ОҒЫЛАН ҰЛДЫҢ ОН ҚЫРЫ

Ұлт көсемі, Алаш қозғалысының  жетекшісі, Алашорда үкіметінің төрағасы  Әлихан Бөкейханов  бүкіл саналы ғұмырын өз ұлтының мүддесіне  қызмет жасауға арнаған  тұлға. 1906 жылы Мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтары атынан депутат болып сайланған ол   жоғары экономикалық білім алған  тұңғыш қазақ.  Санкт-Петербургтің Мемлекеттік орман институтының бас ғимаратында «Мұнда 1890-1894 ж.ж. Әлихан Бөкейханов  оқыған» деген естелік тақта орнатылған. 

2015 жылы 15 наурызда өткен ЮНЕС-КО Бас конференциясының 196-сессиясы Ә.Бөкейхановты «бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танып, атақты тұлғаның туғанына 150 жыл толуына орай 2016 жылды Әлихан Бөкейханов жылы деп жариялаған еді.
Әлихан Нұрмұхамедұлы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дала өркениетінің дәстүрлі шаруашылығын, экономикасын зерттеуге тікелей қатысты. Ол қазақ халқының болашағы, ертеңі ауылшаруашылығы арқылы айқын да жарқын болатынын болжай білді. Яғни, индустриалды-аграрлы ел болатындығын көре білді. Дәстүрлі дала шаруашылығы мен жер мәселесі қазақтардың ұлт болып қалудағы басты құндылығы екенін жете ұғынды және осы бағыттағы ғылыми еңбектерін баспасөзде жариялады.
Ұлт мүддесін мұрат тұтқан Әлекең Шыңғыс ханның жиырма үшінші ұрпағы. Ол 1866 жылы 5 наурызда №7 ауылда (Тоқырауын болысы, Қарқаралы оязы) дүниеге келген. (Бүгінде Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы). Қарқаралы, Омбы, Санкт-Петербургте білім алған және өмірінің көп бөлігін Самара (1909-1917 ж.ж.) және Мәскеу (1922-1937 ж.ж.) қалаларында өткізген. Жүргізілген экономикалық зерттеу деректеріне жүгінсек, Әлихан Бөкейханов 17 жылдай білім алған: алғашында Қарқаралыда Зариф молдадан мұсылманша (1877-1879 ж.ж.) дәріс алып, сосын сол жердегі Қарқаралы орыс-қазақ бас-тауыш мектебін және 4 жылдық кәсіптік училищені (1879 жылдың қыркүйегінен – 1886 жылдың 16 маусымына дейін) тәмамдаған. Содан кейін Омбы қаласындағы техникалық училищесінде (1886-1890 ж.ж.) сол кезеңде салынып жатқан Сібір темір жолына қажетті кіші техникалық кадрларды даярлау курсынан өткен. Кейіннен Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтына түсіп (1890-1894 ж.ж.), экономикалық мамандық алып шыққан.
Әлихан Бөкейхановты ерте бастан-ақ өз халқының құқығының бұзылуы, өлкесінің бодандықта болу жағдайлары, дала дәстүрлі шаруашылығының құлдырауы қатты алаңдатқан. Содан да болар, ол үнемі ізденісте жүрді, бар ғұмырын ұлттық мүддеге қызмет етуге арнады. Оны Ұлы дала елінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі халық шаруашылығының күрделі де қиын өзгерістерге ұшырап жатқаны толғантты. Қазақ халқының Ресей империясының боданында болған 300 жыл бойы өз жоғын жоқтауына да шамасының келмегені ұлтжанды азаматтың жанына қатты батты.
Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтында алған экономикалық білімін қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауға пайдаланған ол осы жолда қызмет етуді алдына мақсат етіп қойды. Ресейдің сол кездегі отаршылдық саясатының қитұрқы әрекеттерінен қазақтардың қалыптасқан шаруашылық тіршілігінің ауыр көріністерін экономикалық тұрғыдан сипаттап, өткір сынға құрылған мақалалар жазды. Бұл шығармалары Омбы, Орынбор, Семей, Троицк қана емес, отаршыл империяның қос астанасы Санкт-Петербург пен Мәскеуде шығатын газеттер мен журналдарда да жарияланған. Алғашқы мақаласы 1889 жылы 12 мамырда шыққан. Сонымен қатар, 1889-1927 жылдары «Известия Западно-Сибирского Отдела», «Киргизская степная газета» – «Дала уәлаяты газеті», «Голос степи», «Иртиш», «Омич», «Степной пионер» (Омбы), «Қазақ газеті» (1913-1918 ж.ж. Орынбор), «Особое прибавление к «Акмолинским областным ведомостям», «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок», «Русское богатство», «Русская мысль», «Жизнь», «Памятная книжка Семипалатинской области» (Семей), «Туркестанские ведомости» (Ташкент), «Речь», «Слово», «Сын отечества», «Наша жизнь», «В мире мусульманства», «Мусульманская газета», «Русское богатство», «Русская мысль», «Сибирские вопросы» (Санкт-Петербург), «Айқап» (1911-1915 ж.ж., Троицк) сияқты сол кездегі танымал, беделді газеттер мен журналдарда жарияланған мақалаларында өзінің отаршылдарға деген көзқарасын батыл, ашық білдіріп отырған.
