Жаным – жусан, жағам – көл

Жұлдыз Бейсек

1987 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. ТарМПИ-ды «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Гуманитарлық ғылымдардың магистрі. Өлеңдері халықаралық және республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Х Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты. Республикалық Ахыт Үлімжіұлы атындағы жазба ақындар жыр мүшәйрасының ІІ орын иегері. 2017 жылы өткен Астана рухани жастарының «Еңселі елім, байтағым» байқауының «Үздік поэзия» номинациясы бойынша жеңімпазы. Өлеңдері республикалық «Жас толқын», «Алтын тұғыр» және облыстық «Тараздың жас таланттары», «Алтын бесік», «Жақсы жыр іздеп шөлдеймін…», «Өрімтал» атты ұжымдық жинақтарға еніп, әзірбайжан және испан тілдеріне аударылған.

Құмда өскен мен бір қыз едім

Астамсып кеткен көкті де,
Құйыныменен қайырар.
Өспеймін деген шөпті де,
Аспанға ұсынып ай қылар.

Тәкаппарланған ізді де,
Топырлатқанда жоқ қылар,
Жайлауға жеткен күзді де,
Сағыныш сеуіп от қылар.

Қуырылып жатқан тарыдай,
Суырып жел де ұйтқиды.
Құм емес, жатқан сары май
Жолап кеткені піскей-ді.

Табаны басса пенденің
Топырақ сезіп бүлк етер,
Биледім десе жерде кім,
Бүркеніп алып күлкі етер.

Қиғылық салмай, сары алтын
Сабырды сүйсем сарғайып,
Құм өзегінен жаралдым,
Қанға тартқанда бар ма айып?!

Ит көйлек кигізіп ақ күннен
Дала толғатып, құм туды.
Таудың бұлағын таттым мен,
Көмейде көркем гүл туды.

Тербесе жапырақ жанымды,
Мөп-мөлдір шығым шашылды.
Асаға айтып әнімді,
Таласқа жуғам шашымды.

Көздерін ілмей қараған
Күн ғашық өлке біздің жер
Жайлауына кеп жолаған,
Бақытты шағым бұл күн дер.

Киіз үйлі сұлу таңымда
Жауқазын жапқан түз елін.
Топырағы бүлкіп қанымда
Құмда өскен мен бір қыз едім.

***
Мамыр айы. Кішкентай күн тола бақ,
Мұндамын деп жылт етті гүл домалақ.
Күлтелері ән салып тұр шақырып,
Гүлі сөйлер жер жаһанда жоқ алап!

От сияқты тостаған гүл, бақбақ гүл,
Өсіп шықшы тал бойыма қаптап бір.
Бір тал гүлің берші маған қояйын
Жүрегіме сені өсіріп сақтап жыл.

Көктем күзді саған шашып қойғандай,
Тым алыстан жарқырайсың ай маңдай.
Құшағыңа тығылғым-ақ келеді,
Сенде от бардай, күллі әлемнен тоңғандай.

Сағыныштың гүлі ме едің, сары гүл,
Жабырқаған көңіліме дәрі гүл.
Саған жазған өлеңімнен, өзімнен
Сен сұлусың бәрібір!
***
Көктем деген кім өзі?
Өзің бе екен,
Қадалатын өзіме көзің бе екен,
Кеудесінен даланың сен гүл үзіп,
Еркелейтін, ұялшақ кезім бе екен?!.

Бұл дауыс па?
Дүниеде бармын деген,
Қараңдаршы жүректе жандым деген,
Аялаңдар, жоғалтып алмаңдаршы
Қар сияқты,
Енді мен қармын деген.

Көктем деген көк майса шалғын ба екен,
Бүр атарын білемін талдың неден…
Жаңбыр салды бейнесін әйнектерге,
Жүрегіңе сен мені салдың ба екен?!

Шымшықтарды үркітіп, сай жағалап,
Енесінен бөліп ап тайды аралап,
Бұл, әлде, бейқам бала шағымыз ба –
Жұлдызды қызықтайтын, айды алалап?

Апам да шалын түртіп назданатын,
Атамыз жер иісіне мас болатын
Бұл біздің ақпейіл ме?
Жаңбыр төксе,
Жаңбырға шомылып ап мәз болатын.

Көктем деген кім өзі?
Өзім бе екен,
Сәттерім бе бақытты сезінбеген,
Айдың жарығындағы, түсімдегі
Саған айтамын деген сөзім бе екен?!

Әлде, өрімін тарқатқан бұрымым ба,
Ойнақтаған далада құлыным ба?
Желмен бірге жүйткіген,
Көктем деген –
Бір сенің қолыңдағы ғұмырым ба?!

***
Кірпіктерін әзер ашып шық жатыр,
Жарысуға дайындалып жылға тұр.
Жаңбырменен қауышамын,
Алақай
Деп аспанға көтерілді қолшатыр.

Биші қыздай майысады жел cұлу,
Бар даусымен күлер болды енді су.
Қыр астынан бой көтерер қызғалдақ,
Күнге қарап сыбырлайды «мен – сұлу».

Жер-бесіктен басын созып өскіндер
Рахмет, ана, еңбегіңіз өстім дер.
Жапырағымен билеп және сыр айтып,
Бойжеттім мен
Құлағымды тестім дер.

Қар жылаған… сұрағандай кешірім,
Мейірімге ашық менің есігім.
Біреу маған талмай ұзақ қарады,
Көктем дедім,
Көктем дедім есімім.

***
Босанғандай бұтақтарым бүр жарды,
Қолын бұлғап тал шақырды құстарды.
Тіршіліктің белгісі ғой,
Оянды
Көктем-ана қолда деді ұшқанды.

