Мейірімге іңкәр дүние

Айзат Рақыш
Жазушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Алтын тобылғы» әдеби бәйгесінің 2018 жылғы жеңімпазы. Қаламгер 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Жиделі ауылында дүниеге келген. 2006 жылы жазушы Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ филологиясы факультетін тәмамдаған. Бүгінде қаламгер «Өлгендер қайтып келеді» және «Мұз үстіндегі қызғалдақ» атты қос прозалық жинақтың авторы.

«Адам нәсілін жер бетінде баянды етіп тұрған
бірден-бір күш – мейірім мен рақым ғана.»

Әбіш Кекілбаев

Жұмыс бөлмесінен шыққан бастығын көріп, Інжу де жинала бастады. Нысанбек ыңырана қозғалып, мұның жанына жақын келді.
– Сағат кешкі жетіні соғып тұр. Бәлкім, үйіңе апарып салармын, – деп қолқалады.
– Жоқ, аға, өзім жетіп аламын.
– Інжу, байқап жүрмін, күннен-күнге құлпырып барасың.
– Рахмет, аға.
– Мені өлтіретін де осы аға деген сөзің ғой. – Нысанбектің мына сөзін қалай түсінерін білмей абдырап тұрғанда, ол күліп жіберді.
– Ресми түрде бастығың болсам да, мырза демей аға дейтініңді айтам. Жарайды, аға болайын. Онда ағаңның бір ақылы бар саған айтар.
– Құлағым сізде. – Інжу бұл әңгіменің тезірек аяқталуын тілеп, кетуге асығып тұр.
– Өткенде туған күніңде жасыңды сұрап едім, айтпадың. Құжатыңнан қарасам отызға толыпсың. Отбасын да құрмапсың. Енді бір бес-алты жылдан соң жан-жағыңа жалтақтаған, жалғыздықпен ауылдас қонған нағыз кәрі қызға айналасың.
– Тоқетерін айтыңызшы, аға. – Інжу бастығының жеке басын сөз еткенін ашық жақтырмай, тік қарады.
– Ақыры күйеуге шықпайды екенсің, онда өзің үшін туып ал. Ағалық ақылым осы! – Мына сөз Інжуге тұла бойын тоқ ұрғандай сезілді. «Өзің үшін туып ал» деген төрт сөз қарғыс шынжырындай болып құлағында тұрып қалды. Қыз бастығын итере-митере шығар есікке беттеді. Нысанбек оның соңынан мырс-мырс күлген күйі қарап тұрып, «отызға келсе де, құлын мүсінінде мін жоқ өзінің» деп бір тамсанды.
Інжу тысқа атып шыққанда, кешкі мезгілде тіптен қарбалас болып кететін Алматы көшелерінде шамдар жарқырап тұрды. Алайда адымдай басқан қыз бұл құйылған жарықты сезбеді. Көз алды тұманданып, безілдеп жүре берді. Бұрын әлгі бір лағнет сөзді сыртынан айтқандарын естіген. Көзін бақырайтып қойып, «ақылым осы» деген жағдай бірінші рет басынан өтіп тұр. «А, Құдай, бұл қай қорлығың? Шынайы махаббатты күтумен өмір өткізгенім үшін айыптымын ба? Ақ махаббаттан үмітімді үзейін бе? Көлденең көк аттыға «өзім үшін туғым келеді» деп тәлімсиін бе? Жо-жоқ! Жоқ!» Жүрек түкпірінде жанайғайы құйын болып көтерілген Інжу көшедегі жүргіншілерді қағып өтіп, қарыштай басты. Желдей есіп жүгірсе, мына қорлық пен мазақтан құтылатындай көрініп, бүлкектей жөнелді. Екпіндеп барып, біреуге соқтығысып тоқтады.
– Қайда асықтың, қызым? – деді қоңыр үн.
– Жазмыштан қашып барамын, – деді қыз алқынып.
– Жазмыштан озмыш жоқ қой, қызым, –деді әлгі қоңыр үн күңіреніп.
– Жоқ, құтылам. Әлдекім жазып қойыпты-мыс деген сол шимайды түзетем! – деп қыз жұлқына беріп еді, дауыс иесі оп-оңай құлап түсті. Інжу қапелімде өзінің екпінінен құлаған болар деп абыржи қоймады. Әйтсе де ол жерден көтерілер емес.