Ол Ресейдің Императорлық География қоғамы Батыс Сібір бөлімінің толық мүшесі (1896-1908 ж.ж.); Мәскеудің ауылшаруашылық қоғамының Омбы бөлімінің толық мүшесі (1908-1917 ж.ж.); Ф.А.Брокгауз, И.А.Ефрон құрастырған 22 томдық «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» редакция алқасы-ның мүшесі; «Сибирские вопросы» ғылыми-публицистикалық журналының тұрақты авторы әрі редакция мүшесі (1908-1910 ж.ж.); Мәскеудің КСРО халықтарының Орталық Баспасы Қазақ редакциясының әдеби қызметкері (1922-1927 ж.ж.); Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры (1926-1927 ж.ж.).
Кейіпкеріміз қазақ даласындағы халық шаруашылығының экономикалық жағдайын зерттеген өте құнды 2 монографиялық еңбек қалдырған. «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги. Животноводство. Овцеводство в районе Западного участка Сибирской железной дороги – Томск, Товарищество «Печатня» С.П.Яковлева» атты монографиясы 1904 жылы жарияланса, 1905 жылы «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги. Скотоводство. Скотоводство (крупный рогатый скот) в районе Западного участка Сибирской железной дороги – Томск, Товарищество «Печатня» С.П.Яковлева» атты монографиясын жазды. Оның ғылыми-зерттеу материалдары негізінде, сондай-ақ, «Қазақтың қой тұқымдары мен қой шаруашылығы» және «Ірі қара мал шаруашылығы» монографиялары дүниеге келді.
Әлихан Бөкейхановтың экономикалық көзқарастарының құндылығын тұжырымдар болсақ, ол біріншіден, туған халқының құқығын қорғауды алдына мақсат етіп қойып, белсенді және нақты көмек көрсету идеясын ұстанып, отаршылдарға қарсы қоғамдық-саяси-экономикалық күрес көзқарастарын қалыптастырды және осы жағдайға сай келетін өзінің орны мен рөлін терең сезініп, туған Отанына деген сүйіспеншілігін өміріне тұмар етті. Екіншіден, жер мен мүлікке келімсектердің иелік жасап жатқанын, яғни сол кездегі қазақ халқының дәстүрлі халық шаруашылығының экономикасының күрделі өзгеріске ұшырағанын көре білді. Үшіншіден, сол өмір сүрген қоғамдағы дәстүрлі шаруашылық саласын бағалай алатын білікті экономикалық білімін пайдаланып, туған халқының халық шаруашылығының жағдайын экономикалық зерттеулері арқылы көрсетті. Төртіншіден, Ресей патшасы ұйымдастырған статистикалық экспедицияларға өзі өтініш білдіріп, шынайы ынтасымен тікелей қатысып, нақты статистикалық-экономикалық деректер негізінде дәстүрлі халық шаруашылығының нақты көрінісін экономикалық тұрғыдан есептеп, қағаз бетіне жан бітірген тұңғыш статист-ғалым-экономист болды. Бесіншіден, қазақ өлкесінің жері мен мал шаруашылығының экономикасы туралы алғашқы, қомақты, көпжақты ғылыми монографиялық зерттеулерінің құндылығы бүгінгі күнге дейін өзінің мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Алтыншыдан, қазақ қоғамындағы дала шаруашылық жағдайының экономикалық базасы қиыншылыққа ұшырап жатқанын Дума мінберінен, қоғамдық және әр түрлі мінбелерде айта білді. Жетіншіден, далалық экспедиция зерттеулерін айқын және нақты сандық есептеулер негізінде дәлелдер, тұжырымдамалар, байламдармен толықтырып, баспасөз бетінде ашық жариялап отырды. Сегізіншіден, экономист ретінде қазақ даласында қой және ірі қара шаруашылығының мыңдаған жылдарға негізделген жақсы дамып жатқан табиғи ортамен үндесіп (төл табиғаттың тепе-теңдігі сақталуы үшін жаз – жайлауға, күз – күздеуге, қыс – қыстауға, көктемде – көкке), бейімделген жүйесінің, табиғат пен адамдардың арасындағы үзіліссіз байланыстың тұтастығы сақталғандығын дәлелдеген қағидалары құнды. Тоғызыншыдан, ол өте жігерлі, білімді (14 жыл оқыған: орыс-қазақ бастауыш мектебі, 4 жылдық кәсіптік училище, Омбы техникалық училищесі, Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институты), еңбекқор, дарынды туған халқының құқықтық-экономикалық мәселесін саяси тұрғыдан терең түсінген, бағалаған, саналы бар ғұмырын және күш-қайратын туған халқының игілігіне арнаған, өз міндетін жете білуімен ерекшеленетін мемлекет қайраткері. Оныншыдан, бұл экономикалық еңбектердің жазылғанына 115 жылдан асса да олар өзінің өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ. Қазақ өлкесінің халық шаруашылық саласын зерттеген тұңғыш экономист-ғалым.
