Мезгіл мелодиясы (Циклді әңгіме)

Ардақ Үсейінова

1982 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылында дүниеге келген. 1999-2005 жылдары Бішкек қаласындағы И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетін, 2006-2008 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, 2009-2011 жылдары аталған университеттің журналистика факультетін тәмамдаған. 2006-2010 жылдары Т.Рысқұлов аудандық газетте тілші, редактордың орынбасары болып жұмыс істеген. 2010 жылдан бастап Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде Саясат және әлеумет бөлімінің басшысы. Журналистер Одағының мүшесі.

Қоңыр күз

Ауылға тыраулаған тырналардың қа-натының суылымен ілесе тағы бір күз келген шығар. Қалада сол баяғы қарбалас тіршілік. Аптап ыстығы жан шыдатпағаны болмаса, тас шаһарды жадыраған жаз да айналып өтті ме дер едің. Таң атпай қарқылдап, саябақтағы топ ағаштың ішін азан-қазан ететін қарғалардың да үні өшкендей. Күздің қоңыр кеші де, талмаусыраған таңы да тыныштық тілеп, мүлги түскен. Тас қабырғаларға қалқан қып қойылған темір есіктің алдындағы ағаш орындықта жылы жамылғыны бүркеніп, бұйығып отыратын қара кемпір де көрінбейді. Шамасы, лажсыз жансыз қабырғалардың тұтқынына айналды білем. Кім білсін, темірқұрсау терезеге телміріп, қоңырқай тіршілігін қомсынып, қоңыр әлемнен қоңыр әуен еститіндей далаға қарай ұмсынып отырған болар.
Жаз бойы қарқылдап қоймап еді, сарша тамыз өтпей жатып күннің күрт суығанынан қорықты-ау деймін, қарғалар да жым-жылас. Тіршіліктің тамыр соғысы өз бүлкілінен танбағанын аңғартып, жел ғана ызыңдайды. Көк жүзін көлегейлеген қара бауыр бұлттарды тықсыра қуып, тыным табар емес. Сіркіреп жауған жаңбырдан кейін тамшы да қалдырмай, кептіріп жібереді.
Шіліңгір шілдеде де қарқылынан бір танбап еді, қыс ерте түседі деген хабары ма кім білсін, қарабайыр қарғалар да көзге шалынбай қалды. Қара кемпір де көрінер емес. Бүгін темір есіктің алды бос. Ағаш орындықты да алып тастапты. Ауылда болса, күншуақтап далада жүн иіріп отырар ма еді… Қаланың тіршілігі осы. Қым-қуыт дүние, өнімсіз жұмыс.
Кәрілік пен қоңыр күзде өзара ұқсастық бар секілді. Үнемі қоңырқай тартып, құлазып тұратындай. Қарт кісінің өңі де қоңырқошқылдана түсе ме қалай?! Нағашы апам Шәйіркүл жастау кезінде өңі ақшылсары еді. Жасы тоқсанға таянғанда қараторы кемпірдің өзі болды. Біруақ далаға шығып, күннің көзіне бүйірін қыздырып, жүн иіріп отырар еді бұл шақта. Неге екенін кім білсін, ауылды аңсай ма, жылы үй, жұмсақ шәлінің қызуы күннің қызуына жетпейді дейтін.
Ол кезде ойын баласымыз. Жақ-жақ болып жарысқа түсіп, ойынның қызығына түскен бізге оның желден ықтап, күншуақтап отырғанының өзі кәдімгідей ес еді.
Тоқсанға келгенше тірліктен қол үзген жоқ. Еңбекпен есейген жан ғой. Бір шымшым талқан да қимылсыз отырған кісінің бойына сіңбейді дейтін. Бізге жылы күртеше тігіп, шұлық тоқып беретін. Кім білсін, ертелі-кеш ас-суын қамдап, жай-күйіне қарайлаған шешемнің қызметіне ризашылығын көрсеткісі келген шығар.
Темір есіктің алды бүгін де бос тұр. Кім біледі, қоңыр күзден қоңыр әуен іздеген қара кемпір ауылға кетіп қалған шығар. Дәл қазір тыраулаған тырналардың дыбысына құлақ түріп, көк жүзіне қарап тұрса ше?!
Биыл күз ерте келді.

Аппақ әлем

Аспан мен жер тұтасып кеткендей. Аппақ әлем. Аппақ қар.
Ақша қар жапалақтап жауып жатыр. Қара жерге жеткенше жалбаң қағып, жаны қалар емес. Тегі бөлек болғанымен, түпкі мекені екенін сезе ме деймін. Елпеңдеп келіп, Жер-Ананы өбуде. Қай-қайсысы да бұрынырақ жеткісі келеді. Қайта қауышуға асығады. Ата қонысына ертерек оралғандары – қарайған қырқа-қыраттардың кең қойнауында. Албырт сезім, алғаусыз табысқан көңіл.
Шеті де, шегі де көрінбейтін дархан далада ақ сағым жүзіп жүргендей. Жаныңды бір тәтті мұң тербейді. Бойыңды буып, буырқанған алапат сағыныш жүрегіңді тырналап, маза бермейді. Дегбіріңді алған белгісіз мазаң күй. Алабұртып, тағат тауысады.
Егер ұлпа қарға тіл бітсе, ол өзінің ішкі сезімін осылай ақтарар ма еді, кім білсін. Бәлкім, көктем шыққанда неліктен ебіл-дебілі шығып, егіле жылайтынын да айтатын болар. Әттең, тілі жоқ. Сондықтан, оның сырын жаныңмен сезініп, үнсіз ұқ. Сайын даланы ақ мамыққа ораған ісмерлігі мен шеберлігіне тамсан.
Тартылыс заңы. Әуеге лақтырылған тас та қара жер қонысын қайта табады. Сынық қанат ақ көбелек сияқты қалбалақтаған ақша қар, қиыршық қар, ұлпа қар да солай.
Сағыныш зары. Сезімнің шарболат бұрауы босап, қыстың қыспағына шыдас бермеген сыңайлы. Қылаулаған қар жерге қарай асығуда. Ақ толқындар ақ желкенді кемеңді қақпақылдап, алыс жағалауға бұрып әкететін секілді.
Жер-Анамен сағына қауышқан ақ қардың демі де жылы. Үлп-үлп етеді. Жұп-жұмсақ ақ мамық. Бірақ, сартап болған сағыныштың, сергелдеңге салған сезімнің зардабы көп тартқаннан болар, ұлпа қардың ертеңінде-ақ, қасат қарға айналып, қатайып шыға келетіні бар.

