Нені оқыту керек, кім оқытады?

Жетібай Рақымберді

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Мансап» орталығының басшысы.

Елдігімізді бекемдеп, етегімізді жиып, төңірегімізге назар тастағалы ширек ғасыр болды. Жаманды-жақсылы жетістікке де жеттік, ұрымтал тұста ұрынған кезіміз де аз емес. Ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай:

Қаңтардан да қиын кейде сәуірің,
Тұз сепкендей удай ашыр сауырың.
Өкпелеймін десең егер,
Өмірдің
Жамандығы одан да көп, бауырым!

Көре біл де басқалардың тәуірін,
Сылап-сипа жүйріктердің сауырын.
Ырза болам десең егер,
Өмірдің
Жақсылығы жетіп жатыр, бауырым!

Расында, солай! Бүгінгі қаузамақ болған мәселе білім саласына қатысты болмақ.
Қазіргі таңда білім саласында оң өзгерістер жоқ емес, көп. Жақсылықтар жат емес, болашаққа көркем хат болып қалыптасып келеді. Мұның өзі еліміздің даму үдерісінің қарқынды екенін көрсетеді. Білім министрі айтқанның бәрі ақиқат, бәрі керемет деуден аулақпын. Ол да пенде. Кейде мүлт кетеді. Кейде жеткізіп, кейде өткізіп, асырып жібереді. Кейбір келте ой біреулер «министр айтты» деп ұрандап, бірнәрселер істеп жүреді. Қызық…
Сонымен, негізгі мәселеге оралайық. Білімді жетілдірудің 2016-2019 бағдарлама-ларына сәйкес көптеген жақсы-лықтар істелді. Ең бастысы мұғалімдердің жалақысы өсті. «Үштілділік» деген «ғажап» қосылды (өзім мұны онша түсінбеймін) Қойшы, әйтеуір. Бірде еңсеріп бірде есеңгіреп жүріп тірлік тынды.
Менің ойымша, үш жыл көлемінде екі басты сұрақ алдыңғы қатарға шығып, өзінің өмірлік мәнін тапты. Бұл: «Нені оқыту керек?» және «Қалай оқыту керек?». Бірінші «Нені оқыту керек?» мәселесін талқылап жіберейік. Нені оқыту керекті біздің министрлік балаға не керек, балаға не керек емес сауалымен шатастырып алған сыңайлы. Жаңартылған білім мазмұнында басылған оқулықтарда бірізділік пен нақтылық айқын көрініс бермейді. Нақтылай түсу үшін ашып көрсеткім-ақ келеді, бірақ реніш туындататындығы үшін, «Нені оқыту керек?» деген мәселені қайта қарау керек» деп жылы жаба саламыз. Екінші, «Қалай оқыту керек?» мәселесіне келер болсақ; бұл мәселе өте жоғарғы деңгейде межесіне жетті. Ұстаздарымыз сабақ барысында қолданатын түрлі технология, әр түрлі әдіс, тың тәсілдер игерді. Сонымен ұстаздар қауымының әдіс қоржыны толысып, сабағы сәнді, тақырыбы мәнді болып шыға келді. Демек, бұл білім министрлігінің ұлы жеңісі. Мақтауға тұрарлық, шын мәніндегі мойындауға лайық іс. Шын сөзім. Иә, нені оқытуды анықтамағанымен, қалай оқытуды қатырды!..
Қалжың қалжыңымен ғой! Шын мәнінде, жоғарыда көтерген екі мәселе – құндылығы жоғары, маңызы мардымды, тірекке түрткі боларлық мәселе. Осы орайда, мына бір мәселенің басын ашып, бұғанасын бекітіп алғанымыз жөн болар деп ойлаймын. Бұл: «Кім оқытады?» деген мәселе.
Кім оқытады?!.
