Кім кінәлі?

Журналистиканың кəсіби мамандық ретінде қалыптасып дамығанына 100 жылдан астам уақыт өтті. Жалпы мамандықтың өзі журналистикамен бірге пайда болған. Алғашқы журналистика факультеті 1908 жылы атақты медиа магнат Жозеф Пулитцердің мұраға қалдырған қаржысымен АҚШ-тың Миссури штатында ашылған. Осы аралықта журналистика қарқынды дамып, жанама түрде болса да «төртінші билік» болып қалыптасты. Алайда, дәл Қазақстан журналистикасы туралы солай айтуға келе ме? Бүгінде қазақстандық журналистиканың депресивті күйін сынап, журналистердің кәсіби біліктілігінің аздығын айтушылар өте көп. Тіпті, 2017 жылы «Медиа Альянс» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Арман Шораевтың журналистика факультеттерін жабу туралы ұсынысы қызу талқыға түскен болатын. Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев сияқты журналист-публицистеріміздің сара жолымен бастау алған қазақ журналистикасы туралы біржақты пікірге не себеп?
Журналистика – басқа аспектілерін айтпағанда, бұл – тілдік норманы қалыптастырушы, халықты жұмыл-дырушы орта. Журналистика әлеміне кірем деген жан оның биік шыңы телевизияда жарқ етіп көрініп, диктор болуымен шектелмейтіндігін білгені жөн. Ол ортаны біз қадірлей, қастерлей білуіміз керек. Сол ортаға болашақта жауапты бүгінгі журфактың студенттері. Дей тұрғанмен, Отандық телеарналардың 70%-ын журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өнер иелері, блогерлер, саясаткерлер жаулап алды. Онымен қоса, Германия әдісіне еліктеп ашылған үш айлық журналистика курстары қаптап барады. Онда оқығандар өздерін журналист санап, осы сферада жүре алады. Ендеше журфакты кінәлау қаншалықты орынды?
Қара шаңырақ ҚАЗҰУ-дың іргетасы қаланған уақыт – 1934 жылдан бері журналистика факультеті де маман дайындап келеді. Журналистика факультетінде 600-ден астам студент білім алуда. Аталмыш білім ошағынан талай баспасөз мамандары түлеп ұшты. Оларға – Кәкен Қамзин, Клара Қабылғазина сынды профессорлар дәріс оқиды. Болашақ журналистерге теориямен қатар практикаға бейімдеу мақсатында баспа үйі, «Әл-Фараби» радиосы, «Әл-Фараби» арнасы жұмыс жасап жатыр. 1 курстан бастап жастарды жаз айында практикалық жұмыстарға жіберіп отырады. Олай болса журналистика факульттерін жабу емес, керек десең, əлі де көптеп ашу керек. Сұраныс бар жерде ұсыныс та бар. Бəсекелестік сапаны алға шығарады. Ендеше, ұлтының қамын жейтін нағыз патриот журналистерді дайындау керек!

Қырмызы Скендирова
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 1-курс студенті.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.