«…Енді адамзатқа ортақ тақырыптарға қалам тербегім келеді»

Қазақтың маңдайына бақ болып біткен талай тума таланттарды өмірге әкелген Нарынқол өңірінде дүниеге келіп, жастайынан ақылгөй атасы мен ұлағатты ұстаздарының өсиетін тыңдап, Мұқағали сынды біртуар ақындардың жырларымен сусындап өскен жас ақын Мақпал Мысаның есімі бүгінде өлеңсүйер қауымға жақсы таныс.  Жан тазалығы мен сезімге толы шығармашылығының арқасында ол жақында  «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінде жеңімпаз атанды. 

– Мақпал, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары қатарынан өзіңді көргенімізге қуаныштымыз. Бұл үлкен жауапкершілік деп білеміз. Жалпы, жобадан кейін не өзгерді?
– Біріншіден «Жүз жаңа есім» сияқты үлкен жобада әдебиетке орын берілгеніне қатты қуандым. Себебі былтырғы жылдың жеңімпаздары арасында қаламгерлер жоқ. Мұнда өнердің, кәсіптің, мамандықтың әр саласынан қатысқандар көп. Қашанда әдебиет – ұлт беделі. Бұл жоба арқылы жыл сайын жас таланттар анықталып, әдебиетіміздің көші өрге озса, мемлекеттің де беделі арта түседі. Экономика саласындағы әңгіме бөлек, саяси жағынан алсақ та, мүдденің бастысы – рухани тазару, тарихымыз бен мәдениетімізді, әдебиетімізді жаңғыртып, өзге ел құрметтей білер биікке шығару. Қазақтың тілін, болмысын, рухани құндылықтарын, бай мұрасын сақтап, аман алып келе жатқан да осы ақын, жазушылар. Өзіме келсем, үлкен жауапкершілікті сезініп жатырмын. Кез келген жеңімпаз үшін ең қорқыныштысы, сəттіліктің буымен жүріп уақыт өткізіп алу. Сондықтан, керісінше мұндай шыңдалулар, мінберлер, биіктер шығармашылық адамын одан əрі қарай самғату керек. Мен кезінде өзімнің мұңымды, сырымды, тағдырымды өлеңмен сырласып айтып келсем, бүгінде ұлттың тағдырын, ұлттың болашағын ойлайтындай шығармаларға барып жатырмын. Жемісім де соның нəтижесі деп білемін. Себебі бұның бəрі жобада қаралды, талқыланды, зерделенді. Тарихи тақырыпта жазылған шығармаларыма баға берілді. «100 жаңа есім» жастарға үлкен жол ашқан жаңа серпіліс әкелер мүмкіндіктер жобасы. Жетістікке жеткен жастардың бет алысын әрі қарай шыңдау уақыт еншісінде.
– Демек, жобаға қатысқан өзіңдей жастардың тағдыры саған үлкен әсер еткен секілді. Бұл шығармашылығыңа деген жаңа ойлар, тың тақырып әкелуі мүмкін бе?
