Жел тигізбей жүздеріне жүрсем ғой…

Динара Мәлік

1988 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Бірнеше жыр жинақтарының авторы. «Үркер – Үміт» бәйгесінің жеңімпазы. Республикалық бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері. «Дарын» мемлекеттік сый-лығының иегері.

…Ойдың да орманы бар,
Уақыттың шындығы мен жалғаны бар.
Жеріңнің әрбір гүлін аялап өс,
Тамырында Анаңның арманы бар!

Автор

***
Ұлым!
Сен бар кезде өзге мұңға оранып,
Жүрегіңнен кеттім бе екен жоғалып.
Қарызымды Құдай ғана біледі,
Парызымды сезіндіріп аналық.

Тоғыз ай, күн, жүрегіме түнетіп,
Тәңір сені берді маған тірі етіп!
Меніменен сен де өлең жаздың-ау,
Меніменен бірге кейде дір етіп…

Бағалауға жетер ме екен бұл күшім,
Періштенің естідім-ау күлкісін!
Мен бақытты іздемеймін ешқашан,
Құшағымнан күнде көрем түр-түсін.

Ең биіктен, ең биіктен жанатын,
Жұлдызың бар жанарыңа қонатын.
Сәл мұңайсам, емдеп жібер күлкіңмен,
Күндерім жоқ, сағынусыз қалатын!

Пендеден де періштелер жаралып,
Уақытпенен жақұттар тұр қаланып.
Бір бөлмеме құйылады бар бақыт.
Құлынымның табанынан таралып…

Құрсағымнан қайғымды бір ұғынған,
Өзің едің мендегі бар ғұмырлы-ән…
Адаммын ғой, ақылыңды қи маған,
Қымсынамын сен оқитын жырымнан!

***

Маңдайыңды келіп сүйгізу үшін,
Жете алмай әзер талпындың.
Мен саған өмір сүргізу үшін,
Күннің нұрына ұмтылдым!

Моншақтай мөлдір көзіңнен сүйдім,
Ғұмырыма менің байланған.
Ғажаптың бәрін өзіңнен көрдім,
Меншігіме ғана айналған.

Алақаныма сиған табаныңнан сүйдім,
Бір-бірін құшты қос бақыт.
Жүрегімдегі қаламымды қидым,
Саусақтарыңа ұстатып.

Мейірімдім-ау, кешірімдім менің,
(Өсесің білем ер болып!)
Мен сенің құйттай бесігіңдемін,
Сүйенем бірге тербеліп…

Шаттанып мұңнан тайғанайықшы,
Демеймін енді күнім-күз.
Ертеңді мүлде ойламайықшы…
Бақыттымыз ғой бүгін біз…

***

Көгершін-ау, бүлкілдеген тамағы,
Мынау тағдыр қайда ұзап барады…
Жем іздеген тіршілікпін мен де бір,
Болмайды ма жүректердің қалауы…

Есеюге Өлең бе екен асыққан,
Есеюге Өмір ме екен жасытқан.
Сөмкемдегі түйір дəнім таусылып,
Мен өзіңді бақылаймын алыстан…

Түймедейін көздеріңе түйреліп,
Түрлі өмір жатқан шығар иленіп.
Бейбіт Əлем нұрын төге салса ғой,
Жердің үсті бір ғажайып күйге еніп.

Күн сəулесін көпсініп те аласың,
Қанатыңды əлсін-əлсін қағасың.
Секем алып селт еттің ғой сеземін,
Сен де бəлкім бір «сəбиге» анасың.

Өзімде үйде қос көгершін қонақтап,
Отырады ошағымда алақтап.
Жел тигізбей жүздеріне жүрсем ғой,
Тонар болсаң, дүние мені тонап бақ.

Аңсағаны болар бір күн құлдың да,
Шөлім қанып жүре бермес бұл-мұңға.
Жылап жүрмей, жырлап өтсем деп едім,
Құлап кетпей тұрған кезде құрдымға!

***

Мешітте тәубенің таңдары,
Тірліктің белгісіз ар жағы…
Қара жер қойнында ериді,
Пенденің қар-жаны…

Жанымның көгершін құстары,
Белгісіз қай кезде ұшқаны.
Қона алмай жүр ме екен бақтарға,
Жібермей жүр ме екен аспаны?…

Далада бүріскен тағдырлар,
(Балаға тән емес бір мұң бар…)
Ақпаным аялдап көп тұрды,
Ажалдың қақпаны кімді ұрлар?!

Таудан да тәкәппар көрінген,
Ақын да көшеді-ау өмірден.
Фариза-поэзиям жоқ енді…
Көре алмай көп жүрмін өңімнен.

Іздедім, салтанат кештерден,
Адам боп жүруші ем ес білген.
Өмірді ертегі деп ойлап,
Ертегі емесін кеш білгем.

Үйімде үміттің жырлары,
Байқалмай қалады мұң бары…
Ауаны нұрменен сөйлеткен,
Бұл үйдің кішкентай ұлдары!

