ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ АНАСЫ

Қазақ киносының Анасы атанған, белгілі киноактриса, КСРО Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әмина Өмірзақованың есімі тек біздің елімізде ғана емес, ТМД-ға да кеңінен танымал. Театр сахнасында 150-ден астам күрделі кейіпкерлердің бейнесін шынайы шеберлікпен сомдап, көптеген көркемфильмдерде басты рөлдерде ойнаған. Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы, Әмина Ерғожақызы Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Яғни, қазақ киносының анасы атанған Әмина апамыздың мерейтойын төрткүл дүние атап өтпек.
Әмина Ерқожақызы 1919 жылы наурыз айының 8-жұлдызында Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан) Қарауыл ауылында дүниеге келген. Жас нәрестеге Мұхаммед пайғабардың анасы Әминаның есімін берген екен. Әминаның әкесі Ерқожа «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың досы Ерболдың туған інісі.
Әкесі Ерқожа кенеттен қайтыс болып кеткен соң, Әминаның тәрбиесімен ағасы Қаптығай айналысып, қарындасын көп кешіктірмей Семейге, өз қолына алады.
Ашаршылық пен қыс қаһарынан ауруға ұшыраған Қаптығайдың әйелі жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында дүние салады. Өмірдің небір қиыншылығын басынан өткізген ағасы Қаптығай өмір толқынына қарсы жүзіп, өмірдің қысаң өткелінен құламай өту үшін жылы орнынан қозғалып, жеңгесі мен кішкентай Әминасын алып, Алматыға көшіп келеді. Бұл 1932 жыл болатын.
Шағын екі бөлмелі үйді жалға алып, өзі жұмысқа тұрды. Арнаулы оқыған мамандығы болмаса да, орыс тілін жақсы меңгерген Қаптығайды Кеңес өкіметінің белсенділері қолдан-қолға тигізбей қағып әкетті. Жағдайлары жақсара түскен отбасына жылылық кіріп, Әмина мектептегі хор үйірмесіне қатыса бастады. Сол үйірмеге қатыса жүріп, қазақ радиосы жанынан ұйымдастырылған талапкерлер байқауына қатысады. Байқаудан сүрінбей өткендерге қаламақы төленеді екен. Байқау шарттарынан сүрінбей өткен Әмина хор үйірмесіне қабылданады. Анасы сонда қызының талабын байқап, «Не болса да, осы тәмпіш танауымнан шығады»- дейді екен. Әмина бала күнінен адамның мінез-құлқын, іс-қимылын, қылықтарын бірден жадында сақтап, қайталай алатын қасиетін байқатқан. Біреуді дәлме-дәл қайталай білген тапқырлығы, үлкендермен ізетті қалжыңы «өлген адамды күлдіретін» әзілқойлығы ерекше болған екен.
Сол хор үйірмесіне қатыса жүріп Әмина Ленинградқа оқуға баратындар қатарына ілігеді.1935 жылы ағасы Қаптығай 15 жасар Әминаны үкімет есебінен тегін оқуға жолдама алып, Ленинградтың театр өнері училищесіне оқуға жібереді. Алматыдан келген өрімдей жастарды ленинградтық өнер шеберлері қамқорлыққа алып, жатаханадан орын береді. Келген талапкерлердің ішінде ең жасы да, нәзігі де Әмина екен. Актер мамандығы бойынша емтихан алып жатқан атақты артист Василий Меркурьев: «Бұл балалар бақшасы емес, жылдам еліне қайтарыңдар!» – деп көмекшілеріне зіркілдеген екен. Өжет те, отты жас қыздың қайсар мінезі қатал ұстаздың жүрегін жібітіп, өзінің шынайы қабілеттілігіне тәнті етті. Көп кешікпей еңбекқор да ақжарқын, көпшіл мінезді, білімге деген құштарлығы мол Әмина Меркурьев сынды ұлағатты ұстаздың ерекше мейірім-шапағатына бөленді.
Өзінің студенттік жылдарында Әмина Ерғожақызы талай тамаша адамдардың жақсы қасиеттерін, өзіне дәріс беріп, өнердің өміршең өзекті арнасында ештеңеден қаймықпай ағынды ағыстарға қарсы жүзіп өтуге тәрбиелеген ұлағатты ұстаздарының шексіз еңбектерін көрді.
