Алаштан ән оздырған

Тағдырдың
жазуымен өмірден тым ерте кеткен, десе де ән әлемінде ғасырда бір келетін ғажап өнер иесі ретінде артына орны толмас із қалдырған әнші,
әрі жазушы
Жәнібек Кәрменов биыл көзі тірі болғанда мерейлі
70 жасқа толар
еді…

Жәнібек Кәрменов Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті және Алматы эстрада-цирк өнері студиясының әншілік бөлімін (педагогы Ж.Елебеков) бітірген. Санаулы ғұмырында «Өнер» баспасында редактор, Алматы мемлекеттік консерваториясында халық әндері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Қазақтың халық әншілері мен әншілік дәстүр жайлы ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбекпен бірлесіп, Қазақ радиосы мен телевизия арқылы «Асыл мұра» телехабарлар циклін ұйымдастырды, ол хабар «Қазақстан» теледидарының алтын қорында әлі күнге сақтаулы. Аталған хабарды жүргізу барасында өзіндік ән орындаушылығымен көзге түсіп, көптеген халық композиторларының шығармашылығы мен мұрасын насихаттап, ұмытыла бастаған әндерді қайта қалпына келтіруде зор үлес қосты. Ол – Ақтамберді, Бұқар жырау, Шәкәрім шығармаларын алғашқы орындаушы. «Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» секілді еңбектері оның өнерге деген өлшеусіз махаббатының шексіз куәсі.


