Өткен күн – мұңдарым, әттеңім

Алтыншапақ Хаутай

1990 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі. Республикалық, халықаралық көптеген жыр мүшайраларының жеңімпазы. «Азаттығым – ғажап күнім», «Жаңа ғасыр жырлайды», «Тау мен өзен жырлары», «Алтын тұғыр» атты жыр антологияларына өлеңдері енген. Өлеңдері түрік, қырғыз тілдеріне аударылған. Жас қаламгерлер фестивалінің Қадыр Мырза Әлі атындағы сыйлықтың лауреаты. «Қаламымнан сағынышым сырғанап…» атты жыр жинағының авторы. Қазіргі таңда ұстаз болып қызмет атқарады.

Сол бір көктем өзгермеген сияқты,
Сол қалпында сіркіреген нөсері.
Жанарымнан жаңбыр – жасым
жиі ақты,
Жаз күнімді аңсай -аңсай кешегі.

Жүзімнен бал бақыт нұры сезіліп,
Сені күткен кештер қандай арайлы?
Сондағыдай сүт сəулесі төгіліп,
Тереземнен толықсып Ай қарайды.

Қай құдірет жылдарымды ап қалған?
Қалпында əлі гүл-көктемнің желегі.
Сөнбеді əлі сондағы үміт,
тәтті арман,
Суалмады сағыныштың кемері.

Балғын сезім жүрегімде оянып,
Бүр ашып ем бəйшешек гүл секілді.
Бұл көктем де алуан түске боялып,
Сүйеді кеп самалы ылғи бетімді.

Жер-əлемді жаңғыртсын деп үнімен,
Босатып ем көңілімнің құсын бір.
Саған деген махаббаттың күшімен,
Сол титтей құс əуеде əлі ұшып жүр.
Сол бір аспан, мөлдір ауа, тымық түн,
Келер ме едің, көзім талып көп күтсем?..
Бал сезімді неге ғана ұмыттың,
Баяғыдай бəрі…
Бірақ…
Жоқсың сен…

***
Көктемеде кеткендей боп көшіп сең,
Көңілімді астаң-кестең етіп сен.
Көлеңкелі тұстарына кеудемнің,
Күннің әсем шуағындай жетіп пе ең?!

Аласұрған сезім бе еді, желік пе ең,
Алдамшы ма ең, арман әлде, еліткен?
Кездерімді өзің жетпей тұратын,
Көздеріммен айтқым келді, неліктен?!

Сезім суып үлгерген де жоқ, әлі,
Сенің құның бәрінен де жоғары.
Жанып барып, қызыл шоққа айналған,
Жалынымның қайда, кімге обалы?

Сол күндерден көңілде бір қаяу қап,
Жүрегімде дауыл тұрды, жай ойнап.
Жалғыз жанды ойлау – жылы қуаныш,
Соны ғана сүю сондай аяулы-ақ.

Қоштасқанда көңіл неге мұңайды,
Сол күнді аңсап, жаным кейде жылайды…
Ұмыта да алар едім, әй, әттең,
Маған бірақ, осы күйім ұнайды…

***
Алматыда ақ қар жапқан тымық түн,
О, білмеймін, қашан, нені ұмыттым?!

Ең аяулы сәттерімдей жоғалған,
Ақша қар боп қалықтайды сол арман.

Әлдилейтін жүрегімді күні түн,
Ақ ұлпадай еріген бе ең үмітім?!

Бір белгісіз сезім неге оянды?
Ештеңе де болмайды екен баянды.
Жүрегіңді мұң билесін не түрлі,
Менің мамық махаббатым секілді…

***
Уақыт өрнегін сап қиырға сан,
Уатты жігерімді шиырласам.

Мастандық бір үмітке өбектердей,
Мына адамдар кешегі бөбектер ғой.

Әжелердің кешегі ақ жүзі ойлы
Әжімінің астынан күлімдейді.

