Күнгей мен көлеңке

Дидар Амантай

Жазушы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері.

Тегінде, Зигмунд Фрейдтің шәкірті, Карл Юнг пен Альфред Адлердің үзеңгілес жолдасы Виктор Эмиль Франкл, көп ізденістерден соң, түптің түбінде, өз мектебін қалыптастырды.
Бірақ, өмір бойы еңбектерінде, адамның терең құпиясын ашып, күрделі жұмбақ сырын шешуде, орасан зор рөл атқарған, біте қайнасқан қос данышпан құрған жүйе қағидаттарымен айтысып өтті.
Фрейд пен Адлер – бүгінгі күні тарихтың таңғажайып қаһармандары, дегдар ұстаз Франкл болса, әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.
Психоанализ ілімі ләззатқұмарлықты ауытқушылықтың кешенді негізі санаса, жеке тұлғалық психология, әдетте, мәртебе иеленіп, дәрежеге талпынған ұмтылысты зерттеп-зерделеудің объектісі тұрғысында қарастырады. Соңғысын туа біткен үштаған инстинктердің бірі – жетекші қағидатына (көбею, өзін-өзі сақтау немесе өмірге құштарлықпен қатар) жатқызады.
Қазір тіл меңгеру қарым-қабілеті мен метафизикалық мағынаға деген құштарлықты да инстинкт дәрежесіне көтеріп жүр. Сонда классикалық үш тұғырлы таныс топ санатына тағы туа біткен екі қасиет қосылады.
Демек, пенде адам бойындағы терең рухани әлем, тумысынан ғұмырына мән жүктеп, мағына артып, мұрат көрген, құндылықтар қалыптастыруға талпынған ниет, зады, мәнге деген құмарлық деп аталады.
Бұл адам табиғатына, ақыл-ойына, сана-сезіміне ғана тән құбылыс. Мақұлықта сырт дүние мен ішкі жаратылысты метафизикалық тұрғыда танитын рухани әлем жоқ. Бірақ, психотерапия аталған ниетті төл танымында жүйке дертіне айналдырып жібереді, сөйтіп, мән-мағына табамын деген метафизикалық көзқарас, асыл ниет сырқаттың әлсіздігі бола қалады.
Алдына келген пациенттің рухани кеңістігінен бейхабар терапевт дәрігер оның ұлы ұғым-түсініктер туралы ойларын, кешіп жүрген психологиялық күйін дерт шалған белгі, науқасты қинаған симптомдар тұрғысында көреді.
Веналық Бірінші және Екінші мектеп тәжірибесінен кейін, Франкл Үшінші мектептің іргетасын қалады.
Логотерапия сөзін Франкл жас кезінде, жиырмасыншы жылдары айналымға енгізе бас-тады. Оны экзистенциалистік анализ сөзіне балама ретінде қолданды.
Ертеректе, логос сөзі «қолданбалы психотерапия» категориялық ұғымына синоним болды. Медикаментоздық және хирургиялық ем-домға альтернатива ретінде ұсынылды.
Франкл үшін бұл түсінік тек қана сөз емес, ойдың, идеяның, мағынаның нығыз квинтэссенциясы.
Ол көне гректер түсінген мағынада қабылдады. Көне гректер философиясында логос сөзді де, түсінікті де, ойды да, мағынаны да білдіреді. Гераклит, тұңғыш рет логосты зерттеп, мәңгілік әрі жалпыға бірдей қажеттілік, демек, тұрақты заңдылық санады.
Бұл түсінік сан өзгерді, адамзат тарихында түрлі интерпретацияны бастан кешті, бірақ, ақыр соңында логос дегеніміз болмыстың терең, тұрақты, басты құрылымы, жалпылама заңдылықтар жиынтығы, ғаламзат іргетасы, тәртіп пен үйлесімділіктің өзгермейтін қалыбы, бүкіл әлемдік парасат, тәңірлік құдірет, Құдай мен жаратылыс арасындағы дәнекер деп танылды.
Отызыншы жылдардың соңына қарай, жарық көрген көптеген мақалаларында Франкл логотерапия мен экзистенциалистік анализ туралы ілімін толық пысықтап, жаңа мектеп қалыптастырады.
1928 жылы Франкл Вена қаласында Жастарға кеңес беру орталығын ашады. Орталықты 1938 жылға дейін басқарады. 1930-1938 жылдар аралығында Нейропсихиатриялық университет клиникасында қызмет жасайды.
