ҚАЙРАН КҮНДЕР КЕШЕГІ!..

Бақыт Мерекенова

Қашу

Төртінші курста оқимыз, жазғы практика. Біз, курстас құрбым Төлеубала Ақтайлақова екеуміз Ақтау қаласындағы облыстық газеттің редакторы Рысқалым Мусинге хат жазып, тәжірибеден өтетінімізді айттық. Ол жақтан қуана қарсы алатындарын хабарлап, шақыру қағазы келді. Сонымен жолға дайындалып, Ақтау қаласына баратын ұшаққа билет алайын десек, бір аптадан соң ғана орын бар екен. Амалсыз екі билет алып, жатақханадағы бөлмемізде жайбарақат жатқанбыз. Сол кезде біздің курстың бір студенті жүгіріп келді.
–Ойбай, Бақыт, Төлеш, тезірек тығылыңдар! Біздің декан Темірбек Қожакеев келе жатыр! Практикаға кетпей, жатақханада жатқандарды ұстап, дереу университеттен шығаратын көрінеді, – деп, алды-артына қарамай зытып жөнелді. Ол да біз сияқты, баратын жеріне билет таппай жүрген курстасымыз болатын.
– Астапыралла! Деканымыз Қожакеев келе жатыр дейді! Бізді тапса оқудан шығаратын көрінеді! Төлеш, есікті кілттеп алайық, – деп, жалма-жан есікті құлыптап, тыныстап дем алуға қорқып, байқаусыз түшкіріп қалмайық деп, аузымызды алақанымызбен басып, төсегімізде қыбыр етпей жатқанбыз.
– Қане, бұлар жатақханада шәниіп жатса оқудан айдап шығайын! Үйлеріне барып пысылдап ұйықтасын! Барлық бөлмелерді түгел тексерем, мына есікті аш! – деген Темірбек Қожакеев деканымыздың қахарлы дауысы естілді. Көзіміз бағжиып, Төлеш екеуміз бір-бірімізге қарап үнсіз жәутеңдейміз. Біздің бөлме КазГУград жатақханасының екінші қабатында болатын. Айқайлаған, есікті ашып тарсылдаған, тақ-тұқ еткен аяқ дауыстары төбемізді тесіп жатқандай, жүрегіміз кеудемізге сыймай аузымызға тығылып дүрс-дүрс соғып, бойымызға қорқыныш ұялап, қасқыр қуған қоянның көжегіндей дір-дір етеміз. Ендігі кезек біздің бөлме.
– Мына есікті аш! – деп, Темірбек Қожакеев деканымыз ақыра бұйрық берді. Студенттер кеңесінің төрағасы кілтті таппаған сияқтанып, аша алмай жатқан сыңай танытты. Осы кезде, о, құдірет!
– Ей, мына бөлмеде бір қыздың аяғын көріп тұрмын, есікті бұзсаң да аш! – деген Темірбек ағамыздың дауысы саңқ ете қалды. Сөйтсек, есіктің кілт салатын тесігінен сығалап қарағанда, сасқалақтап төсегіне жата кеткен Төлештің сирағы сидиып, жалаңаяқ аяғы көрініп жатыр екен. Ол орнынан атып тұрып, екеуміз бетімізді басып, қорқыныштан теңселіп, бір-бірімізге қарап, мылқау адамдай үнсіз ымдасып тұрмыз.
– Балконнан секірейік, басқа амал жоқ, –деп Төлешке сыбырладым.
– Мен қорқам, қалай секіреміз? – деп, Төлеш қорқа жәутеңдеді. Осы кезде есікті аяқпен тепкен айқай-шу естілді.
– Біз аяқтарыңды көрдік, қане, ашыңдар! – деген Темірбек ағаның қахарлы дауысын естіп, қалай екінші қабаттан қарғып кеткенімді білмей қалдым. Менің артымнан Төлеш те секіріп үлгерді.
