Жарнама мен ғаламторда қателер неге көп?

Нұрлан ҚҰМАР

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында еліміз бүкіл Түркі әлемінің бесігі екендігін, мемлекетімізде мәдениет бағзы заманнан қалыптасқанын тілге тиек еткен болатын. Осындай құнды пікірден кейін мәдениеттің өзі ана тілімен тығыз байланысты екенін іштей анық сезінуге мүмкіндік бар. Мемлекеттік тілдің өрісі кеңейгенде ғана мәдениет пен елдің ішкі жағдайы мен тұрақтылығы қалыптасатыны ақиқат.

Елімізде Құдайға шүкір, халық саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Өйткені, демографияны қозғаушы күш жастардың саны көп болғандықтан, еліміздің болашағы жарқын. Қазіргі заманда кез келген жас жеткіншек ғаламторға құмар болып келеді. Ғаламторда, телефонда, айфонда, гаджетте, смартфонда, яғни бір сөзбен айтқанда технологиялық құрылғылармен өзара хат жазысып, сол арқылы байланыс жасайтын жеткіншектер жетіп артылады. Жасыратыны жоқ, бүгінде ғаламтор күнделікті өмірімізде кең қолданыс тауып, барлық салада ақпараттың негізгі көзіне айналып үлгергені мәлім. Статистикалық деректер бойынша, елімізде ғаламтор желісін пайдаланушылардың саны 12 миллионнан асып жығылады. Яғни, Қазақстан азаматтарының 70 пайыздан астамы компьютерлік технологияларды қолданады деген сөз.
Бұл орайда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыруға ықпал ететін веб-сайттардың санын арттырудың маңызы зор. Ғаламтор жастардың тәрбие құралына айналды. Ал, сан жағына келер болсақ, осыдан шамамен 10 жыл бұрын қазақша сайттар саусақпен санарлықтай ғана болатын. Ал, қазір жағдай басқаша. Бүгінде әрбір БАҚ, мемлекеттік органдар, ғылым, білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарының тағы да басқа түрлі салаларға қатысты қазақ тілді сайттардың саны артып келеді. Сан болғаннан кейін сапада қалыптасатыны белгілі ғой. Көбінесе тұтынушылар жиі қадағалап, электронды парақтарын ақтарып отыратын сая-сат, мәдениет, қоғам, ғылым, білім, өнер, тіл мәселелерін қозғайтын сайттар басымдыққа ие. Бүгінгі таңда ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту өзекті мәселеге айналып отыр. Тұңғыш Перзидентіміз «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді», – деген болатын. Бұл рас. Қазақ тілі ХХІ ғасырдағы ақпараттық технологиялар көшіне ілесіп, дамып келеді. Бүгінде әлеуметтік желілерді екінің бірі пайдаланады десек, артық айтқандық емес. Ауыл мен елді мекендердің барлығына дерлік интернет қолжетімді болды. Желі пайдаланушылар хат алмасады, ой-пікірлерімен бөліседі. Ақпараттық сайттардың қатары да күн өткен сайын көбейіп, арта түсуде. Мұның бәрі, әрине, жақсы. Бірақ тіліміздің тазалығын да ұмытпауымыз керек. Өйткені, бұл ең басты талап болуы тиіс. Ендігі мақсат – қазақ тілінің білім мен ғылым, интернет саласындағы қолданысын барынша дамыта түсумен тығыз байланысты екені сөзсіз.
Қазіргі заманда ғаламтордағы сайттар, әлеуметтік желілер Бұқаралық ақпарат құралдарының бір түрі ретінде қызмет етіп келе жатқанына біраз болды. Тіпті интернеттегі, яғни сайт журналистерінің тұтынушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету жағы дәстүрлі баспасөзбен салыстырғанда біршама алда келеді. Бұның үстіне әлемде ғаламтор ұсынатын мүмкіндіктердің ауқымы күннен-күнге кеңейіп келеді. Тұтынушылардың 60 пайызы әлеуметтік желілерге өздеріне қажетті ақпарат іздеп кіреді екен. Осыған орай, сол ақпараттың қазақ тіліндегі сапасы қандай деген мәселенің туындайтыны рас.