– Тұрсаңызшы. Сізге не болды? – деп Інжу енді оның жүзін өзіне қаратты. Жұмылуға жақын қалған жанар сыр жолдап үлгерді. Аласы көп қой көзден торығу, түңілу, үміт үзу тәрізді сезімдердің аласапыран арпалысын қапысыз сезген қыз оны демей берді. Өзіндей торыққан бір жанға сүйеніш болғысы келді. Жан дәрмен сөмкесінен қалта телефонын іздеді. Қас қылғанда оны таба алмады. Көшеде еңгезердей адам сұлап жатса да, көмекке ұмтылуға асыққан ешкім көрінбеді. Інжу жан ұшырып, бір жүргіншіні тоқтатты.
– Телефоныңызды беріңізші, «Жедел жәрдемге» қоңырау шалайын, – деп шыр-шыр етті.
– Ішіп алғаннан саумысың өзі? – деген бейтаныс адам сыдыртып өте берді.
– Бойжеткен, телефоныңды қолдануға рұқсат етші.
– Телефонымды алып қаша жөнелсең қайтемін? Ары жүр, – деп жас қыз зірк ете қалды. Інжу енді айғайға басты.
– Құдай-ау, сендер адамсыңдар ма өзі? Мына кісі есінен танып құлады. Ауруханаға жеткізуім керек!
– Есінен алжасқан, – деп екі жас жігіт бұны маскүнемге балап, күле қарап өте берді. Құлағына наушник тағып алып, бүкіл әлемнен бөлектеніп, өз күйіне өзі риза қалыпта келе жатқан бір қызды ақыры бөгеді. Ол құлағынан антұрған жібін суырып, мән-жайға қанығам дегенше, Інжудің жаны шығып кете жаздады.
– Ағам жүрек талмасына ұшырады. «Жедел жәрдем» шақыр! – деп өктем сөйледі. Шашын әр түске түрлендіре бояған жас қыз «Жедел жәрдемге» қоңырау шалды-ау ақыры. «Жедел жәрдем» көлігі қиқулата жеткенше, Інжу табан астында кескен теректей сұлап түскен бейтаныс ер адамның жанынан кете алмады. Бұл кезде адам қарасы да көбейіп қалған-ды. Бірақ олардың көптігін қайтсін, қолдарынан дәрмен келмеді. Көліктен секіріп түскен мейірбике ер адамға төне қарап, оның басын сүйеп, қолын уқалап отырған Інжуге бір қарады.
– Қандай мекенжай бойынша тіркелген? – деді сосын аспай-саспай.
– Адам, адам қиналып жатса, сіз әлдеқандай қағаз сұрап тұрсыз! Жүрсеңізші енді бір ауруханаға! – Інжудің құлындағы даусы құраққа шықты. Бірақ мейірбике бұны шыбын шаққан құрлы көрмеді. Өз уәжін тәптіштеп түсіндіріп, қатаң ережелерді қайта-қайта айтумен болды.
– Тіркелген емханасы бойынша ғана қабылдаймыз. Онда облыстық ауруханаға апарайық, – деп әріптестеріне иек қақты. Олар да бұған келісе кетті.
– Облыстық аурухана қаланың шетінде ғой. Оған жеткенше көлік кептелісінде екі сағаттай уақытымыз кетіп қалады. Жақын жердегі ауруханаға апарыңыздар! – деп қыз ышқына айғайлады. Мына ақ халат кигендер оған Ажалдың есебін түгендеуге келген жендеттердей тым суық көрінді. Содан да болар, ол енді ашына атой салды.
– Мен де заң білемін. Жоғары білімім бар. Қазақстанның кез келген азаматы өзі қалаған емханаға, тіпті ауруханаға қарала алады. Ал, қазір мәселе адам өміріне қатысты болғандықтан, тек жақын жердегі ауруханаға таңдау салуға құқым бар. Ағам трі қалуы керек!
– Мына білгіштің сайрауын-ай. Мұндай білгіштердің жазғыш келетіні тағы бар. Кеттік, таяу тұрған ауруханаға! – Көлік орнынан қозғала бергенде, сұлқ жатқан ер адам кірпігін әлсіз жыбырлатты. Інжу оның қолын жібере сала, жүзіне жүзін тақады. Оның тыныстап жатқанына көзін жеткізгісі келді. Бірақ ештеңе байқай алмады.
– Тамыр соғысы нашарлап барады. Қан қысымы тым төмен, – деді бас жағына жайғасқан тағы бір мейірбике аппаратына қарап тақ-тақ етіп.