– Ойбай, Бақыт, аяғым! Аяғым-ай! Аяғым-ай! – деп, құрбымның жан дауысы шықты.
– Қане, маған сүйен, Төлеш. Көзге түспей қашуымыз керек, – деп, қайдан тылсым күш пайда болғанын білмеймін, Төлешті арқалай қаштым. Екеуміз тасалау жерге барып қарасақ, Төлештің аяғының тобық тұсы күп болып ісіп барады екен.
– Төлеш, тобығың тайып кетіпті, орнына салу керек.
– Қалай саламыз, Бақыт?
– Ауырса шыдайсың ба? – деймін жаным ашып.
– Шыдаймын, әрине.
– Онда жақын жердегі травмотология, мертігу бөлімшесіне барайық.
– Қалай барамыз, Бақыт?
– Такси ұстаймыз.
– Біз екеуміз сасқалақтап, ақша салған сөмкемізді, Ақтауға дейін ұшаққа сатып алған билетімізді бөлмеде қалдырып кеткенімізді ұмыттың ба, Бақыт?
– Қап! Енді қайттік, Төлеш?
– Білмеймін. Аяғым ауырып барады. Ойбай, ойбай, аяғым-ай! – деген Төлештің жан дауысы жарықшақтанып, аянышты шықты.
– Кез келген машинаны тоқтатып, аяғыңды мертіктіріп алғаныңды айтып, жақын арадағы емханаға тегін жеткізіп тастауын өтінсек қайтеді?
– Бақыт-ау, мына заманда кім тегін апарар дейсің? – деген Төлештің үнінде шарасыздық, өкініш басым еді.
– Қазір, мен қол көтеріп көрейін, – деп, жолдың шетіне шығып, аяғынан жүре алмай тұрған досымды көрсетіп, студент екенімізді, дәл қазір ақшасыз екенімізді айтқан болатынмын. Бірнеше жүргізушілер үнсіз тыңдап болып, сол үндемеген қалпы газды басып кетіп қалды. Мен Төлештің шарасыз күйін көрген сайын көмектескім келіп, торғайдың балапанын қорғағандай бойыма батылдық, жігер пайда болғандай, қайтсем де мертіккен досыма жәрдем жасауға ұмтылдым. Үшінші, төртінші, әлде бесінші, жетінші ме, білмеймін, кез келген жеңіл машинаны тоқтата берген соң санынан жаңылдым. Егделеу машина жүргізушісі тыңдап болған соң, күлімдеп тіл қатты.
– Тез отырыңдар, қыздар. Асығыс кетіп бара жатыр едім, дегенмен апарып салайын, – дегені. Көзіміз шырадай жанып, алғысымызды жаудырып жатырмыз.
– Рахмет, аға. Сізден басқалары ақшасыз апармай қойып еді. Сіз ғана тоқтадыңыз. Сізге Алланың нұры жаусын!
– Жолыңыз болсын! – деп, екеуміз қосарлана алғыс айтып, емханаға жақын маңда түсіп қалып, бір-бірімізге сүйеніп, ақсаңдай аяңдап жеттік-ау әйтеуір. Дәрігерлер Төлештің аяғын рентгенге түсіріп көрді.
– Жығылып қалып па едіңіз? – деп сұрады хирург жігіт.
– Ия, екінші қабаттан секірген едік.
– Ойбай! Не дейді! Мен жігіттердің екінші, үшінші қабаттан секіретінін естігем, ал, қыздардың секіруін бірінші рет естуім.
– Біз секіруге мәжбүр болдық, – деймін жұмбақтап.
– Ә, онда түсінікті, қыздар. Қазір тобығыңды орнына салып, дәкемен гипс жасап таңып беремін. Үйге барған соң бір-екі күн қозғалмай жатуыңыз керек. Түсіндіңіз бе?