Демек, ғаламтордағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен түйткілді мәселелері арнайы зерттеуді қажет етеді. Мәселен, тіл мәдениеті мен тіл тазалығы, сөз қолданысының талапқа сай болуы, тіл заңдылықтарының сақталуы, стилистикалық және әріп қателерінің болмауы сынды көптеген талаптар болатыны белгілі.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні әлеуметтік желілер ғаламтор тұтынушыларының ажырамас сенімді серігіне айналып үлгерді. Сан түрлі тақырыпты қозғау үшін де, әртүрлі заттарға жарнама жасау үшін де, тіпті толғандырған мәселе жөнінде көпшіліктің ойын білу мақсатында көпшілік осы желілердің көмегіне жүгінетіні белгілі. Еліміздегі ең белсенді әрі кең тараған «Вконтакте», «Instagram», «Facebook», «Twitter», «WhatsApp» және тағы да басқа әлеуметтік желі пайдаланушыларының көбейгені соның бір дәлелі.
Ғаламтор пайдаланушылары арасындағы қолданыс көрсеткіші артқан сайын тілдің танымалдылығы да арта түсетіні мәлім. Бұл орайда ғаламтор кеңістігіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге мән бере қарауымыз керек. Ғаламтордағы сөйлем мәтіндерінен әріптік қателерді жиі ұшыратамыз. Тіпті бұл үйреншікті жәйт болып кеткендей. «Неге қазақша сауатты жазбайды», – деген сауалға жауап іздеп көрсек, кейбір жастардың ғаламторға жүктелген телефонында мемлекеттік тілдегі әріп жоқ болып шықты. Сонда, «ә», «і», «ң», «ғ», «ү», «ұ», «қ», «ө», «һ» әріптерінің орнына кирилицаны қолданып жүргендердің саны қаншама десеңізші?! Елбасының өзі 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу керектігін баса атап өткен болатын. Алайда латын ғаріптерін қолданып жүрген жастардың жазуында да қателердің өріп жүргені жасырын емес. Мысалы, «қ» мен «һ» және «ү» мен «ұ» әріптерін «к» және «u» деп жазып жүргенін көріп жүрміз. Сонымен қатар «ә»-ні «а» «ғ»-ні «g», «ө»-ні «o», «ң»-ді «n» дей салады. Ал, белгіленген ереже бойынша оны «q», «ú», «á», «ǵ» «ó», «ń» деп жазуға болмас па екен!?
Қазіргі технологияға қазақ шрифтісін орналастыру қиынға соқпайды. Ең бастысы, ізденсе болды. Бізден әлдеқайда жазуы қиын қытай, араб, жапон, корей тілдерінде ноқтасы мен иероглифін ауыстырып, қатесіз жазып жүрген шығыс халықтары бар емес пе?!
Ғаламтор қолданушы жастар бір-біріне қысқа түрде хат жолдап жатады. Мәселен, «Аслм», «келеатырм», «баратырм», «отырм», «үйд» сынды көптеген жазбаларды оқуға болады. Сондай-ақ жас буын өкілдерінің қолданып жүрген сөздеріне назар аударсақ, ол былай өріліп кете береді: «батан» (оқымысты), «тормозы ұстау», «зависать ету» (бөгеліп қалу), «базар жоқ» (таңғалғанда айтылатын сөз, келіскенді білдіру), «құлаққа лапша ілу», «құлақтан тебу» (өтірік айту), «маяк тастау», «скидовать ету» (қысқa қоңырау) «крышасы бар» (қолдау көрсететін адамы бар), «көзбен ату» (қадала қарау), «потеря болу» (қобалжу), «сущняк» (сусын),«қораға кіру» (тығырыққа тірелу), «лақтырып кетті», «отырғызып кетті», «қоянның суретін салып кетті» (алдап кетті). Осы тақылеттес жаргон сөздерді әлеуметтік желілерден жиі кездестіреміз. Сондай-ақ бұл қатарға: «лайк басып тұр», «онлайн эфирге шық», «игнорға тығып таста», «блокқа түсіп қалмасын», «видеозвонок жаса», «қанша подписчигің бар?», «поделиться етші» деген сөздерді қосуымызға болады. Осындай тілбұзар сөздер саф алтындай таза тілімізге өзінің нұқсанын тигізбей қоймасы анық. Тіпті бұлар қазіргі жастар арасында «тұрақты сөз тіркестеріне» айналып барады.