Ол, сонымен қатар, қарама-қайшы интенция емдеу тәсілін ойлап табады, психотерапия-лық инверсиондық метод, пациентті билеген үрейді күшейте отырып қарсы жақтан шипа жасау.
1933 жылы Франкл «жұмыссыздық неврозын» тоқтату саласындағы ізденістерінде қомақты табыстарға қол жеткізеді.
Австрия Германия құрамына енгенде, мүмкіндігі бола тұра, ол АҚШ-қа қоныс аудармайды, туған-туысын ойлайды, концлагерьге түскенде, кездейсоқта кездескен бұрынғы пациенті, тізім жасаушы гестапошы оны көріп, хаттап жатқан құжатынан өшіріп тастайды.
Бірақ, Освенцим, Дахау ажал абақтысына қамалады. Бірге туған ағайыны (анасы, әйелі, екі қарындасы) тегіс концлагерьлерде қаза табады.
Ол жұртты сауықтыру мақсатында іздеп тапқан ем-домын тозақ ішінде жүргенде, адам төзгісіз бейнет кешкенде, өзіне қолданады. Нәтижесінде, азапта қорытындыларын сынап, мағыналық ілімін іс жүзінде дәлелдеп шығады. Бірақ, бұл табыстары аса қымбатқа түскен еді.
Өмірден күдер үзбей, мұратына қол созған әрекетінен мағына көрген жұрт тұтқында, кез келген қиындықта, мехнатқа шыдап, ажал аузынан тірі шығады, оларды азаттыққа алдағы сол бостан күндерге деген үміт жетелейді, ал, үміт, өз кезегінде, іс-әрекетінен мағына тапқанда ғана қолдайтын, қорғайтын, сүйрейтін күшке айналды.
«Не үшінге» жауап тапқан адам кез келген «Қалайға» да жол табады (Ницше).
Күрестен мағына көрмеген концлагерь тұтқындары, сүйенетін тірегінен айырылғанда, әлсіздіктен, құсадан, дерттен өле бастайды.
Бастан кешкен бейнет, азапты жылдар туралы ол «Концлагерьдегі психолог» атты кітап жазды. Әуелі кітап тозақта жүргенде, қиялында ойша құрастырылды, бостандыққа шыққан соң, қағазға түсірілді.
1959 жылы шығармалары ағылшын тіліне аударылып, жетекші елдерде жарық көре бастады, таралымы екі жарым млн данаға жетті.
Қырқыншы жылдардың соңына қарай баспалардан бірнеше кітаптары, яғни «Дәрігер мен жан», «Психотерапия мен экзистенциализм», «Мәнге деген құштарлық», «Уақыт және жауапкершілік», «Беймәлім сана Тәңірі», «Қолданбалы психотерапия» атты туындылар бірінен соң бірі басылып шықты.
Ол 1946 жылы Вена неврологиялық аурухана директорлығына тағайындалды, университеттерде дәріс оқыды, 1949 жылы философия докторы атанды, 1950 жылы Австрияның психотерапевтер қоғамын басқарды.
1960-шы жылдары Франкл дүние жүзіне танымал болды. Логотерапия өмірінің мағынасын жоғалтқан жұртты емдейтін әдіс-тәсілге айналды. Әдетте, қоғамдағы, жеке ғұмырындағы әділетсіздіктер, қиыншылықтар, ар-ұяттан безгендер іс-әрекеті, кісіліктің жоғалуы тұлғаны тығырыққа тірейді.
Әр уақыттың өз психотерапиясы бар, деп жазды Франкл.
Ол жауапкершілікке арқа сүйеген философияны «қасіретті оптимизм» атады. Оптимизм – адам қарым-қабілетіне деген сенімділік, қасіреттілігі – көп жағдайда зұлымдық үстемдік құрып, тіпті, кейбір ситуацияда жақсылықтан гөрі әлдеқайда құндырақ көрінуі мүмкін.
Бойымыздағы періштені тұңшықтырсақ, ол Ібіліске айналады, деп ескертті ойшыл.
Франкл қалыптастырған «логотерапия» мен «экзистенциалистік анализ» – табиғат және адам мәнін философиялық, психологиялық және медициналық тұрғыдан зерделеген көзқарас. Франкл үштаған теория қалыптастырады: «Мәнге деген құштарлық ілімі», «Ғұмыр мәні туралы ілім», «Еркіндік еркі туралы ілім».