– Түсіндім, аға, – дейді Төлеш, әзірге жатып тынығатын жері жоқ екенін бейтаныс дәрігерге қалай айтсын. Сонымен түн қараңғылығына дейін жатақхананың маңында айналшықтап жүрдік.
– Ендігі деканымыз тексеріп болып жұмысын бітірген соң кеткен болар, сөмкемізді алып шығайық.
– Мен алып шығайын, сен осы жерде күте тұр, –деп, үріккен танадай айналама үрке қарап, жатақханадағы бөлмеме кіріп, екеуміздің сөмкемізді ала салып, қайтадан сыртқа шықтым. Осы кезде деканымыз көріп қоя ма деп, жүрегім кеудеме сыймай дүрсілдеп, бөлмеден атып шықтым.
– Келдің бе?
– Ия.
– Билеттер, екеуміздің құжаттарымыз бар ма?
– Ия, бәрін алдым. Енді қайда барамыз? Ақтауға бейсенбі күні түнгі сағат үште ұшамыз. Бүгін дүйсенбі.
– Әуежайға барып күтейік.
– Бақандай төрт күн шаршайтын болдық қой, Төлеш?
– Шаршағанымыз ештеме емес, ең бастысы оқудан айырылып қалмайық, Бақыт.
– Жарайды, онда 92 автобуспен әуежайға барайық, – деп, түн ішінде бір-бірімізге сүйеніп, автобус аялдамасына аяңдадық. Абырой болғанда ол кезде тоқсан екінші автобус сөткесіне тоқтамай жүре беретін. Төлеш маған сүйеніп, ақсаңдап келеді. Мен екеуміздің жүгімізді көтеріп, әуежайға беттедік. Үш күн бойы ашқұрсақ болып, студенттің жартымсыз азғана ақшасына бәліш сатып алып жеп, тегін су ішіп, әупірімдеп жан сақтадық. Күту залында қалғып-мүлгіп отырып, үш күн әзер өтті-ау. Әшейінде зыр етіп өте шығатын уақыт та күтіп отырған біз екеумізге жылжымай тұрып алғандай көрінді. Сөйтіп, төрт күн төрт жылдай көрінген күндерден соң аңсаған Ақтау қаласына шаршап-шалдығып жеттік-ау әйтеуір. Үш күн шаршағанымыз сондай, Ақтауға келген соң Ақтау қонақүйінде бір сөтке тырп етпей ұйықтаппыз.
Сол кезде С.М.Киров атында болған, қазіргі таңдағы әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев өте қатал адам болып көрінген. Уақыт өте келе деканымыз Темірбек Қожакеевтің қаталдығы әкедей қамқорлық екенін ұқтық. Өйткені, өңкей ақын, жазушы боламыз деп жүрген, ауылдан келген еркетотай қияли жас-тарды әкелік қаталдықпен ұстамаса, бой бермей кететінін ол кісі жақсы біліпті. Әйтпесе, ауылдан келген ерке балалар оқи алмай қияли күйімізде қалатынымызды, кейін уақыт өте келе, есейген соң түсінген жайымыз бар. Бұл басымыздан өткен шым-шытырық, қым-қуыт оқиғаларды кейін күле отырып, әңгімелеп беретін болдық. Ал, сол сәттері аса қиын жайттарды басымыздан өткергеніміз шындық. Өкінішке орай, университет бітірген соң екі жылдан соң, 1979 жылы курстас досым Ақтайлақова Төлеубала аса қайғылы жағдайда, кенеттен қайтыс болды. Мен Семей облысы Шұбартау ауданы Баршатас ауылына іздеп барып, курстас досымның жерлеуіне қатысып, құран бағыштап, соңғы достық парызымды өтеп келдім.