– Аға, мықты болыңыз, – деп Інжу өзі де байқамастан оның маңдайынан сипады. О, ғажап! Осы сәт науқас сәл жымиды. Ыстық алақанның табы қуат берді ме, әлде аялы алақан оны әлпештеген жандардан елес берді ме? Әйтеуір науқастың жүзіндегі сүйкімді жымиыс ұзақ тұрды.
Бұлар ауруханаға жеткенде, іштен шапшаң шыққан қызметкерлер науқасты бірден ала жөнелді. Соңынан ұмтылған Інжуді бір ақ халатты тоқтатып:
– Науқастың туысы боларсыз. Оны ақылы бөлімге жатқызбайсыз ба? – деді.
– Алдымен ағамның жаны қалсын, – деген қыз оның қасынан желдей жүйткіп өте берді. Бұны көре, құжат толтырушы бір мейірбике сұрақтарын жаудырды.
– Қалай есінен танып жүр? Бұрын бұлай ауырып па еді? Қалыпты қан қысымын айтыңыз. Қан тобын білесіз бе?
– Мен ештеңе білмеймін.
– Ағам деп шу көтеріп тұрсыз. Өз ағаңыз туралы дым білмейтініңіз бір түрлі екен, – деп кекетті ақ киімді болса да, пәк ниетті көрінбеген қызметкер.
– Иә, ағам дедім. Бірақ оны танымаймын. Көшеде құлаған жерінде алғаш рет көрдім. Ештеңе білмейтінім содан. Ағам болуы үшін міндетті түрде қаны бір болуы шарт па? – Қыз булығып жылап жібергенде, өзге бір қызметкер ішке кірді.
– Құжаттары міне. Жеке заттарын сізге берейін, – деп Інжуге бұрылды. Мейірбике құжатқа қарап, қағазын толтыра жөнелді.
– Рақымұлы Думан, 1951 жылы туған… – Бітпестей көрінген құжатпен «шайқас» аяқталғанда, Інжу өзі есімін әзер білген, бірақ «аға» деп атаған адамның өміріне араша сұрап коридорды бойлап келе жатты. Қолындағы Думанның «жеке заттары» деп ұсынылған түйіншекке назар аударғанда аңғарғаны, қымбат қол сағат, көліктің кілті, неке жүзігі мен қампиған әмиян және қалта телефоны. Інжу телефонға көз жүгіртіп еді, ешкім қоңырау шалмапты. «Думан аға, жаныңызды сонша жүдеткен кім болды? Өмірден, мынау жарық әлемнен баз кештірген кімдер? Асыл мен жақұттың бәрі қолыңызда екен, сонда сізге не жетпеді? Ішім сезіп тұр, бір ауыз жылы сөзге зар болып, шапағатқа шөлдеп, ақыры опырыла құладыңыз. Өмір сүруге еш себеп жоқтай сұлап түстіңіз. Қанша уақыт өтсе де, соңыңыздан ешкім сұрау салмады. Тірі жанға керегі жоқтай соншама қайырсыз ұл, рақымсыз қыз өсірдіңіз бе? Не де болса жаныңыз аман қалсын, аға!»
– Сізді іздеп жүр едім. Думан Рақымұлының жақынысыз ғой, – деп ұзын бойлы, кең маңдайлы дәгігер мұның жанына келді.
– Иә, иә, мен ағамды уайымдап тұрмын.
– Ағаңыз инсульт алған. – Дәрігердің сөзін аяқтатпаған Інжу без ете қалды.
– Тірі қала ма?
– Өміріне әзірше қауіп жоқ. Толық есін жиғанша жан сақтау бөлімінде болады. Оянған соң жалпы палатаға ауыстырамыз. Бірақ көп күтінуі қажет болады.
– Ота жасамайсыздар ма?
– Жоқ, инсульттің жеңіл, яғни бастапқы түрі бұл. Дегенмен ағаңыздың жаны күйзелген сыңайлы.Тіпті өмір сүргісі келмейтіндей, күрес, тірі қалуға құлшынысты ағзадан байқай алмадым.
– Мен ағамның оянуын күтемін. Рұқсат ететін шығарсыз, – деді Інжу. Күткенде үміт таңының атпай қоятыны бар. Бұл жолы да сөйтті. Таңның қылаң беруі қиынға соқты. Коридорда өз-өзінен бүкшиіп отырып, Нысанбектің зәрлі сөзі есіне түсті. Сол заматта денесі тітіркеніп, іштей жиіркеніп кетті. Нысанбектің тұспалын бұл түсінді ғой, бастығы болса «бәріне рұқсатым бар» деп ойлай ма екен? Қыздың көз алдына бастығы көзі үңірейген, мейірімнен жұрдай құбыжық болып елес берді. Көзі ілініп кетіп еді, әлденеден секем алғандай, орнынан атып тұрды. Жөпелдемеде қайда екенін түсіне алмай, қалшиып сәл тұрды. Содан кейін барып қайда, кім үшін жүргені есіне түсті. «О, тоба, әлі күтумен отырмын ба? Атар таңым, жақсылықпен ғана шуақ шаш! Суық хабарың болса…» Інжу ойын аяқтауға жүрексініп, орнына қайта отырды.
