ҚАРАШАДА ӘЛДЕБІР ЖЫЛУЛЫҚ БАР…

Дана Русланқызы

2000 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласында дүниеге келген. 2017 жылы Абай атындағы Республикалық Мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп интернатты бітірген. «Ақ желкен» Республикалық балалар мен жасөспірімдер журналының жас тілшісі. 2015 жылы «Сезім тамшылары» атты жинағы жарық көрген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті.

Жаураттың

Алматы жаңбырың жауратты,
Жыр болып, мұң болып жауатын.
Қаталдық таныттың жасыма,
Жасыма жаңбырмен бірігіп ағатын.

Мұңайған шыңдарға мұң шағам,
Алатау мұңымнан тұмшалан.
Еріксіз қаламын сүйетін,
Мына қыз кім саған.

Жылуын төкпейді мына күн,
Алматы суықтың мекені.
Әйткенмен жылатып жүріп-ақ,
Бұл қала бақытты етеді.
***

Досым мен сені сағындым бүгін,
Жабырқау күзге өкпелеп.
Сұрқай тағдырға бағынды күнің,
Өкіндім бірақ текке деп.

Мен жалғыз қалған сияқтанамын,
Тас қала доссыз тым суық.
Күлімдеп жүрген мият қабағың,
кетпесе болды күрсініп.

Мойыма ешбір қиындықтарға,
Алдыңнан шықсын қуаныш.
Берік бол досым сыйыңды ұққанға,
Жаныңа етші жұбаныш.

Ұмытпа қалқам досыңның барын,
Сырласымсың ғой қашанда.
Қуанышыңа қосылды жаным,
Сондықтан көзге жас алма.

Ойлап жүріп-ақ тіршілік қамын
Кеттік көңілді көшіріп,
Сағынам әлі, достықтың шамын,
Алмасақ болды өшіріп.

***
Діріл қағып жүрегім көмескі үннен,
Қайғы менен қуаныш араласқан.
Қара күздің қарғысы демес мүлдем,
Құс шеріне малынып барады аспан.

Мінезі ауыр қараша, ала бөтен,
Көңілімнің қайғысын көшіретін.
Қыңыр жаңбыр қарымы қаралы екен,
Ал, дауылда бір бақ бар кешіретін.

Құлазыған даланың даңғаза үні,
Тыныштықтың шулаған шаттығындай.
Өксіген жапырақтың жан жазығы,
Үзіліп бара жатқан бақ ғұмырдай.

Ғұмырдың ғұламасы ғазал күзім,
Тыныштықтың шекпенін жауып алған.
Көрдің бе ей адамзат ажал күзін?..
Жан жарасын дәкемен таңып алған.

Қайғысы жан шыдатып тұра алмайтын,
Үйлесіп, үндескенде сұлулық ар.
Жылулық жапырақтан сығалайтын
Қарашада әлдебір жылулық бар.

***
Шетке ысырып қоңыр күздің сарынын,
Сіз біреумен құшақтасып тұрдыңыз.
Дамыл, көрмей соға берді тамырым,
Қуанғаннан жылап жатты мұңды қыз.

Сол мұңды қыз бақытты енді бағалап,
Жаныңызды түсінгенін тіледім.
Әттең бірақ өзіңізге қарап ақ,
Күле тұра мұңайады жүрегім.

Мен де сірә жарқырағам сол қыздай,
Ештеңенің керегі жоқ керегі.
Сүйемін деп сергелдеңге салғызбай,
Ескертсеңіз жөн еді.

Ойламап ем өмірімнің ағынын,
Жанарымда ашылмайтын құлып тұр.
Енді жүрек түсіне алмай парығын,
Миығынан күліп тұр.

Суық сыйлап көңіліме қалыбың,
Қылығыңыз ұятты.
Гүл көктем кеп табыстырса жарығым,
Ал, күз бізді ажыратқан сияқты.

***
Ғаламның қаталдығынан жабыққанда,
Тағдырдың тәлкегінен торыққанда,
Жаныңның жылуына зарыққанда
Өзіңді іздеймін мама!

Ақ пейіл мейіріміңе шөлдегенде,
Жүректі бір қуаныш кернегенде,
Қолымнан кейбір істер келмегенде
Өзіңді іздеймін мама!

Тәнімді қара суық тоңдырғанда,
Арман кұсын биікке қондырғанда,
Болмасты болдырғанда
Өзіңді іздеймін мама!

