Қоғамдық көліктер қызметі көңілден шыға ма?

Қоғамдық көлік жайлы əңгімені бас-тап берсең, Алматы жұртшылығының айтар жыры біраз екенін байқайсыз. Күндіз жұмысқа немесе белгіленген орынға кешікпей аман-есен жетуді армандасаң, жұмыстан əлің бітіп шыққанда қайтадан сол көлік мəселесін ойлап, үйге жарым түн болмай жетсем екен деген оймен қайтасың. Шынымен таң атпай тұрып үйіңнен ерте шыққан күннің өзінде барар жеріңе кешігіп жетесің, оған себеп, қоғамдық көлікті бірнеше минут күтуің, онымен қоймай ол көліктің толып келіп тоқтамай кетуі немесе симай қалуың. Қайтарда да дəл осы жайт. Əрине, бір қарасаң сену қиын, дамыған елдің қатарына кірмекші болып отырған біздер, тіпті қала ішінде халықты барар жеріне уақытылы жеткізе алмай жатырмыз. Бұл тек басы ғана, көлікке қысылып кіргеннің өзінде, ішінен жүйкең жұқарып шығады. Қысылып, дем ала алмай, ауа жетпей əрең тұрғаныңызда, «Оңайды» басыңыз, жол ақысын төлеңіз деп, төбеңізден қарап тұратын жүргізушілер де кездеседі. Төлеуін төлеп, ыңғайланып тұруға қамданып жатқаныңда, тар жерге тамаша болып, Оңай тексерушілерің кіреді. Əрине, олардыңда жұмысы, оларға да өкпе жоқ. Күні бойы кептелістен жүйкесі тозған жүргізуші əдейі істей ме, көлікті қалауынша жұлқып айдап, жолаушыларды сілікпесін шығарады. Ал, сол тұста, оңтайлы сəтті пайдаланып, бағалы затыңызды жымқырып үлгеретін ұрыларға тіпті айтарға сөз жоқ. Жұмыстарынан шаршап, жүйкесі тозып шыққан жұрт та түртсең жұлып жеуге дайын тұрады. Кейде бір-бірімен, онымен қоймай, жүргізушімен айқайласып, жаға жыртысып жатады. Бұл көріністен кейін енді қоғамдық көлікпен жүрмеспін деп іштей ойлайсың, бірақ басқа амал бар ма, қайтадан сол көлікпен барар жеріңе барып қайтасың. Əрине, еститін құлақ болса бұл жайлы күнделікті айтылып та жатыр, жазылып та жатыр. Бұның себебін, қоғамдық көліктің аздығынан, жолаушылардың көбеюінен деп отыра беретіндейміз.

Əмина Ертай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.