Өлең менің кеш тербеген бесігім…

Ербол ИСАХАНОВ
1967 жылы дүниеге келген. Қазіргі күні Алматы тұрғыны, шағын кәсіпкер.

Досың тұрмақ мойындаған жауың да,
Қазақ сенің тектілігің қаныңда.
Өткеніңді ашып көрде парақтап,
Өзге емес алғаш өзің мойында.

Қазақтардың дара жолы – өткені,
Осы күнге толық, анық жетпеді.
Тарихшыға сене берме соншалық,
Бар шындықты айта алмас өйткені.

Жат жерліктер біз жайында жазғанда,
Бұра тартқан өз мүддесі болғанда.
Ізде қазақ тарихыңды өзіңнен,
Өткен күннен осы күнде із барда.

Байқап көрсек шабысынан тұлпардың,
Тыңдап көрсек сұңғылынан сұңқардың,
Іздеп көрсек ізінен ақ барыстың,
Өзің барсың ей, Көкбөрі ұрпағы.

Нағыз тарих домбыраның үнінде,
Күмбірлеген күйінде.
Нағыз тарих, сенің ана тіліңде,
Тілің ауыз үйіңде.

***
Толсын,
Қалсын көңілім,
Бұл тек менің өмірім.
Дүние кезіп, жер басып,
Жүргеніңнің өзі мін.

Өнер жолын бастарда,
Кешігетін жастарға,
Қарағанмен түсініп,
Болар ма екен ақтауға.

Қасиетін кеш ұғып,
Қалғандықтан кешігіп.
Қолтығыңды кең жазып,
Шаба алмассың көсіліп.

Толсын,
Қалсын көңілім,
Бұл тағдырым, өмірім.
Үгітіліп үміті,
Үзілмеген сенімім.

Тарғылданған жарамның,
Емін таппай алаңмын.
Кеткен болса есемді,
Мен өлеңнен алармын.

***
Тартып көріп жыр-өлеңнің есігін,
Күз айында сығаласам несі мін?
Өлең менің кеш тербеген бесігім,
Өмір менің есігім.

Қарап тұрсам осы мына күз айы,
Қызыл-сары бояуымен шырайлы.
Жаңбыр төпеп өткеннен соң ойланып,
Ойға шомып тұрған кезім ұнайды.

Кері кетті, түсінбеймін іс неден,
Жемісім бар әлі күнге піспеген.
Қалған күнде жан дүнием қалаған,
Айналыссам деймін, сүйген іспенен.

Күзім де өтер, уақытымен қысым да,
Келер, келер, алар біраз қысымға.
Уа Тәңірім, жемісті күн бере көр,
Басқа ешнәрсе ұсынба…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.