Дәрігерлердің саябыр таппаған қызметі таң қарсаңында да бір тынбады. Ерсілі-қарсылы жүгірген дәрігерлердің арасынан манағы жылы жүзді шипагерді іздеп отыр. Міне, ол суыт келе жатыр.
– Кешіріңіз, ағам…
– Иә,иә, Думан Рақымұлының жағдайы жақсы. Таңертең жалпы палатаға ауыстырамыз, – деді де ол бөкендей желіп өте шықты. Інжу орнына сылқ етіп отыра кетті. Қуанышы буынын босатып жібергендей. «Түсі игіден түңілме» деген осы. Өзінің жүзі қандай жылы болса, сөзі де сондай шуақты. Дәрігер деп осындай сабаздарды айтуға болады,» – деп іштей өзі атын да білмейтін абзал жанға сүйсініп отырып, ақыры таңды атырды. Жан сақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған беймәлім ағасы жанына барған бұған сұраулы көзбен қарады.
– Аға, – деді Інжу шаршаңқы үнмен, – мен есіңіздемін бе? Мен…
– Иә, қызым, жазмыштан қашып барам деп едің. Құтыла алдың ба? Менің пешенемнен бой тасалауға еш мүмкіндігім қалмады. – Ол ауыр күрсінді.
– Аға, міне, жеке заттарыңыз. Барлығы осында. Ақшаңыз да орнында.
– Қызым, ештеңе де орнында емес. Дүниенің астаң-кестеңі шықты ғой. – Думан көзін жұмып, көкірегін кере уһіледі. Інжу оны аяп кетіп, қолынан ұстай алды. Мұздай қолы қыздың ыстық алақанында жылына бастады.
– Өң мен түстің арасында жатқанымда, Ақторғыным келіп, маңдайымнан сипады. – Ол тамсанып, ақырын жымиды. Жұмбақ ағасын қалай тастап кетерін білмей екіұдай күйде қалған қыз ақыры оның маңдайынан сипады. Ол кенет көзін кең ашып,
– Шынымен жер бетінде сор маңдайымнан сипар жан қалған ба? – деді.
– Неге олай дейсіз?
– Мені шын жақсы көретін ардақтыларым о дүниеде. Ал, мына дүниеде кіл…
– Аға, сізге ауыр ойлар ойлауға болмайды. Қайта ауырып қаласыз. – Інжу оның сөнген рухының шоқтарын тұтатпаққа ниеті кетті. Бірақ қасіретінің сырын білмеген соң жұбатудың орайын таппады.
– Аға, мен жұмысыма барайын. Кешіксем бастығым ұрсады.
– Қызым, кетпе.
– Аға, мен тағы да келемін.
– Тастап кетесің. Мені бәрі қалай бір-ақ күнде аңыратып жалғыз қалдырып кетті, сен де солай… – Думанның сөзінің соңы өксікке айналды.
– Аға, ақылды аға, сіз жыламаңыз. Мен қайта айналып келемін. Уәде беремін. – Қолын әзер босатып алған Інжу палатадан ақырын басып шығып кетті.
Таңғы Алматы қайнаған тірліктің базарындай ызы-қиқы шуға толы. Автобуста ине шаншар орын жоқ. Інжу тұрған қалпында кірпігі айқаса бергенде, сілкіп қалған автобустың екпінінен селк етті. Аяқ астынан құлағына бір сыбыр жетті: «Мына қыз түні бойы «жұмыс» істеген сияқты. Түрін қарашы. Ат құсап тұрып ұйықтап тұр.» Өзін кімге теңегенін анық түсінсе де, әлдене айтып тайталасуға қыздың қауқары жоқ еді. «Арсыз пақыр, жүрегі қарайған бейшара,» – деп ойлаудан арыға аспады. Өзіне керекті аялдамада сыналап жүріп, сыртқа әзер шықты. Кеудесін кере бір тыныстап, өзі екі жылдай қызмет атқарған, енді жексұрын мекенге айналған кеңсеге ілбіп басып кірді. Күзетші шал мұның өн-бойын тінте қарап:
– Жұтып алғансың ба? Көзің ісіп кетіпті ғой, – деп ыржиды.