Ауысқан халат

Әлі есімде, бірінші курсқа енді ғана қабылданған кезіміз. Бәрімізді Алматы маңындағы Шелек ауданына ауыл шаруашылық жұмысына алып барды. Студенттердің бәрі Қорамда темекі жинап жүрміз, үсті-басымыз салтақ-салтақ кір. Әрбір студентке қара халат берген, соны киіп алып, темекі сабағын жинаймыз. Темекінің сөлі қап-қара болып, кешке дейін қолымыз қара-жолақ болып күстеніп қалады. Бірінші курсқа түсіп, бір-бірімізбен жаңа танысып жатқан кезіміз. Бәріміз ауылдан келген, орта мектепті жаңа бітірген жасөспірім балалармыз. Ауылда өңкей қазақ тұрған соң орыс тіліне тым шорқақпыз. Арамызда Әбдіразақ деген курстасымыздың қара халаты, орыс тобындағы Н. деген орыс қызына ауысып кетіпті. Әбдіразақтың халаты темекінің сатпақ-сатпақ кірінен тазарақ екен, күтіп киіпті. Ал орыс қызының халаты баттасқан кір болып шықты, өйткені, темекінің сөлі киімді тез былғайтын. Тазалау халатының орыс қызына ауысып кеткенін түсініп, сонда Әбдіразақ білген орысшасымен былай деген болатын.
– Твой халат – мой халат. Мой халат – твой халат, – дегені. Орыс қызы ішек-сілесі қатып күліп, түсінгенін білдірді.
– Твой халат чище оказалось, чем мои грязные. Да, извини, я перепутала, – деп, Әбдіразақтың халатын шешіп беріп, өзінің кір халатын алған. Орыс тіліне шорқақ біздер Әбдіразақтың орысша түсіндіре қойғанына таң-тамашамыз, өйткені, бәріміз дерлік қазақ ауылынан келген едік. Кейіннен Әбдіразақтың да орысшасы жетісіп тұрмағанын біліп, өзара күлгеніміз бар.

Түнгі ұрылар

Ауыл шаруашылығы жұмысынан, Қорам ауылынан келген алғашқы күн. Басқа курс-тас достардың Алматы қаласында ағайын-туғандары бар екен. Біз, курстас құрбым Райхан Ахметова екеуміздің Алматы қаласында ешқандай ағайын-туыстарымыз жоқ болғандықтан, жатақханада қонуымызға тура келді.
– Әлі студенттерге беретін төсек-орын дайын емес, сондықтан екеуіңе екі матрас-ты астыға салатын төсеніш ретінде береміз. Қазіргі уақытта үстіге жамылатын көрпе жоқ.
– Жарайды, сол екі матрастарыңызды алайық, – деп, Райхан екеуміз бір-бір матрасты көтеріп, бөлмемізге беттедік. Сөйтсек бөлменің кілті жоқ екен, есік жаққа сөмкелерімізді тіреп қойып есікті бекіткен болып, Қорам ауылында темекі теріп әбден шаршап келген Райхан екеуміз қатып ұйықтап қалыппыз. Түн ортасында біреу бетімнен сипалаған сияқты болып сезілді. Көзімді ашсам, бөлмеде арақтың иісі мүңкіп тұр, бір орта бойлы мас жігіт шашымнан сипап отыр екен.
