Бүгінгі күн – біздікі, ертеңгі күн – ұрпақтікі

Эльмира ҚЫРЫҚБАЕВА
Тарих ғылымының кандидаты, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің доценті.

Патриотизм – мемлекеттің өміршеңдігіне әсер ететін негізгі рухани ізгі тірегі бола отырып, қоғамның дамуына, азаматтың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына отаны үшін жан қиярлықтай іске баратын патриоттық сезім қандай да болмасын ұлт пен мемлекеттің дамуы мен күн көруін қалыптастырып негіздейтін әлеуметтік құбылыс. Негізінде, Отан деген киелі ұғымды санаға сіңіру әр адамның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бас-тау алады. Отансүйгіштік пен патриотизм бір-бірімен астасып жатқан ұғымдар. Ұрпақ тәрбиесі қашаннан өз мәнін тұғырда ұстайды. Қай заманда, қай қоғамда болмасын адам баласы ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу-білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпақпен тұтасып, байланысып жатады. Барлық жағынан қалыптасқан ұлттың санасында, түсінігінде, болмысында, өзіне тән ерекшелік менталитеті болатынын ғылым дәлелдеген. Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру – қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі. Демек, өскелең ұрпақ тәрбиесі – Отан мен ел мүддесі. Бүгінгі өскелең ұрпаққа ғаламдастыру дәуірінде өз халқының төл мәдениеті, тілі мен діні, салт-дәстүрін әр баланың бойына сіңіре отырып, отансүйгіштікке баулу қазіргі тәрбие жүйесінің өзекті мәселесі. Егеменді еліміздің болашағы жас ұрпақты шыңдап өсіру, білікті азамат болып қалыптасуын қамтамасыз ету – бүгінгі таңда ең басты мақсат болып табылады. Өйткені – еліміздің болашағы жас ұрпақ – ұлттық санасы оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары дамыған, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, салауатты, бойында жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азамат етіп тәрбиеленуі тиіс.
Патриоттық тәрбие беру – жалпы тәрбие үрдістің бір тармағы бола тұра, мемлекеттік билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың, азаматтардың отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру болып табылады [1, 15б.].
Ал, сол патриоттық тәрбие берудің қайнар көздерінің бірі – тарих пәнінде деп айтуға толық негіз бар. Патриотизмнің қалыптасуының тарихи алғы шарттары ежелгі сақ, ғұн, Түркі қағанаты, Алтын Орда, XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ хандығы, XIX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтеріліс, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде негізі қаланып, 1986 жылғы қазақ жастарының еліміздің тәуелсіздігі үшін күресі арқылы жалғасын тауып, бүгінгі еліміздің дамуы үшін өз үлестерін қосып жатқан Қазақстан халықтарының еңбектерінен көрініс тауып жатыр. Отан үшін отқа, суға түсіп, бастарын үлкен қауіп-қатерге тігіп, халық арасында асқан ерлігімен, қайтпас қайсарлығымен дараланып, халық батыры атанып жүрген есімдері өшпес хас батырларымыз қаншама?! Бұлардың ерлігі кейінгі ұрпақка қашан да болса өнеге болары хақ.
Патриоттық тәрбиенің бастауы сол қазақ халқын құрып кету қаупінен сақтап қалған, жерін жауға бермей, ұлан байтақ өлкесін қазақ еліне мәңгі қоныс ету мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен халық батырларын танытып, өскелең ұрпаққа үлгі етуден басталады. Қарумен де, қаламмен де жауға қарсы күрескен халық батыры Бауыржан Момышұлының: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық» [2, 27б.] деген ұлағатты сөздері соның айқын дәлелі болмақ.
Ұлт болашағы – жас ұрпақ екені белгілі. Біз сол жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімін дарытып, сіңіру арқылы болашаққа деген сенімімізге бір қадам жақындай түскендейміз. Елбасымыз өзінің Қазақстан Халқына Жолдауында «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» дей келе, «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» дегенді шегелеп тұрып айтқан болатын [3]. Елбасымыздың осы шегелі сөздерінің нәтижесі қазіргі күні де өз жемісін беруде. Солардың дәлелі ретінде өнер мен ізденіске жақын XXI ғасырдың білімі мен білігі жарасқан жоғары оқу орны студенттері тарих пәнін былайша:
«Бисмиллә деп бастайын сөздің басын
Жаратқаным жанымды жарылқасын.
«Мен қазақ» деп жырлағанда
күллі қауым,
Қазақтың жүрегіне таңырқасын» – деген жыр жолдарымен бастаса ғой дейсің.
Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен.
Қазақ халқының тарихы сонау Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманынан бас-тау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» – деген көне жазу қазақ халқының бойын-дағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады:
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым…
Түркі иелігінен
айырылған халықты
Ата – баба мекеніне орнаттым… – делінген еді[4,207б.].
Бұл жазбадан патриотизмнің – ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан қыю, діл бірлігін қорғау, жиғанын халықтан аямау екендігін аңғаруға болады. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші. Сол қуат күшінің жалғасы бүгінгі ұрпақта да молынан кездеседі. Оны Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенті болған Абсаттар Жайнаның «Қайран менің қазағым!» атты өлеңінен-ақ көруге болады.
«Қалай ғана еміреніп отырайын,
Жырласам қазақтың атырабын.
Сақ, сармат, ғұн, үйсін, қаңлы – бәрі,
Қазағымның жерінде отыратын.
Сақ, сармат, ғұн, үйсін, қаңлы – бәрі
Біздер үшін баға жетпес тарих әлі.
Тарихтың шымырындай шыңына жетіп,
Қалауым қазағымды білсе бәрі.
Отан – от басынан басталады десек, туған өлкеміздің, қаламыздың көрнекі жері, тарихы, атаулы оқиғаларын, айтулы адамдардың өмір жолдарын танытудың мәні зор. Азаматтардың биік отаншылдық сезімі бүгінге ғана емес, ертеңге керек, болашаққа да керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әскери-патриоттық тәрбие негіздері: оқу құралы\құрастырған Ибраева Б.М.-Семей, 2013.-98 б.
2. Шуақты күндер: Бауыржан Момышұлы туралы естелік / З. Ахметова. – Алматы :Жалын, 1984. – 176 б.
3. http://kaz.gazeta.kz/news/elbasy-nursultan-nazarbaevtyng-qazaqstan-khalqyna-zholdauy-newsID142503.html
4. Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері / Н.Келімбетов.-Алматы: Рарирет, 2011.-431 б.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.