Бұзылмас-ау деуші едік бастағы ұғым,
Неге сенің қиялың басқа бүгін?

Сезім қайда кететін өртеп кейде,
Сол шақтарға жүрегің селт етпей ме?

Кей көңілде басқа арман кеткен үдеп,
Кей көңілдің сеземін көктемі жоқ.

Бүрін жарған былтырғы терек ана,
Мұңаяды білмеймін неге ғана?

Жапырақтың ойлантты күзгі реңі,
Мен де өзгерген шығармын, кім біледі?

***
Күлiмдеймiн көп ойдың күй аңғарын
кешiп ап,
Қияндарда қап кеткен қиялымды есiме ап.

Бiр белгiсiз үмiттiң шүпiлдейдi кемерi,
Өз-өзiмнен шырқата бiр ән салғым келедi.

Жан-жүйеңдi балқытып,
қытықтайды жылы леп,
Күй ойнатар кеудеде
Көктем қандай құдiрет!!!
Жаңа келген өмiрге қимай бала құрақты,
Ақшақардың өзi де жылап тұрған сияқты.
Бiр құпия арманы жанын торлап үздiккен,
Жұлдыз тамған түндерде қиялданар
қыз бiткен.

Зеңгiр көктен қалықтап, құйылатын
нұр қандай,
Қайың бiткен көктемге көйлек
таңдап тұрғандай.

Айналамда аптығып, тiршiлiк жүр
сан қилы,
Өлең тұнған өлкеден өмiр иiсi аңқиды!!!

***
Көп арбайтын,
Оралмайтын шақ мұным,
Жаз дегенім – жасыл көйлек жастығым.
Өмір маған кеп ұсынды ақ гүлін,
Бірақ одан көп ұсынды ащы мұң.

Көңілден көп күмбір-күмбір күй ақты,
Жастық шағың – жаз мезгілі сияқты.
Қауыштырдық күндерге ұлы мұратты,
Ауыстырдық арман дейтін жиі атты.

Жанымызға дос жинадық жаны ізгі,
Жастық келбет – жаздың гүлі тəрізді.
Жайқалып ек гүл боп жарып қауызды,
Жалғыз-ақ сəт жүрекке шоқ тамызды.

Сол армандар қайдасың, тез жеткізші,
Жалыныма нөсер төгіп өтсінші.
Жастық шақта қуаныш пен өкініш,
Жаздың жылы жаңбырындай өткінші.

Бір аяулы сезім де өткен себелеп,
Жер мен көкті көп шарладық, не керек?!
Жанарымда жалын оты лаулайтын,
Жастық шағым – жаз таңындай керемет!

***
Жан достарым сиреп кеткен тәрізді,
Көп арманым күйреп кеткен тәрізді.
Өр көңілім бірте-бірте басылып,
Өмір біраз илеп кеткен тәрізді.

Бақыт сонша сабылдырған тәрізді,
Біреу сонша сағындырған тәрізді.
Жалғандықпен жолығыса бергесін,
Жақсы адамға жаным құрбан тәрізді.

Бағытым жөн нұсқалмаған тəрізді,
Арманға жол қысқармаған тəрізді.
Еретұғын елесіме əрдайым,
Сенетұғын күш қалмаған тəрізді.

Жалын шақты жыл ұрлаған тəрізді,
Сәттер қайта бұрылмаған тəрізді.
Сағыныштан көп өртеніп, басылмай,
Жана-жана күлім қалған тəрізді.

Жаным сəуле төкпей тұрған тəрізді,
Бір өкініш кетпей тұрған тəрізді.
Бақыттырақ болу үшін жаныма,
Жалғыз нәрсе жетпей тұрған тəрізді.

***
Өткен күн – ескірген дәптерім,
Өткен күн – жоғалған сəттерім.
Өткен күн – өткізген шақ керім,
Өткен күн – мұңдарым, əттеңім.

