Жақсы қойылымға жарнаманы көрерменнің өзі жасайды

Еліміздің батысында ұлан-ғайыр шексіз-шетсіз кеңістікті еркін жайлаған Маңғыстау дейтін өлке бар. Маңғыстауда бір де бір өзен де, көл де жоқ, бірақ Қазақстанның маңдайына біткен жалғыз теңіз – Каспий бар. Маңғыстауда бір де бір тау жоқ, бірақ оның есесіне теңіз деңгейімен салыстырғанда ең терең ойпат – Қарақия бар. Маңғыстауда бір де бір орман жоқ, бірақ Қазақстан түгілі дүниежүзінде кездеспейтін, жүздеген шақырымға созылған теп-тегіс Үстірт дейтін жазық бар. Сол Маңғыстауда облыстағы жалғыз әрі ерекше театр – әйгілі актер Нұрмұқан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры бар. Театрда директорын «Әке» дейтін жас актерлар бар, иіліп сәлем салатын келіндер бар. Жуырда Алматыда осы өнер ошағының гастрольдік сапары өтті. Спектакльдер арасында театрдың бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрнияз Мұқанов ағамызбен сұхбаттасқан едік.
– Нұрнияз Мұқанұлы, бүгінде Ақтау театры жас та болса өзінің жаңашылдығы-мен, жан-жақтылығымен облыстық театрлар арасынан суырылып шыққан жасампаз өнер ордасы саналады. Жалпы театр алғашқы қадамын қалай бастаған еді?
– 2001 жылы Маңғыстауда Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен жастардың республикалық форумы болды. Сонда біздің өнерге жақын бір қызымыз Елбасыға: «Театры жоқ жалғыз облыспыз, театр ашуға көмектесіңізші» деген өтініш айтты. Ол кезде облыс әкімі Л.Қиынов болатын, мемлекет басшысы өнер ошағын ашуға тікелей тапсырма берді. Сөйтіп Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен Ақтау қаласында 2003 жылы 21 наурызда театр ашылды. Мен ол уақытта облыстық мәдениет басқармасының басшысы едім, театрға ғимарат іздеп, Кеңес кезінен сақалды құрылыс болып тоқтап тұрған кинотеатрды ыңғайлап алдық. Одан кадр жинау үшін Алматыдағы Т.Жүргенов академиясына өзім келіп, 2-3 курста оқитын 30 шәкіртті таңдап алдым. Ақтаудан режиссер жіберіп, осында алғашқы қойылымды дайындадық. Маңғыстаудың 100-ге жуық қыз-жігітінің арасында кастинг ұйымдастырып, 20 баланы іріктеп алдық. Олардың 10-ы актер, қалғаны техникалық қызметкер, сахна гримдеушісі, дыбыс, жарық қызметкері, барлығын қысқа курс-тарда оқыттық.
Театрдың алғашқы қойылымы – Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклі. Театр шымылдығын осы қойылыммен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ түлегі ашты. «Қыз Жібек» спектаклінің керек-жарағы, костюмдері барлығы Алматыда әзірленді. Режиссерді де көп іздедім, бізге тұрақты маман керек еді. Содан Көкшетаудың облыстық театрынан Гүлсина Мерғалиеваны шақырдық. Бүгінде ол ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының және «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының иегері. Театр ашылғалы табан аудармастан қажырлы еңбек етіп келеді.
Жаңа ұжымға 2006 жылы Қазақ КСР-нің халық артисі, әйгілі актер Нұрмұқан Жантөриннің есімі берілді. Қазір театрымыз аяғынан нық тұрды. Өнер ұжымдары арасында абыройлы, өз көрерменіміз бар. Театр сахнасында ұлттық кино және театр өнерінің жарық жұлдыздары Н.Жантөриннің, А.Әшімовтың шығармашылық болмыстарын, қазақ театр өнерінің жетістіктерін насихаттау, еліміздегі және көршілес мемлекеттердегі әріптестермен кәсіби байланыстарды нығайту мақсатында бірнеше республикалық және Каспий жағалауы елдерінің халықаралық театр фестивалдері табысты өтті. Құрамында 200-ге жуық қызметкері бар шығармашылық ұжым осы жылдар ішінде үш Халықаралық және бір республикалық театр фестивалінің бас жүлдесін, бірнеше рет атаулы сыйлықтар иеленді. Өңірдегі жалғыз кәсіби театр болғандықтан, бес бағытта бірдей: балалар, жасөспірімдер, музыка, драма, орыс труппасы көрерменге қызмет көрсетеді.
– Театр қойылымдарының үнемі көрерменге толы болуының сыры неде?
– Оның сыры біздің әрбір қойылымға кәсіби тұрғыдан ғана емес, көрерменнің көзімен қарауға тырысатынымыздан болар. Мәселен, мен А.Цагарелидің «Ханума» спектаклін халыққа терең ой тастайтын, тәлім тәрбие беретін қойылым дей алмаймын. Бірақ, актерлардың қарым-қабілетін көрсету үшін ол да керек. Мұнда ән де бар, би де бар. Қазіргі көрермен шоуды жақсы көреді ғой, сондықтан біздің қыз-жігіттердің әнді де айтып, биді де билеп, шоу жасай алатынын көрсеткіміз келді. Бұл көп адам қатысатын спектакль, қырық шақты актер ойнайды.
Менің басшы ретінде актерларға қоятын талабым – көрерменді алдамау. Өйткені бір рет жасандылық байқады ма, ол енді театрға аттап баспайды. Ал алдамау үшін актердің жаны таза болуы керек. Меніңше, біздің қойылымдарда үнемі аншлаг болуының себебі осында – актерлардың шынайы ойнауында. Еркін ойна, ойының өмірдегідей болуы керек деймін. Сонда көрермен сенеді, сезеді. Жалпы көрерменді кішкентай кезінен тәрбиелеу керек. Қазір көпшілік кітап оқи бермейді, ал бір қойылымда бір романды көзіңмен көріп, құлағыңмен естіп, жаныңмен сезінесің, мәңгілік жадыңда қалады. Театрдың ерекшелігі де осында.


