Шектеусіз мүмкіндіктер

   Күнделікті күйбең тіршілік қамымен жүріп, айналамыздағы жайттарға мән бермейтініміз жасырын емес. Зуылдаған көліктер. Жұмысына асыққан жұрт. Бір кезде көзі нашар көретін бір жігіт таяғын тықылдатып аялдамадағы жұрт қатарына қосылды. Әне-міне дегенше автобус келіп, жұрт бірін-бірі қағып-соғып, ашылған есікке қарай асыққандай болды. Көзі нашар көретін әлгі жігіт баяу жүрісімен автобусқа міне алмай қалды.  Жолаушыларын жинап алған автобус та, не кондуктор да ол кісіге мән берген жоқ. Мұндай көріністер қаншама?! Біреулер аяқастынан кемтарлыққа тап болып жатса, енді біреулер туғанынан денсаулығы нашар атанып жатады. Біз мұны жеке адамның мәселесі деп қарайтын секілдіміз. Мүгедек те қоғамның толыққанды мүшесі. Алайда осы тұрғыдан қоғамдық көзқарас әлі күнге дейін дұрыс қалыптаспай келе жатқаны қынжылтады. Бүгінде елімізде мүгедектер көп. Олардың кейбіреуі  еңбекке қабілетті. Бірақ оның жартысынан да азы жұмыс істейді. Әрине, мүгедектердің өмірі мен денсаулығын жақсартуды мақсат тұтатын мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүгедектерге көмектесіп, оларды жұмысқа тартуда бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Басқа да партиялар осындай бағдарламаларды қарастыруда. Бірақ, «Нұр Отан» партиясының берері көп.

«Мүгедек – инвалид» деген сөз жалғыз менің емес, мыңдаған мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамға етене араласуына кедергі болып отырғаны шындық. Мысалы, дені сау, ақыл-ойы толық азамат халқы үшін еңбек етуді, үлкен биік шыңдарды бағындыруды армандайды, алайда оқыс оқиға салдарынан (жол апаты немесе өзге де жайттар)  мүгедек деген таңба алып, қоғамнан шеттетіледі. Алға қойған арманы былай тұрсын, қоғамда өзгелер қатары өмір сүруінің өзі қиындап, күнделікті өмірде кедергілерге тап болып жатады. Ал ондай қиын сәтті жеңіп шығу бәрінің  қолынан келе бермейді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан шеттемеуі үшін мемлекет тарапынан игі  қадамдар жасалса оң іс болатынын тағы бір айта кеткім келеді.

       Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Ең бастысы – Елбасы  барлық Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін айтып, барша кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырған еді. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», – деген Н. Назарбаев. Бұл шындығында, мемлекет, билік тарапынан жасалып жатқан зор қамқорлықтың көрінісі. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды түсіну, әлеуметтік жәрдемақыларды уақытылы төлеумен ғана байланысты емес.  Ең бастысы олар да өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керек.   Айтпақшы, Үкімет сағатында вице-спикер Дариға Назарбаева  шенеуніктерге мүгедектер арбасына бір сәт отырып көруді ұсынды. «Өздеріңізді біреуге мұқтаж адамның кейпінде сезініп көретін едіңіздер, сосын сол арбамен қаланы аралап, театрға барып, дүкен аралап, кинотеатрға, медициналық мекемеге барып көріңіздер. Сосын кешке қарай тыңдайтын едік, оларға жақсы ма, жаман ба, ыңғайлы ма, ыңғайсыз ба? Менің ойымша, бұл дұрыс мәселе, осындай ұсыныспен атқарушы билікке шықсақ қайтеді», – деді Дариға Назарбаева. Оның пайымынша, бұл шенеуніктерге мүгедектер проблемасын жақынырақ түсінуге, сезінуге септігін тигізер еді.

       “Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі” деп тегін айтылмаған. Президентіміз  Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Бұл  өзіміздің және қоғам алдындағы  парызымыз», – деген болатын.  Елбасы айтқан мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін кедергісіз кеңістік құру бағытындағы жұмыстардың да енді-енді жанданып келе жатқандығын айтуымыз керек.

       Адамдардың өресі – əр қилы. Бірі – кең ойланып, тағдырды түсінсе, бірі -тағдырың үшін жазғыра қарайды. Дертің үшін сорлы деп біледі. «Сорлылық – адамға адам деп қарамау”. Осындай жағымсыз қасиеттердің кесірі қоғамда жиі орын алуда. Бір нəрсені білдім, адамгершілігі бар адам ешуақытта елге зиян келтіретін іс-әрекет жасамайды. Ал тəккәппарлыққа тірлігі тұнып тұрған жандар, адамды адам демейді. Қайырымды істің қашанда қайтарымы болады деп біліңіз.  Ал  мүмкіндігі шектеулі  аза­мат­тарға болмашыға мұңайып, көңіл терезелеріңізді кірлетпесеңіздер екен дегім келеді.

Бекен Наргиз – «Тұран» университеті,
«Журналистика» мамандығының 2 курс студенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.