал бет сипады.
Етке тойған олар таза ауада жұлдыздарды санай ас сіңірді. Күздің қою қымызы денені қыздырып түнгі ызғарды елетер емес. Кендебей таңғы мініс аттардың шөбін салуға кетті.
– Әке-шешең бар ма? Сенімен бірге тұра ма?
– Иә, бар ол кісілер. Інімнің қолында тұрады.
– Негізі қарты бар үйдің қазынасы бар деген, қарт кісілер бар жерде кедейлік болмайды, сосын да қанаты қатпаған кенже бала әке-шешені қолына алып, қара шаңырақты басып, ел қатарына тез қосылады.
Біз негізі Қытайдан көшіп келгенбіз, ол жақта туған ауылыма бір мешіт салғанмын. Қазір Астананың маңындағы Қоянды деген ауылда тұрамыз, онда мешіт жоқ екен. Мешітсіз жерде береке болмайды, жүрегім ауырды. Ауылға мешіт салу үшін ауылдан безіп осында келіп мал бағып, көбейтіп мешіт салсам деген арманмен жүрміз бір үйлі жан деп, – шал аз кем үнсіз қалды.
***
Келесі жылдың күзінде Аңсар Әбен атаны іздеп келді. Сіздің берген батаңызбен шекесі торсықтай ұлды болдық. Қояндыға мешітті мен салсам, – деді ол.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.