Абай айтқан – «тәуил»

Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты өлеңінде айтылатын:
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар
хақ,
Мүъмин болсаң, үйреніп сен де
ұқсап бақ.
Құран рас, алланың сөзідұр ол,
Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ – деген шумақтағы «тәуил» сөзі араб тілінен алынған ол «тәфсир, тәпсір» түрінде де қолданылады. Мұны түсінуде төмендегі академиялық сөздікке жүгінгеніміз дұрыс болар; Ю.А.Рубинчик құрастырған (1985) 2 томдық «Персидско-русский словарь» 1-том, 346-бетінде: таъвил; 1) біржақтылық, теріс түсіну, бұрмалау, өңін айландыру; 2) түсіндіру, мәлімдеу, түсінік беру деген мағыналары бар екенін көрсеткен.
Тәуил – Құран тәпсірін алғашқы негізгі және оның мәтіндерін толық ашуға әрекет ету тәсілі. Құранды оқып-білуде тәпсірлеушілердің өздері қасиетті Кітаптың тура мағынасында түсінетін (тәпсір) және оның құпия астарын түсіндіретін (тәуил) болып екіге жарылды, яғни оны түсіндіруде сыртқы (заһири) және ішкі (ботини) сырларын ашып қарастыру жолындағы бірден-бір құрал, осы тәпсір мен тәуил болып табылады. Ұлы ақын жоғарыдағы бір шумақ өлеңінде, көрсеткеніміздей, сөздіктің екінші мағынасын пайдаланғандығын байқау қиын емес. Құран сүрелері мен аяттарындағы мазмұнын түсіндіруде сөздік мағынасында қалып қоймай, Құран сөзінің шынайы тура мазмұнын ашу – тәпсір. Сөз төркінінің баламасын табуда шешендік өнер ерекшелігіне сүйене отырып мән-мазмұнын ашу – тәуил.
Сол кезде исламды толық тану жолында шиа мен сунит руханилары діни мүдделерін білдіретін саяси әр топ өзінше Құранды дәлелдеуге тырысты, сонымен қатар Құран сөздерін тасфирлеу жолында да қарама-қарсы түсініктер пайда болды. Міне осы тұрғыдан келгенде тәуилдің ауқымы кең екендігіне көз жеткізуге болады.
Тәуилді шиа бағытын қолдаушы исмаилшылдар тиімді пайдаланды. Исмаилшылдардың негізін қалаған Исмаил – Ибраһим пайғамбардың баласы. Исламды жасырын уағыздаушылар яғни батини (ішкі, жасырын) мазһабындағылар үгіт жүргізгенде өз ойларын жүзеге асыру жолында ешнәрседен тайынбай тіпті бүліншілікке де бара бергені ислам тарихынан белгілі. Олар лауазымдық сатыны насихаттауға, жаңашылдық жариялау іс-тәжірибесіне сая-си бейімділігін негіздеуге қызмет етті. Зекет беруді тиімді дұрыс деп тапқан, бірақ оны басшыға беру яғни мемлекетті басқаруға қажетті тұстарға жұмсалады деп тапқан. Олар яғни шиа мазһабындағылар күніне үш рет намаз оқиды, жұма намазды оқымайды. Бұл тәсіл көбінше исламның шиа сеніміндегілерге тән.
Абдоллаһ ибн Аббас Құрандағы сөздердің шығу тарихына тоқталып, исламнан алдыңғы қаламгерлердің сөздерін пайдаланып түсіндірушілердің алғашқысы саналды. Тәуилдің сопылық танымға әсері көп болды. Сопылық ілімін зерттеуші Ибн әл-Араби (1165-1240) Құдай мен әлемді бір деп және барлық заттардың біртұтас мәні бар деп қарады. «Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде,» деген еді ғой ұлы Абай. Араб оқымыстысының пікірінше, Жаратушыны ішкі бірлігі жағынан бейнелейді яғни тақлидті (басқаның айтуы бойынша) бекерге шығарады. Құдайды жоғары қасиетінен ажыратып, ойша дерексіздендіріп ақиқат арқылы тануға болады дейді. Сондықтан олар сопылықты қолдаушылар болып табылады. Сунниттік бағыттағылар тәуилді қолдағаны үшін сопыларды сынға алатын тұстары да кездеседі.
Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін хадистерін ақиқаттайтын және оны негіздеуде Құран сөздері аса қажет болды. «Анық. Біз осы Құранда адамдар үшін түрлі мысалдар келтірдік. Әрине, үлгі-насихат алар деп» (Зүмәр сүресі (39) 27-аят). Содан оның мазмұнына толық тафсирлеу жолында тәуилдің Құранды түсінуде түсіндіру, мәлімдеу, түсінік беру сөздерді іштей талдау емес заһири (сырттай) шарқ (комментарий) берумен шектеледі.
Қорыта айтқанда Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға Құранды, Иса пайғамбарға Інжілді, Мұса пайғамбарға Тауратты, Дәуіт пайғамбарға Забурды түсірді. Кітаптарға иман келтіру арқылы толық мойынсыну мен разылық таныту міндет. «Алла тағаланың хақ-шын Сөзі екендігіне ешқандай шәк болмаған…» (Бақара сүресі (2) 2-3 аят) – деп, Құранда айтылса, Абай:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас,
Көп кітап келді алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөзі айрылмас – деген.

Сайдалы Оразалиев,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.