Жуырда Алматы қаласының Ұлттық кітапханасы мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бірігуімен Жәнібек Кәрменовтың 70 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Оған таңғажайып талант иесінің өнерін бағалаған белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар және өнер иесінің отбасы қатысты. Ұлтымыздың дәстүрлі ән өнерінің қазіргі таңдағы кенжелеп қалған қадыр-қасиетін ертеден болжап, салмақты ой мен саналы пікір айтқан Жәнібек Кәрменовті «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры, ғалым Берік Жүсіп қазақ әнінің жанашыры, дәстүрлі өнердің абызы ретінде таниды: «Жәкеңнің өскен ортасы, туған топырағы бұл қасиетті Абайды дүниеге алып келген, Абай өскен орта, Абайды қалыптастырған топырақ. Абайдың айналасы бұл Жәнібек Кәрменовтың қаламгерлігіне де, әншілігіне де әсер етті. Жәнібек ағаның еңбектерін оқып отырған уақытта қазақ дәстүрлі ән өнерінің 80-жылдардан бастап ұршығынан 180 градусқа бұрылып, өзінің мүлдем тың серпінді жаңа бағытын іздей бастағанына куә боламыз. Жәкеңнің сыншылық мақалаларында әншілерге берген бағасы, сыны 80-жылдардан бастап, бүгін, міне, XXI ғасырдың табалдырығына қандай жағдайда жетіп жығылғанын, дәстүрлі ән өнерін кәдімгі абыздай айтып, көрегендей болжап кеткен мәселелерді көреміз. Әнді ақылмен, парасатпен айту, ой көзінің елегінен өткізу деген мәселені үнемі қайталап отырады. Бұл кісі жалпы дәстүрлі ән өнерінің сахналық сипат алып, ақыл ой көзі деген мәселенің екінші планда қала беретіндігін осыдан 30-40 жыл бұрын қайта-қайта қадап айтып отырған».
Ұлттық дәстүрдің насихатшысы Жәнібек Кәрменов туралы жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Оның репертуарында дайын-дықсыз, мүдірмей айта алатын 300-дей ән болатын» деуінің өзі өнер иесінің бабалар мұрасын қаншалықты асылдың сынығындай қадірлей білгенін көрсетсе керек. Әттеген-айы, оның орындауындағы көптеген әндер бүгінгі күнге жетпеді. Дәстүрлі әнші Еркін Шүкімән Ж.Кәрменовтың артында қалған мұрасы жайлы: «Алаштан ән оздырған Жәкеңнің 70 жылдығына арналған көтеген іс-шаралар Қазақстан бойынша өтіп жатыр. Жәнібек ағамызды маған көру жазбаған екен. Бірақ көрмеген кешегі Әміренің дауысы сақталды. Біз көрмеген Жүсекеңнің дауысы сақталды. Жәкеңдердің дауысы, Қали Қосымжандардың дауысы сақтаулы. Солардың әндерін тыңдап отырып, барлығын өзіме ұстаз еттім. Енді бұдан кейін бір кітаптық дүниелер табылады. Жәкеңнің әндерінің жинағы, оның әншілігін, орындаушылығын ғылыммен ұштастыру жөнінде әңгіме қозғалып жатыр. Ол дүниені қолға алғанбыз. Қазір монография жазылу үстінде. Осыған байланысты Жәкеңнің қазақ радиосынан бөлек, 18-20 ғана әндері бар екен. Одан бөлек өте көп әндер таптық біз ел арасынан. Тіпті, анау Шолаққорғаннан Жәкеңнің орындауындағы әндер табылды. Балқаш жақтан, Семейден әндері табылды. Қарауылға барып келдік. Сол жерден екі касета табылды. Маған Амангелді Ермегияев ағам диск берді. Онда тіптен сіздер естімеген әндер бар», – деп әншінің мұрасы зерттелу үстінде екенін айтып өтті.
Қазақ әнінің қадірін асқақтатқан Жәнібек Кәрменовтың талайларды таң қалдырған тағы бір ерекшелігі – қара сөзде алдына қамшы салдырмайтын шешендігі болса керек. Оның әуелі әні мен көсемсөзге құмарлығы айналасындағы жұртшылықты өзіне бірден назар аудартты.
Ақын, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин Жәнібек Кәрменов туралы естігенде арнайы іздеп барғанын, оның болмысы мен сипаты сол кезде бірден ерекше әсер қалдырғанын айтады:«Жәнібек сөз сөйлеген кезде бойындағы тұнып тұрған, қызыл кітапқа еніп бара жатқан шешендік өнер мен көсемдік сөздің қатар ойында жүретіні бұл өте сирек қасиет. Шешен сөзімен кез келген топты тоқтата білетін көсем мінезі бар тұлға болатын. Әннің сыртында оның өзінің үлкен тұлғалық қасиеттері байқалады. Жәнібек әнді айтатын жерін білетін, тоқтайтын, тоқтататын жерін білетін,» – деп тебірене еке алады.
Қамшының сабындай ғұмырында ғасырға татырлық мұра қалдырған әке бейнесі Шаһ-Керім Жәнібекұлының есінде мәңгілік тау тұлғадай сақталған. «Әкем туралы журналистер көп сұхбат алады. Әкеңнің кенжесісің, қандай болып есіңде қалды деп сұрайды. Екі жасар баланың есінде не қалсын? Кезінде тек қана түс, елес ретінде ғана есте қалды. Бірақ бүгін әкем тіріліп келгендей болып отырмын. Әке елес болып қалғаннан кейін болмысын жинақтайсың. Көз көргендердің айтқан естеліктерінен сипаттама аласың. Содан кейін қолжазбаларын оқисың. Өзінің ойы қандай болған еді, қандай мәселе толғандырған еді деп. Содан әкенің образын шығарып, соны үлгі тұтасың. Бәріміздің баратын жеріміз біреу ғана. Бірақ мен әкемді бақытты жан деп есептеймін. Өйткені, өзі өмірден озғалы 27 жыл өтсе де, шаңырағының отын сөндірмей отырған және де мұрасын жинап 4 томдық кітап етіп шығарып отырған адал жары, біздің Анамыз бар. Ізін жалғастырар өнерге, дәстүрге деген ерекше көңілмен жанын беріп, елін жақсы көретін шәкірттерді тәрбиеледі. Әлі күнге дейін халқымен жүрегі соғып келе жатыр. Ең бастысы адам болып келіп өмірге адам болып өтті. Әкемнің бастаған ісі жалғасын табуда. Шәкірттері атын өшірмейді деп ойлаймын. Алғыстан басқа айтарым жоқ», – деді дәстүрлі әншінің сүт кенжесі Шаһ-Керім Кәрменов.
Киелі өнерді қадірлеп бабалар аманатына адал болған абзал жан Жәнібек Кәрменовтың еске алу кешінде оның небәрі 43 жыл ғұмырында артына қалдырған мол рухани мұрасынан құндақталған 4 томдық кітабының тұсаукесері өтті. Оған кейіпкердің мақалалары, өлең және ой-толғаулары, сұхбаттары, телехабарларға әзірлеген сценарийлері, бұрын жарияланған әңгімелері мен повестері, сондай-ақ, баспа бетін көрмеген, аяқталмай қалған шығармалары және ол туралы жазылған естеліктер топтастырыл-ған. Жәнібек Кәрменовтың жары Тоты Тұрсынханова жинақты шығаруға белсене аталысып, зор үлес қосқан Берік Мырзалыұлына қазақтың «орамал тон болмайды, жол болады» деген ырымымен қалам сыйға тартты.

Гауһар Түстікбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.