«ТЕРМИНАТОР»

(Очерк)

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

1990 жылы туған. Атырау облыстық «Атырау» газетінің тілшісі қызметін атқарған. ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Өмірде әділет жолында өліп-өшуге де, өртенуге де баратындар бар. Олар көктегі жұлдыздар секілді. Қанша биікті басып, асудан ассаң да, бұларға жете алмайсың. Асығың алшысынан түсіп, арманың орындалуы мүмкін. Әттең, тек түсіңде ғана. Себебі, ондай жібі түзу жандар жаныңда жүріп-ақ алыстан аңсатады.
Өкінішке орай, елден ерек туғандардың табиғатын айнала тегіс түсіне бермейді. Сондықтан да болар, олар жерге сыймай, жұлдыз боп жоғарыдан жарқырайды. Міне, осындай жандардың бірі – менің достарымның ішіндегі ең дұрысы (Мейлі, басқалары бұртиып қалса да, шындығы – осы – авт.), бауырларымның арасындағы ең тәуірі, әріптестер әлеміндегі ең әжептәуірі – Нұрсұлтан Ертуғанұлы. Айтпақшы, арғы тегі – Мықтыбай. Ісіне мығым, кісіге мейірім шашып жүргені де сол аталарының арқасы шығар.
Әйтеуір, о баста біздің «Атырау-Ақпаратқа» Мықтыбай деген жаңа қызметкер келгенін естігенде, ол анау-мынау емес 2 облыстық, 7 аудандық газеттің басын біріктіріп отырған медиахолдингтің аппаратындағы басшылық қызметтің біріне «қонжия» қалғанда, «расымен де мықты ма?» деп қалғанымыз рас. Содан арада бір күн өтер-өтпестен күдігіміз расталып шыға келді. Алдымен, күнде ертемен кофемен бірге «жағаласа» жүріп қолға тиетін «Егеменнің» кезекті санынан «Ұстаздар неге ұстамсыз?» деген көл-көсір сараптамалық мақаланы үтір-нүктесіне дейін оқып шықтық. Астында «Мені көрдің бе?» дегендей Мықтыбайдың немересі қойған жуан қол тұр.
«Мынаны қараңдар, шынымен де мықты екен» десті жұрт. Сөйтіп, атыраулық ағайын әр сөзіне бауыр басты. Осылайша, биті торғайдай, мойны ырғайдай, жүзіктің көзінен өткендей көрікті жігіт алғашқы сыннан мүдірмей өтті. Өйткені, елдің газетіне екінің бірі шыға бермейді ғой. Мұны мен де, сіз де жақсы білеміз. Жарайды, құп делік. Жазғыш болған соң жазады, бұған таңдай қағатын дәнеңесі де жоқ. Әй, көңілі қандай кіршіксіз өзінің! Ол келгенде күңіренген күздің өзі күлімдеп қоя берді ме, қалай өзі? Иненің көзінен өткендей пысық бәле. Ал, жібектей жұмсақ мінезі ше? Оған «әй» деп зеки де алмассың, сірә! Тірінің тілін табады. Ебін ептестіріп, кебін келістіреді. Қара жаяу емес.
Мына заманда мұзға отырғызып, ақ ауыз қылып кететіндер көп қой. Ондай емес, олардан бойын аулақ ұстайды. Көзі ашық, көкірегі ояу, құлағы тесік, айтаққа ере бермейді. Айдарынан жел еспеген азамат айды аспанға шығармаса да, адал қызмет арқасында еңбек сауып жүр. Жалғанды жалпағынан басып, есек құрты мұртына түспесе де, адамның алақанына қараған емес. Біреудің алқымынан алып, алмасын қанға суарғанын да көрмеппін. Өз буына өзі пісіп жүргендерді иттің етінен жек көреді. Ал, кәріне мініп, қаны қайнап ашулана қалса, жын-перісі теңізге түкіргендей жоқ болады. Осылайша, есімі Мықты боп санама соғылды.