«Мәнді өмір сүруге деген құштарлықты» Франкл туабітті қасиет санайды. Ғұмырдың мәні табылған соң, ендігі кезекте адам сол мәнге сенуі тиіс. Сенгенде ғана мәннің мәні болады. Тіпті, өзіне-өзі қол жұмсаушы, деп ой түйеді Франкл, ғұмырдың болмаса да, өлімнің мағынасына сенеді.
Мағынасын жоғалтқан адам «экзистенциалистік вакуум» деген құсаға ұшырайды. Аталмыш вакуум көптеген «ноогенді неврозды» тудырады. Егер мағына іздеген адам объективті дүниеден мағынаны таппаса, вакуумға ұшырайды.
«Ғұмыр мәні туралы ілім» мағынаның бар адамға қолжетімді екенін негіздейді. Ол, тіпті, жынысына, жасына, өресіне, біліміне, мінез-құлқына, ортасына, қала берді, діни наным-сеніміне қарамайды, деген постулат енгізеді.
Ол әмбебап құндылық-мағыналық түсі-нікті құрылымдық тұрғыдан тұрақтандырады: бірінші, «шығармашылық» арқылы (мағына түзу немесе дүниеге беру), екінші, күй кешу арқылы («переживание» немесе дүниеден алу), үшінші, «қарым-қатынас құру» арқылы тағдырымызға берік болу.
Шығармашылық, тегінде, еңбектің арқасында ғана жүзеге асады, еңбек әрекет ретінде емес, ол мағынаға айналады, қоғамға қосқан үлес саналады.
Франкл күй кешудің ішінде махаббатты алға шығарады. Ол – үлкен құндылық тудырушы. Рухани биіктіктегі қарым-қатынас. Басқаның даралығын, қайталанбастығын бақыт көру.
Үшінші қарым-қатынас құндылығына келсек, бұл – күрделірек мәселе, кез келген жағдайда біз қалыптасқан жағдайды өзгерте алмасақ та, бұл жағдайға аса терең мән беріп, мазмұнға толтыруымыз керек.
Мағынасыз өмір жоқ, дейді ұстаз, адам қаракеті ешқашан, ешбір жағдайда мағынасыз болмайды. Мағына соңғы деміңіз біткенше, дәм-тұзыңыз таусылғанша көкірегіңізде тұрады.
Шынында, мағынаны табу бір басқа, сонымен қатар, оны жүзеге асыру бар.
Адам өз өмірі, мағынасы алдында жауапты.
Бірінші бөлім. Философия және көпшілік (тобыр) Меніңше, көп («большинство», «много») ұғымына көпшілік («масса», «тобыр») термині тең емес.
Кезінде Ортега-и-Гассет («Көпшіліктің көтерілісі» немесе орысша нұсқасында «Восстание масс») пен Элиас Канетти («Көпшілік пен билік» немесе орысша нұсқасында «Масса и власть») философиялық-публицистикалық шығармаларынан көрініс тапты, жалпы XX ғасырда сәуегейлік жасап, болашақты болжаған абыз тұлғалардың еңбектерінде бұл жаңа ұғым жан-жақты қарастырылды, талқыланды, пысықталды, ақыр соңында, культурологиялық мән-мағынасына, демек, мазмұнына ие болды. Көпшілік тобыр түсінігіне туыс, жедеқабыл терминге айналды, көп ұғымына табиғатын анықтаған оқшау, бөлек мәртебе берілді.
Көпшілік туралы философиялық ізденіс-тер терминнің күрделене бастағанын аңғартты, бірте-бірте пәнаралық категориялар құрамына енді, терминді бұқараландырған ақпараттық технологиялар құралдары еді.
Философия да бұқараланды. Көпшілік нұсқада – жұпыны мән тапты.
Қазір, тегі, философия, қарыштап дамып келе жатқан масс медиа арқасында, қоғамның назарына, көптің көзіне түсті. Ақпараттық технология, сосын, оны көпшіліктің қолжетімді ақпар-мәліметі, әдепкі информация дәрежесі, шағын хабар деңгейіне дейін төмендетті. Мәртебесі түскен, күрделі сипатынан айырылған философия біртіндеп бұқара игілігіне айналды.
Сөйтіп, философия кітапханалар табалдырықтарынан аттап, көшеге шықты, даңғылдарға құйылды, бульварларды аралады, аулалар, бақтар, аллеяларды адақтап, ғимараттарға, үйлерге кірді.
Жүйелі ғылыми-академиялық бірсарынды дәрістердің орнын табанды мотивациялық және эмоциялық лекциялар басты.
