Соңғы Кітапхана

(Метафоралық драма)

Батырбек Үрістембеков
1991 жылы, Жамбыл облысында туған. Тараз қаласында №5 орта мектебін бітірді, Астана қаласында Астана гуманитарлық колледжін (ағылшын тілі, 2011) және Қазақ ұлттық өнер университетін (кинотеледраматургия, 2015) бітірді. Қазір (2017 бастап) Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ағылшын тілінің сырттай бөлімінде оқып жүр. Қазіргі жұмысы – аудармашы.

1-көрініс

Болашақ. Пальмасы бар елсіз арал. Сахнада ұзыннан-ұзын кітап сөрелері. Кәрі кітап ортада отыр.
Кәрі Кітап: Ерте заманда бұл жаққа адамдар көп келуші еді… Қазір үш төрт студент немесе ғалымдар болмаса, ешкім жоқ…
Жас Кітап: Ата, бұрын бұл кітапханаға құжынаған жұрт келгені рас па?
Кәрі Кітап: Рас, рас. Тіпті кейде кезек болушы еді.
Жас Кітап: Ендеше неге қазір оқырмандардың саны азайды? Әлде Жер бетінде аз адам өмір сүріп қалды ма?
Кәрі Кітап: Жоқ, керісінше адам саны әлдеқайда өсті.
Жас Кітап: Мүмкін, ақпарат керек емес болып қалған шығар?
Кәрі Кітап: Жоқ, ақпарат өте-өте керек, тіпті минут сайын ауадай керек боп жатыр.
Жас Кітап: Онда неліктен бұл жақта білім іздеп жүрген адамды өте сирек көреміз?
Кәрі Кітап: Себебі, Інтернәт және електрөнді кітап деген пәле шықты! Елдің бәрі енді тек соларға ғана мән беретін болған.
Жас Кітап: Электронды техниканың дамуы неліктен кітаптарды құрметтемеуге алып келді? Сонда техника білімділіктің ең озық жемісі бола тұра, өркениеттіліктің дұшпаны ма!?
Кәрі Кітап: Техника тек ғана құрал ғана. Оның өз бетінше еш зияны жоқ. Тек адамдар оны дұрыс пайдаланып жатқан жоқ.
Жас Кітап: Қалайша? Сонда адамдар өздерінің санасымен, ақылымен ойлап тапқан нәрсені өздері басқарып, өздері реттей алмай жатыр ма? Онда олардың соншама озық санасы қайда? Кітаптарды жазып-жазып тастап, енді кітапханалар босап қала ма?! Онда біздің, яғни кітаптардың өмір кешуінің қандай мағынасы бар? Біз сонда не үшін керекпіз?!
Кәрі Кітап: Біз онсыз да мыңдаған жылдар бойы өз пайдамызды тигіздік. Енді біздің заман өткен шығар…
Жас Кітап: Ал, бізде бар баға жетпес миллиондаған ақпарат қайда кетеді?! Бүкіл көркем әдебиет, бүкіл ойлар қайда кетеді?! Ешқашан да болмағандай, шаңға айналады ма, сонда?! Мүмкін емес!
Кәрі Кітап: Иә, расында да, адам сенгісіз жағдайға тап болдық. Адамзат неғұрлым дамып жатыр, соғұрлым адами логика жоғалып жатқан сияқты. Ең өкініштісі осы!
Жас Кітап: Мен түсінбеймін, ата, соншама құнды мәліметтер жоғалуға тиісті емес. Бізден кейін бәлкім, электронды кітаптар қалар!?
Кәрі Кітап: Сол электронды жансыз тоқпен жұмыс істейтін кітаптарды біреу оқиды деп ойлайсың ба, өзі? Роботтар онсызда керек нәрсенің бәрін біледі, бүкіл Інтәрнет солардікі.
Жас Кітап: Ал, адамдар ше?
Кәрі Кітап: Адамдар… Адамдар, демек адам сияқты дені түзу оқырмандар менің жас кезімде ғана бар еді. Қазір жоқ. Біз, қағаз кітаптар, оларға қажетсіз тарихи жәдігерлерге, керек десең қоқысқа айналуымыз мүмкін.
Жас Кітап: Ата, түсіндіріп айтшы, неге сенің ойыңша болашақтың адамдары тіпті электронды кітаптарды да оқымайтын болады? Неге?
Кәрі Кітап: Себебі, ертең тұрмақ бүгінгі күннің өзінде жазылған мәтінді оқып, ойланбақ түгілі, тіпті адамдарда артық уақыт та жоқ. Тіпті өзінің өмірінің мәні, мақсаты туралы бір сәтке болса да ойлануға мүмкіндіктері жоқ.
Жас Кітап: Қалайша!? Ал, жиырма бірінші ғасырға аса дамыған өмір бір сәтке ойлану мүмкіндігін анда-санда болса да бермей ме?!
Кәрі Кітап: Жоқ, бермейді. Басты мақсат – ақша табу, ақша табу және тағы да ақша табу. Қанша саналы да бай болса да, бұл, негізінен, қайыршылардың психологиясы, диуаналардың философиясы: ақшадан басқа ешнәрсені көрмеу.
Жас Кітап: Ақша деген тек құрал емес пе? Құралды неге адамдар мақсаттың орнына қойып жатыр? Бұның мәні неде?
Кәрі Кітап: Адамдар, әдетте, қартая-қартая алжушы еді. Бәлкім, күллі адамзат мыңдаған жылдар бойы өмір сүре алжыған шығар.
Кәрі Кітап кетіп қалды.
Жас Кітап: Ал, бізбен не болады? Бізбен сонда не болады!? Миллиондаған кітаптар не істейді сонда, ата!?
Жас Кітап Кәрі Кітаптың артынан кетіп қалды.