Ақжауын

Тық-тық, тырс-тырс. Тық-тық, тырс-тырс.
Ымырт үйіріле жай себелеп бастаған еді. Қазір үдей түскен бе, қалай? Жауынның түнгі тымық ауадағы тырсылы тым қатты. Шатырға тигені тықылдап тұр. Әйнекті сабалағандары тырсылдай түседі. Ары қарай тасқа құлағанының үні солғын. Шылп еткен дыбысы әлсіздеу шығады. Бірақ, сонысымен-ақ, көп сырды айтып-жеткізіп тұрғандай.
Тық-тық, тырс-тырс.
Етім өліп, құлағым үйренейін деді ме, үздіксіз тамған тамшының дыбысы бағанағыдай құлаққа түрпідей тимейтін секілді. Керісінше, мұңлы саз алыстан талып естілетіндей. Баяу әуен жаныңды тербейді. Ал қара түн қалың ойдың құшағына тарта түседі.
Жаңбыр тамшылары Жер-Анаға әлдебір сырды ашқысы келгендей сілбіреп ұзақ жау-ды. Онысын қара жер ғана айқын түсінді-ау, деймін, қатты бусанды. Ебіл-дебілі шыға егілді. Жерде ала көбең қардың ізі де қалмады. Көз жасына тұншыққан баладай, ендігі сәтте өксігін баса алмай жатты. Босаған көңілдің лайсаңнан тазарғанын әр жерге жиналған ыза суы аңғартып тұр.
Ақпандағы ақжауын қаһарлы қыстың қыспағына шыдап бағып, бойын жинап, қатуланған Жер-Ананың көңілін босатқан секілді. Табиғаттың тосын сыйы таусылған ба?! Ақтүтек бораны басылмайтын ақпанда ақ жаңбыр жауды. Бейнебір аспанның түбі тесіліп кеткендей. Үзіп-cозып жауғанына аптадан асты. Айнала төңірек аяқ алып жүргісіз, мидай батпақ. Жауынның жерге сіңіп үлгермегені шалшыққа айналған.
Сайын дала ақ жауынның мұңын түсініп, бүкпесіз сырын шын ұқты. Ал қара жерге тас төсеп, жан-жағын биік-биік үйлермен қымтаған тас қала сол баяғы меңіреу қалпы. Сілбіреп жауған ақ жауынның айтарына құлақ түріп, селт етсеші. Тық-тық, тырс-тырс еткен дыбыс-ты да естімейтіндей, құлағын тарс бітеп алған.
Тас қала тарс бүркеніп ұйқыда жатыр. Міз бақпайды.

Жаңбырлы жаз

Қара жер емес, қара тасқа оңайлықпен қайдан сіңсін. Қаланың қақ ортасында ыза суы кілкіп жатыр. Аспанның түбі тесіліп кеткен бе, зеңгір көктің жауын-жасы ала жаздай тиылмады. Жер-Ана үнсіз. Тас асфальт меңіреу.
Қолшатырсыз жүретін әдетім. Ақ нөсер әп-сәтте бетімді жуып, мойныма құйылды. Қара түнмен тұтасып кеткен қара аспанға қарадым. Шелектеп төгіп тұр. Жаздық жеңіл жейде мен аяқ киімім құрсау болмады. Жұмыстан кештеу шығып, езіліп шаршап тұрғам. Есімді тез жидым.
Бала кезімде нөсер жауынның астында малмандай су болғанша жүргенді ұнататынмын. Шелектеп жауған жаңбырдың екпінінен алапат сағынышты сезетінмін, әйтеуір. Сол әсерден айыға алмай, жауынға бетімді жуғызып, далада ұзақ жүретінмін. «Жалаңаяқ қыз» деп ыңылдап ән салатынмын, мидай батпақты жалаң аяғыммен кешіп жүріп. Дәл сол сәтте бұл әуеннің мезгілдің күйімен қаншалықты үйлесіп тұратынын қайдам, әйтеуір жаңбыр жауса осы әнді айтатынмын.
Әкем өмірден өткен жылы көктемде дәл осылай ақ жауын басталған. Аптадан айға ұласты. Жаңбыршы дүниеге келген кезде де дәл осылай нөсерлеп жаңбыр жауыпты дейді көзкөргендер… Әйтеуір сол көктем жаңбырлы болды.
Нөсер басылар емес. Бала күнімдегідей жауынның астында ұза-а-ақ тұра бергім келді. Бірақ, сол кездегідей алып-ұшқан көңіл қайдан болсын! Қазір жаңбыр жауса, әкем есіме түседі.
Шалшықты кешпей өту үшін жолдан шеткері шығып, салықшылар мекемесінің алдымен жүруіме тура келді. Ыза суы көлкіп, асфальт жолға дейін жайылыпты. Енді бірер күн осылай жатады.
Түн түнеріп тұр…
Биыл жаз жаңбырлы болды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.