Анасы біртүрлі күйге еніп,
Жүрегін іздейді түнге еріп.
…Мен осы бақытты шығармын,
Армандап алған соң үйреніп.

Тектілік туралы

Ұрпақтың тектілігі –
Әйелдің жатырында.
Баламның бектілігі –
Әкенің ақылында.
Заманның зары мынау –
Ірі едік, майдаландық.
Сөз сүйер ақыным-ау,
Қазақ-дос қайда қалдық?
Жігіттер мігіт болды,
Жоқ, мінез, шымырлық та.
Тектілік ұмыт болды,
Епті боп туылдық па?
Тарихтың таңбасындай,
Ер-ұлдың ұнтағы едік.
Жақсының жалғасындай,
Заты әйел ұрпағы едік.
Өктемдік өрлігі жоқ,
Аяймын жігітті кей.
Еркектік ерлігі жоқ,
Ол жайлы үмітті үрей…
Тіріліп батыр бабам,
Көрсең ғой мына жайды.
Жігерсіз жатыр ғалам,
Жүрегі жыламайды…
Еһ, қайран қасиетім,
Тірілші, өлеңдерде!
Еркекке бас иетін,
Азайды-ау, әйелдер де…
Ұрпақтың тектілігі –
Әйелдің жатырында.
Баламның бектілігі –
Әкенің ақылында.

Ана сөзі

Қызым менің, көңілімнің көктемі,
Сен күнімсің, таудан биік көктегі.
Қыздың жолы… қыздың жолы жіңішке,
Қыз-ғұмырдың дәурені де өтпелі.

Қыз-ғұмырдың қуанышты келтесін,
Бақыт етіп, келер күнге ертесің.
Жасқа толған жанарымды гүлім-ау,
Балдай тәтті күлкіңменен сүртесің.

Жан-жүрегім, үмітім-ау, серігім,
Көз алдымда еркелеші елігім.
Өзге түгіл, өзімнен де қызғанам,
Өзге жұртқа қияды екен сені кім?

Тағдырымның тамшы нұры, ардағым,
Өмір саған сездірмесе салмағын.
Бойыңдағы иманыңды сақтай біл,
Шебер-Алла берер деймін қалғанын.

Мен өзіңнен қарағым, бақ табамын,
Ала жібін кісінің аттамағын.
Сақтай білсең әкенің аманатын,
Анаңның адал сүтін ақтағаның.

***
Пендеге керектің бәрі бар,
Әйелмін, баласы, жары бар!
Адам боп жүремін ақылды,
Жан екем жалғанда бағы бар.

Бақытты болуға талпынып,
Ешқашан болмады жарты-үміт.
Түн сайын тілеймін тыныштық,
Күн сайын атады таң күліп.

Қуантқым келеді барлығын,
Өзім боп күледі әр күнім.
Құдай-ау,
Қалайша жүре алам,
Жүректің тыңдамай жарлығын?

Жүректің мазасыз шақтары,
Жанымды өртейді оттары.
Сенгісіз сезімдер бар онда,
Белгісіз қай кезде тоқтары!

***
Тірлік деген таразысы-ау Тəңірдің,
Сəттер сайын сынағында жаңылдым…
Ақша бұлттай ақ көйлегім желбіреп,
Арманыма сенер күнді сағындым.
Жанұшырып жанның даусын тыңдамай,
Бұрынғыдай мұңның жүгін жырламай…
Алақандай ауылыма тығылып…
Кеткім келмей жүр ғой əлі бұл қалай?
Туған үйден қай сырымды жасырам,
Бала-күннің иығына асылам.
…Ас үй жақтан күбірлейді жеңешем,
«Не жетпей жүр…дейді ме əлде осыған?»
Əжемнің де əжімдері ақылды:
Тым байыппен жанына ыммен шақырды.
Таныс мейірім…алыс неге құдай-ау…
Қызын емес құшқандай бір ақынды!
Ой күзетіп, шешем отыр көңілсіз,
Үш күн болды…мен келгелі əлі үнсіз…
Күбірлесем жаутаңдайды сыр бермей,
Бір əңгіме айтар дей ме жағымсыз…
Қалай кетем, туған үйге шертілмей,
Көз жасым да сырғып түсті-ау іркілмей…
Бұрымымдай қалғаны ма қиылып,
Қыз- ғұмырым біткені ме бір күндей…
Бара жаттым сұр қалаға аттанып,
«Қыз – қонақ ғой» – деген сөзге тоқталып.
Бүтін бақыт көлбеңдейді алыстан,
Ұмтыламын жоғалуға шақ қалып…
Тұман мұңдар таусылмастай көрініп,
Телефонда… саусағым тұр ілініп.
«Ошағыңның тыныштығын сақта» – деп,
Арғы жақтан анам тұрды егіліп…

P:S
Бәлкім… бəлкім мейірімге шөлдедім…
(Əйел қашан таға алады ерге мін? )
Қала сенің қорғансыздау пендең ем…
Қандай жақсы тым есейіп келгенім…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.