Қазақ – футуролог халық немесе мақал-мәтелдердегі ұлттық тәрбие және «өзіндік мен»

Шарафат
Жылқыбаева

Әлемдегі әр халықтың рухани мұрасында: фольклорлық шығармаларында, қол өнерінде, би өнерінде, т.б. оның ұлттық дүниетанымы айқын көрінеді. Ел тағдыры да даналық сөз өрнектерінде сайрап жатыр. Тәрбие категориясының түп-тамырына үңілсек, ұлттың рухани құндылықтарында теориялық негізі, яғни тәрбиенің «шарттары» берік орныққандығын аңғаруға болады. Мәселен, бесік жырын айтқанда, сөздің күші ананың жүрек мейірімі арқылы сәби санасына нұрлы қасиет дарытады. Немесе күнделікті балалар ойынында пайдаланылатын тақпақ-өлеңдер келешек тұлғаның рухани болмысының қалыптауына, ақыл-ойының толысуына әсер ететін тәрбие құралы санатында.
Салт-дәстүрге қатысты ғұрыптар халықтың өмір тәжірибесін ғана бейнелемейді, ұлттық педагогикалық ұстанымын да танытады. Мәселен, ерте заманда күн шыға киіз үйдің түндігін ашу міндеті келінге жүктелген. Бұл аса ауыр міндет болмаса да, отбасының өзге мүшелері емес, жас келіннің осы істі атқаруы «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген ұғыммен ғана шектелмейді. Шаңырақтың құт-берекесі анадан, әйел затынан екендігін ұғындырады. Таңмен бірге күн сәулесінің шаңырақтан енуі таңғы нәсіптің үйге кіруін білдіреді. «Таңғы нәсіп Тәңірден» деген сөз осымен байланыс-ты. Эпос жырларында, мәселен, Қызыр Баба ел басшысына, батырға, ақсақалына таң атар сәтте аян береді, алдағы ізгі істерден хабар береді. Түнге қарай емес, күннің шығуымен жақсылық нұрының себілуін түсіне білу ұлттық таным деңгейін аңғартады. Табиғи ортада өсіп, табиғаттың құпиясына үңілген елдің баласы кез-келген құбылыстың сырын түйсінеді. Ал, бүгінгі урбандалған ортада бұны толығымен, сол күйінше енгізбегенмен ұлттық сананы жаңғырту қажет екендігі белгілі боп отыр.
Мысалдардың барлығын көшпенді елдің тұрмысымен байланыстырудағы себебіміз, қазіргі уақытта ұлттық тәрбие қоғамдық формацияға сай формасын өзгерткен. Мақал-мәтелдер тек ғылымның объектісіне айналғандай. Күнделікті тіршілікте сирек қолданылады. Ырымдар мен тиымдар секілді мақал сөздің мағынасына нанбаушылық әсіресе жас ұрпақ тарапынан айқын байқалады. Мысалы, «Оңынан басталмаған іс оңбай тынар», «Сол аяғыңнан бастап билесең сүрінерсің» деген бір жағынан нақыл сөз, бір жағынан ырымнан хабар берер мәтелдерді бүгінгі заманның жастары ғана емес, үлкендердің де мойындауы сирек.
Мақал-мәтелдерді, шешендік нақылдар мен толғауларды «тәрбие категориясының теориялық қағидаларының алғашқы нұсқалары» деп, топтастыруға, тұжырымдауға болады. Осылардың ішінде мақал-мәтелдердің ұлттық тәрбиеге, жеке тұлға, «өзіндік мен» тәрізді ұғымдарға әсері ерекше. Егер, жыр-дастандарды тыңдауға бірнеше сағат жұмсалса, нақыл сөздер «байқаусыз» түрде санаға сіңе береді. Іс-әрекетке келгенде ой арқылы дұрыс әсерге бағыттауға септігін тигізеді.
