«Жақсы бала – сүйік, жаман бала – күйік»

Нұрлан ҚҰМАР

Отбасы – бала тәрбиесін қалыптас-тырушы ең алғашқы бесік.
Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ана-ның табиғи құқығы әрі парызы» деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан – 2050» бағдарламасында жас ұрпақтың болашағы қандай болуы керектігі жөнінде айтылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң», «Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір отбасы өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген.
«Бала – бауыр етің» деген қазақта жақсы сөз бар. Дүние есігін ашқан әрбір сәби, бүлдіршін ата-анасының ғана көз қуанышы емес, ол елінің ертеңгі ту ұстар азаматы. Бұл үшін ата-ана, мектеп, қоғам жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен мән берсе нұр үстіне нұр болар еді. Демек, баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеп, азамат ету – ата-анаға ортақ парыз. Дегенмен, «тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп» дегендей, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген перзенті үшін ана тәлімінің алатын орны ерекше.
Бала тәрбиесі ана құрсағында жатқан сәттен басталатындығын атам қазақ ертеде-ақ ескерген. Сөйтіп, ананың қабағына кірбің түсірмеуді ойлаған. Өйткені, ана қуанса – іштегі бала да қуанып, қайғырса – бірге қайғырады деп білген. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы балаға ең әуелі анадан даритынына көздері жеткендіктен де сәбиін өмірге әкелетін келінінің жүріс-тұрысына, көңіл-күйі мен тамақтануына және демалысына аса мән беріп қараған. Сонымен қатар ана бойындағы мінез-құлқы мен денсаулығындағы ақаулар құрсақтағы балаға берілмесі үшін жаман әдеттерден арылуға, таза жүруге үндеген. Бұған жүкті әйелдің кештетіп суға бармауына, орамалсыз жүрмеуіне және тағы да басқа көптеген тыйымдар негіз болды. Ал, мұның астарында ұлттың ертеңі, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқаны анық.
Медицина ғылымына жүгінсек, ана құрсағындағы баланы төрт айынан бастап тәрбиелей беруге болады екен. Сол себепті бойына бала біткен ана жүріс-тұрысын түзеп, мінезін қалыптастырып, жаман қылықтардан арылып, денсаулығын қадағалап, сұлу табиғат көріністерін тамашалаумен қатар әсем ән мен күй тыңдап, алған әсерін жан-күй тебіренісі арқылы іштегі нәрестеге жеткізе білуі тиіс. Өйткені, ана қуанса іштегі бала да қуанады, қайғырса қайғырады. Ал, дүниеге сәбиін әкелген әрбір ата-ана «баланы қайткенде тәуелсіз, бірегей, мақсатты және жинақы етіп тәрбиелеуге болады»? деген сұраққа жауап іздейтіні шындық. Бала тәрбиесі – ауыр да үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Балалардың жан-дүниесі айнадай таза ғой. Сондықтан, айналасындағылардың тигізер әсері оңынан болса құба-құп.
Баланың жақсы қасиеттерін, әрекеттерін көргенде кейде оны мақтау да артық етпейді. Өйткені, бұндай жылы сөздерден кейін олар жақсылыққа ынталанады. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады» деген ұлы сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.
Балалардың өмірін түрлі келеңсіз жайттардан, ауыр еңбектен қорғауға бүгінгі таңда үлкен мән беріліп отыр. Болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін балаларға барлық жағдай жасау керектігі айтылуда. Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Атап айтқанда, аш-жалаңаш, соғыс, лаңкестік оқиғалар және т.б. ортада өмір кешіп жатқан әлемде бейкүнә сәбилер қаншама. Бұл – қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық. Елімізде егемен еліміздің тұлымды ұлы, бұрымды қызы үшін көптеген жағдайлар жасалуда. Балабақшалар салынып, түрлі үйірмелер ашылуда. Боламын деген баланың бетінен қақпай, белінен буатын дана халқымыз жас буынға тағылымды тәрбие беріп, кішіпейілділікке баулып, ұлылыққа жетелегені белгілі.
Білікті мамандар бала тәрбиесіндегі ата-ана ұстанатын басты қағида – баланы дер кезінде бағалай, қабылдай және құптай білу дейді. Олар осы бағытта табанды зерттеу жүргізіп, өз тұжырымдарын дәлелдеп шығыпты. Мына қызыққа қараңыз, әйгілі зерттеуші бір топ мамандардың басын біріктіріп, әлем рекордына қол жеткізген 120 рекордшының өмір тарихын 5 жыл тоқтаусыз зерттеген екен. Бұл рекордшылар арасында дүбірлі додадан үздік шыққан спортшылар да, шебер мүсіншілер де, әуеніне ел сүйсінген музыкашылар да, ғылыми салада дара шыққан ғалымдар да болған. Қысқасы, сан-саланың кіл жүйрігі екен.