Қазіргі мектеп қабырғасында оқытушылардың басым көпшілігі әйел азаматшалар. Ерлер аз. Бұл бәрімізге белгілі. Енді осы оқытып жатқан әйелдер кім? Рухани дүниесі бай ма? Тұрмысы тату ма? Әлеуметтік жағдайы нендей? Міне мәселе, міне сұрақ. Ұлтымыз үміт күтіп отырған оғландарды рухы мүжілген, материалдық мәселесі миына сырқат болған, жалғызбасты әйел оқытып тәрбиелесе, мұнан қайдағы рухты болашақты көріп тұрсыз? Еліміздің мәртебесін еңсесі мен рухы төмен жастар қалай көтереді?! Бір күндік асы үшін жүрген мұғалім мәңгілік болашақ жайлы не айтады? Тағдырына тілазар болып жүрген мұғалім өмірдің кестелі өрнегін қалай суреттейді? Бұған еркектік қасиетінен айрыла бастаған еркектерді қосыңыз. Ал енді нұрлы болашақты елестетіңіз!
Не істейміз?
Бірінші, жас мамандар, ЖОО бітіруші түлектер және мектеп мұғалімдерінің рухын көтеру. Мұғалім мамандығының өте жауапты, ең ұлы іс екенін түсіндіру. Мұғалімдердің еңсесін тіктеп, ата-ана мен оқушы алдында мәртебесін биіктету. Бұл екі жақты процесс:
а) мемлекет тарапынан нақты заңнама бекітіп, сол арқылы мұғалім мәртебесін асқақтату;
ә) ЖОО түлектері мен жас мамандардың білімі мен білігін көтеріп, рухани жан-дүниесін байыту. Рухани толысқан мұғалім оқушы көзіне Қыдыр ата болып көрінеді. Ал Қыдыр атаны сыйламайтын қазақ бар дегенге мен сенбеймін.
Екінші, мектеп қабырғасына (басшылық, мұғалімдік) ер азаматтарды көбірек тарту. Мұны шешудің оңай жолы: а) ер азаматтарға баспана беру; ә) отбасын асырауға жететін жалақы төлеу. Баспанасы болса, уайымы болмайды. Жалақысы көп болса, үйіндегі бәйбішесінен намысына тиетін сөз естімейді. Бар күш-жігерін баланы оқытуға салады.
Үшінші, бастауыш сыныпта оқытуда Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов сынды ұлт ұстаздарының технологиясынан ауытқымау. Әліппені қайта жаңғырту жұмыстарын жеделтету. Бастауыш мұғалімдерінің рухани сапасын арттыру. Бастауыш сыныпта үш тілде оқытуды тоқтату.
Төртінші, тарих қойнауында жатқан білім мен ғылымға қатысты бабаларымыздың асыл мұраларын қолданысқа енгізу. Тағы да Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов сынды қазақ білімінің негізін қалаған асылдарымыздың мектеп басқару системасын, оқыту технологиясын пайдалану.
Төрт құбыласы тең болған ел – кем болмайды.
Кім істейді?
Ардақты ағайын, жоғарыда сараланған мәселелерді бір адам немесе бір мектеп, бір ЖОО іске асыра алмайды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ұлт болып ұйымдасып, қазақ болып қиюласып, емешегіміз езіліп, бөлінбей бірге еңбектенсек, нәтиже шығады. Ұлы Алла ұлтымызға бірлік пен тірлік нәсіп еткей! Сөз соңында тағы да Қадырше былай дейміз:
Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі
қызық-ақ,
Жап-жақсы жырды кейде біз
түзеумен жүрміз бұзып ап.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі
қызық-ақ,
Біреуді сынап адам ғып, мақтаумен жүрміз
бұзып ап.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі
қызық-ақ,
Жүйкеге бола дәрі ішіп, бауырды жүрміз
бұзып ап.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі
қызық-ақ,
Аштықпен емдеп ауруды, тоқтықпен
жүрміз бұзып ап.

Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі
қызық-ақ!..

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.