Көктемдегі көркем сөз

(«Тамшы-хат»)

Сара Жақсылық

1997 жылы Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті, филология факультетінің 4-курс студенті.

Құрметті, Жаз мырза!
(Бұл хат тамшы әуенінің ырғағымен  жазылды)

Уақыт сырғыған сайын санамда бұлыңғырлана бастаған сол оқиғаны түсім бе деп қаламын кейде…. Ой жамылғысын дереу серпіген мына сөздер еді:
– Тентек Күз тықсыра қуып жатыр, менің аялдап тұруға уақытым жоқ. Әне, көрмейсің бе, жерге құлаған жетім жапырақтарды дөңгелете айналдырып, сүзгіден өткізгендей қылуын! Жоқ, мен бес секундта бұл жерде қалмаймын, кетемін!
Сол сәтте жазды қимай келе жатқанымды біліп қойған кім екен деп таңғала көз тастағанымда, қызылды-жасылды гүл тиелген сұр жүк көлігін байқадым.
Жел ыңғайына жығыла жаздап теңселген кәрі теректер тарам-тарам саусағын кеңістікке созып, ұмтыла түседі. Күн көзі бірде алабұртып, бірде ұялған қыз балаша қалың бұлт арасына тығыла қалады. Осындай кезді күз деуші ме еді… Қыркүйектің соңы. Сіз қала орталығындағы гүл атаулыны ұшқыш көлігіңізге тиеп, белгісіз жаққа аттанайын деп жатқансыз. Рэй атаның әңгімелерінде адамдар Марсқа аттанатын болса, ал, Жаз қайда кетеді екен?
Жақындаған сайын сәуле шағылысқан алтын жүзіңіз көмескіленіп, шекеңізге қыстырылған нәзік раушан гүл де бір сәтке мұңая қап, төмен қарағандай көрінді. Еңсеңізді тіктеп алып, тәкаппарлана бір қарадыңыз да, жерге құлаған бірнеше тал гүлді әлдебір тылсым күшпен алақаныма салдыңыз. Бірақ, демі жоқ гүлге қызыға алмадым. Бірер сәттен соң жеңіңізді қайта түріп, қанқызыл гүлдерді құшағыңызға сыйғыза көлікке тиеп тастадыңыз. Үстімдегі жұпыны пальтоның етегі желбіреп, кеудемді қыса қымтандым да бақылап тұра беріппін. Жаз мырза, сіз менің Күз құшағында уақытша қала тұрғаныма қарсы емес шығарсыз?
Миымды әдеттегі қозғалысынан жаңылдырып, басқаша күй кешуінің себебі мына әңгімеде. Ол жасы жиырмадан сәл асқан, өзім құралпы жігіт еді. Сөз саптауы мен көзқарасы, іс-қимылы ойлы адам екенін сездіріп тұратын. Жұмыстағы үзілістің бірінде:
– Сен құдайға сенесің бе? – деп сұрады ол.
– Әрине, мына шексіз ғаламның жаратушысы бар екеніне шүбәм жоқ, – деп жауап бердім.
– Ал мен атеистпін. Әлемнің ешқандай да жаратушысы жоқ, мен тек өзіме ғана сенемін…
– Неге? Қалайша?
– Тіршіліктің қазіргі деңгейге жетуі, өмірдің пайда болуы эволюцияның арқасы. Әлемде қаншама зұлымдық, әділетсіздік пен өлім орын алып жатады, сонда сендер сыйынған құдай қайда қарап отырады? Жыларман болып, маңдайың жерге тигенше тағзым етесіңдер, сондағы келер пайда не? Арғы өміріңді ойлау ма? Екінші өмір бар ма? Ол жаққа кім барып келді екен? Еш дәлелсіз, соқыр сеніммен бас иіп, ғылыми дәлелсіз илану – ақымақтық!…