Сонда зерттеушілердің қорытынды нәтижесі баршаны таңғалдырған. 120 рекордшының ешбірінің бойында туа бітті дарын байқалмаған. Бәрінің де әлемге әйгілі болуына ата-аналары тікелей себепкер болыпты. Ең басында бұл ата-аналар баласының бойынан байқаған болмашы қабілетті дер кезінде байқап, соны дамыта біліпті. Мәселен, күйсандыққа қызыққан балаға анасы ерінбей-жалықпай іздеумен жақсы ұстаз тауып, өнер жолына түсірген. Ал, ұлының есеп шығаруға өте шапшаңдығын аңдаған әкесі оны сыйлық беру арқылы математикаға қаршадайынан құмар қылыпты. Спортқа бейімді баланы әке-шешесі тәжірибелі жаттықтырушының спорт залына жетектеп барған.
Барлық рекордшының ата-анасы балаларының шын жанашыры да, жанкүйері де болудан жалықпаған. Жеңіліп жатса «Жығылғанды жер көтереді, келер жолы қайтсең де ұтасың» деп, жігерін жаныпты. Меселін қайтармай, жылы сөзбен мерейін көтеріпті. Сәтсіз кезеңдерде жападан-жалғыз жабырқауда қалдырмапты. «Жүзден жүйрік шыққан» кездерде бірге қуанып, ұтылған сәттерде жандарына сүйеу бола білген. Бұдан шығатын қорытынды ата-ананың бала тәрбиесіне деген білімі қаншалық сапалы болған сайын баланың өсіп-жетілуіне соншалық зор ықпал жасайтындығы. Бұрынырақта әр отбасында аузы дуалы аталар мен ісі өнегелі әжелер бала тәрбиесімен айналысатын-ды. Аузынан «айналайыны» түспейтін мейірімді, жылы жүзді, сабырлы жандарға болмысы нәзік бала атаулы да тартылып тұрмаушы ма, еді?! Олар немересін бауырына басып, жылы сөйлесіп, жаман жолға түсіп кетпеуі үшін мысал әңгімелерді, ертегілерді еліктіріп айта білетін. Бала ес біле бастаған кезден бастап ел тарихы, ұлағатты адамдар жайлы да жақсы әңгімелер айтатын. Жас ұрпақты тек бір отбасы ғана емес, бүкіл ауыл болып тәрбиелеуші еді ғой. «Пәленшенің баласы жаман» деген сөзге қалдырмау үшін бүкіл ағайын-туыс баланың дұрыс жолға түсуіне бағыт-бағдар беруге тырысатын-ды. Ал, қазіргі күні жұмысбасты адамдар көбейді. Күні кеше көлікте бір ата былдырлаған немересінің сұрағына жағымсыз жауап қайырғанын өз құлағыммен естігенім бар. Қазақтың халық ертегілерін, тым болмаса ондағы бір кейіпкердің атын білмейтін көршім немересіне «Өрмекші адам» бейнеленген футболканы сатып алғанын мақтанышпен әңгімелеп бергенде бетімнің оты шығып ұялған едім.
Баланың ең жақын әлеуметтендіру ортасы – отбасы болып саналады. Ата-анасы өмірдің мақсаты, оның құндылықтары туралы алғашқы мәліметтерді береді. Отбасындағы әртүрлі жағдаяттар мен төтенше ахуалдарда басқалармен қарым-қатынас орнатудың дағдысын, өзін қалай ұстаудың, мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін үйретеді. Сөйтіп, ата-ананың үгіт-насихаты, түсіндіруі, олардың үлгі-өнегесі, үйдегі ахуал, отбасының психологиялық тынысы арқылы балалардың әдеті, мінез-құлқы, жақсы-жаманды бағалау өлшемдері қалыптасады. Сонымен қатар қандай қылықтары үшін сөгіс алып, не үшін жазаланатынын түсінеді, әділдік пен адалдық туралы ұғымдарын бірте-бірте кеңейтеді. Осы орайда, бала тәрбиесі қай кезеңде де жауапкершілігі мол екеніне бағзы заманнан бері айтылып келе жатқан халық даналығы куә. Мәселен, «Бала әкеден не кете туады, не жете туады, не өте туады», «Атадан жақсы ұл туса, қар үстінде от жанар. Атадан жаман ұл туса, ат үстінде ит қабар», «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ», «Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал», «Жақсы бала әкесінің басын төрге сүйрейді, Жаман бала әкесінің төрдегі басын есікке сүйрейді», «Жақсы бала – сүйік, жаман бала – күйік», «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, Он бес жасқа дейін құлдай жұмса, Он бестен ары онымен досыңдай ақылдас», «Балалық шағы, патшаның тағы», «Өсер елдің баласы, Қозысын күтіп қой қылар. Өспес елдің баласы, Қозысын сойып той қылар», т.б. қанатты сөздердің берер тәлім-тәрбиесі мол. Балаға қатысты мақал-мәтелдердің барлығында да ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқанына күмәніміз жоқ. Бір сөзбен айтқанда, біз балалардың тәрбиесіне жете мән беруіміз керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.