«Шіркін, жолым болса екен!..»

Кей-кейде өзімше тебіреніп, толғанып қоямын. Адам баласының көңілі аспан секілді. Бірде шайдай ашық, енді бірде бұлттай түнеріп тұрады.
Қара күз болатын. Қыркүйек айының басы, ептеп-ептеп суық байқалады. Жоғары оқуға тапсырып жауабын күтіп мен жүрмін. Бойымды уайым мен күдік билейді. Түркістаннан мардымды жауап болмағаннан кейін, Шиеліге бірер күнге демалысқа келгенмін. Күрішке орақ түсіп, егін тегін түгел жинала бастапты. Біз де азын аулақ, қауын-қарбыз, қияр, қызанақты базарға сатып әлекпіз. Ал, кешке ата-анам, екі қарындасым және көкем – Абылайхан алтаумыз асқа жиналамыз.
Сондай қызу тірлікпен өтіп жатқан күндердің бірінде Ақтөбе өңіріне тұрмысқа шыққан әпкем, екі жас шамасындағы баласы және жездем үшеуі біздің үйге қонақ болып келе қалды. Үй іші азан-қазан бәріміз қуанып жүрміз. Негізі ол кісі біздің ауылдың шетінде, «Табан» – деп аталып кеткен шолақ көше бар, сонда тұратын атамыздың жаңғыз қарындасы – Әсия апамыздың кіші қызы Кенже. Кенже өзі ірі денелі қараторылау келген көзі қысыңқы, ойын ашық айтатын ақжарқын жан. Ал, жездеміз бойшаң, сарылау келген, орынсыз сөз бастамайтын қарапайым жігіт болатын. Олар келіп бір шай ішемін дегенше қас қарайды. Жездем екеуміз сыртқа таза ауамен тыныстамаққа шықтық. Ол темекі тұтатып, түтінін будақтатып тарта бастады. Сосын бір әңгіме бастады.
«Бұрынырақта АҚШ-тың Техас штатында бір жас жігіт оқуға ілінбей, ауылына қайтпаққа вокзалға келіп, пойызын күтіп ойланып отырады. Сәлден соң әлгі қария бозбалаға:
– Неге мазасызсың, балам? – дейді.
–Шынымды айтсам, оқуға ілінбей, ауылыма жүргелі тұрмын, – дейді бозбала.
Жігіттің аты Джек, ал, қарияның есімі Эдиссон екен. Эдиссон жігіттің талабы мен намысы қайнап тұрғанын байқап, түбінде бір жерден шығады-ау деп түйеді. Барлық жайды ұғынысып-біліскеннен кейін ақсақал жігітті ауы-лына қайтармай, оқуға түсіреді. Қарияның қала ішінде «Мейірімді адамдар» деп аталатын кафесі бар екен. Ал, Джек болса қысқы жазғы демалыстарында ақсақалдың кафесінде жұмыс істеп, өзіне де, отбасына да қаржы тауып жүреді. Кей кездері Эдиссон ақсақалдың қала сыртындағы саябағына барып бірге демалып тұратын. Осылайша оқу да бітіп, Джек табысты бір компанияда жұмыс істеп көтеріле бастайды. Арада жылдар өтіп жатты. Баяғы жас жігіт пен қария, әкелі-баладай болып үнемі араласып, бір-бірімен хат алысып жүреді. Күндердің күнінде ақсақал хал үстінде жатыр деген суық хабар келеді. Дереу өзінің қымбат көлігін мініп, қала сыртындағы ақсақалдың үйіне жетеді. Эдиссон Джекке бір хатты береді де, қолын қатты бір қысып, о дүниеге кете барады. Джек өмірлік ұстазына айналған Эдиссон әкейді жерлеп, кейін оның атынан «Мейірімді адамдар» дейтін қор ашады. Сондағы хатта не жазылған дейсіз ғой. Онда «Жас күнімде маған да бір ақсақал дәл осылай жәрдем жасаған еді, Мен ол кісіге әлі күнге қарыздармын. Жас кезімде «Шіркін, жолым болса екен…», – деп армандаушы едім. Ол орындалды. Осы істі енді сен жалғастыр» деген аманат бар екен».
Жездем үйге кіріп кетті. Ойланып мен сыртта қалдым.
Көп ұзамай Түркістанға оқуға түсіп, оны бітіріп Алматыға келдім. «Шіркін, жолым болса ғой» – деп баяғы айтылған оқиғаны есіме жиі аламын, аңсаймын бір ғажайыпты…

Олжас Жолдыбай

1 Пікір

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.