Категориялар метаморфозаға ұшырады. Пәлсапалық түсініктер бастапқы мәнінен айырылды, кенет халықтық сипат алды. Бірте-бірте категориялар екінші бейнесіне, жаңа мазмұнға ие болды. Демек, философия өзгерді. Өзгерістер – өңделген, бейімделген, түрленген категориялар қызметінің жемісі, нәтижесі еді.
Бұл өзгерістер, парадокс, философияға деген қызығушылықты оятып, шаңға көміліп жатқан мәтіндерді оқуды жандандырды, кітап саудасын арттырды, құрып бара жатқан модерндік институттар қайта қалпына келтірілді, ажалы қайтып, бойына қан жүгірді, қазаға ұшырағандар тіріле бастады: әдебиет, пәлсапа, тарих, ғылым, таным, өнер, мәдениет. Себебі, БАҚ жансыз қалайы қасықты да елге танымал ете алатын күшке ие болды, күнде таңертең белгілі бір тұрақты мезгілде көрермен аудиториясына көрсетілетін қасық бір айдан соң аймақтағы ең танымал қасыққа айналды, қоғам дамуын өндіріс емес, жылдан жылға кемелденіп келе жатқан жоғары технологиялы ақпарат құралдары деңгейі арқылы өлшеді.

Екінші бөлім.

Көшірме

Масс медиа ойшылдықты көпшілік кеңістігіне шығарды. Ой түсінікті болуы үшін кешенді жүйелер, тұжырымдамалар, ұғым-түсініктер оңтайландырылды. Күрделілік күрт өзгерді, қымбат дүние таралымы көбейген сайын арзандай түсті, ертеде дана, әсілі, дара еді, әрі дара, әдетте, түпнұсқа болатын, сөйтіп, фотоаппараттан байқалған бұқаралық тосын сипат көпшілік құбылысын тудырды. Қараның сипаты дараның қасиетіне айналды. Көп дауыстың ішіндегі оқшау дауыс бөлек үнінен айырылды.
Көпшілік мәдениетінде түпнұсқалық жойылды. Көшірме тегін (сойын) іздегенде тегін (құнсыз) көшірмеге нұсқады. Коннотация үстемдік құрды, жалған образдар көбейді, шынайыны көрсеткен, шынға бағыт сілтеп, ақиқатқа қарсы жүрген денотация мұратынан адасты. Мәдениет, дәлірек айтқанда, өзі емес, ол туралы түсінік дағдарысқа ұшырады. Бұрын қиындықтан, күрделі құрылымнан қанағат табатын, рақат көретін, бақыт іздейтін ақыл-ой, сана-сезім, демек, талғам, дүниетаным өзгерді. Қазір, керісінше, қиындықтар оңайландырылады, жұрт күрделі нәрсені қабылдамайды, ойшылдықты кем санайды, артық көреді. Ойсыз қоғам пайда болды.
Карл Маркстің сөзімен қисындасақ, бұрын дүниені түсіндіріп келген философия енді белсенді іс-әрекетке көшті, өмір сүріп жатқан әлемін өзгерте бастады. Іс-әрекет бейбіт философияны ақырындап қарулы идеологияға айналдырды.
Көпшілік – кез келген ақпаратты немесе ойды сыни көзқарассыз қабылдайтын сана. Ортасына кірсеңіз, қара құрдым тәрізді қара жиын Сізді құшағына дөңгелетіп құлатып, жұтып қояды, бойына сіңіріп алады, Сіз көпшіліктің (масса) бір бөлшегіне айналасыз, сөйтіп, көпшіліктің Сізді меңгерген қасиеттері ендігі кезек Сіздің өзіңізді басқаруға көшеді. Көпшілік – өсуге құмар құбылыс, төңірегін шеңберлеп бойына тартып тұрады. Ықпалына түскенді ырықсыз жібермейді. Көптің, тегінде, көпшілік статусына ұмтылатын ғадеті бар. Көптік – көпшілікше ойлайтын дағды.
Көпшілік мәдениеті фотоаппараттың үздіксіз фото түсіре алатын қабілетінен туды. Түпнұсқа жоқ, бірақ, көшірмелері көп.
Әдетте, көшірмеде түпнұсқалық аура болмайды, ол – жансыз. Жансыз дүние қашанда – суық. Өнердің күші – жылылығында. Өлімді түсінбейтігінде (Осип Мандельштам). Суық хабарды қабылдамайтығында.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.