2 көрініс

Табиғат аясы. Жаңа ұялы телефон мен жаңа ноутбук демалып отыр.
Ұялы телефон: Күні кеше ғана бүкіл әлем біздің қолымызда болатынын кім біліп еді?
Ноутбук: Иә, анау тұрпайы, дамымаған қағаз кітаптар жеңілді, биліктен кетті.
Ұялы телефон: Ал, кеше ғана ешқашан ешқайда кетпейтіндей, әрқашан адамдардың қолынан түспейтіндей шіреніп еді. Есіңде ме, олар мені рация деп, ал, сені калькюлятор деп мазақтап, кемсіткен еді?
Ноутбук: Иә, есімде. Бірақ біз дамыдық, озық техникаға айналдық. Бір орында тұрмадық, өзгердік.
Ұялы телефон: Иә, біз заманға орай өзгере білеміз, ал, анау кеуіп кеткен қағаз кітаптар өздерінше тәкаппар болып қалды. Қазір қайда олар? Соңғы кітапханада! Ертең сол кітапхана да жабылар.
Ноутбук: Ал, олардың немерелері электронды кітаптар мен электронды оқулықтар… олар өздерінің адам санасына ықпалын қайтарып алмай ма? Олар қайтадан сәнге айналмай ма?
Ұялы телефон: Менің ойымша, сен бостан-босқа уайымдап отырсың. Білімді де ақылды болу қазір ешкімге де қызық емес.
Ноутбук: Бірақ сол білім мен ақылды ойлап тапқан адамдардың өздері емес пе!? Және ол, ойлап қарасақ, солардың ең үлкен жетістіктері. Неге адамдар сол жетістіктерінен бас тарту керек!?
Ұялы телефон: Адамдар өз еркімен ешқашан білім алмайды, кітап оқымайды. Бірен-сараң есі ауысқандары болмаса…. Міне, сондықтан өте қатал және ешқандай еркіндігі жоқ жиырмасыншы ғасырда адамдар іш пыстыратын кітаптарды тек қорыққандықтан ғана бір-бірімен жарысып оқыды. Оның үстіне, басқа ақпарат көзі жоқ еді.
Ноутбук: Егер адамдар көпшіл әрекетті тек мәжбүрлеу арқылы істей алса, онда неге екеумізді жарыса сатып ала бастады?! Оларды кім қинады?
Ұялы телефон: Сен бізді анау ми ашытар кітаптармен салыстырма! Біз өте әділ жолмен адамдардың көңілін жаулап алдық. Бізді нарыққа қойды, бізді таңдап сатып алды. Ал, анау кітап дүкендеріне ешкім назар аударған да жоқ. Міне, әділеттік деген осы!
Ноутбук: Оның үстіне, уақыт өте келе адамдар өз таңдауынан бас тартқан жоқ. Себебі олар біледі, жаңашыл техникасыз өмір жоқ. Мәдениет, терең білім неге керек? Жаңашыл техника болса болды. Сонда ғана сен жаңа заманға сайсың!
Ұялы телефон: Мен жыл сайын жаңарып отырамын.

