110 000 доллар шетелдік инвестиция тартқан қазақ студенті

Ауыл шаруашылығында арам-шөптерді жоюдың бірден-бір жолы – гербицидтерді дұрыс пайдалану. Осы мақсатта өзінің бірегей стартап жобасын ойлап тауып, ARTISAN Гонконгтық қордың $110 000 инвестициясын тартқан Назарбаев университетінің 3 курс студенті – Мирас Советов. Ол Назарбаев университеті жанындағы бизнес инкубация ABC Incubation және ABC QuickStart акселерация бағдарламаларынан өту арқылы осындай жетістікке қол жеткізген.

– Мирас, стартап жобаңның ерекшелігі неде?
– Ауыл шаруашылығында үлкен қиындық туғызатын мәселе – арамшөп. Ол дақылдардың өнімділігін 50 пайызға төмендетеді. Онымен күресудің негізгі тәсілдерінің бірі – гербицид. Бұл химикат бізде тиімсіз тұрғыда қолданады. Оны арамшөптерге қарсы пайдаланудың орнына қажеттіліктен тыс мөлшерде дақылдар да, топырақ та тегіс өңделеді. Біз арамшөптерді анықтап соларды ғана жоятын жасанды интелект пайдаланамыз.

– Жобаңның шетел инвесторларын қызықтыруының себебі не деп ойлайсың?
– Пайдалану аясын кеңейту мүмкіндігі. Өйткені, бұл тек Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы қиындық емес. Ол әлем бойынша бар мәселе. Гербицидті тиімсіз пайдалану арқылы жекелеген фермерлерден бас-тап үлкен компанияларға дейін жыл сайын жүздеген миллиондарынан айырылады. Егер бұл өнім сәтті шықса, оны дамытуға деген үлкен потенциал бар.

– Әдетте, адамдар белгілі бір мамандыққа, кәсіпке ата-аналарынан алған тәлімдері арқылы келеді. Сенің бұндай жобаны ойлап табуыңа не себеп болды? Өзің, отбасың жайлы айтып өтсең?
– Әрине, маған еңбекке деген құлшынысқа үлкен мотивация беретін ата-анам. Атам малшы болған, әкем жылқы өсірумен айналысады. Мен де олардан алысқа кетпей, жобамды ауыл шаруашылығымен байланыстырдым. Ақтөбенің қазақ-түрік лицейінде оқыдым, бір жыл Түркияның Анкара қаласында оқып келдім. Ол жақтағы оқуымды жалғастыра алмауымның себебі, Анкарада террористік шабуылдар жиілеп кетті. Сол себепті елге қайттым. Уақытында ЕНТ тапсырмаған соң, мен оқуға түсе алатын жалғыз мүмкіндік Назарбаев университеті болды. Қазір электрондық инженерия мамандығының үшінші курсында оқимын. Отбасында ата-анамнан бөлек әпкем және інім бар. Ата-анам бар жиған-тергенін менің аузыма тосып өсіргендіктен, мен олардың еңбегін ақтауға дайынмын. Тағы бір айта кетерлігі, стартап жобаны дайындауда менің командамның да үлесі зор болды.
– Жобаны әзірлеуге неше уақыт кетті?
– Жобаға ақпан айынан бастап кірістім. Алғашқыда идея ғана болды. Кейін Назарбаев университеті жанындағы бизнес инкубация ABC Incubation және ABC QuickStart акселерация бағдарламаларынан өту арқылы оны жетілдіруге мүмкіндік алдым. Енді қараша айында Гонконг қаласына алғашқы инветиция-мды алуға барамын. Алдағы уақытта команда құрып, прототип өнімді дайындап, келесі раундқа, яғни келесі инвестицияларға дайындаламыз. Келесі қадамда 200-ден 500 мың долларға дейінгі инвестицияға ие болу.
– Ісіңе сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Гауһар Түстікбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.