Көзіме моншақ-моншақ жас келгенде,
Әлсіздігімді білдіріп дес бергенде,
Шағым айтып шабылып ескек желге
Өзіңді іздеймін мама!

Әлдекімдер жекіріп, жылатқанда,
Тіпті жақсылығымды ұнатқанда,
Жүргенің еске түсіп жырақтарда
Өзіңді іздеймін мама!

Өзіңсіз қоңыр күздеймін мама,
Өзіңді іздеймін мама.
Кеңістіктегі ып-ыстық әлемімді
Сіз деймін мама!

***
Саябақ, қоңыр күз, қараңғы,
Ызғардан жүрегім мұздап құр,
Қазбалап көнелеу жарамды,
Көңілім құлазып, сыздап тұр.

Бейтаныс жігіт те мұңдылау,
Көздері көрсетіп қайғысын.
Екеуміз ес кетіп тұрдық-ау,
Ұрланып жымиды ай мүсін.

Жұлдыз да біздерді түсініп,
Кезекпен құлази қарайды.
Қара аспан көрпесін ұсынып,
Жып-жылы мамыққа орайды.

Ол мамық ғұмыры тым қысқа,
Жылытып үлгермен жанымды.
Қара түн жаңғырып, ұрғышта,
Бірақта, байлама бағымды.

Екеуміз жүректе бір қайғы,
Деміміз ызғардан тым суық.
Қос жанар жылуды ұрлайды,
Қояды тағы да күрсініп.

Күнде сол
Мен және бейтаныс бір кісі,
Тоғыса беруші ек бір маңда.
Оның да келмейтін жүргісі,
Ең алғаш кездескен орындық тұрғанда.

Сан жылдан өзгермей орындық,
Екеуміз осылай жүруші ек.
Дейтіндей міндетсіп сырымды ұқ,
Болмайтын нәрсеге күрсініп,
Болмайтын нәрсеге күлуші ек.

Тағы сол мұңды әуен, мұңды бақ
Қос мұңлық жандардың ермегі,
Ал бүгін асыға жеткенде құлдырап,
Бейтаныс жігітім келмеді.
Қызық…

Тереземдi қағып тұр

Жалығамыз…
Жүректің әмірімен сарыламыз.
Қара күздің еріксіз бұйрығын ап,
Тұншықтырар мұң-моншақ тағынамыз.

Сағынамыз…
Күз нөсері күрсіндірсе бағынамыз.
Аспанның көз жасына ерік беріп,
Сарғайған жапырақтан табыламыз.

Жабығамыз…
Жерден іздеп көктегіні ағыламыз.
Жанымдағы шер-мұңым жазылмай-ақ,
Тереземді қағып тұр тағы да күз.

Мен саған ғашықпын көктемім

Тірілтіп ғаламның жаң бағын,
Келдің бе ардағым?
Суықтан жабыққан таңдарға,
Шұғыла нұрыңды арнадың.

Жылға мен жылғалар жалғасып,
Ақ ұлпа аязбен алмасып,
Жанымның жайдары мезгілі,
Келдің бе, арбасып?

Сұңқылдап ұшады құс қанат,
Тербетіп ғаламның жан бағын.
Сағынып көргенде,
Қанатын ұстап-ап,
Сағым боп кетпеші қас-қағым.

Бетіме еседі ақ самал,
Көңілімнен еріксіз жыр тамып.
Тыншымай тулайды жүрегім,
Өзіңе ерекше
Махаббат тұтанып.

Зарыға өзіңді күтіп ем,
Саясы жанымның етіп ем.
Жаным мен жерімнің бетінен кетпеші
өтінем.

Маңдайды сыйпаған жылы леп,
Жылытып жүректі көкте күн.
Бағыма бақыт боп байлансаң,
Мен саған ғашықпын көктемім.

***
Ақ, қара өмірдің пернесін,
Жалтақтап басқанмын.
Жас толы жанарды көрмесін,
Дедім де жасқандым.
Ақылым жүрекке ермесін,
Жүрегім сезімге сенбесін,
Бәрін де өткенге тастадым.
Сағым боп кететін қас қағым,
Қызықпан бағына басқаның,
Себебі, жанымын басқаның.
Көңілде басқа елес,
Кеудемде басқа мұң.
Жалғыздық дейтұғын алыптың,
Торлауын шадыман аспанын,
Бастадым мен тағы бастадым.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.