Ғаламторда ауызекі сөйлеу тілінің элементтері болып табылатын жаргон, диалектизм, варваризмдер де жиі ұшырасады. Әлеуметтік желілеріндегі грамматикалық қателіктер де көзге жиі ұшырасатын болып жүр. Тілге деген салғырттық, немқұрайлық осындайдан басталады. Желілерде пікір алмасқан азаматтар осыдан біраз жылдар бұрын бір-бірінің қате жазуларына ескерту жасап, түзету туралы ұсыныстарын білдіретін еді, қазір мұндайды көп кездестірмейміз. Сірә, қателіктерге көз жұма қарауға бой үйретіп алғандаймыз. Ал, сонда тіліміздің құнарын, тазалығын келесі ұрпаққа қалай жеткізбекпіз?
Ал, осы мемлекеттік тілдің қойыртпаққа ұшырауына ағылшын тілінің әсері бар екенін көпшілік біле білмейді. Халықаралық тілге айналған ағылшын тілі дүниежүзі бойынша ақпараттық технологияларды тұтынушыларға әсер етуші фактор болып отырғаны ақиқат. Алайда, ағылшын тілі жаһандық, электрондық коммуникация тілі, компьютер, ғаламтор тілі болғанының өзінде, оның ана тіліміздің қолданылу сапасына, сөз мәдениетіне тигізер кері әсері де жоқ емес. Өйткені, ағылшын тілінде бірнеше сөзді ықшамдап, қысқартып жазу сәнге айналып барады. Халықаралық тілде бұлай жазу ыңғайлы. Себебі, бұл тілдің іргетасы қаланған, әлем халқы сөйлегеннен кейін әртүрлі диалектіні қосу, әр стильде қалам тербеуі түсінікті. Бұған дәлел ретінде, дүниежүзіндегі халықтың 83 пайызы ғаламторда он тілді кеңінен қолданатындығын айтсақ болады. Олардың арасында ағылшын, испан, француз, неміс, араб, қытай, жапон, корей, орыс, хинди және португал тілдері бар. Осыған еліктеген қазақ жастары сөйлемді қысқартып берудің нәтижесінде ойлау жүйелеріне де нұқсан келтіріп жатқанын өздері де білмейді. Мысалы, ағылшын тілінде жазылған сөздерден қате таба алмайсыз. Айтылуы мен жазылуында айырмашылық бар бұл тілде кез келген ұлт өкілдері әріп қатесін жібермеуге тырысады. Ал, бізде ше? Өкінішке орай сол бұрынғы сарынмен, үйренген қалыппен қалай естілсе солай жаза беретіндердің қарасы көп. Әлеуметтік желілердегі жеке жазбаларға редакторлық, корректорлық жұмыстар жасалмайтыны белгілі. Сондықтан, желі пайдаланушылардың тілді пайдалану мәдениеті де сан қилы.
Әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдерге қалай жол бермеуге болады? «Сауатты жазайық», «Тіл тазалығын сақтайық» деп бастама көтеріп жүрген жанашыр азаматтар жоқ емес. Осы бағыттағы шараларды көбейтуге мән беруіміз қажет. Оқушылар мен студент жастардың арасында насихат жұмыстарын өткізіп, тіл мәдениетін көтеруді ұдайы насихаттап отыруымыз керек. Гаджеттерден, планшет пен смартфондардан әріптерді теріп отыруды қиынсынып әрі сөйлемдердің шұбалаңқылығынан қашып, ойды толықтай жеткізе алмағандықтан, әлеуметтік желіден дайын суретті алып, соны жолдау арқылы бір-бірін түсінетіндер де баршылық. Әлеуметтік желілерде қатесіз жазу мен сөз мәдениетін сақтау үшін елімізде ең алдымен ақпараттық мәдениет жайында қажетті мәліметтер кеңінен насихатталса құба-құп. Сонда хат жазу кезінде, пікір жазған уақытта қателіктерді көп жіберетін желі қолданушылар да азаяр еді.
Бүгінгі нарық заманын жарнамасыз елест-ету қиын, өйткені жарнама – табыс табудың негізгі көзі. Сол себепті де ол теледидар, ғаламтор, радио, газет-журналдар арқылы да тұтынушыларға жол тартып, өзіне назар аудартады. Әлдебір тауар түрі кеңінен насихатталады. Ал, енді осы жарнама мәтіндерінің сауатсыздығы сын көтермейді, грамматикалық қателердің нәтижесінде стилистикалық мағынасы ауысқан сөйлемдер көп. Бұл тіліміздің қадірін қашырып, ажарын солғындататын өзекті мәселе. Оған заң арқылы әкімшілік шаралар қолданып, тосқауыл жасауымыз керек.