– Бәрі «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» дейтін жастар. Білім қуған, біліктілігін арттырған, тіпті бұзық болып оқу оқи алмай қалса да, еңбекпен, маңдай термен толағайдай табыстың тасын өрге домалатып жүрген алғыр, озық ойлы, табанды жастар. Бәрінің тағдыры бар. Бір байқағаным – көбісі әкесіз өскендер. Анасының үмітін ақтаймын деп алға ұмтылған, ағысқа қарсы жүзгендер. Белгілі бір жүйеге байланып қалған ешкім жоқ. Оның ішінде, атап айтар болсам, өздеріңіз көрдіңіздер Ларион деген жігіт осы Алматы қаласында 2000 теңгеге пəтер тазалап жүріп, өз кəсібін көтерген азамат. Таза еңбек. Немесе Ержанды алайықшы. Үшінші сыныпта тығылмаш ойнап жүрген кезде трансформаторға арандап, бір қол, бір аяғынан айырылған, оқу оқи алмадым дейді. Екі қолға бір күрек ұстай алмағандықтан, жұмыс та таба алмаған. Такси айдап жүріп, қауызда жүзуге қызығып, алғашында жәй шынығып, кейіннен кәсіби спортты бағындырады. Шет елде паралимпиадаларға қатысып, екі алтын алып келді. Енді Токиоға дайындалып жатыр. Сонымен бірге дәрігерлер көп. Солардың бірі – Мыңжылқы, еліміздегі білікті нейрохирург дәрігер. Шетелде оқып келіп қазір мыңдаған, миллиардтаған доллар тұратын оталарды өзіміздің елімізде жасап жүр. Еліміздің түкпір-түкпіріне барып ауыр оталарға қатысып жүр жəне алғаш рет елімізде ең ауыр отаны жасаған. Сол сияқты Асан, өзінің жекеменшік мектебін ашқан азамат. Қазір қазақстандық брендке айналған Пифагор мектебін білмейтін адам жоқ. Небәрі 17-ақ жасында бастаған кәсібі математиканы сүйген талай баланың бағын ашып отыр. Назгүл шетелде білім алып жүр. Сириядағы бомбы түскен жерге барып, отансыздықтың не екенін зерттеген мақалалары мен түсірген суреттері әлемдік жобаларда жүлделі орын алған. Бұл да үлкен қайсарлық, мамандығына деген адалдық. Ең бастысы – ұлы мақсат жолындағы айқын бетбұрысы. Əли деген жігіт əуесқой фотосуретші. Базарда тұрған сатушы ана, қазақ қызы, Астана келбеті сияқты фотолары әлемдік жарыста көзге түсіп, ТМД елдерінің ішінде 9 орын алыпты. Біраз елдерде фото көрмесі өткен. Оның қолтаңбасын бірден тануға болады. Бұл дегеніңіз үлкен жетістік. Ғалым – соқырларға арналған кітапхана басшысы. Өзінің де көзі нашар көреді. Зағип жандарға арнап жасаған «саусақ ұшымен» жобасы олардың компьютермен жұмыс істеуіне зор ықпалын тигізіп жатыр. Әсіресе, алдында айтып өткендей, маған Ержанның оқиғасы қатты əсер етті. Оның жанында тұрып сау адамның өзі ұялады. Қазақтың жігіттерінде жоғалып бара жатқан рухты, қайтпайтын қайсар мінезді, адамгершілік қасиеттерді сезіндім. Өмірге деген құлшынысы ғаламат. Елбасының алдында тік тұрып сөйлеп, Токиодан алтын əкелем деп айтты.


– Бұл жобадан кейін түйген ойың? Енді қандай арманды бағындырғың келеді?
– Жалпы, Елбасы оқимын деген жастарды жақсы көреді ғой, оған үлкен мүмкіндік береді. Мемлекеттік тараптан да сан түрлі бағдарламалар бар. Мен дəл осы жобадан кейін шетелде білім алғым келді. Сонымен қатар, бір байқағаным, біздің елде сөз өнерінің шеберханалары жоқ екен. Біз мектепте қазақ тілі, əдебиеті пəні мұғалімінен оқимыз, одан университеттерде ұстаздардан тәлім аламыз. Бірақ еркін форматтағы үлкен шеберхана жоқ. Ол басқа өнердің түрлі салаларында болуы мүмкін, əннен, биден, суреттен өз ісінің майталмандары сабақ беріп жүр. Құдайға шүкір, ақынға бай халықпыз . Қазақтың жаны – қара өлеңінде. Қара өлең барда, қазақ бар. Жобадан кейін жаңа ойлар келе бастады. Алысқа көз жібермейінше, кез келген суреткер тығырыққа тіреле береді. Ал талантқа тағылым да, таным да керек. Сол үшін өсу керек. Ауылда қалып қойған балаға дүниенің шет-шегі таусылмайтындай көрінеді ғой. Шетелде мысалы, поэтика деген шеберхана бар екен. Сонда мықты ақындар, əдебиетшілер дəріс береді. Біздің елде де осындай шеберханалар қалыптастырсақ игі еді.
– Шетелге оқуға барсам деп отырсың. Егер сондай мүмкіндік берілсе, қай салада білім алғың келеді? Әдебиет пе?
