Пері ішіндегі періштем…

Айгүл ЖҰМАДІЛ

1975 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика-лық университетінің түлегі. Алматы қаласында ұстаздық қызметте.

АЛАСТА МЕНІ

Дерт болып саған жабысам
деме айығам,
Ем болам сосын
қолыңа бірақ түспейтін.
Дуалап берген
бойыңа у боп жайылам,
Зəмзəмің сосын,
сусының қанып ішпейтін.

Басыңа қонған бақ болам,
оны сезбейсің,
Маңдайыңдағы сор болам, сосын
бес елі.
Тұншықтыратын түндерді
«өтсе тез» дейсің
Күндерді аңсап сезімсіз жүрген кешегі.

Дем болам аптап
аңқаңды оттай қарыған,
Жұтынған сайын
қолқаңды алам ақтарып.
Аласта мені,
аласта мені,
жалынам
Ой құртың болсам елесім мыйда
жатталып!

ТҰНЫҒЫМ

Мммм…
Тұнығын-ай,
Тұнығым-ай,
Жұпары аңқып ақ қардың
Қатталуда кристалдар,
Ақталуда қатпар мұң.
Тазалықтың тəтті лебі қиялымды
қытықтап,
Оянуда сергіп сəтте санамдағы ақпар
мың.
Мұнтаздайын
аппағын-ай,
аппағын-ай қаламның,
Қылауы жоқ,
кір жұқпаған
Тамсан адам,
Ғалам,
Күн!
Еркелетіп аяз – ата ұшын түртіп танаудың,
Алаулатып
ақ бетінен сүйіп кетті баламның.

Сықыр-сықыр құлағымның құрышын
бір қандырып,
Басқан ізбен қалып жатыр
жанды дауыс
жаңғырық.
Қаңтар киген ақ көйлектей
мінсіз күйді сəн қылып,
Қалам, адам ақ қалпында қалса, шіркін,
мəңгілік!

ТҮСІМЕ КІРДІҢ  ТҮНДЕ СЕН

Санамды жарып «сəлем» деп,
Түсіме кірдің түнде сен.
Сен келген тылсым əлемге
Кетер ем еріп жүр десең.

Күлімдеп келдің, арай-нұр
шашқандай құдды айналаң.
Сен мекен еткен, Арайлым,
Бақытты екен қай ғалам?

Ғаламат ғарыш өрістен
Таппадым іздеп, құладым.
Пері ішіндегі періштем,
Пейіш пе сенің тұрағың?

Өр тұлға, сұлу мүсінге
Қанар ма жұлдыз, тояр ма Ай?
Тұрақтап қалсаң түсімде,
Қояр ем мəңгі оянбай.

БҰЙЫРМАЙ КЕТЕМ ДЕМЕСЕҢ…

Іздедім,
таптым,
ұмтылдым,
шыдадым,
төздім,
жалықтым,
Құрсаулы əлем –
ананың
құрсағынан да тар ұқтым,
Табылар едім жаныңнан
жылдамдығымен жарықтың,
Бұйырылмаған бағымды,
құры сағынам ба,
ғаріп кім?
Қарадым,
талдым жолыңа,
жеткізер емес,
қара түн,
Қара түн деген бер жағы,
тозақтың төрі қала шын.
Табасың қашан,
жоқ əлде,
көңілім, қашан қаласың?
Өртейсің,
əлде
өзімді,
шырағын жанның жағасың.

– Тағдыр ма?
– Тағдыр,- дерсің сен,
тағдырымменен егесем,
Тəттінің дəмін сезбейсің,
ащыдан іліп жемесең.
Тікенді гүл деп иіскейсің,
жұпарды көрмей ең əсем,
Бəрін де бұзып жетер ем
«бұйырмай кетем» демесең.
«Бұйырмай кетем» деме сен…

АҢСАУ

Мөлт еткен мөлдір сезімді
жалт еткен ұғып жанардан,
ой кезіп кеткен кезімді
қиялдан іздеп тап, Арман!

Болмайтын онда нұрсыз өң.
Шұғыла – көңіл, шат – күлкі.
Балалық, неткен мұңсыз ең –
ұстатпай кеткен ақ түлкі.

Қуатым бойда от-жалын
сенімге сүттей мас күнім,
Дұшпаны аз, сансыз достарым
айналып келші, Жастығым!

Ескінің құнын түсінем
ес кіріп қалды, сірə да.
Естеліктері кісіге ем
есейсе болып тұра ма?

Құсұйқы түндер үйірсек
Ұсынар «асқа» сан сұрақ.
Тілінгендейін тілерсек
ішпесем қалам «қансырап».

Толысып ақыл, даналық
жатқанда енді бүр атып,
Аманатына жан алып
қайырылмай кетер Уақыт.