Оқуды бітірер кезде есімі әлемге әйгілі драматург Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясы дипломдық жұмыс болды. Әмина Луизаны ойнады. Өзі-өз болғалы Луиза сияқты аса күрделі кейіпкердің ішкі жан-дүниесін, кескін-келбетін, мінез-құлқын тұңғыш рет сахнаға шынайы ойнап шығу Әминаға оңайға түскен жоқ. Әминаның ерінбей еңбектенген мол ізденісі өз жемісін берді. Дипломдық жұмысы сәтті қорғалды. Сөйтіп Қазақстан сынды кең байтақ туған өлкесіне Әмина Ерқожақызы жоғарғы дипломды актриса болып оралды.
Ленинград мемлекеттік театр, музыка және кинематография институтының кино және театр актерларын даярлайтын факультетін бітірген бір топ қазақ жігіттері мен қыздарын Шымкенттегі жаңадан ашылатын облыстық қазақ драма театрына орналастыру о бастан-ақ ойластырылған екен. Өнерлі жастармен бірге олардың ұстаздары ерлі-зайыпты Меркурьевтар мен Ирина Мейерхольд та Шымкентке аттанды. Жастық жігермен жас театрдың тәй-тәй басып кетуіне сүбелі үлес қосып, 1938-1940 жылдар аралығында Шымкент драма театрында еңбек етті.
Бұл кезең – уақыттың бір қысылтаяң шағы еді. Ағасы Қаптығай «халық жауы» деген атпен түрмеге жабылған болатын. Өнер өлкесінде жүрген соң Әминаның да көреалмаушылары жоқ емес еді. «Халық жауының» қарындасына театрда орын жоқ, ол басты рольдерде ойнауға тиіс емес деушілер де табылып, Әмина театрдан кетуге мәжбүр болды.
Тас түйін боп жиналған Әмина ағасының жазықсыз ұсталғанын дәлелдеуге бел буады. Өжет қыз Алматыға, одан әрі Мәскеуге сапар шегіп, асқан табандылықпен КСРО Жоғарғы Кеңесі Прези-диумының Төрағасы М. И. Калининнің қабылдауына кіріп, ағасының жазықсыз түрмеге жабылғанын айтады. Қаптығайдың жазықсыз екендігін дәлелдейтін қаншама құжаттар дайындап алдына қойды. Көп кешікпей Қаптығай ағасы ақталып, қызметіне оралады. Қаптығай ағасы ұзақ жылдар бойы Жеңіл өнеркәсіп жұмысшылары кәсіподақтары Республикалық комитетінің төрағасы, 25 жыл бойы Алматы қаласындағы аяқ киім фабрикасының директоры, ал Ұлы Отан соғысы жылдарында ҚР халық комиссары төрағасының жеңіл өнеркәсіптер бойынша орынбасары лауазымын қоса атқарған, қоғам қайраткері болғанын айта кеткен жөн.
Сталиндік қуғын-сүргіннің зобалаңын басынан өткізген Әмина Ерқожақызының өмірі Ұлы Отан соғысының ауыртпалығына жалғасады. Ұрыс майданынан мүгедек болып келген жолдасы, белгілі сахна шебері Кәмәси Өмірзақов 1956 жылы соғыс жарақатынан қайтыс болады. Үш баланы асырап жеткізу ауыртпалығы тағы да Әминаның мойнына түседі. Өнер жолы оңай емес, театрдағы талас-тартыс, қым-қуат егеске толы өміріне отбасы ауыртпалығы қосылды. Қанша қиын-қыстау заманды басынан өткерсе де, Әмина Өмірзақова – театр өнерінің шыңын бағындырған тума талант.
Табиғи талантының арқасында тар жол тайғақ кешуді басынан өткізе отырып, «Комсомольск», «Аманкелді», кейіннен «Абай әндері» фильмдеріне түседі. Киноға түсе жүріп, 1946 жылдан бастап, Жастар мен балалар театрында да жұмыс істейді. Трагедия мен комедияны, бірі-бірімен мүлде алшақ рөлдерді сомдай алатын табиғи таланты Әминаны халықтың сүйікті актрисасына айналдырды. «Ана туралы аңызды», Толғанай болып толғанған Әминаны көріп, толқымаған, көзіне жас алмаған әйел қауымы жоқ шығар. Толғанай-Әмина лайықты бағасын алып, 1964 жылы ІІ Бүкілодақтық киневестивалінда ең мәртебелі жүлде «Алтын пальманы» иемденген. Әмина «Алтын пальманы» тек бір өзіне емес, соғыс жылдары тылда ер-азаматтарды жоқтатпай жанкешті еңбек еткен күллі қазақ әйелдеріне берілген сый деп ұққан екен.

З.Мұхтарханқызы А.С.Пушкин атындағы
Шығыс Қазақстан облыстық
кітапханасының  бас библиографы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.