– Сөз өнері дегенде поэзия поэтика саласына ден қояр едім. «100 жаңа есім» жобасы аясында ұсыныс білдіріңдер дегенде мен тарихи тақырыптағы «Шоған абыз» дастаны өлкетану пəніне – мектеп бағдарламасына электронды кітап болып енгізілсе деген ұсыныс білдірдім. Себебі, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларында айтқан ойын дөп басатын шығармалар. Елді, жерді сүюге, ел арасында танылмай, зерттелмей жүрген тұлғаларды танытуға олардың өмірін, өнегесін насихаттауға үндейтін шығармалар. Сондықтан, егер осы ұсыныс қабылданып, мектеп бағдарламасына енгізіліп жатса, идеям жемісті игерілетін еді. Бір шығарма жазылып, қалып қоймауы керек қой. Сол ойды қуалап, ұрпаққа қызмет етуі керек.
– Жоба жеңімпаздары Елбасымен арнайы кездесу өткізді. Әдетте, бұндай шараларда ақын-жазушылар патриоттық, Отан, туған жерге қатысты түрлі арнаулар оқып жатады. Сен махаббат жайлы өлеңді таңдадың. Оған қандай да бір себеп бар ма?
– Ақын үшін тақырып шексіз. Ақын жүрегіне не жақын соны жазады, соны айтады. Сол жердегі аядай ғана отырысты кеңістікке көтергім келді. «Лирика поэзияның поэзиясы» – деп Белинскийдің өзі айтқан ғой. Ақын ретінде жүректің үнін жеткізгім келді. Бір ғана мақсат осы. Мен үшін шартты ұғымдардың жоқтығын дəлелдегім келді.
– Кейінгі кезде тарихи тақырыптарға бет бұрып жүрсің, әлі де ойыңда жүрген, шығармаларың арқылы қамтығың келетін тақырыптар бар ма?
– Ақынды негізі мезгілдерге, уақытқа салып бөлшектеуге болмайды. Ол өткеннің де, келешектің де тілінде сөйлей алатын адам. Ал өткен тарихымызды зерттеу қазір нағыз таптырмайтын тақырып. Себебі, қазақтың тарихы қазынаға толы. Əлі қаншама зерттелмеген бай мұрамыз бар. Қазақстан Жазушылар одағының жаңа жобасымен ақын-жазушылар белгілі бір өңірге барып зерттеп, ақындар поэмаға айналдырып, жазушылар прозаға айналдырып жазып жатыр. Сонда мен бір-екі кісімен сөйлестім. Олардың айтқаны, шынымен де біздің қолымызда жоқ ақпараттарды таптық дейді. Мысалы, ақын Мағиза Құнапияқызының айтуынша, ол кісі Атырауға барғанда Мөңке ақынға қатысты зерттеу жүргізіп, ақынның өлеңдерінен тарихтың зерттелмеген тұстарын тапқанын айтқан еді. Біз Тəуелсіздікке қол жеткізіп еркін елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл уақыт ақындардың нағыз жазатын кезеңі. Бізде қазіргі поэзия болсын, проза болсын бүгіннің тілінде сөйлеу кейін қалып жатыр. Қоғамда адамзаттың өмірінде не болып жатыр? Ол үлкен тақырып, зерттеліп, түйсініп кеңінен қарау керек. Бір айтарым, мен енді адамзатқа ортақ тақырыптарға қалам тербегім келеді.
– Мақпал, өлеңдерің шет тілдерге аударылып жатыр. Өзің де ара-тұра аудармамен айналысып жүрсің. Бүгінгі әдебиеттегі аударма жайлы не айтасың?