– Бастық келді ме? – деп күңқ етті қыз.
– Иә, жұмыс бөлмесінде отыр. – Бұрын өзі «ағалап» сыйлап жүретін тағы бір әріптесін жүрегіндегі «адамдар тізімінен» сызып тастап, Інжу Нысанбектің отырған жеріне кіріп барды.
– Қайырлы таң, – деді Нысанбек бұған мүлде «ақыл» айтпағандай аңғал қалыпта.
– Сізді көрген соң, таңның қайырлы атпағаны белгілі ғой. Мен жұмыстан шығуға келдім.
– Не асығыстық бұл? – Өзіне қамқорси қараған еркекке Інжу тіке жауап берді.
– Менен ашына да, тоқал да жасай алмайсыз. Мен – текті отбасының қызымын.
– О не дегенің? Мен ондай ештеңе айтқан жоқпын. Тек жанашыр пейілмен ақыл айтқаным болмаса… – Адуынды көрінетін бастығы жынынан айрылған бақсыдай қалбалақтады да қалды. Бұған іштей таң қалған Інжуге «бәлкім, сөзіме құлағы үйреніп, қол астымда жүре тұрсын. Кейін ығыма жығып алармын деген ойы бар ма екен?» – деген күдікті ой оралды.
– Еден жусам да өлмеспін. Жұмыстан кеткенім жаныма тыныштық гүлін сепкенім болмақ.
– Жоқ, сен мені бұрыс түсініп қалыпсың. Мен сенің қызметтегі қабілетіңді, тиянақты қасиетіңді жоғары бағалаймын. Ондай ақылды енді айтпаймын. Жұмысыңды жалғастырсаң қуанып қалар едім.
– Рахмет, Нысанбек аға!
– Айтпақшы, Інжу, ауырып тұрсың ба? Көзің қып-қызыл болып кіртиіп…
– Түні бойы ұйықтамадым. Ағам ауруханаға түсіп, сол кісінің жанында көрер таңды көзбен атырдым.
– Алла шипасын берсін. Онда бүгін тынығып алсаң да болады.
– Рахмет, аға. Жұмыс істейтін шамам бар. Тек кешке ертерек жіберсеңіз, мен ауруханадағы ағама барып қайтар едім. – Інжу бастық ағасының «шектен тыс шапағатынан» бас тартып, өз өтінішін білдірді.
– Інжу, тоқтай тұршы. Кеше қалта телефоныңды үстеліңде ұмыт қалдырыпсың. Мен алып, суырмама салып қойып едім. – Нысанбек сөзінің дәлелі ретінде қыздың телефонын ұсынды.
– Тағы да рахмет, аға. – Інжу қарсыдағы өз кабинетіне барып, жұмыс қамына кіріскендей болды. Ойынан жанары құпия сырға толы ағай кетер емес. Жұмысынан ертерек шығып, кірпігіне шыдам талын тіреп алып, ауруханаға құстай ұшты. Ағындап кіріп барып, Думан жатқан бұрышқа көз жіберді. Сол баяғы сұлқ қалып.
– Аға, мен келдім, – деді Інжу баяу үнмен.
– Қызым, сені күтіп жатыр едім.
– Аға, менің атым – Інжу. Кешелі-бері атымды айтуға да мұршам болмады ғой. Айып етпессіз. – Жымиған қызға көз тоқтата қараған Думан кенет «аумайсың» деп күбірледі.
– Не дедіңіз, Думан аға?
– Сен Ақторғыннан аумайсың.
– Ол кісі кім? Телефон нөмірін айтыңыз, қоңырау шалып шақырайын. – Қыз елпілдей сөйлеп, бір амалын тауып, мұң құрышынан жаралғандай селт етпей жатқан Думанға тым жылы шыраймен қарады.
– Иә, қоңырау шал, егер о дүниеден шақыру мүмкін болса шақырып алшы.
– А-а, кешіріңіз, мен сіз жайлы ештеңе білмеймін ғой. Жақыныңыз болса шақырайын дегенім ғой.
– Еш айыбы жоқ.
– Аға, тамақ іштіңіз бе?
– Ішіме шөккен шер шемені ас пен судан бас тартқызды.