Бұл менің алғаш рет құдайсыз адамды кездестіруім еді. Ойым дүдамал хал кешіп, есеңгіреп, ештеңе дей алмай қалдым. Сенімсіздіктен қорыққаным болар… Содан бері адамға сенім не үшін керек, жаратушы бар ма, жоқ па деген терең сауалдар мазамды ала бастады.Үлкен жарылыстан пайда болған әлемнің жұмбағына миымыздың миллиондаған талшықтарының күш-қуаты жетпей, тоқырауға ұшырайтынымыз неліктен? Менің де «Атау-кередегі» секілді «Неге біз?..» немесе «Неліктен?» деп басталатын сауалдарым көп. Оны тарқатуға пәлсапамның күші жетпей қалатын сияқты.
Мен сізге мынадай ертегі айтып берейін.
Ешбір картада көрсетілмеген, ешкімнің аяғы баспаған қалың орман мен құз жартас, таулы мекенде лангтан тайпасы өмір сүріпті. Олар бейбіт өмірді жақсы көрсе керек. Кімде-кім қару алып, өздеріне қасиетті Алыптаудан ары асатын болса, оны өлдіге санап, қатардан шығарып тастайды екен. Құдайына бар жан-тәнімен беріліп, жүрегін аша тілек айтып, жылына бір рет жас бойжеткен қызды сыйға тартады екен. Тайпа мен құдайдың арасында ешқандай өлімге орын жоқ деген бұлтартпас келісім бар-тын. Олар қыздарды Алыптаудың басына апарып тастап, өздері кейін қайтады екен. Жыл өткен сайын құдайының араны ашылып, жылына бір емес, тіпті екі де емес, жиырма-отыз қыздан сұрапты деседі. Халық онсыз да аз болғандықтан, сыйға тартылған қыздар санын азайтуды сұрайды. Себебі, әйел тайпаның шамшырағы, ұрпақ жалғаушы қасиеттісі еді. Қалағанын алмаған құдай қатты ашуға беріліп, тайпа көсемінің он бес жасар қызын алып қашады. Арада айқас басталады. Тауға шығып, мұздықтармен арпалыса, құдай мекеніне жетем деген талай сарбаз қаза табады. Бұл – бір көзсіз соғыс еді. Олар кіммен айқасып жатқандарын білмей дал болып, әбден қиналады. Соңында бұл жерден кету керек деп шешім қабылдайды. Тілегі мен мақсатына мүдделес құдайды тауып, соған жалбарынайық дейді. Лангтандықтар өздерінің құдайларынан бас тартады.
Ешбір картада көрсетілмеген, ешкімнің аяғы баспаған қалың орман мен құз жартас, таулы мекенде Алыптаудың басында құдай отыр. Оның өткені де, не болашағы да болмады, оны ештеңе де мазаламады. Тек, адамдардың арман-тілегі мен құлшынысы, жалбарынуы жетіспеді. Ол ештеңені де қаламады, ештеңені де естігісі келмеді, себебі, ол – құдай еді. Ол сонау шыңның басында отырып ошағы мен шатыры ізім-ғайым жоғалған тайпа ізін көрді де күрсінді, тек күрісініс сезіммен ұштаспады… Ол – жалғыз еді. Ашкөзденген Құдай сыйынушыларын күтіп сол Алыптаудың басында әлі отыр деседі, кім біліпті…
Тілекке толған аспанның арғы жағында бір әлем бар шығар, сіз де сол жаққа аттанып, менің ертегімді баяндап берсеңіз, адам атаулының сенімінен асқан күш болмайтынын ол жақтағылар да білер еді. Білер еді де, біздей керемет жаратылыспен жақын танысуға сонау жақтан ұшып келер еді. Әлемдегі дін атау-лы да осыдан шықса керек, біз құдай арқылы өзімізді танимыз, оған сиына отырып, іштей монолог арқылы жан таразысын қалыпқа келтіреміз. Жердегі сұмдықтарды жоғарыдан бақылап отырған Күш иесі біздің ақымақ, есер қылықтарымызды көріп не күйде болады екен, сүйсіне ме, әлде ашуланып, теріс қарайды ма екен? Сіз сол жайлы не білесіз, Жаз мырза?
Менің хабарым осы-ақ екен!..