– Ұйықтай ғой, қарындасым. Менің де сен сияқты кішкентай қарындасым бар, соған ұқсайды екенсің, – деп, аузынан арақтың қоламса иісі мүңкіп, күректей қолымен шашымнан сипайды келіп. Мен оның қолын қағып жіберіп көзімді ашсам, Райхан төсекте қорыққан көжектей бүрісіп отыр. Ұзын бойлы орыс жігіті екеумізге қарап, аш қасқырдай төніп тұр. Ұйқылы-ояу көзімді ашқан мен жаңағы орыс жігітін орыс группасындағы Юра дегенге ұқсатып шырамыттым.
– Юра, что ты делаешь здесь? Завтра я твоей маме расскажу, – деп қоям, тап бір оның анасын білетін адамдай сөйлеп. Сөйтсем, ол мүлде бейтаныс орыс жігіті. Оны артынан білдім, тәрізі, есімі расында Юра болу керек, ол тез арада тайып тұрды. Ал, мас жігіт өлең оқи бастады. Біз, Райхан екеуміз, мас жігіттің жалғыз қалғанын көріп, төмендегі вахтер әйелге барып сөйлестік.
– Мыналар түн ішінде біздің бөлмеде қайдан жүр? Сіз неге қарамай өткізіп жібергенсіз?
– Ол екеуі біздің бөлмеге кіріп кетіпті, – деп, болған жайтты жарыса айта бастадық. Бөлмемізге келіп қарасақ, сөмкеміздің ішіндегі киімдеріміз түгел шашылған. Ертең ауылға баруға дайындалып отырған менің соңғы ақшамды, он алты сомымды ұрлап кетіпті.
– Қап! Ұшаққа билет алуға дайындап отырған ақшамды ұрлап кетіпті, – деп қапаландым. Ол кезде Алакөл ауданы Үшарал қаласына он алты сом төлеп ұшатынбыз. Елдер неге екені белгісіз, «кукурузник» деп атайтын, ЯК-40 деп аталатын шағын ұшақ Үшарал қаласына дейін ұшатын. Сол кезде менің ауылға, жолға дайындаған ақшамды іздеп, мұңайғаныма Райхан жымиып күлді.
– Бақыт, ақшаны қайтесің? Екеумізге тиіспей аман қалғанымызға шүкірлік етейік, –дегені. Расында олардың арам ойлары қандай екені менің мүлде қаперіме кірмепті. Ертеңіне Райхан мен басқа курстастарым жолға ақша жинап берді.
Менің курстас досым Райхан Ахметова кейіннен менің ағайын ағама тұрмысқа шығып, маған әрі дос, әрі жеңге атанды. Көп жылдар бойы белгілі журналист болып, «Ақиқат», «Абай» журналында, «Семей таңы» облыстық газетінде творчестволық табысты еңбек етті. Кейіннен басымыз қосыла қалса, студенттік күндердің қызықты сәттерін сөзге тиек етіп, қиын да қызықты студенттік күндерімізді, жастық шағымызды сағына еске аламыз.

