Отбасы – қоғамның өз байлығы

Динара Мәлік
1988 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Бірнеше жыр жинақтарының авторы. «Үркер – Үміт» бәйгесінің жеңімпазы. Республикалық бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері. «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері.

Елімізде әрбір үшінші некенің отбасылық тағдыры ажырасумен аяқталады екен. Қоғамға қайшы әрекеттерді заңмен тиым салып, тәртіпке бағындыра алғанмен, кейде өмірмен, ішкі сезіммен байланысты жәйт те болады. Ажырасу – екі адамның, бүтін бір әулеттің тағдыры. Бұл қазір мемлекеттік мәселеге де айналғаны рас. 2019-2024 жылдарға арналған отбасын дамыту және қолдау «Жол картасы» жобасының бағыты да осы ажырасу көрсеткішін азайтып, алдағы жоспар қадамы бойынша, 2019 жылы 41% -дан 38,2% -ға, 2023 жылға қарай 30% -ға, 2030 жылға қарай 25%-ға дейін төмендету. Соңғы 10 жылда елімізде 1,5 миллионға жуық ажырасу фактісі тіркелген. Бұл дегеніңіз қаншама сәби толыққанды отбасында өмір сүрмейді деген сөз.
Ертеректе ата-бабаларымыз «үйлену оңай, үй болу қиын», – деген тәртіппен ұл-қыз-дарын үлкен өмірге дайындап, жауапкершілік жүгі екенін сезіндіре білген. Қазақ дала-сының, қазақ бабасының ұлағатына қалай таңданбайсың? Дүние есігін ашқан сәбилерін өздерінің етене жақын араласатын, не болмаса ниеті ауған кісісінің баласына «атастырған». Ұл мен қыз ержете бастағанда бір-біріне бөтен еместіктерін білдіріп, балиғат жасқа жеткенше сыйлау, құрметтеу сынды қасиеттерді бойларына сіңірген. Сөзден аттайтын ұл, кесе өтетін қыз тәрбиелеу сүйекке таңба деп санаған. «Он үште отау иесі» деген сөздің астары да он үшке толған баланың бойына күші, ойына қиялы, өмірге де түрлі көзқарасы толыға бастайды. Ержете бастаған жасөспірімнің нәпсісі оянып, бойына желік бітіп әр түрлі қателіктерге ұрынбас үшін де «атастыру» дәстүрінің маңызы зор. «Тектіден нәр алған тозбайды» деген қазақ үйден аттар келіннің, ұрпақ өрбітер әйел затының тегін таңдаған. Сондай мақсат пен мүддеге мән берген екі жастың ажырасуы әсте мүмкін емес болып саналған. Заман өзгерді деген мәтелді желеу ететін, қазіргі жаңа заман ұрпақтары бұл үрдісті ұстанбайды да. Әрине, ілеуде біреу болғанымен жарқылы көп жаһандану дәуірі сана-сезімге ерік бергені рас. Сүймей тұрып, сүйіспей тұрып, отбасын құратын қадамға бармайды. Біздің оңтүстік өңірімізде кездесетін «алып қашу» әрекетін де қазіргі қоғам құптамайды. Керісінше, сот арқылы бұл мәселені дауға айналдырады.
Қалжыңға айналып кеткен осы бір оқиға ой салады. Үшінші мәрте үйленіп жатқан досына бара алмаған туысы «келесі үйленгеніңде міндетті түрде барамын» деп сәлем жолдапты. Біз өмір сүріп отырған қоғамда үшінші рет те үйленген жандар таңсық емес. Әр әке мен шешенің соңында бір «жетім» еріп кетті деген сөз. Күні кеше ғана әлеуметтік желіде талайдың жан дауысын шығарған Жетісайдағы оқиға есіңізде ме? Өгей ана күйеуінің бірінші әйелінен қалған үш қызды қаншама жыл бойы азаптап келген. Дене жарақаттарын салып, жуынды ішуге мәжбүрлеп, аяқ-қолдарына шеге тығып жазалайтын болған. Бүлдіршіндей қыздардың әкеден мейірім көрмей, аналарын сағынған таңдары мен түндеріне кім кінәлі? Бұл сол әулеттің, бүтін бір қоғамның жауапсыздығы. Ертең сондай отбасынан шыққан қыз балалар біреуге ана, бір әулетке келін болады. Өмір жолында, тағдыр таңдауын дұрыс жасай алады ма? Мейірімнің жемісін көріп өскен кез-келген бала әке-шеше деген атауға жауапты болады. Менің ойымша ажырасу туралы заңға қатал өзгерістер енгізу керек. Ажырасуға өтініш бергенде төлейтін айыппұлды өсіріп, арнайы сол қиындықпен күресетін медиаторлар белсенділік танытуы керек. Кез-келген сот залында медиатор бар. Олар екі жақтың оң бітімге келіп, татуласуы үшін жұмыс істейді. Медиатор – психолог, шешен, сол әулеттің жақыны іспетті кісі. Бірақ біліктілік пен білімділіктің өресін көрсете алмайтын, сезіндіре алмайтын сол маңызды тұлғаларға талап қоя білу керек. Дегенмен, сана-сезімнің тамырымен астасатын бұл шешімге әр адам өзінше жауапты. Әр адам өзінше түйсінеді. Отбасы – қоғамның байлығы. Бірлігі бар қоғамда береке болады. Өзімізде де, ыдыс-аяқ жиі сылдырламаса да сыр беріп қалатын кезі бар. Отбасын құруға қадам басқанда жеке басыңның қамын болашаққа деген көркем жоспарыңа айырбастайсың. Сол шаңырақтың керегесінің берік, босағасы ырысқа толғанын тілейсің… Жаңа өмірге қадам басқан кезеңде өмірдің ең сәулелі шақтары көріне бастайтыны рас. Үйіңде құлдыраңдаған бүлдіршін сенің бала кезіңнің кейпіндей елес береді. Жарың жақының, жанашырың іспетті ізетті болады. Өзіміз осылай армандап тауып алған сынды, өмірлік мақсат-мұратымыз да солар үшін бейімделе бермек. Ең бастысы, шалыс басқан қадамды түзету – ажырасу емес.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.