Өткен күн –
Оқылған кітаптың парағы,
Жазылған кітаптың парағы.
Күн сайын бір бетін жабамын,
Күн сайын бір жұлдыз жанады.

Кіргендей өмірге жаңа аттап,
Күн сайын жаңа бір таң атпақ.
Сарғайған беттерін кейде мен
Қоямын қайыра парақтап.

Мына бір парақтан көмескі,
Бейнеңді көремін мен ескі.
Сəл ғана жымиып еске алдым,
Қуалап қайтемін елесті.
Жалындай жылдардан тамады от,
Ұмытпай ізіңе қара деп.
Алдымда ашылған ақ парақ,
Жазуымды күтеді жаңа бет…

***
Мына жаңбыр нені айтады білгенге,
Тырсылына тосады үнсіз түн кеуде.
Қара түнге қарашығымды суардым,
Қамығып бір жүргенде…

Сол жаңбырдың мұңлы əніндей тұнжырап,
Сола бердім…
Болмай қойды түн жылап.
Əлдеқайдан бір сағыныш еседі,
Қыз кеудемді ұрғылап…

Бәлкім мұңнан қажығанда не түрлі,
Бір іске кеп аспан-дағы бекінді.
Ешкімге айтпай түнге сүйеп иығын,
Жылап алған секілді…

Сездім алғаш мына өмірдің ызғарын,
Сездім алда күндіз барын, түн барын.
Жаңбыр менен жан сырымның əуенін,
Сол түні ұзақ тыңдадым…

Түн екеуміз көп егілдік, ашындық,
Аспан-жерге ақ моншақ боп шашылдық.
Шарасыздық құшағына тығылып,
Сосын біздер жылай-жылай басылдық…

***
Ол дүние – белгісіздер мекені,
Белгісізге ел неліктен кетеді?
Аз ғұмырың – аялдама тәрізді,
Ақиқаты – адамзаттың өтері.

Бақи деген шындық па екен, бар ма екен,
Қалғанына енді дүние тар, бөтен…
Арттағының көзін жасқа толтырып,
Алғанына Аллам өзі жар ма екен?..

Ол дүние – сағыныштың тұрағы,
Бұйырар ма Жаратқанның жұмағы?!
Жетер ме екен қабірінің қасында,
Қолын жайып, бағыштаған құраны?!

Ғұмыр дейтін ұзын жолды жыр ма екен,
Уақыт деген қолдан сусыр құм ба екен?
Қайран тəнін қара жерге қалдырып,
Көк жүзінен қарап бізге тұр ма екен?!

Сұм дүниенің болмаса егер баяны,
Қызық сəттің есте қалар қай əні?
Аз ғұмырдың қызығына алданған,
Аяқ асты адамдарды аядым…

Барады екен өмір бізді қайда алып,
Өтеді екен бір үмітке байланып.
Сосын адам сіңіп кетіп ғайыпқа,
Кетеді екен сағынышқа айналып…

***
Хабарыңды еш сұрамай жер-көктен,
Хат жазбадым.
Қоңырау да шалмадым.
Қалай айтам, күнде мені тербеткен,
Қиялымды жылдар ұрлап алғанын.

Саулығыңды сұрамадым самалдан,
Сен жайлы ойды жеткізер деп өзгеге.
Күндей күліп, шығар ма еді тағы алдан,
Сол бір іңкәр оралмайтын кез неге?!

Өзің жайлы өлең қайта жазбадым,
Өзегімді өртер дедім өрті кеп.
Жер бетінде аман жүр деп алдадым,
Жанарымды…
Жасқа толған мөлтілдеп.

Үнсіз жүрдім,
Сыр ашпадым ешкімге,
Көңілімнің өзің ғана шерт мұңын.
Ұмытып ем…
Ой теңізін кештім де,
Сені еске алдым сәл мұңайып…
тек бүгін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.