– Мына жалған дүниеде кімнің бауыры бүтін дейсіз, аға? Таусылуды қойыңыз да, менің әмірлерімді орындауға көшіңіз. Бірінші бұйрық – еңсеңізді көтеріңіз. – Өзіне жанары нұрлана қараған ағасына Інжу әмірін қарша боратты. – Екінші бұйрық – мен әкелген судан ішіңіз. Үшінші бұйрық – сатып алған тамағымды тауысып жейтін болыңыз.
– Ақторғын да дәл осылай «бұйырамын» деп маған қамқорлық жасаушы еді. – Думан алыста қалған бақытты күндерін аңсағанын ашық білдіріп, үнсіз отырып қалды.
– Ақторғын сіздің кіміңіз? – деп ақырын сыбыр етті Інжу.
– Әйелім. Ғашық болып, есімнен айрылып жүріп үйленген әйелім. Бір жыл ғана дәурен сүрдік.
– Аға, жүрегіңізге салмақ салатын зіл ойларды ысырып тастап, жақсы күндерді айтыңызшы. Әрі тамақтан да ала отырыңыз.Інжу кеудесін көтеріп отырған Думанның алдына тамақ тосты.
– Менің ең бақытты күндерім сол шақ еді.
– Онда сол шырайлы шақтарыңызды еске ала отырыңыз. – Інжу Думанның тіл-ауыздан айрылып, өшіп жатқан қалта телефонын алып, қуат көзіне қосты.
– Мені ешкім іздемейді, – деді Думан кесіп-пішіп сөйлеп.
– Туғаныңыз іздейді. Қан жақындығы адамды алысқа жібермейді.
– Ақторғын ұлымды өмірге әкелді де, өзі менімен қош айтыспастан бақи дүниеге аттанып кетті. Менің сорым қалың екен, ұлым екі жасқа келгенде ата-анам бір күнде көлік апатынан қайтыс болды. Сөйтіп мен мына күллі жаһанда Жарқын атты жалғыз жақыныммен қалдым. Амалсыз өмір сүрдім. Еріксіз кәсіп аштым. Бірдеңемен жанымды сала айналыспасам, жынданып кетерім сөзсіз еді. Сондықтан, кішкентай дүкен ашып, кәсіп бастадым. Ал, қазір дүркіреген кәсіпкермін. Аспандағы ай сатылса, оны да алар дәулетім бар. Бірақ жаныма жылу берер жақыным жоқ. Сұп-суық әлемді кезіп жүрген бір сұлбамын. – Інжу төтеден шешіле сөйлеп кеткен Думанның сөзін бөлместен, сырын қалт жібермей тыңдап отырып қалды. – Қолдан жасап алған отбасым бар еді. Алыс жамағайын бір қарындасым күйеуінен ажырасып, екі баласымен қолыма келген. Ол кезде ұлым бес жаста болатын. Содан бері оларды отбасым деп өзімді құр алдап келіппін. Бір-ақ сәтте жиендерімнің кеміргіш, ал, қарындасымның менің жиған-тергенімді теспей сорған қансорғыш екенін, ал, ұлымның менсіз де өмір сүре алатын өзімшілдігін білдім. Осы неше қат шындықты бір сәтте білу маған ауыр тиді. – Кілт үзілген әңгіменің соңын күтпеген қыз ағасының қолын қыса түсті. Ол да әлсіз қысып жауап берді.
– Сонша қайғыдан соң тұралап қалмай, табандылықпен тағдырға қарсы тұрып келіпсіз. Ал, бүгінгі шындық неге сізді қаңбақтай ұшырып түсірді?
– Жақындарымсыз тұл қалған өмірдің суығы жанымды қарып әкетті. Титықтатты.
– Аға, мен бармын қасыңызда. Қызым бар деп біліңіз.
– Айналайын, сендей қызы бар әкең қандай бақытты еді!
– Әкем анам мен екі қызын баяғыда тас-тап кеткен. Кейінгі жылдары көмескі бейнесі де жадымнан өшіп тынды. – Бұл сөзге тосылып қалған Думан Інжудің сыр жасыруға дәрменсіз мөлдір жанарынан мұң табын көрді. Қос жанар үнсіз тілдесті.
– Өзің әке мейірімін көрмесең, өзгеге шапағат шуағын төгуді қайдан үйрендің?
– Анамның мейіріне қанып өстім. Ана махаббаты маған бүкіл жаратылысты сүюді үйреткен.
– Әкең «балам» деп еміренбесе, сен маған қызымдай қарап, мейірім сәулесін төгуді қайдан үйрендің?
