ӘМІРХАННЫҢ ҚАЗАСЫ

(Көңіл күнделігі)

Ақын, журналист, мифолог Әмірхан Балқыбек тірі болса, биыл елуге толар еді. Артына өлмес мұра қалдырған қаламгер осыдан бес жыл бұрын кенеттен дүние салды. Содан бері оған деген сағыныш сөз бір толастаған емес. Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлының «Көңіл күнделігінен» алынған төмендегі жазбасы да досқа, әріптеске, азаматқа деген сағынышы деп қабылдарсыз, қадірлі оқырман!

Әмірхан досым өмірден өтіпті. Cуық хабарды естігенімде аза бойым қаза болып кетті. Төбемнен жай түскендей есеңгіретіп тастаған қаралы хабарға сенерімді де, сенбесімді де білмей мәңгіріп тұрмын. Екі-үш күн бұрын ғана хабарласып, Нобель сыйлығын алған Қытай жазушысы Мо Янның екі романы «Дәу емшек, сал бөксе» және «Шарап елі» жайлы ұялы телефонымызға салған ақшамыз таусылғанша сөйлесіп едік. Кадр бөліміне барып, үш күнге ақысыз демалыс сұрап алып, жан-жақпен хабарласа бастадым. Ғалым ағаммен (Жайлыбай) телефон арқылы сөйлесіп едім, ол маған Әмірханның үйіне қарай кетіп бара жатқанын айтып, істің мән-жайысы анықталған соң хабарласатын болып уәде берді.
Көзімнен жас парлап, есеңгіреп үйге жеттім. Мазасызданып Маралтайға телефон шалып едім, «абонент байланыс аясынан тыс жерде» деген жауап алдым. Біраз уақыттан соң ұялы телефоным шыр ете қалды. Маралтай. Бір-бірімізге көңіл айтып болған соң, ол Әмірханның сүйегін еліне апарып қоятындарын хабарлады. Тіпті, егер ел солай ұйғарса, ертең бара салысымен, түс ауа жерлеп жіберулері мүмкін екенін айтты.
Егер ертең жерлесе аяулы досыма топырақ салып үлгіре алмайтыным айдан-анық. Сағат түнгі оннан асты. Шымкентке самолет ұшып кеткен. Поезбен үлгіре алмаймын. Темірхан (Медетбек) ағама хабарластым. Әмірханның үйінде екен. Ол бара салысымен емес, бір күн түнетіп барып, бейсенбіде жаназасы шығарылуға тиіс деген әңгіме айтып, көңілімді орнына түсіргендей болды. Жанарбек (Әшімжан) те соған ұқсас әңгіме айтты.
Ендеше тәуекел! Ертең кешкі самолетпен ұшып барармын, Шымкентке. Әрі қарай түнделетіп болса да Шардараға да жетермін. Жол ұзақ, әрі ауыр. Тынығып алу керек. Бірақ ит сілікпем шығып шаршасам да көзім ілінбей қойды. Естелік-өмірдің дауылы соғып, қайта ұйқым шайдай ашылып кетті…
Жүріп өткен жолыма көз тастасам, әдебиетте тындырған дүнием шамалы екен. Бар жоғы алты кітап жазыппын. Ол жазған дүниелерім рухани шөлдің мидай даласында қурап, кенезесі кеуіп бара жатқан әдебиетімізге не азық бола қояр дейсің. Алтын уақытымның көбісі тіршіліктің шаңына көміліп барады.
Менің жасымда Толстой «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренина» романдарын аяқтап үлгерді. Байрон мен Пушкин, төл топырағымыздағы Мұқағали мен Жұмекен, Кеңшілік пен Жұматайлардың қанша жасында рухани кемелдікке жетіп, таңғажайып шығармаларын туғызғаны туралы ештеңе айтпай-ақ қояйын.
Әмірханды да дәл осындай ойлар мазалап, талай түндерді ұйқысыз өткізген күндері болған шығар. Мен онымен сөйлескенімде оның да дәл мен сияқты мына опасыз дүниеде алаяқтар мен сұмырайлар үшін даңғыл жол ашылып, нағыз таланттардың жолының кесілгеніне қатты қапаланып жүргенін іштей сезетінмін.
