ӘР ҒАСЫРДЫҢ ҚҰРДАСЫ

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

1979 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан шыққан «Менің құрдастарым» атты 532 беттік үлкен бір томдық шығармалар жинағы Саттар Ерубаевтың ешқашан талант қайнары сарқылмайтын, ақ бұлағы тартылмайтын, жылдармен жасара, жаңғыра жарқылдайтын халқымыздың аяулы перзенті екендігін айқындай түседі. Кітапта «Менің құрдастарым» атты романынан өзге, оның новеллалары, балладалары мен өлең-жырлары, публицистикасы, сатиралық суреттемелері мен пародиялары, сын мақалалары және Саттар Ерубаевты көзі көрген тұстастарының естеліктері жарияланған еді.
Әдебиет әлемінде жарық жұлдыздай жалт етіп ағып өткен қыршын жас, зор талант иесі Саттар Ерубаев өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі еді. Талантты жас қазақ әдебиетінде дарын даралығымен, өзіндік стиль ерекшелігімен көріне білді. Оның шығармашылығынан өзіндік беті бар, эстетикалық талғамы күшті, мәдениетті жазушының тұлғасы айқын аңғарылады. Жалын жастық, баянды бақыт пен мөлдір махаббатты тамылжыта жырлаған Саттар Ерубаев – жиырма үш жыл ғана ғұмыр кешіп, аз жасап, көп тындырған халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі. Ол шын мәніндегі жаңа тұрпаттағы мәдениетті жазушы болды.
Осынау жиырма бірінші ғасырға аяқ басқан дәуірде ұлттық өнеріміз тәуелсіздік туы астында өркендеп, мәдениетіміз марқайып, оқырмандарымыздың эстетикалық талғамы өсті. Соған қарамастан, Саттар Ерубаевтың шоқтығы биік шығармаларының сиқыр күші биіктемесе, аласарған емес. Асқан дарын иесінің жанының таза, мөлдір қайнары әрі каусәр, әрі тұнық. Адамзаттың асыл мұраттарына қызмет етіп келе жатқан Саттар Ерубаев өз оқырманын елжіретпей, үміт ұшқынын аулаулатпай, арман-ойларын жалаулатпай бейқам қалдыра алмайды. Сөз басында айта кетер бір жай, Саттар Ерубаев сегіз қырлы, бір сырлы, дарынды да шалымды, өткір ойлы, қосшылыққа да басшылыққа да жарай білген үлкен ұйымдастырушы болған. Ол өмір тауқыметін тарта жүріп, өзінің алғырлығымен дараланып, Ленинградтағы Философия-лингвистика институтын бітіргеннен кейін қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, өнерінің туын көтеруге атсалысты.
Ол қазақ тарихында тұңғыш ашылған музыкалық театрдың алғашқы директоры (казіргі Абай атындағы Опера және балет театры), Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының доценті, «Ленинская смена» газетінің бөлім меңгерушісі, «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары, «Қарағанды пролетариаты» газеті редакторының орынбасары, Ленинградтағы тарих-лингвистика институтының аспиранты болды. Міне, оның қысқа өміріндегі даңғыл жолы осындай. Шығармаларының арқауы – бақыт, жастық пен өмір туралы. Сөзге шешен, көрегенді көсем бола білген, көпшілікті көшке ерте білген тұлға. Жарық дүниеге, өнер әлеміне нар жүгін көтерер арманымен өзімсініп, еркелей еніп, ұзын жолдың өрінде, жаңа ғана көзге түсіп, ел аузына ілініп келе жатқан шағында ата жұртын егілдіріп кеткен еді. Қазіргі кезде біз жиырма мен отыз жас аралығындағыларды «көкөрім жас» дейміз. Ал, Саттар Ерубаев қазақтың «он үште отау иесі» деген сөзін дәлелдеп, анықтап кетті.
Ол жиырмадан асар-аспас шағында «Менің құрдастарым» атты романын жазды. Бұл шығарма сол кезеңде, яки отызыншы жылдары мүлде ерекше форма, стиль, жаңаша көркемдік әдіспен жазылды. Оның композициялық, сюжет құрылымына, сөз өрнегіне көз жүгіртсеңіз, таңданбасқа лажыңыз жоқ. Оны оқи отырып, Саттар Ерубаевтың шалқар білімдарлығы бірден-ақ аңғарылады. Оның Еуропа елдері мәдениетінен хабарының молдығы, философия, геология, тарих, география, астрономия сияқты сан қырлы ғылымды зерттеп, білгеніне куә боласыз. Институт, аспирантура, күнделікті қат-қабат жұмыс – осының барлығына қалай уақыт таба білген, бұл не деген жанкештілік деп қайран қаласыз. Мұның үстіне ол ауыр дертпен де айқасқа түсті. Емделуге, өз жанын күтуге де уақыты болмаған сияқты.
Осыдан сексен жылдай бұрын жазылса да, «Менің құрдастарымдағы» күн сәулесіне қолын жайған жас азаматтың жан сырындай бір нәзік әуен бүгін де көкейге қаз қалпында құйылып жатқандай сезімде боласыз. Рахмет, Лизалар шахталарда ғана емес жалпы күнделікті өмірде кездескен дос-құрбыларымыз секілді. Саттар Ерубаев шахтерлер өмірін сол кездегі шахтердің өзінен артық білмесе, кем білмеген. Қалай болғанда да, бұл романда сол өмірдің нағыз шындығы, ақиқат тірлік-тынысы сезіледі.
Романның кейіннен кітап болып жарияланғанын жас Саттар Ерубаев көре алмай кетті. Сол романымен ол қазақ әдебиетінде өзіндік дара орын алды. Әрине, бұл романды талдап жазу, оны насихаттай білу кейінгі әдебиетші, филолог ғалымдардың еншісі болмақ. Мен өз басым Саттар Ерубаев шығармашылығын терең талдап зерттеген дүниелерді онша кездестіре алған жоқпын.
Саттар Ерубаев шығармаларынан оның өз өмірін, өз арманы мен өз мұңын, көңіл-күйін көреміз. Оның әр ой-толғамдарын бүгінгі күнде тебіренбей оқып шығу мүмкін емес.
«Менің бір жолдасым болды. Ол қарап келе жатып айқайлағым келеді, көрінген жұртты құшақтап сүйгім келеді дейтін. Бақыттылықтан ғой деймін…», «Адам баласын бақытты ететін сөзді таңдап жатып адамның өлгенін сезбей қалуы мүмкін бе? Өмірде сүйген жардай ғашық болғандардың бірі менмін».
Бұл – «Менің құрдастарымның» алғаш-қы бетінен келтіріп отырған үзінді. Бұл – Саттар Ерубаевтың өз жүрек лүпілі, өз үні.

«Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен
жүр едім,
Өлім деген суық сөздің тілінде мен
жүр едім.
Өмір деген өксігімді баса алмастан
жүр едім.
Бір жабыққан көңілімді аша алмастан
жүр едім.
Бір адамның бір өмірі маған аз ғой
деуші едім,
Туып, өліп кетуді маған аз ғой деуші едім.
Өмір деген өксігімді баса алмастан
жүр едім…
Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан
жүр едім».

Бұл романның увертюрасы «Мәңгілік өмір туралы жыр» деп аталады. Рас, Саттар Ерубаев өмірді құр жалаң «сүйемін» деп жырламайды. Өмірді кім сүймейді. Бірақ өмірді не үшін, қалай сүюді Саттарша айтып кету екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ. Сен өмірге не бердің, өмір саған не берді? Бұл өмірде не тындырып, не бітіріп келе жатырсың? Қазіргі бірқатар жастарымыз «жұмыс жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» деп, жалқаулықты алдына салып, заржақтанады. Ұр да жық «коллективтендіру» дәуірі мен казіргі демократиялық заманды салыстыруға келе ме? Сондықтан, өмірдің мәні мен сәнін Саттар Ерубаевша ойлана, толғана білсек, өзімізден өзіміз ұялып, жер шұқырымыз анық.
Сондай-ақ, Саттар Ерубаев туа біткен дарынды ақын ғой. Ол қара сөзді өз уысында ұстай білсе, өлең сөзді өрге сүйреп өрнектеп, шыңға шығара білді. Жоғарыдағы «Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім» деп басталатын өлеңді қазақ поэзиясына тыңнан соқпақ салды. Мұндай түрде ол кезде ешкім жаза қоймаған. Мұндай ылғи жаңа сөз тіркестері бірден-ақ оқырманын үйіріп әкетеді. «Ауы-лыма бақытты алып келе жатыр едім» деген жолдар қандай әсерлі. Оның поэзиядағы жаңашылдығы, тың образды сөздері соншама соны естіледі. Қазірде де актуалдығын жойған жоқ. Әр ақынның өзі стилі, өз мәнері, міне, осы болар. Саттардың «Комбайн туралы жыр» поэмасының да әдебиетіміздегі орны олқы емес. «Өмір туралы паспорт», «Мәңгілік өмір туралы жыр», «Меруерт алқа», «Күзгі фрагмент», «Үш шахтер туралы баллада» – ақынның ең бір этикалық туындылары. Саттар Ерубаевтың сол кезең, яки өз дәуіріне сай жазған «Колхоз базарында» деп аталатын өлеңінде:

«Мен тек ғана өмірдің
Жүрегінен ұстаймын.
Кем-кетігін өмірдің,
Толтыруға ат салып,
Көргенімше нұсқаймын.
Дәуіріме күш керек,
Күші керек ырғақтың.
Жүректің жігер жырларын.
Жасамақпын, құрмақпын.
Соғуымен жүректің.
Жыр балғасын ұрмақпын.
Қатарласып дәуірді.
Теңестіріп бойымды,
Флангіге тұрмақпын», – деп зор пафоспен жырлады. Осы жолдарда Махамбет ақынның лебі ескендей болады.
Саттар Ерубаевтың асқақтаған ұшқыр қиялды новеллалары: «Бақыт», «Мәңгілік өмір», «Өмір көркемдігі», «Келесі соғыс туралы» – күні бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ал, оның «Төрт қыз», «Өмір келбеті» атты сырлы сезімге толы очерктері де көркем шығарма дәрежесіне көтерілген еді. Ол уытты сатиралық шығармаларымен қатар, әдебиетімізде алғаш рет пародия мен эпиграмма, баллада жанрын қалыптастырып кетті.
Қысқасы, С.Ерубаев өзі өмір сүрген дәуірінің қаламгері, шын суреткері болды. Бүгінгі күні оның шығармаларын оқып отырып, қайсыбіреулер «советтік дәуірді жырлаған, социалистік құрылыстың жаршысы болған екен» деп айта салуы мүмкін. Әрине, бұлай ойлау үстірттік. Бұл ретте ұлы жазушы Мұхтар Әуезов : «Пәлі, өз дәуірінің жыршысы болмаған, оны сананың айнасына, тарих жүзіне түсірмеген жазушы жазушы ма екен!» деген жоқ па еді. Ал, Саттар Ерубаев болса, өзінің «мені» арқылы замандастарының, өз құрбыластарының өлмес бейнелерін сомдады.
Саттар Ерубаев туралы көзкөргендері мен кейінгі атақты ақын-жазушыларымыз да қалам тербеді. Бұл тұста М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ғ.Қайырбеков, З.Шашкин, Д.Исабеков, А.Лекеров және басқалары тебірене жазды. Оның өнер жолы мен шығармашылығы туралы толымды сыр шертті. Ақындар да жыр -толғауларын арнамай қалған жоқ. Қазақтың белгілі ақыны Нұрсұлтан Әлімқұлов өзінің «Саржайлау» деген өлеңдер жинағында «Саттар Ерубаевқа» деген арнау жырын жариялаған екен. Сонда былай деп толғанады:

«Сен өмірді сонша сүйіп, сол өмірден,
Дәм тата алмай өттің бе?
Бұрқап тасқан өр кеудеңнен,
Ұрпақтарға дән шаша алмай кеттің бе?
Өмір деген өксігіңді 23 жылда,
Бір баса алмай кеттің бе?
Болашақтың базарында біздерменен.
Сырласа алмай кеттің бе?
Меруертті сонша сүйіп…
Оны адамша аңсай алмай кеттің бе?
Махаббаттың сырын түйіп,
Оған арнап ән сала алмай кеттің бе?
Бақытыңды іздеп барып,
Ғашығыңа жыр жаза алмай кеттің бе?
Сүйіп, құшып, мауқың басып,
Өз үніңмен жырлай алмай кеттің бе?
Болашаққа бастап бізді қайрат бір,
Сенің қырлы өлеңдерің әлі күнге.
Кеудемізде сайрап тұр.
Жүрегінен ұшқын атқан ақындарды,
Келешектен іздеп ең,
Саттар, аға, бармыз, міне,
Әлі күнге тірі жүрсің бізбенен….!»

Осы сөз бүгінгі ұрпақтардың да, келер күнгі ұрпақтардың да сөзі болып қала бермек.

Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.