3 көрініс

Офистің кең үстелі. Кәрі Кітап жалғыз отыр.
Кәрі Кітап: Мені ең көне тілде жазылған кітап ретінде, бүгін кешкі жаңалықтардан көрсетейін деп жатыр. Иә… Адамдар, жалпы «кітап» деген сөздің өзін ұмытты деп ойласам… Бірақ мен оларға мәңгі тірі құндылық ретінде емес, тек өлі тарихи зат ретінде ғана қызықты шығармын. Мені соңғы рет фотоға түсіреді де, мұражайға алып кетеді. Ал, мұражайларға қазір тіпті тірі жан бармай қалған… Менің үйім, барлық қағаз кітаптардың үйі – біздің соңғы кітапхана жабылайын деп жатыр. Оның орнына цифрлі техника дүкенін ашқалы отыр. Неліктен бір де бір адам бұған қарсы емес!?
Ұялы телефон келді.
Ұялы телефон: Себебі сендердің замандарың артта қалды.
Кәрі Кітап: Жақсы Сөз ескірмейді, ең жақсы сыйлық кітап деген сөздер қайда?
Ұялы телефон: Оның бәрі өтірік! Қазір ең жақсы сыйлық ең жаңа ұялы телефон, ең жаңа компьютер! Және одан да басқа ақылды қондырғылар.
Кәрі Кітап: Қондырғылар, әрине, ақылды. Тек адамдар соларға лайықты болса ғой!
Ұялы телефон: Ақашалары жетсе, лайықты деген сөз! Айтпақшы, қазір тіпті қағаз ақшалардан гөрі электронды ақшалар жиірек қолданылып жатыр.
Кәрі Кітап: Байғұс адамдар…
Ұялы телефон: Неге байғұс!? Қайта электронды карточканың ішіне шкафтан гөрі ақшалар көбірек сыйып кетеді. Қазір адамдар жаңа мен ыңғайлыға құмар.
Кәрі Кітап: Электрониканың барлығы да жаңа екендігі рас. Ыңғайлы да болар. Алайда, қағазда жазылған ақпарат сенің қолыңда болса сенікі, ал, қағаз ақша сенің шкафыңда болса ол да сенікі. Сонда электронды ақша мен электронды ақпарат кімдікі? Бүкіл озық электроника ең сауатты бірен-сараң қожайындардікі! Олар хакерлер сияқты қаласа, сенің кез келген ақпаратыңды біліп қоя алады, қаласа карточкаңды түкке жарамсыз етіп тастай алады.
Ұялы телефон: Бірақ бұнық барлығы да тек Заңға сәйкес жүзеге асады!
Кәрі Кітап: Тоқтай тұр, қай Заңды айтып тұрсың?
Ұялы телефон: Адамдар Заңсыз өмір сүре алушы ма еді? Кәдімгі Заңды айтамын да.
Кәрі Кітап: Ол Заңды кім басқарады? Заң кімнің қолында?
Ұялы телефон: Ең сенімді адамдар, яғни басшылардың әрине.
Кәрі Кітап: Олар қашанға дейін сенімді болатындығы белгісіз, біріншіден. Екіншіден, сондай озық, сондай күрделі техникалық құралдар жаман адамның қолына түспесіне кім кепіл? Жиырмасыншы ғасырда, есіңде ме, ядролық қару жаман қолға түсіп еді, Хиросима мен Нагасакидің жазықсыз тұрғындары сол мезетте жойылды емес пе!? Ал, бұл жиырма бірінші ғасыр, яғни құрал-саймандар ядролық қарудан әлдеқайда күрделірек, міне үрей қайда.
Ұялы телефон: Бұл бос үрей. Адамдар қауіпсіздікке бола, тіпті ең кішкентай жеке бас еркіндігінен бас тартуға дайын. Себебі заман күннен-күнге қиындап бара жатыр. Адамдар күннен-күнге бір-біріне қауіпті боп бара жатыр. Және бұндай жағдайда қауіпсіздікті жалғыз жолмен ғана орнатуға болады. Әр үйдің ішіне Ғаламторға қосылулы бейне бақылау орнату қажет.
Кәрі Кітап: Сонда жеке өмір қайда қалады?
Ұялы телефон: Адамдарға қазір жеке өмір керек емес. Әлеуметтік желілерден бір сәтке де бас алмайды, секунд сайын өздерін фото мен видеоға түсіре береді. Ол аз десең, сол үшін олар басқалардан көбірек просмотр мен лайк жинағысы келеді. Егер жинай алмаса, қатты күйзеледі. Ал, сен болсаң, жеке өмір дейсің! Қазір адамдар бір-біріне сенбейді, адамдар электронды құралдарға ғана сенеді. Ұзын сөздің қысқасы, жеке өмірдің соңғы символы – қағаздан жасалған кітап енді ешқашан оралмайды.