Оның жаны кіршіксіз таза болатын. Таланты мен білімін көре алмай, сыртынан неше түрлі өсектің өзенін сапыратын күндестері туралы да бір ауыз жаман сөз айтпайтын. «Қазақ әдебиеті» газеті Олжас Сүлейменов туралы жазған мақаласын басқаны үшін дау туып, еш жазығы болмаса да ақыр соңында сол үшін жұмыстан кетсе де жан баласына мұңын шағып, өкпесін білдірген жоқ. Қоғамға, адамға деген Әмірханның барлық өкпесі қара қазандай қайнап, ішінде кетті.
Кейде басымыз қосылып қалып, пенде баласы болғандықтан ара-тұра өмірдің ұсақ-түйегі тілге тиек етіліп жатқанда, ол сол әңгімелерге түк мән бермей, басқа бір дүниенің сағымына шомылып, темекісін бұрқыратып, бір әдемі жұмбақ әлемнің мұнарына батып бара жататын.
Мен онымен университетті бітіретін жылы таныстым. Екеуміз жиі сырласып тұратынбыз. Ылғи да букинсттің алдында кездесіп қалатын екі адамым болушы еді. Біреуісі – ақын Өтежан Нұрғалиев, екіншісі – Әмірхан досым. Ол кітаптарды аса зор талғампаздықпен жинайтын. Өзінде жоқ бір кітапты менен көріп қалса, артымнан қалмай, жалынып жүріп, сұрап алатын. Басқаға бермесем де, Әмірханның көңілін қалдырғым келмейтін. Өйткені, оның сол кітапты қолына ұстап, бақыттан басы айналған шағын көзбен көрудің өзі мен үшін бір ғанибет еді. Соңғы рет сөйлескенімде Маркестің мемуарын сұраған. «Осындай кітапты оқып шыққан сен қандай бақыттысың» дегенің есімнен кетпейді. Алматыға бара жатқан жігіттердің бірінен беріп жіберіп, көңіліңді көтергім келіп жұрген. Үлгіре алмадым. Бірақ, енді оның…
Арғы-бергі әдебиеттің бәрін түк қалдырмай оқығандықтан оны бірдеңеге таңқалдыру қиын болатын. Көк базарға барып шұбат ішіп, әдебиет жайлы ұзақ әңгімелесетінбіз. Ол әдебиет туралы таң атқанша сырласудан жалықпайтын.
Туған күніме үйіме шақырғаным есіме түсті. Көңілім босап, көзіме тағы мөлтілдеп жас келді…
Қайран, Әмірхан-ай! Туған күн аяқталып, қонақтардың бәрі үйді-үйлеріне тарағанда көңілің көтеріліп, кештетіп келіп едің ғой. Үйдің ішін басыңа көтеріп «Уа, Аруақ» деп өлең оқығаның да жаңа ғана көрген киноның елесіндей көз алдымнан өтіп жатыр. Соның бәрін енді тек өткен шақпен айтып, еске алуға тура келетіні қандай өзек өртейтін өкініш.
Тағы бір күні айықтырғышқа түсіп қалған жеріңнен шығарып алып едім, аңғал досым ай! «Бұл айықтырғышқа кезінде Кеңшілік ағам жатып шыққан екен» деп мақтанғаныңды, сол биік мәртебеге көтерілгеніңді шыға салысымен жуып бергенімді қалай ұмытайын. Айықтырғыштағы милиционер жігіттен «Қалай, мазаңызды алған жоқ па?» деп сұрағанымда «Жоқ, жақсы жігіт екен. Түні бойы өлең оқып, көңілімізді көтеріп шықты. Қолымнан келсе тағы екі-үш күн жібермей, әдебиет туралы әңгімесін тыңдау үшін айықтырғышта ұстай тұрар едім» деп, ол да сені қимай-қимай бостандыққа жіберіп еді.