Көзілдірік іздеу

Бірінші курс студенттеріміз. Бірде курстасымыздың біреуі көзіне көзілдірік алмақшы болды. Ол өзі ауылдан келген алаңғасарлау жігіт болатын. Көзілдіріктің қайда сатылатынын білетін жігіттер бұрынғы Фурманов көшесі (қазіргі Н.Назарбаев көшесі) мен Шевченко көшесінің қиылысында «Оптика» барын айтты. Кешке курстасымыз шаршап-шалдығып келіп, айтқан жігітке дүрсе қоя берді.
– Сен неге мені алдадың? Ол жерде «Птик»тен басқа ештеме жоқ. Күні бойы ары-бері шарлап, таппай келдім, – деп ренжігені. Сөйтсек, «Оптика»-ның екі әрпі жанбай қалыпты. Ал, біздің аңқау құрдасымыз «Птик»-ті көзге ілмей, Оптиканы іздеп шарқ ұрған көрінеді.

«Поезды тоқтат!»

Менің бір курстасым қызылордалық жігіт. Студенттік кезде бір бөлмеде тұрып, дос болып жүрген соң, Алматыға жақын маңда тұратын курстас жігітті Қызылордадағы ауылына қонаққа шақырады. Сөйтіп, екеуі поездың арзандау плацкартына билет алып, жүректері алып-ұшып ауылға аттанады. Студенттің қалтасында қайбір жетіскен ақша болсын, барымен базар болып, кешкілік тамақтарын ішкен соң, жоғарғы қабаттан тиген төсектерін салып, ұйқыға бас қояды. Қызылордалық курстасым шырт ұйқыда жатқан кезде қонаққа келе жатқан курстасы түн ортасында жұлқылап оятады.
– Досым, тұрсаңшы! Тезірек тұр! – деп дікілдейді.
– Не болды? Жайшылық па? – деп, көзін уқалап аша алмай жатса, қонаққа келе жатқан курстасы.
– Бол! Тезірек поезды тоқтат! – деп қойып қалады. Түкке түсінбеген қызылордалық курстасым поезды тоқтат дегенін түсіне алмай дал болады.
– Поезды тоқтатқаның қалай?! Не болып қалды, айтсаңшы?
– Ойбай енді сәл кешіксең қуығым жарылып кетер, әзер шыдап тұрмын. Бұтыма жіберіп қоятын түрім бар. Шайды көп ішіп қойыппын. Тезірек поезды тоқтатсаңшы, –дейді қонаққа келе жатқан курстасы. Курстас досының әжетханаға бару үшін поезды тоқтат деп тұрғанын түсінген қызылордалық курс-тасым күлкісін тия алмай, ішек-сілесі қатып ұзақ күледі.
– Бұрын-соңды поезға отырып көрмеп пе едің?
– Біздің ауылға автобус жүреді. Жолда қажет болса, шопырға айтып тоқтата қоямыз.
– Е, бәсе! Поезды тоқтата қояйын деген екенсің ғой, – деген қызылордалық курстасым поездың әжетханасына бара жатып та, келе жатып та күлкісін тия алсашы! Бұл оқиға кейін студенттер арасында «Поезды тоқтат» деген анекдотқа арқау болды.

Қызыл төпли

Бірінші курсқа жаңадан түскен кезіміз. Бәріміз ауылдан келген аңқау қыз, жігіттерміз. Бірде жатақхананың бір бөлмесінде бірге тұратын Райхан құрбым мен Үмітхан, Роза үшеуі көздің жәуін алатын қып-қызыл төпли сатып алыпты. Мен қып-қызыл жалтыраған төплиге қатты қызықтым.
– Қап! Мен де алатын едім, әдемісін қарашы, – деп тамсанып, өкініп қоямын. Қыздар жағы мені асықтырды.
– Бақыт, сабақ басталуына жарты сағат бар. ЦУМ-нан барып алып келсеңші, – дегені.
– Жарты сағатта үлгерем бе?
– Әрине, үлгересің. Әйтпесе, мұндай төпли бітіп кетер, – деп, одан сайын қызықтырады. Сонымен асығыс троллейбусқа отыра салып, орталық дүкенге жүгірдім. Мен барғанша жиырма минут өтіп, сабақ басталуына он-ақ минут қалыпты. Өлшемі дұрыс келеді-ау деген, қолыма түскен төплиді ала салып, ақшасын төлеп, сабаққа әрең үлгердім. Қатты асыққаннан аяғыма киіп өлшеуді ұмытып кетіппін. Жатақханаға келіп киіп көрсем, тар екен. Төплиің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда демей ме, аяғымды қысқан соң, бір, екі аттап, шешіп тастауыма тура келді.
– Аяғыма әрең сиып тұр, тар екен, – деп, курстас досым Төлеубалаға қарағам. Ол жайбарақат жауап берді.
– Бақыт, ештеме етпейді, мен біраз киіп кеңітіп берем, – дегені.
– Сонда біраз кигенде кеңіп кете ме, Төлеш?
– Әрине. Оған күмәнің болмасын, – деп сенімді айтты. Сол күннен бастап, досым Төлеубала қызыл төплиімді аяғынан тастамай киіп жүрді. Сөйтсем, оған да қызыл төпли ұнап қалыпты. Арада бір ай өтті.
– Төлеш, төплиім кеңіді ме? –десем.
– Асықпасаңшы, Бақытжан, – деп, мені сабырға шақырды. Сонымен жаз өтті. Төплидің кеңитін түрі жоқ. Ал, қызыл төплидің өңі кетіп бозарып, ескіре бастады.
– Төлеш, мына төплидің кеңитін түрі жоқ, әбден тозып бітті. Енді сен кие бер, – деп, қызыл төплидің кеңитінінен күдер үзгем. Төлеубала да осыны күтіп тұр екен.
– Бақыт, сен өзіңе жаңасын алсаңшы, –дегені.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.