Отандық киім киіп жүрміз бе?!

«Адам көркі-шүберек» демекші, бір көргеннен үстіндегі киімге қарап адам туралы көзқарасымыз қалыптасатыны белгілі. Сол себепті де, қайда барсақ та бірінші үстідегі киімді ойлап жүреміз. Тіпті, қалтаға ақша түскен бойда дүкенге жүгіретініміз шындық. Түрі мен бағасына бірден назар аударып, кейіннен брендіне қараймыз, шыны керек, қарамайтындарымыз да бар. Егер байқағандарыңыз болса, Қырғызстанда немесе Қытайда, Түркиядан өндірілген деген жазуларды көп кездестіреміз. Ал, отандық өнімдеріміз қайда?
Əрине, отандық өнім жоқтың қасы деп айта алмаймыз. Себебі, еліміз жеңіл өнеркəсіптің дамуына назарын аударудың арқасында, қазір отандық өнім шығаратын цехтар көптеп ашылып жатыр. Тіпті, отандық дизайнерлердің де саны артып, атақтары шетелге жетіп жүргендер де бар. Дегенмен шыны керек, отандық киімдеріміздің жарнамасы жер-көкке жайылып жатпаса да, бағасы шарықтап, тіпті шетелдік киімдермен теңесті. Сол себепті де болар, қарапайым базар маңынан қазақстандық өнімді кездестіру қиын. Əрине, қымбат киімді алып сатқаннан гөрі, көрші елдерден арзанға дайын өнімді əкеліп, үстіне ақша қосып сатқан тиімдірек. Ал, отандық киімдер неге қымбат екенін өндірушілер былай деп түсіндіреді. Себебі мынада: отандық бренд шығарушылар матадан бастап, қажетті жабдықтардың барлығын сырттан алдырады екен. Яғни, киім отанымызда тігілген деген аты болмаса, құрал-жабдықтарының бəрі шетелдікі. Ал, бұндай шарықтаған бағадағы киімдер, əрбірінің қалтасына шақ бола бермейтіні сөзсіз. Дегенмен, бес саусақ бірдей деп айта алмаймыз. Себебі, жан-жақты шарлап жүріп, қолжетімді бағамен сатылып жатқан отандық брендтерді кездестіруге болады. Ендеше, таңдау өзімізде. Киімнің түрі мен бағасы ыңғайлы болса болды демей, оның өндірісіне қарап, отандық өнімді бірінші өзіміз тұтынсақ, өзгелер де қалыс қалмайтын болар еді.

Əмина Ертай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.