Сенің жаның арманға толы еді ғой, Әмірхан. Өмірге түңіле қараған кезіңді өз басым көрген жоқпын. Неге осындай шешім қабылдадың аяқ астынан, қайран қасқа бала? Кімге нені дәлелдемек болдың? Сен кеткенмен де ақындарын азапқа салып қойған мына жалған дүниенің жүрегі жыли қоймайды, біздерді аяп. Сенің тәніңді ертең қара жердің қойнына тапсыратыныма сене алатын емеспін, қайран Әмірханым!
Түні бойы Әмірханды ойлап ұйықтай алмай шықтым. Әр түрлі жайлар көз алдымнан өтті. Тай-құлындай тебісіп өскен досыммен бірге жүрген кездерім есіме түсіп, көзімнен жас моншақтап төгіле береді, төгіле береді. Ерте тұра салысымен Жанарбекпен хабарласып, мән-жайды тағы бір анықтадым. Досымның сүйегін бейсенбі күні туған жері – Шардараға апарып қояды екен. Елге әлі жетпепті. Моргтан сүйегін ала алмай түн ортасына дейін жүріпті. Кешкі сағат 19.00-ге самолетке билет сатып алып, ұшып кеттім.
Шымкентке жете салысымен Шардараға кетіп қалғым келіп еді, көлік таба алмай қиналдым. Жанарбекке хабарластым. Ол ертең азанда облыс әкімінің баспасөз-хатшысы Берік Уәлидің келетінін айтып, телефонын берді. Берік азамат екен. Хабарласып, Беріктің жеңіл көлігімен Шардараға таңғы сағат 7.30 да жол жүріп кететін болып келістік…
Шардараға келдім. Қаралы қазаға жиналған жұртпен көрісіп болған соң тамақ ішіп, жүрек жалғадық. Әмірханның сүйегін ауылдың мешітінен шығарды. Соңғы сапарға шығарып салуға біраз жас ақын-жазушылар келіпті. Әмірхан бауырым жастардың бәрін баулып, жақсы дүниесі болса газетке жариялап, мақтап, қолдап жүруші еді. Сол жастардың көздерінен мөлтілдеген жасты көргенімде, жүрегім жаншылып кеткендей бір көңіл-күйді басымнан кештім. Күтпеген жерден маған сөз берді:
«Періште болып туып, пәк қалпыңда мына жалғаннан өтіп бара жатырсың, бауырым! Сенің қазаңның ауырлығын жеткізуге сөздің де құдіреті жетпейді екен, Әмірхан. Әйеліңді, балаңды, туған-туыс, тума-бауырларыңды, өмірдің аласапыранында тіршіліктің талай тауқыметін өзіңмен бірге көтеріскен достарың – мына біздерді тастап, неге соншама асықтың бақи дүниеге досым-ау!
Тірлікте араласып, бірге жүріп, бірге тұрған тілектес, ниеттес достар бар ғой. Бірақ дәл сендей менің жанымды түсініп, сырласа алатын дос қайда енді маған. Сен біздің бәрімізден де білімді, бәрімізден де талантты ақын болатынсың. Кір тимек түгіл, шаң жұқтырмаған рухыңның тазалығына пенде түгіл, періште сүйсінер еді. Бәлкім сондықтан ба екен, сенімен сөйлесіп, сағаттар бойы сырласқанымда пендешілік жайлы әңгіме болған емес екеуміздің арамызда. Күлімдеген жүзіңнен бәрімізді де өзіне магниттей тартып тұратын бір ерекше нұр жарқырайтын. Нағыз ақындарға тән еркелік саған қатты жарасатын. Үйіме еркелеп келіп, түнделете телефон шалып мазамды алатын кездерің бір дәурен екен-ау! Сол сәттерді сағынғанымда өзің жырлаған «сегізінші аспанды» іздеп, әлі талай қамығып, әлі талай жанымды қоярға жер таппай қиналармын мына бес күндік жалғанда. Сондай сәттерде сенің жаныңдай таза жырларыңды оқып жүрегімді жұбатармын, парасатты дүниелеріңнің тереңіне бойлап рухыңмен сырласқандай болармын. Қош, бауырым! Қош бол, досым Әмірхан!»

Амангелді Кеңшілікұлы
2014 жылдың 10 сәуірі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.