Сәукелесін киіп алды сарғалдақ,
Қыр төсінде қызғалдақтар ән салмақ.
Қиыршық құм жел қуалап күлгенде
Ауыл дедім көктен түсіп қалған бақ.

Жер көрпесін имене ашты шөп керім,
Көрді күннің қақ маңдайдан өпкенін.
Күн құшады қара жерді жұмақ деп,
Жер елжіреп дем бердің дер көктегі үн.

Сай-салалар бозбаладай тебіскен,
Жүгіргендей мал қайтқанда өрістен.
Таудан аққан апам сынды сол өзен,
Қолындағы бармен елмен бөліскен.
Бұлт – тостақтан шашу шашты аспан да,
Домбыра үні шықты жерді басқанда.
Үйіп едік, жылтырынан жинап ап
Көктеммін деп жазу жазды тастар да.

Балалықтың иісіндей таң лебі
Бұл ғұмырым, ғұмыр емес бал ма еді?!
Әр тал шашым раушан болып гүлдеп тұр,
Көктем-ана, құшағыңа ал мені.

***
Анам күтіп тұрған шығар төбеңде,
Жасын сүрт, жел, көре қалсаң «келер» де.
Жанында жүр, ақмаңдай ай, кешқұрым
Шеңгелдердің қоңырауын терерде.

Туған жерді бүгін, ертең… көрем бе?
Тал бесігің тыныштыққа бөлер ме?
Түсімде мен көктем-қызбен той тойлап,
Үй ойнаймын, құмды екіге бөлем де.

Лақ қуалап, гүлден гүлге жүгірген,
Етегіне ошағандар ілінген,
Саусақтары сұлу еді анамның
Туған жердің тікенімен тілінген.

Саған қарай қадам басып келемін,
Бақылайтын бойшаң аға – терегім.
Көбелегім қонбай әуре ететін,
Еркелетіп иілетін еменім.

Сүйемін-ау, құм суырар дауылын,
Құмнан моншақ таққан менің ауылым.
Шалқып кетсем құшағыңда күндей боп,
Бір иіскемей кетпеуші еді жауының.

Бақбақ гүлім, бәйшешегім – құмарым,
Сендерді өппей, сағынышқа құладым.
Топырағыңнан тойып ішкен қызың ем,
Шаштарымнан жусан аңқып тұратын.

Киелі ғой сенде жатқан тас-дағы,
Шақырады мөлдірліктің аспаны.
Канша уақыт ауаң мені құшақтап,
Күнің алтын сәулелерін шашпады.

Әппақ қарың ерімеді қолымда,
Қаңбақтарың жүгірмеді жолымда.
Бақаларың секірмеді солымда,
Тасбақалар тәй баспады оңымда.

Күлкім еді – сылдыраған бұлақтар,
Жасыл шөбім жайлауым ғой тұрақтар.
Мен келгенше жанында боп анамның
Жарық етші жолын жұлдыз-шырақтар.

***
Мен кішімін туған жер оттарынан,
Жаралғанмын түйіршік шоқтарынан.
Бұл басымды қымбат деу – бекершілік,
Сағыныш боп мөлт еткен бақбағынан.

Құмы менен көнелеу тастары да,
Мән бермеңіз елеусіз жатқанына.
Бір ысқырып, дауылды шақырып ап,
Апарады балалық шақтарыма.

Аққан суы – сиқыршы емдегендей,
Тамшысынан шөлейт те өлмегендей.
О, құдірет, шалғайға алыс кетсем,
Аласұрар жүрегім шөлге көнбей.

Аунап түсіп төбесі, көк белінен,
Қара қазан қайнатқан отты еміп ем,
Соңғы жасым – гүліне шық боп қонсын,
Соңғы демім – билесін көктемімен.

***
Түнімен жауған жаңбырды-ай
Жапыраққа келіп түнеген,
Талқыға түскен тағдырдай
Ұқсаттым екен кімді мен?

Жаңбырдан кейін тыныштық
Қырларда жаным жәй табар,
Туған өлкем-ай ырыс құт
Гүлдерін өпсем жайқалар.
Ауылым менің жел, шаңым,
Шеңгелдерім-ай, жыңғылым,
Өзге өлкенің раушаны
Сексеуіліме жетпей тұр бүгін.

Айранын тосып аузыма,
Жадырап күні шықса да,
Іздедім сені таусыла,
Іздедім шығым тұнса да.

Сендерден бөлді сол қиын,
Кеш, кетсем күніңе жылынбай.
Табаным бассам толқитын
Қиыршақтанған құмын-ай!

Жанары жасқа толып ай,
Ақ сүтін төккен жолыма-ай!
Туған жер деген осы ма,
Туған анаңдай, а, Құдай?!

***

Мен Даланың қызымын, әкем – аспан,
анам – жер,
Қиқулаған құрағым, жаным – жусан,
жағам – көл.
Шығын басып таңменен шаңырақтан
шыққанда
Құрақ ұшқан байтағым, өзен – жеңгем,
ағам – бел.

Күлкі ойнаса жүзімде қызғалдақтар
бір шығар,
Домбыраны шерткенде шелпектей боп күн
шығар.
Қатуланса қабағым, тал бұтағы мың
сынар,
Жерді сүйген жүректің әр саусағы
гүл шығар.

Сағындым деп сыр шертсем, шоқ лап етер
жалынды от,
Бұлақ бүлк-бүлк ағады қамықпа мен
қаның деп.
Бұл дүние менде бар, мен – Дүниенің
ішінде
Айырмаңдар өлкемнен, Даласыз түк
Жаным жоқ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.