– Мен өмірден есеп сұрамаймын. Әкемнің безбүйрек болғаны үшін барлық ер адамдарды жек көрмеймін.
Сөзсіз-ақ көп жайды жайып салған жанарлар ақыры қасірет қамалын бірге бұзардай біртұтас бірлікке айналды. Тек оны сырт көз теріс түсінбесе болғаны.
Інжу өзі іштей әке атаған Думанның қалта телефонын қарап отырып, «Ұлым» деген нөмірді жазып алды. Ондағы ойы-ағасын қуанту еді. Қимай қоштасып, далаға шыққан Інжу бірден әлгі нөмірге қоңырау соқты.
– Алло, – деп гүр етті ар жақтағы дауыс.
– Думан Рақымұлының баласымен сөйле-сейін деп едім.
– Онсыз да сөйлесіп тұрсың.
– Думан Рақымұлы сіздің әкеңіз бе?
– Біліп тұр екенсің, несіне сұрайсың.
– Әкеңіз инсульт алып, ауруханаға түсті. Бүгін екінші күн… – Қыздың сөзін үзген жігіттің жан даусы болды.
– Әкем, әкем қалай? Тірі ме?
– Ертең сағат бес пен сегіздің арасында келушілердің уақыты. Сол мезгілде келсең, әкеңді көре аласың.
– Тірі! Тірі! – деп ар жақтағы дауыс қуанып жатты.
Алматының зәулім ғимараттардың арасынан сәулесін сараң әрі жасырына төгетін таңы да ағараңдады. Інжу жалдамалы бөлмедегі төрт қызбен жағаласа тұрып, жұмысына жиналды. Аялдамаға келе жатып тағы да ауыр ойға шомды. «Жастық шақ қысқа. Тіпті адам өмірінің өзі де қамшының сабындай. Жиырма бестен аспай жатып кәрі қыз атандым. Отызға келіп едім, болашағы бұлдыр әйел деп сөкті жұрт. Қырыққа келсем, кім атанарым белгісіз. Кейуана жасына жеткенше, басым көрге кіргенше естімегенім қалмас». Өзін-өзі оймен жазалаған Інжу жұмысына жеткенін әрең байқады. Күнделікті жаттанды тірлікке аяқ-қолы, тіпті санасы үйреніп кеткендей. Бүгінгі бар өзгеріс – Думан ағасының жанына баратыны. Кеш батар-батпаста салып ұрып жетіп барды. Бүгін ағасының жүзі нұрланып, шырайланып қалыпты. Көңілді қарсы алып:
– Қызым, отыр, жұмыстан шаршап келген боларсың, – деді.
– Әке, мен сіздің жадыраған, өмірге қайта ғашық болған түріңізді көріп, шаршағанымды ұмытып қалдым.
– Әке деймісің?
– Әке дедім бе? – Қыз өзі де таң қалып, сасқанынан күліп жіберді.
– Әке деші. Бұл сөзді сағынып жүр едім. Ұлым бір реніштен соң әке деуін доғарған…
– Әке, әкетайым! – Қыздың әр сөзінен әкесі ауруынан айыға берді. Солғын өңіне қан жүгіріп, өмірге құштарлығы қайта оянды. Бұл сәтте кіруге ыңғайланған Жарқын Інжудің бұл сөзін естіп, кері шегінді. Әкесінің бұл білмейтін қызы бар болып шыққаны ішін мұздатты. Бұрын әкесін жеке меншігіндей көретін тентек жігіт не амал қыларын білмей, теріс айналып кете барды. Іші бір суынып, бір күйінді. Өзінен басқа ешкім әке демейтін Думан қызына «әкетайым» дегізіп, өзі еркелеп отыр. Иә, еркелеп отыр. Бұл болмаса да бақытты екен ғой. Тағы бір баласы бар екен. Иә, бар екен. Ал, бұның әкесінен басқа кімі бар еді? Енді ол да жоқ. Жоқ! Жанын ой қамшысымен сабалап келе жатқан жігіт тосыннан кері бұрылып, әкесінің палатасына қарай ұмтылды. Көңіліндегі бар өкпесін, ренішін ақтарып салғысы келді. Кірмек болып есіктің тұтқасына қолын созып еді, палатадан шыққан егде кісімен қақтығысып қалды.