Ең алдымен, «мақал» ұғымын қай халық қалай түсінеді дегенге келсек, бұл сөзге әр елдің берген анықтамасы, оның ұлттық келбетін, таным деңгейін көрсетеді. Шығыс халықтарының түсінігі бойынша: «Мақал – Бабалардың кейінгі ұрпақтарға қалдырған даналық өсиеті». Ал, Батыс елдерінің ұғымында: «Мақал дегеніміз – қанатты, әдемі сөздер». Осының қайсысы тереңірек мәнге ие? Қазақтың ұлттық болмысы мен өмір тәжірибесі тұрғысынан алғанда, Бабалар сөзі, кейінгі ұрпақтарға алдыңғылар өсиет еткен, тәрбие функциясының теория-сы тәрізді нақылдар – адамның жетілуіне, кемелденуіне тұлғалық қалыптасуына игі әсерін тигізер фактор. Демек, даналық сөз өрнектері көркем образды ықшам сөз тіркестері ғана емес, мыңдаған жылдар өтсе де, қасиетін бойы-на сақтаған, философиялық та, филологиялық та, педагогикалық та қуаты зор өсиетнамалық нақылдар.
Көшпенді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақ елі – футуролог болған. Футуролог дегеніміз кім? Future – келешек деген мағынаны білдіреді. Яғни, алдыңғы өміріне қажет құндылықтарды жүйелі түрде нығайтып, жас буынның бойына сіңіру – футурологиялық қасиеттің бірі. Бұл тек әлеуметтану мен педагогика ғылымдарының ғана термині емес. Ол бүкіл ғылым салаларына қатысты. Қазіргі заманда, футурология оқыту процесінде, педагогикада қолданыла ма? Келешекке қажетті мамандықтарды алдын-ала болжап, маңызды кадрларды дайындау ісін де жетілдіруге келгенде осы мәселе басты назарда болуы керек.
Сонымен қазақ елінің әрбір отбасы болашақ батырын, ақынын, зергерін, ұстасын, би-шешенін бала кезінен тәрбиелеуде жан-жақты педагогикалық әдістерді қолданған. Яғни, барлығын келешегі үшін дайындаған. Оған арнайы уақыт бөлмеген. Тәрбиелеу процесі шектеусіз жүріп отырған. Бірнеше күн жырланатын жыр-дастандар, үлкендердің екі сөзінің бірінде қолданатын мақалдар мен мәтелдер жас ұрпақтың ізгі қасиеттерді бойына жиып, аутогогикалық дамуына зор ықпал еткен. Жеке тұлғалық қалыптасу, «өзіндің меннің» игілікті орнығуына ғана емес, қоршаған орта: ата-ана, бауырларына, дос-жарандарына деген баланың ізгілікті қарым-қатынасына әсер етеді. Мақал сөз арқылы үрдістің дұрыс бағытта өрбуіне ықпалы зор.
«Көргенді көгершін әке-шешесінен үш бұтақ төмен қонақтайды».
Бұл мақал Шығыс халықтарының бірталайында сақталған. Мысалы, қазақ пен жапон (хатонисаншинорэйари) халықтарында. Дәл осы мақалды, осы күйінде батыс Европаның бір баласына соның тіліне аударып жеткізсек, екі түрлі раекцияны аңғаруға болады: европалық бала, бұл сөздің мәнін не түсінбеуі мүмкін немесе «Мен неге төмен қонақтауым керек? Тең құқықты заманда өз үлесім бар» дегендей жауап қайтарары анық. Мәселе, жас буынның «шығыстық» немесе «батыстық» болуында емес. Барлық негіз – ұлттық тәрбиеде екендігін осыдан көреміз. Қазақ отбасында дастарханға ас келгенде жасы кішілер қолын бірінші созбайды. Ақсақал мен әже алдымен ауыз тиген соң ғана өзгелер тамаққа қол созады. Үлкендердің жолын сыйлау дәстүрі бүгінгі заманға дейін жеткен. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген нақыл да осыған орайлас.
«Көгершінге» қатысты мақалды жиі қолданатын жапон халқы, мәселен, ер адамды ерекше құрметтейді. Көшеде жүргенде ер адам әйел адамнан сәл ілгері болады. Үйдің төрі – отағасының орны. Осындай ұлттық ұстанымдар қазақ халқында толық сақталмаса да, кейбір сипаттары бар. Ал, Европа жұрттарында әлгіндей үрдісті аңғару қиын.
Қазақта осы нақылға орайлас мәнде қолданылатын «көргенді елдің баласы» деген тамыры терең сөз бар. «Өзіндік мен» кісі бойында мәңгілік болатын қасиет. Ал, «эгоистік мені» басым кісі «көргенді елдің баласы» деген атқа ие бола алмайды. «Көргенді елдің баласы» болу үшін елдік мұратқа, ортақ игілікке «өзіндік менді» бейімдей алған жөн. «Елдің баласы» бола алмаған, данасы да бола алмайды.