«Хамелеон»

– Алло?
– Сәлеметсіз бе! Бүгін жұмысқа шыға аласыз ба?
– Түстен кейін кітапханаға баратын едім… – дей бергенде, ойыма қалтамда қалған соңғы екі мың теңге түсіп, амалсыздан келістім.
***
Сұрықсыз кафенің ауасы демді тарылтып, көңілге әлдебір үрей ұялатады. Көк базардың дәл ортасында орналасқандықтан құмырсқаша үймелеген қара халық ізін суытқан емес. Азын-аулақ тиынға бүйтіп көндіге қалуым да қиынға соқты. Бірақ, сабырыма сүйеніп, ыдыс жуатын жерге қарай адымдай бердім.
Темір раковина астынан ызғырық жел үп дегенде тіземе суық бірден сезілді.
Міне, бүгін тағы да түн жарымына дейін көпірік сумен арпалысып шығамыз. Алжапқышымды беліме байлап, жеңімді түрдім. Асхананың ыс ауасы шашымды бүлдіре ме деп бұрымымды орамалға түйіп , сырт көзден жасыра байладым. Апамның кірпияздығы да маған жұққан болар, тарыдай қоқым мен кірді бойыма жуытқым келмейді. Өзі салған гүл кестесін жаулығына тігіп, ыңылдап отырған апам көз алдыма келе қалды. Жә, босаңси бергенді қой деп ішімнен қатайып алдым.
Ыдыс шаюшы серігім ауырып қалғандықтан жаныма орта жастағы орыс әйел келді. Көзілдірігінің қалыңдығынан жанары солған өріктің жемісіндей өлі. Бойы сырықтай арық әйелден тер мен ащы иіс бұрқ ете қалды. Тырнағының астында қарайып тұрған кірді көріп, ішімнен «Мына әйел ауыр жұмыстан өзіне қарауды қойған-ау» деп қоямын. Дойльдің шығармаларындағы Шерлок Холмстың дедукциясын қолдансам қалай ? Ішімнен мырс еттім.
– Здравствуй, – деп мұрын астынан міңгірлей амандасты. Үнсіз басымды изей салдым.
Жұмыс басталып, ас-үйде қарбаласа жүгірістер жиілеп кетті. Ыстық бу мен езіле піскен қырыққабат иісі араласып қолқаңды жарады. Одан арғы жақта көз жасын ағызып жіберер ащы пияз бен сарымсақ туралып жатыр. Ту сыртымда бір қап картопты өзі жалғыз аршып отырған жас өспірім қыздың жөтелі жиі естіледі. Сырты қайнай-қайнай ысталып, майы қара күйе боп жабысқан қазандағы сорпа қыздың үстіне төгіліп кете ме деп алаңдап қарап қоямын. Қолына ұстаған пышағы нәзік білегін майыстырып жіберердей. Жанарынан жастыққа тән тазалық пен балғындық сезіледі. Бұндай әдеміліктің күйелеш жұмыста отырғанын көріп, шын жүрегіммен аяп кеттім.
Шытырлап жатқан маймен қатарласа дауыстаған аспазшы әйел:
– Девушка, протрите вот здесь, – деп аяғының астына нұсқап қояды. Еденді сүртіп жатып тығыршықтай балтырының базарда ілінген шұжықтан айна-қатесіз көшірмесі ме деп қалдым. Иегі мен тамағы тұтасқан әйелдің желөкпелігі ұстап шыңғырған торайларша көңілдене бір әңгімелер айтып, өзі соған мәз болатын.
Ыдыс жуып жатып, серігіме қарап қоямын. Үстіндегі жасыл күртесінің өңі кетіп, бір-екі жерінен сөгітіле бастапты. Тізеден төмен түскен қара белдемшесі де тозуға айналған. Талай рет жуылып, үтіктелгені көрініп тұр. Өзімен бірге алып келген резина аяқ киімі де әбден ескірген. Табиғи түсі көріне бастаған қоңырқай шашы қобырап, тарауға келмейтін халде. Түуф, бұлай да құлдырауға болады ма? Түріңе өзінше ажар беремін деген опасы да ебедейсіз жағылған. Кірпігіндегі сүрмесі ыстық ауа әсерінен көзінің астына жағыла лайланып, жапон фильмдеріндегі қорқынышты кейіпкерлерді есіме түсірді. Ыдысты бар ынтасымен ысқылап, шайып жатып бояу жаққан ерінін бір жалап қойды. Қызғылт түс ерін сызығынан ары асып, өңін одан сайын бұзып жіберді.
Бұған дейін кім болды екен?
Бұрынғы интеллигент өкілі-ау, шамасы. Тағдыр тосқан өмірлік қиындықтар әсерінен үгітіліп кеткен болар. Әлде, туғанынан ата-анасының қанатының астында болып, тойымсыз күй кешіп, олар өмірден өткеннен кейін шарасыз қалып, адасқан біреу шығар.
Қиялыма ерік беріп, серігімді ең жағымсыз деген кейіпкер қылып, бұрын-соңды көрген фильм мен кітаптардағы мүсәпір әрі арамза, жиіркенішті етіп бейнелеуге тырысып бақтым.Сол сәттегі ойымның ұшқырлығын жарық жылдамдығымен салыстыруға болар еді.
…Бір күндік сапырылыстан соң ақысын алғандар үйді-үйлеріне тарап жатты. Кафе алдына шығып, қалтамды сипай беріп ем, бос екенін байқадым. Жүрегім зу ете қалды. Сегіз сағаттық еңбегімнің зая кеткеніне ішім удай ашып, кімге барып, нені айтарымды білмей қалдым. Қалтама салғанымды анық білемін. Әлгі әйел байқаусызда қағып түсірді-ау деген сумақай ой келіп қалды. Енді қайттім?!
Дәліз бен ас үйді бір сүзіп, көңілсіз күйде шығып бара жатқанымда артымнан :
– Подождите, девушка! – деген ыдыс шаюшы серігімнің даусы шықты. Жалт бұрылып қарасам, аяғын тезірек басып, маған жетуге асығып келе жатыр екен. Жақындай бере қолыма:
– Вы это уронили, – деп жоғалтқан ақшамды қыстырды.
Ойыма оны өзімше өлшеп-пішкен қиялилығым оралып, ұялғанымнан:
– Спасибо большое, – деп дереу есік жаққа қызара бет алдым.
Күн әлдеқашан ұясына батқан. Көшедегі адамдар саябырлап, бірлі-жарымды жүргіншілер де өтіп барады. Саф ауадан тынысым ашылып, шаршағаным басылған сияқты. Ұзын плащын сүйреткен ыдыс шаюшы серігім де жымия басын изеп, өтіп кетті.
Алдымда қараңдаған бір топ жастар тұр екен. Күлкілері үй арасын жаңғыртып, түнгі тыныштықты сілкіп тастағандай. Сыра мен темекінің құбыжық иісі мұрныма келді. Өтіп бара жатып, қызыл шоқты құлшына жұтқан, асханадағы әлгі нәзік бойжеткенді байқадым. Денеме суық жыландай еніп, бірте-бірте бүкіл бойды алған аяз тоңазытып, үйге қарай жетелей берді.
Бүйткен дедукцияң құрысын!

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.