– Ішке кірмегенің абзал. Анау шал мен жас қыз әуейі ме, өздері бір түрлі. Бір-бірінің беті-қолдарын сипалап, онымен қоймай, «әке», «қызым» деп сиқырсып отыр. Қарап отыруға жүзім шыдамады. – Мына сөзден соң не ойларын, нендей сезімге ырық берерін білмеген жігіт палатаға баса-көктеп кіріп келді. Бір сүйкімді қыз әкесіне шай құйып беріп отыр. Шайды ұсынғандағы көзқарасы қандай жылы!
– Кел, Жарқын, кірсеңші, – деді әкесі шайын үстелге қойып.
– Сен не істеп жүрсің? – деп ентікті ұлы.
– Ажал аузынан қалды. Өмір үшін күресіп жүр. – Ажарлы қыздың сөзін Жарқын аяқтатпады.
– Сен жаңа әкемді, менің әкемді неге «әкетайым» дедің?
– Жарқын, сен мені әке дедің бе? Бұл сөзді сағынғаныма ғасыр өткендей көрініп еді. Атымды атап, әр кез жігерімді мұқалтушы едің ғой. – Өзіне құшақ жая ұмтылған әкесінің қолын қағып жіберген Жарқын оған зілді сұрақ қойды:
– Мына қыз сенің кімің?
– Қызым, жан-жараларымның шипагері! – Болат жебедей қадалған бұл жауапты естіген Жарқын мысы құрып отыра кетті.
– Ал, сонда мен кім боламын саған? – деп естілер-естілмес сыбыр етті.
– Сен менің Ақторғынымнан аманат болып қалған жалғыз ұлымсың.
– Әке, осы сөзден соң ұлыңызды құшақтағаныңыз жараса кетер еді. Кәне, жалғызыңызды құшақтаңыз. Сонда дертіңізден толық сауығып кетесіз. – Інжудің сөзі дем берді ме, әлде салы суға кетіп отырған ұлын сезім арпалысынан қорғағысы келді ме, Думан баласына құшағын жайды. Ол да әке қамқорын тағатсыз күтіп отырғандай, баурына кіре берді.
– Әке, сені түсінуім үшін, жүрегіңдегі маған деген әкелік махаббатты қадірлеуім үшін қанша уақыт адастым. Кешір ақымақ ұлыңды!
– Балам, сен әке демеген сол уақытта неше рет өліп-тірілдім. Бірақ сенің перзенттік махаббатыңның құдіретіне шексіз сендім. Ұлы адасса, жөнге салу – әкенің парызы. Мен парызымды өтей алмадым.
– Әкесі мен ұлы жылап тұр ма? Бұл көз жасы араларыңыздағы барлық түсініспеу-лішіктің, өкпе-реніштің суық ызғарын жуып кетсінші. Араларыңызда енді көктем гүл атсын. – Інжу ауруханада табысқан әке мен ұлына сүйсіне қарап, көңілдене қол соқты.
– Қызым, кел, сені де құшақтайын.
– Әкемнің қүшағы кең. Қарындасым, әлде әпкем, сен де саяла! – Думан Жарқынның бұл сөзіне мейірлене күліп, ұлын арқаға қақты.
– Әке, мен сұлу қарындасыма ғашық болсам қайтемін? – Жарқынның бұл әзіліне Думан мәз бола күлді.
– Сен тентекті мен тезге сала алмайды екенмін.
– Әкетайым, Жарқын әке махаббатына бөлене салысымен, бірден жар қызығын көруді армандап кетті. Өзінің қиялы жүйрік екен. – Інжу де Думанның құшағында тұрып, әзілмен жауап берді.
– Қызым, сен тұрмыс құрғанда, мен өзім ұзатамын. Бірақ алыс жаққа кетіп, әкеңді қамықтырма!
Үшеуі мәре-сәре болып, палатаны бас-тарына көтерді. Көршісі шағым жасаған ба, емдеуші дәрігері жетіп келді.
– Думан аға, мұнда той болып жатыр ма? Сіздің өңіңіз тіптен жадырап кетіпті, мен тани алмай қалдым ғой. – Шипагер жайдары жүзбен емделушісіне риза бола қарады.
– Өздері шулап әбден мазамды алды, – деді қытымыр көрші.
– Дәрігер балам, мені үйіме жібер. Ұл-қызымның ортасында ауруымды ұмыттым.
– Әкемнің той жасауға бейілі кетіп тұр, – деп Інжу сыңғырлай күлді. Дәрігер адам жанын қапысыз түсінетін сезімтал еді, бірден келісе кетті.
Екі жағынан Інжу мен Жарқын қолтықтаған Думан нық басып кетіп барады. Үшеуі мейірімі шарасынан төгілген нұрлы күнге беталып бара жатты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.