«Тау толғатып тышқан тапты» дейді қазақ.
Жұртқа жар салып, жарнамалағанда, тындырғаны шөкімдей де іс болмаса, ондай жанның ортаға берері аз. «Шіріген сабан өзін өзі мақтайды» дегенді айта отырып, біреу мадақтаса дандайсудан, тоқмейілсуден сақтану қажеттігін ескерткен. Бұл мақалды қытай халқы да қолданады. Ал, өзін өзі мақтау – нашарлықтың белгісі. Мақтау естісе кісінің көңілі өсіп қалады. Бірақ көп мақтау адамды аздырады, пенделік күйге түсіреді. Қаламгер Үмбетбай Уайдин: «Адамды құртам десең мақтай бер, мақтай бер, тағы да мақтай бер» деген еді бір сөзінде.
«Көңілі пәктің көрері ақ».
Көңілде кірбің болса, істеген іске зиян тиеді. Арамдықтан ада болса, кісінің өзіне де, келешегіне де жақсылық серік болады. Бұл мақал жан сарайының тазалығын насихаттайды. Қара басының жетістігі үшін өзгелерге зиян ойлайтын пенделердің бар екендігі рас. Бірақ «Аққа Құдай жақ» деген сөзді Бабалар бекер айтпаса керек.
Өмірдің асулары – теңіз толқындары тәрізді аумалы-төкпелі. Тіршіліктің тұтқиылдан соққан желіне төтеп беріп, үйіп берген бағы болса, парасатпен көтеріп, қиындықтың да, жеңілдіктің де уақытша екендігін санасымен түйсінуді бір ауыз сөзбен өсиет етіпті Бабалар:
«Ащының дәмін татпаған тәттінің дәмін білмес», «Жоқтық көрген жетелі». «Терлемеген терең білмес». Көне заман ойшылы Зороастар: «Всегда наслаждаться, значить вовсе не наслаждаться» деген екен. Демек, байлықты да көтеріп тұру үшін, жоқшылықтың қандай болатынын да білген жөн. Үнемі жеңілдің астымен жүретіндер – саналы тіршілікке бейім емес, олар үшін өзгелер еңбек етеді. Бүгінде «дайын асқа тік қасықтар» аз емес. Материалдық байлықтың арқасында ештеңенің қадірін білмей жүргендер көп. Педагогтық тәрбие тұрғысынан алғанда футурологиялық көзқарас осы тұста да керек. «Ертеңгі үш күніңді болжай алсаң бақытыңның жанғаны» – еңбекқорлық, іске деген тиянақтылық, әр нәрсенің қадірін білуге жетелейді.
«Төбеде тұрсаң да танауыңды шүйірме, төменде тұрсаң да тізе бүгіп иілме».
Ұлттың ақыл-ойы тудырған даналық сөздер оның өмір тағдырынан алынған. Ұлттық тәрбие ұлттық қасиеттерді бойға сіңіруді мақсат етіп қана қоймайды, тұлғалық дамудың түрлі факторларын да айқындайды. Тіршілік үнемі қозғалыста болатындықтан, кісіге берілетін қоғамдық статус та белгілі бір мерзімге дейін «өз қызметінде» болады. Сондықтан, «адам қай жаста болса да өзіне берілген міндетті адал атқарып, тура жолдан таймауы қажет деген қағиданы ежелгі қазақ даналық сөзіне түйіпті. Осы тәрізді нақылдар қай заманда болса да, тәрбиелік күшін жоғалтпайды, әруақытта бағыттаушылық функциясында болады.
«Азған ұрпақ арғы тегімен бұлданар».