– Сізді жас актерлар «әке» дейді екен. Бір отбасындай тату-тәтті театр ұжымының тағы қандай дәстүрі бар?
– Актерларымыз театрды жан-тәнімен сүйеді, тәртіпке бас иеді. Мені әке дейтіні рас, келіндердің бәрі сәлем салады. Жыл сайын жазғы демалыс кезінде бүкіл ұжымымызбен 362 әулиелі Маңғыстаудың киелі жерлерін аралап, сол жердің тарихымен, шежіресімен танысу дәстүрімізге айналған. 14 наурыз – көрісу күні жастар түгелдей үлкендерге сәлем беріп шығады, Наурыз мерекесін солай бастаймыз. Сол татулықтың, бауырмашылдық пен жанашырлықтың арқасы болар, жас актерлар театрды тастап кетпейді.
Ақылды, талантты ұл-қыздарымыз көп. Оларға үнемі ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Біріншіден, қандай жұмыс болса да мұны мен істемей кім істейді деп істеу керек, екіншіден, ол өз мамандығын сүйген адамның ғана қолынан келеді, үшіншіден, әрине талмай еңбек ету керек. «Бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек» деген рас сөз. Жүрдім-бардым жұмыстан еш нәтиже шықпайды, талант содан құриды. Сондықтан тынбай ізденіс керек деп айтып отырамын. Тағы бір маңыздысы, басшы қызметкерлерді алаламауы керек. Бұл менің ұстанымым.
– Гастроль кезінде көрсетілген «Әлиханның аманаты» деген қойылым көп-шіліктің көзіне жас алғызды, жұртшылық ерекше әсермен қайтты. Алматының талғампаз көрерменінің көңілінен шыққан бұл спектакльдердің ерекшелігі неде?
– Театр репертуарында әлемдік классиктер Шекспир, Мольер, А.Чехов туындыларымен қатар ТМД елдерінің драматургтерінің, өзіміз-дің М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев және басқа авторлардың қойылымдары басты орын алады. Жергілікті авторларға келсек, Сайын Назарбекпен бірлесіп жазған «Ант» атты спектакліміз театрдың үздік қойылымдарының бірі.
Өнерді бағалай білетін алматылық көрерменге төрт бірдей ең үздік спектаклімізді алып келдік. Барлығы өзіндік ерекшелікке сай жаңаша бағытта қойылған. Айталық, Г.Гориннің «Атың өшсін» трагифарсы өте астарлы дүние. Герострат деген ежелгі гректің Артемида храмын өртеп, аты шыққан кейіпкер. «Атың шықпаса жер өрте» дегендей, оны эфестіктер жазаға тартып, ешқашан атын ауызға алмауға ұйғарған. Сонда да Геростраттың есімі кейінгі ұрпаққа теріс мағынасында болса да жетті. Бұл тақырып қазіргі заманда да өзекті. «Сатылмайтын адам жоқ, бәрі сатылады» дейді Герострат. Ол тіпті түрмеде жатып та керек адамын сатып алады. Бұл барлық елде бұрын да болған, әлі де бар.
«Әлиханның аманаты» атты спектакль ең үздік қойылымның бірі. Кешегі Алаш арыс-тарын атуға әкетіп бара жатқан көрініс бүкіл халықты толқытты, жылатты. «Арыстарымызды жерлеп келіп отырғандаймын» депті бір көрерменіміз үйіне барғанда. Бұл актерлардың ойынына берілген баға деп қабылдаймыз.
Жаңа, жас театр болғандықтан үнемі жаңалыққа ұмтыламыз. Байқауымша, қазір көгілдір экрандағы бағдарламаларда батыстан келген леп басым. Біздің театрдың ерекшелігі, сол жаңа лепке өз қолтаңбамызды қосып, байытып беруімізде болар. Ол Маңғыстау халқының театрға деген ерекше ықыласынан-ақ байқалады. Жақсы қойылымға жарнаманы көрерменнің өзі жасайды.
– Театр қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы әдетте тасада қалатыны жасырын емес. Бұл жағынан Маңғыстау театры көш ілгері екен. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?
– Біздің театрдың бір де бір қызметкері пәтерсіз емес, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көңіл көншітерліктей. Әрине, жалақы басқа театр ұжымдарымен бірдей, бірақ театр басшылығының жеке ізденісінің арқасында актерлардың табысы жақсы. Кез келген өнер ошағының басшысы өз қызметкерлерінің тұрмыс жағдайын жақсартуға барынша атсалысуы керек деп есептеймін. Әзірге біздің театрдың арнайы ғимараты болмағандықтан, грим, костюмдер, декорация, бутафорлық цехтар, киім цехы, репетиция залы жоқ. Алдағы уақытта осы мәселе шешімін табады деген ойдамыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Театрдың көрермені көп болсын!

Сұхбаттасқан
Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.