Мықтыбайдың немересі ең алдымен жаңадан ашылып жатқан Интернет сайттар редакциясының тізгінін ұстады. Түрлі басылым сайттары рейтинг қуған мына заманда 1282 орында жүрген облыстық «Атырау» газетінің сайтын айналдырған 2 аптаның ішінде 31-ші орыннан бір-ақ шығарды. Сайттардың жұмысын қиналмай еңсерген ол бұдан кейін түрлі ұйымдастыру мәселелеріне бел шеше кірісті. Медиахолдингтің атын шығаратын өміршең жаңа жобаларды қолға алды. Атырау облысы түгілі, республикамызда бұрын-соңды болмаған «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің ыстығына күйді, суығына тоңды. «Журналист болсам» деген 40 талантты жастың басын қосып, 3 күндік керемет шара ұйымдастырды. Оларға «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» секілді маңдайалды басылымдардың О. Бөкей, М. Мақатаев, Ф. Оңғарсынова секілді алыптардың атындағы жүлдесін тағайындатуға қол жеткізді. Бұдан бөлек, Журналистер күні, Наурыз сияқты мерекелерді жаңаша форматта атап өте бастадық. Әрине, мұның артында шебер ұйымдастырушы, қызметте қабағынан қар жауған қатал, жұмыста талапшыл Ертуғанұлы тұрды.
Айдың күні аманда ешкіні «апа», текені «папа» деп күндер күлімдеп өте берсін. Сөйтіп жүргенімізде жаңа жыл да жылт етіп келе қалғаны. «Уатсаппен» уланған жұрт селфимен сергелдеңге түсіп жатты. Қазір қуанышпен де, қайғымен де сол «уатсап» арқылы бөлісетін болдық қой. Тіпті, шақыру билетін тарататын да өзі (Ертең Алланың алдында да арашалап алатын шығар – авт.). Телефонға телмірген тақыр бас, пақыр пенде. Ал, әңгімелеп отырған кейіпкеріміздің қоғаммен қатынасы елден ерек. Не дос болады, не мүлде болмайды. Үшінші нұсқаға үйренбеген. Табиғаты – таза, жаны – жайсаң, көңілі – Күн, өмірі – нұр. Қысқа қайырғанда, жаңа жылмен қызу құттықтай алатын екі адамның бірі – Елбасы да, екіншісі оның есімін еншілеген мынау Мықты екенін ұғындым.
Дүниежүзі тойлайтын мерекеде ол тағы бір қырымен танылып қалды. «Атырау-Ақпараттың» тарихында тұңғыш рет (Бұл жерде өзім қызмет етіп келе жатқан алты жыл аралығын айтып отырмын – авт.) медиахолдинг құрамына кіретін қызметкерлердің бәрі бір дастарханда бас қосты. Ал, бұл дегеніңіз – екі облыстық, жеті аудандық газет пен баспахана, сайт қызметкерлері және барлық шығармашылық ұжым. Айтқым келгені, жаңа жылдық кештің ұмытылмастай боп өтуіне барын салған – осы Мықты. Сол күні бәріміз арқа-жарқа болып, таң атқанша тарамадық. Кейде көрместей боп кететін кісілермен де осы күні қимай қоштастық. Мұның артында ұйқысыз таң атырған, бірақ, сценарийді сеспей қатырған Мықтының ерен еңбегі жатыр десем, ешкім тілімді суырып алмас.
Міне, оның осындай қасиеттерін таңға дейін тізбектей беруге болады. Бәрін бір әңгімеге сыйдыру мүмкін емес. Біздер, журналистер кәдімгі психологтар секілді адамның жан-дүниесі мен мақсат-мұратын, көңіл-күйі мен күйзелісін көз жанарынан көре аламыз. Мен де мыңқ етпеген Мықтының қапалы кейпін шымылдықтың бергі шетінен айқын аңғардым. Мінсіз күлкі мейірімсіз өмірмен күресіп жатты… Сұрастыра келгенімде, тағдырдан талай теперіш көріп жүрген оның мықты болмасқа амалы жоқ екенін түйдім. Нені меңзеп отырғанымды тек өзі ғана біледі (Тура осы жерден тоқтатайын, ел-жұртқа жаятын әңгіме емес бұл – авт.).
Сонау сексенінші жылдары «Терминатор» деген атақты фильм көрерменге жол тартып еді ғой. Сонда азуы алты қарыс, кірпігінен қырау тамған қаһарлы құлтемір қуаты біткенше қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұратыны баршаның есінде. Мына Мықты сол көріністі көз алдыма әкелді. Әлгі фильмнің екінші бөлімі есіңізде ме? Онда құлтемірдің сана терезесі ашылып, жүрегі жұмсарады. Алпыс екі тамыры босап, көзіне жас та келеді. Соңында кейіпкерлер онымен қимай қоштасады. Мұның бәрі – кино. Десек те, сырт көзге салқын көрінгенімен, құшағы оттай ыстық жандар шынайы өмірде де бар. Кейіпкеріміз – сөзімізге дәлел. Жауырынынан жел өтіп, жілігі шағылып, жігері құм болса да, қолынан қаламын тастаған емес.