Әлихан Бөкейханов ғылыми және статистикалық экспедицияларға да белсене қатысқан. Бұл ретте ол бел ортасында жүрген 1894-1895 жылдардағы «Тобыл», 1896-1901 жылдардағы Ф.А.Щербинин басқарған статистикалық экспедицияларын, КСРО Ғылым академиясының академигі С.П.Швецов басқарған Сібір темір жолы бойындағы мал шаруашылығын зерттеген 1903-1904 жылдардағы статистикалық-экономикалық сапарларды, профессор С.Ф.Руденко басқарған Бүкілодақтық Ғылым академиясының экономикалық отряды құрамында барған «Адай уезі» (1926 ж.) статистикалық-экономикалық және тұрмыстық зерттеу сапарын ерекше айта кеткен ләзім. Осындай маңызды дала экспедицияларына шыққан ол білімі мен ғылыми-зерттеушілік тәжірибесін пайдаланып, экономикалық көзқарастарын ашық айтты. Туған халқының дәстүрлі халық шаруашылығының құлдырауына тосқауыл қою мақсатында құқықтық мәселелерді көтерді. Санкт-Петербургтегі Императорлық орман институтында алған экономикалық білімін ұлтымыздың дәстүрлі шаруашылығын дамытуға арнады. Математикалық терең білімінің деңгейі жоғары болғандықтан, халықтың тұрмысы мен шаруашылық деңгейін сипаттайтын экономикалық көрсеткіштерді анықтап, есептеп және болжау жасай отыра, қазақ өлкесінің халық шаруашылығы бойынша ғылыми ізденістері мен зерттеулерінің нәтижелерін жариялады. Қазақ халқын ата-баба жерінен айырмау бағытында терең насихаттар жүргізуді алдына мақсат етіп қойды. Экономикалық тұрғыда өзі жетік меңгерген Қазақ өлкесінің бұрын зерттелмеген сол кездегі шаруашылық жүргізу тәсілін шынайы және обьективті көрсете білді.
Әлихан Бөкейхановтың ұлттық экономикадағы өзіндік орны, ұлтының мүддесіне адал қызмет жасағанының нәтижесі, ең алдымен, оның ғылыми еңбектері арқылы ұлықталатыны – уақыт шындығы. Ол туған өлкесінің халық шаруашылығының маңыздылығын және оның дала өркениетін дамытудағы атқаратын орнын бағамдай білген тұлға. Бүгінде Әлихан Нұрмұхамедұлының экономика саласындағы ғылыми-зерттеушілік еңбектері ұлттық статистика ғылымында өзіндік сипатымен дараланып отыр. Алаштың біртуар перзентінің қазақ шаруашылығының экономикасын зерттеп жазған еңбектері, көтерген мәселелері мен бастамалары, бүгінгі күнде ерекше сұраныста. Оның экономикалық еңбектері дала халқының халық шаруашылығы саласын түбегейлі жан-жақты жүйелі алғаш зерттеген құнды ғылыми жұмысқа жатады. Ол туған халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын терең түсіне отырып, ұлтының сана-сезімін оятуға белсене араласып, өзіндік күрес жолдарымен ерекше де айрықша әсер етті. Экономикалық еңбектеріндегі идеялары, тұжырымдамалары өміршеңдігін дәлелдеп, заманмен бірге жаңара береді.

Оңалбек АЛТЫБАЙҰЛЫ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, экономика ғылымының докторы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.