Жараттың неден, Жаратқан,
Өмірді алау, өрт етіп?
Жарқ етер
жаным
қара аспан,
ұшқанда көкке селк етіп!

СҮЙ, ҰЛЫМ!

Махаббат – сезім,
сезім – гүл,
Жұпарын, жүрек, сезіндір.
Сенетіндерге сөзім бұл,
Сенбейтіндерің, өзің біл.

Жаңғыртып қайта, жаңартып,
Қараны алам ағартып.
Қараңғы өткен мың күннен
Бір күннің жарық таңы артық.
Қиыннан қисын тапқызып,
Қуана білсең – бақ, қызық.
Шиыршық атқан шақты үзіп,
Тігісін жібер жатқызып.

Ақ уыз пейіл ағызып,
Жабайын жанға ақ үзік.
Мерейі өссін қоярсың
Мейіріміңнен тамызып.

Қарамай қарт па, сəби кім,
Жақсылық жаса, жаны игім.
Шуағын алып фəнидің,
Шырағы жансын əр үйдің.

Туған жер – Тəңір, ұйығың
Аяла, сыйла,
сүй, ұлым!
Жіберсе Алла қиынын –
сынағы,
кешпе жиі мұң.

Алдынан шықса қайырым
Жамандық тартар айылын.
Сыйғыза білсең ішіне
Махаббат деген – бай ұғым!

ТАҒЫ КЕЛДІМ…

Санамда ойнап сəулесі бар асылдың
Жанарымда жарқ етіп жасын,
күйіп.
Саған ғана еркім жоқ,
Шарасызбын
Тағы келдім алдыңа басымды иіп.

Қайта жапқан кіремін ғаламды ашып,
Арланбаймын ол үшін,
кектенбеймін.
Өлең, Өлең,
тек қана саған ғашық
Жүрегімді аялап өтсем деймін!

САҒЫНЫШ СƏЛЕМ

Жүрегім тулап асаудай,
Жанарым мөлт-мөлт жасаурай
Анашым, аңсап келемін
Аптығын демнің баса алмай.

Ақылың – жанға азығым,
Тербеткен тəтті саз – үнің.
Қыр асып шалғай кетсем де,
Оралар алтын қазығым.

Ошақта отың жылтылдап,
Немерелеріңе тұр-тұрлап,
Өтірік ұрысып жүрмісің
Өреден алса құрт ұрлап?

Ауырса тауып тез емін,
Өртеніп, күйіп өзегің
Мені де ойлап қоясың
Үздігіп іштей, сеземін.

Марқайып əрі мақтанып,
Келінге тұтқан мақта қып,
Отырмысың сый іздеп,
Сандықты қайта ақтарып?
Абысын, ауыл, ағайын,
Айдын көл, аққу, тал, айым,
Тату да тəтті сақтадың
Айтып тұр аппақ самайың.

Орнында ғазиз əкемнің
Қазынам, ойлым, əселім,
Алыста жүрген ұл-қыздың
Сəлемін жинап əкелдім.

Алғыстан алқа тағы бар,
Мадағым – моншақ тағып ал.
Сағыныш – шəлі жабайын
Қабыл ал, ана, қабыл ал!

ЖАН ДАУАМ

Жан дауам – жарық күнім, таң самалым,
Татқандай тұма бұлақ тамсанамын.
Сүйдіріп айдың сиқыр сəулесіне
албырт жүз,
алау көңіл əн салады.

Елітіп еркелесем, далам – бесік,
Тербетсе нəресте күй қалам кешіп.
Тобылғы, тораңғы сай ызыңындай
Сағыныш тұрады ылғи санамда есіп.

Шақырып құшағына мұнар тауым
құшады. Жұлдыз – шырақ, түн арқауым.
Қанбаған саумалыңа құлыныңмын,
Топырақ, мен өзіңе құмар талмын!

СЕЗІМ

Сезім!
Кел дағы өрте мені!
Өртенейін отыңа шырпыдайын,
Ұсқынсыз ой, жүректің тұрқы – уайым.
Шыжғырылып жатайын түгім қалмай,
Арашалап алғанша бір құдайым!
Қане,
Маған бере ғой,
Ессіз күнің?
Ессізді кім сүйеді депсіз бүгін.
Санама бер ула да ақылымды
Телімесін біреулер тексіздігін.

Ұшқынымнан ұшынсын сынамаған,
Жалыныма жан қалмай жыламаған.
Өз отыңа өзіңді орап алам,
Орап алам,
О, сезім, шыда маған!

Балқытамын болаттай,
тасынамын,
Құшағым – өрт,
жанар – от,
жасын – адым.
«Гүл ете алмай,
күл етсем өміріңді
Кім болғаным?»-
деймін де
басыламын…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.