– Қытай, Түркия, Татарстан, Ресей жеріндегі сапарларым үлкен мақсаттарымның бастамасы деп айтуға болады. Себебі, сол елдерге барғанда түрлі фестивальдарға қатыстым. Сол елдердің классик ақындарының мерейтойлық іс-шараларында болып, шығармашылық байланыс жасадық. Бір-біріміздің өлеңдерімізді алып аударайық деп бел шештік. Ол мемлекетке қатысы жоқ, ешқандай тапсырыс емес. Ақын енді жастық шағында жастық жалынмен бет қаратпай жазады ғой. Бірақ кез келген ақынды, уақыт өте келе адамды салмақтылық басады. Осы сапарлардан мен өлеңдерімнің орыс, ағылшын тілдеріне аударылуы керек екенін түсіндім. Себебі шетелдерде сұрайды. Алғашында азғантай аудармасымен жүрдім. Кейін міне, поэмаларым аударылып жатыр. Өзім Керім Ота-ров деген балқар ақынын аудардым. Ұлы Отан соғысы кезінде отпен оқтың арасында жүрген ақын, қызуқанды. Оның шығармасында көздің жасы, төгілген қан суреттеледі. Бірақ соның ішінде өзіме тең келетін, лирикалық табиғатыма сай өлеңдерді тауып алып аудардым. Менің бір қызыққаным теңеулері еді.

– Мәселен, ол қандай теңеулер?
– «Сенің көзің сүт бетінде қарақаттай қалқыған». Бұрын соңды естіп көрмеген теңеу, қатты қызықтым. Оның үстіне бізге туыс елдердің табиғаты да ұқсас келеді. Балқар, чуваш, тва, әзірбайжан, башқұрттың кейбір сөздері бізге қатты ұқсайды. Жалпы аударма кітаптарды көп оқыдым. Қазақтың менмін деген ақындарының көбі аудармамен айналысқан ғой. Аударманың мықтысы шығарманың өзін көркейтіп, түлетіп жіберуінде. Мұқағали Дантені аударған кезде мүмкін түпнұсқасы ондай құдіретті шығарма емес шығар деген ой келеді. Шығарманы керемет жауһарға айналдырып жіберген. «Шоған абыз» дастанын тікелей орыс тіліне Ләйлә Асқарқызы аударды. Оны кәсіби деңгейде аударған ақын Надежда Чернова. Мұқағалидан бастап талай қазақ ақындарын аударған суреткер ақын. Ал, поэманы түрік тілінде сөйлеткен Балсан Мәди деген жас ақын қызымыз. Ағылшыншасын Гүлнәр Бекхожанова деген кісі аударды. Болашақта 70 өлеңді ағылшыншаға аударып, жинақ етіп шығарсам деген ойымда бар.
– Нағыз өлеңге бет бұрған кезің есіңде ме?
– Мен бала кезден-ақ өлең жазатынмын, сол арманыма сенген адаммын. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзіммен егіз арманым болды. Түрлі жарысқа қатысып, атамның әңгімелерін, әжемнің әндерін, Мұқағалиды жақсы көріп, шығармаларын бойыма сіңіруім бала кездегі арманға деген алғашқы қадамдарым еді. Оқуға түсе алмай қиналып жүрген кездерде де, өлеңімді тастамадым, керісінше, еселеп жаза түстім. Әрбір өлеңімді жинап, өбектедім. Кейбір редакцияларда өлең емес деп қайтарған кездері де болды. Тіпті кейбір өлеңдерім аудандық газетке де шықпады. Сонда да талпына бердім. Өлеңім мені алып шықты. Сондықтан, қалай мен оны бақ деп айта алмаймын? Оқуға түсе алмай жүрген жылдары ауыр өлеңдер жаздым. Бірақ соның бəрі кейін тағдырыма айналып келген кезде өлеңнің бағытын өзгерттім. Өмірді жақынырақ түсінгім келді. Өзімізді қоршаған табиғат, адамның жаны, ішкі сыры, мұңы қызықтырды. Сөйтіп керісінше, шабытыма қамшы басып еркін самғағым келді. Өмірді сүйдім. Қазіргі жазып жүрген шығармалар сол өмірді сүйген шығармалар. Поэзия кез келген жүректі елжіретеді. Егер əрқайсысымыз өлең оқып жүрсек біздің жанымыз да, жүрегіміз де таза болатын еді. Өйткені, адамның жаны тазармай, дүние тазармайды. Ал адамның жанын тазартатын əдебиет, құнды шығармалар.
– Әңгімеңе рахмет! Шығармашы-лығыңа шабыт, еңбекте жаңа белестерге жетуіңе тілектеспіз.

Сұқбаттасқан:
Гауһар Түстікбаева.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.