Әріптес інімнің жақсы қасиеттерін айта келіп, бір жаман қылығын еске алмасам, «тілші» деген атыма сын болар. Мен білетін иненің жасуындай ғана бір кемшілігі бар, бұл – оның қайтпас қыңыр «қырсықтығы». Қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Бәлкім, мұндай мінезі болғаны да жақсы шығар, кім білген? Әйтеуір, көп жағдайда екеуміздің пікіріміз екіге жарылып шыға жөнеледі. Мен «тауық бірінші туған» десем, ол «жұмыртқа пайда болды» деп, айтыса кетеді.
Бірде біз бір мақаланың (Қандай мақала екені есіме түспей отыр – авт.) тақырыбын қоймақшы болып, тағы текетіресіп қалдық. Содан мен «ағаң айтса, қалт айтпайдыға» салып, «басу» айттым. Анау болса, «Қайдағы аға, осы сенің жасың нешеде?» деп сұрады. Тапқан екен менің жасымды сұрайтын кезді! Сонда, осыған дейін мені кішіге санап жүрді ме екен мықтының баласы?! «Ердің жасы – жиырма сегіз» деп бақайдан қағып жібердім.
Бір қызығы, тақта отырған патшадай паң Нұрсұлтан «е-е, онда сенікі жөн екен…» деп кібіртіктеп қалды. Мұнысы өз вирусына өзі шашалған компьютерге ұқсады. Ойлап отырған ой жүйесі бір сәтте күйрей жөнелгендей болды. Содан мен ұсынған тақырып «тастай батып, судай сіңді». Осыдан кейін ол менің айтқаныма құлақ асып, санасатынды шығарды. Мен болсам, өз ойымды өткізу үшін үлкендігімді есіне салып тұрдым. Осылайша, арамыздан қыл өтпеген екеуміз егіз қозыдай бірге ойнап, бір күлдік, бірге тойлап, бір жүрдік.
Бірақ, өмір өз өрнегін салмай қоя ма? Менің Мықтым да «басқа жұмысқа ауыссам қалай болар екен?» деп әлек салды. «Қайда барасың, сені жіберейін деп жатқан басекем жоқ» деген басу үнмен мен де біраз үрдім. Ақыры, айтқанынан қайтпаған қырсық көршілес аймаққа ат басын бұрды да кетті. Саусағын сорып мен, ал, артымда ұядай ұжым қалды. Адам деген қызық қой, о бас-та «бұл қайдан шыққан мықты?» деп екі көзі төрт болған жұрт енді «мықты маманнан көз жаздық» деп жамырай қалғаны. Әсіресе, өзі оқытушылық қызметті қоса атқарған Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Журналистика кафедрасындағы студенттері қимай қоштасты. Шынымен де, бес аспап жігіт өз ісін бес саусағындай біледі. Бит қабығынан биялай тоқыған шебер дерсің! Жұртқа жағып, бойдақ қыздарға ұнағаны да сондықтан.
Жалпы, адам баласының табиғатын түсіну қиын ғой. Күн ыстық болса, «ойбай, аспанда бұлт бар ма өзі?» деп дабыл қағамыз. Жаңбыр жауса, «қашан қыс келеді, айналаның бәрі балшыққа былғанды ғой» дейміз. Ал, қырау тұрса, қара суық қаншаға созылар екен?» деп тағы байбалам саламыз. Жоғарыдан қарап тұрған Құдайдың «енді қайтсем екен?» деп басы қататын шығар. Әйтеуір, айызы қанар адам жоқ. Ал, Нұрсұлтан қашан көрсең де судай сабырлы, темірдей төзімді. Қырық құбылған мына заманда мысықпен де, итпен де дос бола біледі. Тырнақшаның сыртында тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін, шіркін!
Міне, менің «Мықты» деп айдар тағып, «терминаторға» теңеген досым осындай. Жер астында не барын қайдан білейін, бірақ жер бетіндегі ең бақытты жандардың қатарынан табылуын тілер едім оның. Таң атып, күн батқанда Жаратқанға жалбарынып, ел үшін еткен еңбегі еш кетпесе екен деймін. Таланттың тұлпарын мініп жүре бергей!
Бастысы, күндіз қолына, кешке қойнына қысып жатар шүйкебасын тапса, басқасы анау айтқандай маңызды емес. Жаны сіріден жаралған оның жарғақ құлағы жастығына тимеді. Мамандығын мүлт кетпестен тура таңдады. Енді Жаратқан жақсы жар жолықтырғай дейміз ғой. Құдайға шүкір, мен секілді достары бүгінде бір қауым елге айналған. Олардың ойлағаны да – осы. Ендеше, «көп түкірсе – көл» ғой, тілегі де – қабыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.