Ата-тек, тектілік, генетикалық қасиеттер адам өмірінде тұлғалық болмысының қалыптасуына ерекше әсер етеді, оның мәні де терең. Әсіресе, Шығыс халықтары ұлттық салт-санасында тектілік категориясын атам заманда берік орнықтырған. Жеке тұлғалық қасиеттері арқылы кісінің тегін немесе арғы атасын сұрап біліп, өзінің болмысына баға беру – жалғасы үзілмеген үрдіс. Бірақ заманалар ауыс-түйісімен бірге, адамның таным-түсінігі де өзгереді. Кейбіреулер атасының атын пайдаланып, мансапқа ұмтылып, қоғамдық статусын жоғарылатқысы келетін жағдайлар кездеседі. Бұл өзіндік қадірін арттыру емес, тегін төмендету, құнын түсіру болып табылады. Азғындықтың бір белгісі осы. Сонымен қатар, «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас тегіне» дейді. «Өзіндік меннің генетикалық ерекшелігін «Түбіріне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деген нақылдан аңғарамыз. Әр адам тұлғалық даму барысында жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, ізгілік өнерін үйренгенімен де, оның болмысында ата-тектен берілеген қасиеттер сақталады, оны іс-әрекет барысында көруге болады. «Шыққан тегі нашар болса, өз қылығын танытар» деген мәтел осындай ойды түйіндейді.
Мақал-мәтелдердегі «өзіндік менді» бейнелейтін символдар (көгершін, тау, тышқан, т.б.) ұлттық тәрбие астарының өте терең екендігін көрсетеді.
«Қанатты атқа да қамшының артығы болмас» дейді халық даналығы.
Ат қанша қанатты болса да, қамшысыз бағытынан адасуы мүмкін. Патша қандай данагөй болса да, қасында ақыл-кеңес берерлік қарияның болғаны жөн. Тұлғалық даму барысында ішкі өзіндік қасиеттер ғана емес, сыртқы факторлар елеулі рөлде болады. Нақыл сөздегі «қамшы» – сыртқы фактор. Сын есту, тәжірибелі кісінің ақыл-кеңесін тыңдау – жетілуге жан-жақты ықпал ететін факторлар. Алайда, мақал-мәтелдердің тәрбиелік функциясындағы басты бағыт – аутогогикалық даму екендігі рас. Өзін-өзі бақылау, өзіне-өзі іштей баға беру қашанда қажет. «Өзіндік мен» өзін өзі тәрбиелеуге бағытталса, іс-әрекет дұрыс бағытта өрбиді.
Мақал сөзді қолданудағы мақсат – тыңдаушыға өсиет түрінде немесе ескерту, кеңес беру формасында ізгі ықпал ету. Ұлттық тәрбие халықтың өмірлік тәжірибесі берген эстетикалық, этикалық нормалардың жас буынның санасына өшпестей ұялап, оның іс-әрекет дағдысынан айқындалуы мұрат боп орныққан. Атақты педагог К.Д.Ушинский: «Халықтық тәрбиенің тәжірибесінен тыс жерде педагогика да, педагог та жоқ» деген еді. Ал, осы тәжірибе халық өмірінің бүкіл саласын: материалдық та, рухани да құндылықтарын қамтиды.
«Себебін атадан ізде, салдарын баладан ізде».
Мақал-мәтелдердегі ұлттық тәрбиенің рөлі және «өзіндік меннің» игі бағытта дамуына әсер ету факторы тұрғысынан қарағанда, әдет-дағды, іс-әрекет, ойлау жүйесіне ата-тектің қан арқылы берілген қасиеттері зор ықпал етеді. Кісі өздігінен адам болып қалыптаспайды. Өзін-өзі іштей тәрбиелеумен қоса отбасында көрген өнегенің тұлғалық болмысқа ықпалы айрықша екендігі белгілі. Қателік жасаса, кісінің өз кемшілігі. Ал, адами болмыс ата-анадан даритын қасиеттермен толысады. Ақкөңіл әке-шешеден жан сарайы таза баланың туылатыны секілді тұқымында біреу сараң болса, ұрпағына оның міндетті түрде жұғатыны белгілі.
Адамның парасат болмысының толысуы өзін-өзі тәрбиелеу барысында жүзеге асатын процесс. Нақыл сөздерді жиі естігенде, құлақ арқылы санаға бекіп, ізгі қасиеттердің адам бойында жетілуіне түрткі болады. Сонымен қатар, мақал-мәтелдер өмірлік қағида ретінде ой-жүйеде жатталады да, іс-әрекет сәтінде, белгілі бір ситуацияда игі қадам жасауға себін тигізері мәлім. Шынайы ұлттық тәрбиедегі рухани тағылымды мәңгіге жалғастырушы даналықтың негізі – осы мақал-мәтелдер болғандықтан, қазіргі педагогикалық процесс барысында да, отбасы жағдайында да нақыл сөздерді қолдану қажет. Түпкі мәнін талдап-түсіндіру ісін де қолға алған жөн.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.