Ана тіліміздің мерейін асыру үшін сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу және жазу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту және қатесіз жазу нормасы. Технологияның өркендеген зaмaнындa әлеуметтік желілердің тіл мәдениетін дaмытудағы әсері қaзaқ тіл білімінде жaн-жaқты зерттелуі тиіс.
Бізде қазақ тіліндегі жарнама тілі әлі де болса қалыптаса алмай келеді. Жарнама тілін реттеудің ең басты тетігі – жарнаманың мемлекеттік тілде жасалуы. Жарнамаға қатысты мәтіндер қазақ тарихында әріден қалыптасқан. Мысалы, өлең шумақтары, шешендік сөздер, мақалдарды қазақ ұлтының табиғатына, ұғымына сай қолданғаннан көп нәрсені ұтар едік. Қазіргі жарнамаларға тән ортақ кемшілік – олардың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан соң ғана мемлекеттік тілге аударылуында. Осыған орай, сәтсіз аудармалар тартымсыз, мән-мағынасы айқын болмағандықтан, тұтынушыны қызықтыра алмай келеді. Орыс тіліндегі жарнамалардың мәтіні алдымен эстетикалық, дизайндық, тілдік, эмоциялық (адамның санасына әсер ету, тауарды сатып алуға ынталандыру) тұрғыдан сарапталып барып, арна арқылы таралады. Көп жағдайда ана тілімізде берілетін жарнама аудармашының ғана жеткен өре деңгейін көрсетеді.
Жарнаманы үлкен де, кіші де көреді, мәтінін оқиды, ой елегінен өткізеді. Ең бастысы, жарнама жас буын өкілдерінің санасына қатты әсер етеді. Тіпті ұлттық болмысымызға жат, ұлттық мүддемізге сай келмейтін жарнаманың қаншалықты қажеті бар? Жас ұрпақты ұлттық санасынан ажыратып, дүниетанымынан алыс-татып әкетпей ме? Мәтіні мағыналы деуге келмейтін, әйтеуір қазақша болсын деген оймен аударыла салған жарнамалардың сиқын көрсең, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.
Жарнама тауар өткізудің басты құралына айналғандықтан, ірі компаниялардың өз өнімдерін насихаттауға белсене кірісетіні заңды. Кез келген жарнама беруші тұлға өз өнімін жарнамалап, насихаттамай табысқа жете алмайтыны да белгілі. Алайда жарнаманың да түр-түрі бар, арзанқол, ұғуға қиын, күлдібадам жарнамалардың мәтіні адам санасына теріс әсер етуі де мүмкін, көңілге де қонбайды. Ал, әріп қателері мен оңды-солды қойылған тыныс белгілері орын алған көрнекі ақпараттар көше бойында әлі де бой көрсетіп қалады. Көптеген жарнама мәтіндері қазіргі кезде тіпті эстетика-лық талаптарға да сай келмейді. Сондықтан, жарнама тілін реттеуді қоғам болып қолға алуымыз қажет. Жарнама тіліне қойылатын талаптарды ретке келтіру үшін, жарнама беруші тауарын немесе өнімнің мәтінін өзі дайындап, оны тек дизайндық тұрғыдан емес, лингвистикалық жағынан талапқа сәйкестендіруге мән беруі қажет. Сонда ешқандай қателікке жол берілмес еді. Қазіргі жарнамалардағы өріп жүрген қателер жарнама агенттіктеріндегі мамандардың мемлекеттік тілді дұрыс білмеуінен туындап отырғаны сөзсіз. Өйткені, жарнама – тілдің күнделікті қолданыста қалыптасуына оң әсер ететін бірден-бір маңызды нәрсе.
Көпшілігіміз жақсы білетіндей, тіл саласы – қоғамдық өмірдің бір бөлшегі, мемлекеттіліктің нышаны. Тіл – жанды үдеріс болғандықтан, ол бір арнада тоқтап тұрмайды. Бұл бағыттағы кемшін тұстарды үнемі саралап отыруымыз артықтық етпейді. Ғаламтордағы және жарнамадағы тіл мәселесінің түйткілдерін ой елегінен өткізген тұста қазақ тілін заманауи тіл дәрежесіне көтеру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы да тіл жанашырларын толғандыратыны анық. Себебі бұл екі саланың шекарасы жоқ ақпарат кеңістігі болғандықтан, оның тіліміздің аясына тигізетін оң әсері де жоқ емес. Олай болса, тілдің аясын кеңейту бағытында сапасына мән беру, бұдан келіп туындайтын өзге де мәселелерге назар аудару маңызды болып табылады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.