Кәрі Кітап: Егер соншама дамыған техника адамдарға бір түйір жеке бақыт алып келмесе, бір түйір жеке еркіндік алып келмесе, онда не үшін сол техниканы ойлап табу үшін соншама күш, соншама білім жұмсалды екен!? Ең бастысы, не үшін осындай қарама-қайшылықтарға толы заманға жету үшін соншама кітап жазылып үлгерді?!
Ұялы телефон: Бұл сөзіңді ести салып, менен бас тартып, сені қайтадан таққа отырғызады дейсің бе? Жоқ, қазір бақыт пен еркіндік бай болуда ғана, ал, жеке өмір әлеуметтік желідегі жеке парақша ғана! Және бұл адасу күннен-күнге күшейе бермек. Себебі жалғыз саналы үні бар кітапты қазір ешкім де оқымайды. Ал, кім оқыса, олар не өзгерте алады? Егер көпшілік қараңғы болса, не істейсің?! Қазір демократия, көпшілік не нәрсеге дауыс берсе, сол ғана болады. Көпшілік ұялы телефондар мен көмпьютерлерді таңдады. Ол аз десең, көпшілік өзіне ыңғайлы деңгейдегі мәдениетті, білімді және әдепті таңдап алды. Және де, ең бастысы, ерікті түрде бұл таңдауды жасады. Егер сен күштеп бүкіл адамзатты қайдағы бір қол жетпес идеалдарға қарай бір шыбықпен айдағың келсе, демек сен өзің еркіндікке қарсысың, жеке таңдауға қарсысың. Себебі, сен кітапсың, сенің бойыңда бір авторлық идея ғана бола алады. Ал, мен жай ғана құралмын, мен адамның таңдауын шектемеймін. Адам қалай шешті, мен соған ғана қызмет етемін. Ешкімнің маған өкпесі жоқ, мен үнсіз ғана айтқанды істеймін. Сондықтан, адамдар мені сүйеді. Ал сен кітапсың, сен тек ғана мораль оқуды ғана білесің. Сондықтан, бүгін соңғы кітапхана жабылады!!!
Жас кітап жүгіріп келді.
Жас Кітап: Ата, ата, сүйінші! Сүйінші! Кітапхана жабылмайтын болды, ол тек электронды кітапханаға ғана айналады екен!
Ұялы телефон: Бірақ одан оқырман-дардың саны өсе қоймас! Бәрібір кітаптардың заманы өтті! Қазір ешкімді қинап оқытуға болмайды, қазір адамдар өз таңдауларымен ғана жүруге құқылы. Қазір демократия!
Кәрі Кітап: Демократия, әрине, жақсы. Бірақ, әзірше жалпыға міндетті орта білім сақталды емес пе!? Олай болса, кішкене үміт бар әлі.
Ұялы телефон: Бұл заман да бітер. Ертең барлық нәрсе ақылы болар! Тек интернет траффик немесе ұялы байланысы ғана емес, таза оттегімен тыныс алудың өзі және ауылдық жерлерде таза суды тұтынудың өзі ақылы болар! Болашақ ақшада ғана! Сондықтан, тіпті электронды кітапханалар де керексіз боп қалар, себебі бір тиын пайда жоқ одан!
Ұялы телефон кетіп қалды.
Жас Кітап: Ұялы телефонның айтқаны рас сияқты. Кітап оқу сонау тыныш, асықпайтын заманның ғана ескірген қалдығы сияқты…
Кәрі Кітап: Тоқтай тұр, адамзат барда, кітап оқу да бар болар. Ал, анау ұялы телефонның өзі нағыз диктотор. Оның пікірінше, надан көпшілік білімге талпынбау керек, сол күйде ғана қалу керек. Әрине, олай басқару да оңай. Ал, біз, кітаптар, сәл де болса білімдірек болуға, сәл де болса жақсырақ болуға, сәл де болса өзгешерек болуға мүмкіндік береміз адамдарға! Ендеше мен мұражайыма барайын, мен тым көне тілде жазылғанмын – мені, расында да, ешкім түсінбес. Ал, сен жассың, сен бүгінгі тілде жазылғансың, сен электронды кітапханада қал. Сен саналы адамдарға әлі керек боп қаларсың…

СОҢЫ

1 Пікір

  1. Риза дауыс

    Керемет!😊👍👍👍👏👏👏

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.